Автор работы: Пользователь скрыл имя, 19 Сентября 2012 в 05:20, автореферат
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев БҰҰ ДТҰ-ң Бас Ассамблеясының 18-ші сессиясында әлемдегі жалпы өнім көлемінің 10%-н туризм саласындағы кіріс құрайтынын, туризм саласындағы бизнес әлемі барлық мемлекеттің 800 миллиардтан астам долларын салықтық түсімдермен қамтамасыз ететіндігіне тоқтала отырып, қазіргі уақытта Еуропа мен Азиядағы 14 миллионға жуық туристер таяу уақытта Қазақстанда болуды жоспарлап отырғандығын, әсіресе, Германия, Ұлыбритания, Қытай, Жапония және АҚШ елдерінде біздің елімізге қызығушылық байқалатындығын атап өткен.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамыту және оның әлеуетін ұтымды пайдалану үшін келесі шараларды жүзеге асыруды ұсынамыз.
Кіру туризмi мен iшкi туризмдi дамыту мақсатында көшi-қон, визалық және тiркеу рәсiмдерiн, кеден және шекара бақылауын жеңілдету мәселелерi жөнiндегi заңнаманы жетiлдiру, халықаралық шарттар базасын кеңейту үшін шет елдермен ынтымақтастықты жандандыру, белгiленген техникалық реттеу жүйесiнiң талаптарына сәйкес туристiк және қонақ үйлiк қызмет көрсетулердiң сапасын арттыру қажет.
Туризм инфрақұрылымын дамыту мәселелерiн шешу үшiн сумен жабдықтау және су тарту жүйесiнiң құрылысын салу, телефон желiсiн төсеу немесе өткiзу және спутниктiк байланыспен қамтамасыз ету, көлiк жолдарын салу және қайта жаңғырту керек. Бірінші орында сұранысы жоғары жағажай және емдеу-сауықтыру туризмін дамыту аймақтарын коммуникациялық жүйелермен қамтамасыз ету қажет. Туризм инфрақұрылымының жеткіліксіз дамуын ескере отырып Алакөл және Марқакөл көлдерінде, Бұқтырма су қоймасында туркласс санаттағы мейманханалар желісін, қонақ үйлер мен кемпингтер салуды қажет етеді.
Сонымен қатар, туризм саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында халықаралық бизнес-қоғамдастықтардың Қазақстанның туристiк мүмкiндiктерi туралы хабардарлығын арттыру және осыған байланысты шетелдiк ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту, даму институттары мен қорлары, екінші деңгейдегі банктер қаражатынан қаржыландыру туристік саланы дамытуға зор ықпал етеді. Инвестиция көздерін табу туристік және кәде-сый өнімдері индустриясын дамытуға, кіру туризмiн жандандыруға тартымды, әлемдiк стандарттарға сәйкес келетiн туристiк инфрақұрылым объектiлерi бар аудандар салудың өңiрлiк жоспарларын әзiрлеуге, киiз үйлер дайындайтын кәсiпорындарды қалпына келтiру және жаңаларын салуға, ұлттық қолөнердi қайта жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен ықпалын тигізеді.
Туристік өнім маркетингiн қамтамасыз ету үшiн Шығыс Қазақстан халықаралық және республикалық деңгейдегі туристiк көрмелерге, биржаларға, жәрмеңкелерге белсендi қатысу, әлемдiк туристiк нарыққа iлгерiлету мақсатында облыстың тартымды туристiк имиджiн қалыптастыру жөнiндегi iс-шараларды жүргізу керек.
Туристiк кадрларды сапалы дайындауды қамтамасыз ету үшiн туристік индустрия субъектілері үшін әлемдік деңгейдегі жетекші сарапшыларды шақыра отырып, шебер-кластарын, треннингтер өткізу, туризм және мейманханалық шаруашылық саласындағы мамандықтар бойынша оқыту бағдарламаларын әзірлеу, гидтар, экскурсияшылар, туризм нұсқаушыларын айрықша қорғалатын аумақтар мен мемлекеттiк ұлттық парктер үшiн оқыту семинарлары мен бiлiктiлiгiн арттыру курстарын тұрақты негiзде жүргiзу қажет.
Маркетингтік қызметті тиімді жүргізуде ақпараттың рөлі зор. Техника мен ғылымның дамуы туристік қызметтің (қонақ үй шаруашылығында материалды-техникалық базаны, көлікте, саяхат бюросында) жаппай өндіру құралын жетілдіруге мүмкіндік туғызады. Әсіресе туристік маркетингте компьютерлік техниканың туризм индустриясына енгізуді бөліп көрсету керек, мұнсыз қазіргі уақытта бұқаралық туристік саяхатты ұйымдастыру мүмкін емес.
Туристік саланы ақпараттық және ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз ету үшiн қажеттi көлiк жолдарының, инженерлiк және инфрақұрылымдық объектiлердiң болуын ескере отырып, аудандар бойынша туристiк индустрия мониторингiнiң тетiгiн әзiрлеу, ұқсас халықаралық желiлермен одан әрi оны кiрiктiру мақсатында облыс аумағында бiртұтас туристiк-ақпараттық желi құрудың қажеттілігі туып отыр.
Дүниежүзiлiк туристiк ұйымның ресми тiлдерiнде облыстың туристiк әлеуетi, мәдениетi мен тарихы, туристiк ұйымдар мен қонақ үйлiк қызмет көрсетулер, көлiктiк коммуникациялар мен байланыс, виза алу тәртiбi, тiркеу және әкiмшiлiк рәсiмдерi туралы жаңартылып отыратын деректер банкi бар Шығыс Қазақстан облысының туризмі жөніндегі сайт жаңартылуы тиіс.
Туристердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн туристiк кадрларды арнайы даярлауды және туристерге қызмет көрсету жөнiндегi туроператорлар мен турагенттердiң қызметiнде қауiпсiздiк техникасы жөнiндегi нормалардың, ережелердiң сақталуын бақылауды жүзеге асыру керек.
Шығыс Қазақстан облысында туризм саласында халықаралық ынтымақтастықтың рөлі зор. Бұл ретте трансшекаралық туристiк бағдарларды дамыту жөнiнде Орталық Азия мемлекеттерiмен, бiрiншi кезекте Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен және Монғолия Республикасымен өңiрлiк ынтымақтастықты дамыту қажеттілігі туып отыр.
Туристік қызмет сферасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маркетингтік аспектілері нарықты зерттеу, тұтынушылардың сұранысы мен талғамын анықтау, ассортименттік, баға, өткізу, жылжыту саясаттарын әзірлеуді қамтиды. Мысалы, туризмі жақсы дамыған мемлекеттер бюджеттен жарнамаға қаражат бөле отырып тур өнімді жылжыту саясатын жүргізеді. Түркияда туристік компаниялардың персоналды оқыту және әлемдік нарыққа фирмалық марканы жылжыту шығындары бюджет есебінен қайтарылады. Қазақстанда кіру туризмін дамыту үшін ҚР-ның шетелдегі елшіліктерінде, ірі әуежайларда ақпарат орталықтарын құру, отандық туризмді насихаттайтын видеороликтер шығару керек.
ҚОРЫТЫНДЫ
Туристік фирмалар қызметіндегі маркетингті жетілдіруге байланысты жүргізілген ғылыми зерттеулер негізінде келесідей тұжырымдар мен ұсыныстарды жасауға болады:
1. Қазақстанның туристік қызметінде кіру туризмі мен ішкі туризмнен шығу туризмі артық болып, көптеген халықаралық туристік іс-шараларға Қазақстан белсенді қатысып, 2007-2011 жылдарға туризмді дамыту бойынша Мемлекеттік бағдарлама жасалып, республиканың туризмнің орталығына айналуы үшін барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалып отыр.
Зерттеу нәтижесінде туристердің көбінің негізгі мақсаты – рекреациялық, коммерциялық және іскерлік, хикаялық түрлерін тандау сияқты негізгі даму тенденциялары анықталды.
Талдау нәтижесі бойынша туризм түрлерінің құрылымында өзгерістер байқалды, сонымен бірге шығу және ішкі туризм көрсеткіштерінің қаржылық дағдарысқа дейінгі кезеңде өсуі, туристік фирмалардың саны және табысы да өсті. Дегенмен, Қазақстан елдегі бар барлық туристік әлеуетті қолдана алмай отыр, сондықтан басты міндеттердің бірі туризмде тартымды турөнімді қалыптастыру болып отыр.
2. «Туризмдегі маркетинг» – пайда алу мақсатында туристік өнімді қалыптастыруды, баға белгілеуді, жылжытуды, өткізуді, турларды ұйымдастыруды басқарудың нарықтағы сұранысқа бейімделген, бәсекелік артықшылықтарын жоғарылатуға мүмкіндік беретін туристік қызмет әзірлеп, ұсынуға бағытталған үдеріс.
3. Жалпы Шығыс Қазақстан облысындағы туризмнің дамуын талдау қабылданып, жүргізіліп жатқан мемлекеттік, облыстық деңгейлердегі бағдарламаларға қарамастан оның басқа елдермен салыстырғанда әлі де төмен дәрежеде екендігін көрсетті. Бұл саланың облыстың туристік-рекреациялық мүмкіндіктерін ұтымды пайдалана алмай отырғандығының басты себептері: көлік мәселесі, орналастыру орындарының жеткіліксіздігі мен материалдық-техникалық төмен деңгейі, кадрлық қамтамасыз етілмеу, туристік фирмалар қызметіндегі олқылықтар, сервистің төмен болуы.
4. Туризм саласында орын алған мәселелерді шешу үшін бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру қажет:
– туризмдегі болашағы бар бағыттар бойынша пилоттық жобаларды және халықаралық сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып эксклюзивті бағдарларды әзірлеп іске асыру және оларды халықаралық деңгейге жылжыту қажет;
– туристік инфрақұрылымның инвестициялық жобаларын жылжытуда көмек көрсету жөніндегі әрекеттерді белсендіру.
– «Алтай – Алтын таулар» трансшекаралық бағдарының қазақстандық учаскесін іске қосу жөнінде жұмыс істеу;
– Спорт және туризм департаменті виртуалды туристік бағдарлар әзірлей отырып облыстағы туризм жөніндегі WEB сайт ашу;
– туризм саласында туристік рынокқа халықаралық деңгейде қыйсындастырылған бәсекеге қабілетті туристік қызметтер әзірлеп енгізу, сондай-ақ бәсекелестік ортаны құру үшін туристік қызметтерді сертификаттау және стандарттау жөніндегі шараларды іске асыру қажет.
5. Туристік қызмет көрсетумен айналысатын фирмалар қызметіне жасалған талдау нәтижесінде олардың ассортиментінде кіру, шығу, ішкі туризм бойынша әр түрлі турөнімдер қоржынымен бірге, виза және басқа да құжаттарды рәсімдеу, әуе, темір жол көлігіне билеттер сату, жеткізіп беру, туристерді өз көліктерімен тасымалдау, белсенді туризм түрлерімен айналысуда қажетті құрал-жабдықтарды жалға беру, сақтандыру, туристерді орналастыру, брондау, аударма қызметтері және басқа да қызмет түрлері бар екендігі анықталды, Облысқа келуші туристерге экологиялық, танымдық, жағажайлық және белсенді туризм түрлері ұсынылады. Туристік фирмалар өз қызметтерін турларды сатудан түскен табыс көзі арқылы қаржыландырады, бірақ олардың көбінің қызметінің рентабелділігі 1-2 пайыздың аралығында. Туристік фирмалардың қызметін ары қарай жетілдіруге кедергі болып отырған факторларға жақсы жолдардың болмауы, туризм инфрақұрылымының жеткіліксіздігі, туризм бойынша қызмет көрсететін білікті кадрлардың аздығы жатады.
6. Жүргізілген маркетингтік зерттеу нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысындағы туристік өнімдерді тұтынушылардың мотивтері, мақсаттары, таңдайтын туристік өнімдері, қалаулы объектілері, ақпарат алу көздері, саяхатты таңдауда кімге тапсырыс беруді қалайтындықтары, туризмнің қандай түрін қалайтындықтары, туристік өнімді сатып алуда кедергі болатын факторлар және т.б. анықталды. Мысалы, саяхаттауға кедергі келтіретін ең басты фактор ретінде респонденттердің 36%-ы саяхаттау бағасының жоғары болуын, 18%-ы қауіпсіздік деңгейінің төмен болуын, 15% уақыттың шектеулілігін айтқан.
Зерттеудің нәтижелері бойынша туристік фирмалар үшін қандай қызметтің жоғары сұранысқа ие екендігі айғақталып, әлеуетті тұтынушылармен қарым-қатынастарды жақсарту бағыттары белгіленді. Шешім қабылдауда басшылыққа алатын ақпарат көздері анықталып, сатып алу туралы шешім қабылдау үрдісінде кімнің қандай ықпалы бар екендігі белгілі болды.
7. Облыстық турфирмалар үшін экотуризм, жағажай туризмі, туризмнің белсенді түрлерін дамытуда ішкі нарықпен қатар Ресей, Қытай, Батыс Еуропа: Германия, Австрия, Франция, Жапония, Израиль, Корея елдерінің тұтынушылары әлеуетті нарықты құрайды.
8. Маркетинг туристік фирма ішіндегі басқаруды сыртқы орта шындықтарымен байланыстыруды қамтамасыз ететін механизм болып табылады. Ол нарық конъюнктурасы, бәсекелестер, туристік ағыс бағыттары, тенденциялары, туристік өнім трансформациялары, тұтынушылар талғамы мен қалауындағы өзгерістер жайлы ақпарат беріп, маркетингтік стратегия, жоспар, ұсыныс, акциялар және басқа құралдар арқылы туристік фирманы басқарудың барлық элементтеріне ықпал етіп, фирманың туристік өнімді шығаруына тікелей қатысады.
Сонымен бірге маркетинг жекелеген бөлімшелер қызметіне бағдар беріп, фирманың ары қарай даму бағытын анықтайды. Маркетингтік бағдар туристік фирма командасын біріктіріп, туристік бизнес философиясының негізгі идеясы болып табылады.
Жалпы алғанда диссертациялық зерттеу нәтижесінде Қазақстандағы, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысындағы туризм саласын ары қарай дамыту үшін маркетингтік қызметтің маңыздылығы, турфирманың бәсекелес нарықтық ортада маркетинг қағидалары негізінде әрекет етуі барлық мүдделі жақтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретіндігі ғылыми тұрғыда негізделді.
ДИССЕРТАЦИЯ ТАҚЫРЫБЫ БОЙЫНША ЖАРИЯЛАНҒАН
ЕҢБЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Қазақстандағы туристік қызметтің дамуы (мақала) баспа «Аманжолов оқулары- 2005» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары, Өскемен, 2005, б.162-165. - 0,2 б.п.
2 Кластерлік саясаттағы Қазақстанның туристік өнімі (мақала) баспа «С. Аманжолов оқулары- 2007» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары, Өскемен, 2007, б.20-25. - 0,3 б.п.
3 Туристік фирмалардағы маркетингті басқарудың теориялық негіздері (мақала) баспа Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция «Қазақстанның экономикалық өсуінің даму стратегиясы: тәжірибелер, мәселелері және болашағы», Алматы, 2008, б.110-113. - 0,3 б.п.
4 Туристік қызметтер нарығында маркетингті қолданудың ерекшеліктері (мақала) баспа «Вестник КАСУ», № 3, Өскемен, 2009, б.271-275. - 0,3 б.п.
5 Туристік нарық маркетингтік зерттеулердің объектісі ретінде (мақала) баспа IV Рысқұлов оқулары «Ғаламдық экономикалық дағдарыс: себептері, мәні және еңсеру жолдары» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары, V том, Алматы, 2009, б.820-826. - 0,4 б.п.
6 Шығыс Қазақстан облысындағы туризмнің даму тенденциялары (мақала) баспа «Модернизация основных фондов – основа перехода у устойчивому экономическому развитию» Материалы международной научно-практической конференции, Алматы, 2009, б.172-176. - 0,3 б.п.
7 Туристік фирмалар қызметіндегі маркетингті жетілдіру (мақала) баспа «Евразийское сообщество», № 4, Алматы, 2009. - 0,2 б.п.
8 Шығыс Қазақстан облысының туристік әлеуетін және дамуын бағалау (мақала) баспа «Саясат-POLICY», № 9, Алматы, 2009. - 0,3 б.п.
9 Туристік фирмалар қызметіндегі маркетингті жетілдіру (мақала) баспа «ҚАЗЭУ хабаршысы», № 6, Алматы, 2009. - 0,2 б.п.
РЕЗЮМЕ
На автореферат диссертации на соискание ученной степени кандидата экономических наук по специальности