«Қобыланды батыр» жыры

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 15 Октября 2014 в 17:59, реферат

Описание работы

Немістің әйгілі ғалымы Альфред Вебер былай деп жазады: “Орталық Азиядан шыққан көшпелі халықтардың Қытай, Үндістан және батыс елдеріне баса-көктеп жетуі (ежелгі дүниенің осынау ұлы мәдениеттері көшпелілерден жылқыны пайдалануды үйренді) дүниенің үш атырабына да бірдей ықпал етті, ат үстіндегі көшпелі халықтар дүниенің кеңдігін таныды. Олар ежелгі дүниенің ұлы мәдениеті бар мемлекеттерін жаулап алды

Файлы: 1 файл

халық ауыз әдебиеті срсп.docx

— 153.45 Кб (Скачать файл)

Сөйтіп, қазан революциясына дейін “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жырын көптеген ғалымдардың жоғары бағалағандығын көреміз. Бірақ та олар бұл жыр жайында азды-көпті пікірлер айтқаны болмаса, оны арнайы зерттеген жоқ еді. Кеңестік дәуірде ғана бұл жыр зерттеле бастаған.

Кеңестік дәуірде “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жыры туралы үлкен көлемді ғылыми зерттеулер бірден туған жоқ. Ең алдымен, әр түрлі пікірлер айтылды. Мәселен, Сәкен Сейфуллин “қазақ әдебиеті” (1932 ж.) деген кітабында “Қозы Көрпеш” жырына тек Радлов варианты бойынша тоқталады да, Қозы мен Баянға байланысты жырлардың барлығын үстем таптың шығармасы деп көрсетеді. Және де ол: “Қозы Көрпешті” талай оқымыстылар мақтайтын еді. Мен мақтарлық ештемесін таба алмадым”, — дейді . Сәбит Мүқанов “Батырлар жыры” туралы жазған еңбегінде (1939 ж.) “Қозы Көрпештің” халықтық сипаттағы жыр екендігін дәлелдейді. Революцияға дейін қазақ жастарының, әсіресе қазақ қыздарының, ескі әдет-ғұрып шырмауынан шыға алмай, ауыр күйге түскендерін бейнелейтін жырдың бірі деп бағалайды. Осы пікірді Қажым Жұмалиев те өзінің “қазақ әдебиеті” деген оқулығында (1944), “қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері” (1958) монографиясында, Әлкей Марғұлан да (жоғарыда аталған еңбегінде), Мұсатай Ақынжанов та айтады. Олар жырдың әр түрлі варианттарын салыстыра отырып, Қозы мен Баян жайындағы әңгімелердің негізі халықтық ортада туғандығын анықтайды.  

Бертін келе, “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырына арналған ғылыми еңбектер жазылады. Бұл ретте Мұхтар Әуезов пен Ысқақ Дүйсенбаевтың зерттеулерін атауға болады. Мұхтар “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырының қазақ арасына тараған варианттарын зерттейді, жырдың әдебиеттік жақтарына толық талдау береді. Сонымен қатар жырдың шығу мезгілін мөлшерлейді. Ол бірсыпыра дсректер келтіре отырып, жырдың ХҮ-ХҮІ ғасырлар шамасында шыққандығын айтады. Содан бері қарай бұл жырдың талай өзгерістерге ұшырағанын, жырды әр таптың өз тілегіне қарай пайдаланғандығын дәлелдеп көрсетеді. Қазақтың лиро-эпостық жырларын зерттеген Ы. Дүйсенбаев “Қозы Көрпеш — Баян сұлуды” арнайы тексереді. Ол бұл жырдың қазақ арасында сақталған варианттарын башқұрт, ұйғыр, барабын татарлары және алтай елінде айтылатын түрлерімен салыстыра зерттейді. Олардың “Қозы Көрпешті” қалай жырлағанын, қандай айырмашылық, ерекшеліктері барлығын көрсетеді. Мұнымен қатар, ол Шоқан мен Потаниннің және басқа да ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып, жырдың оқиғасы халықтың аңыз-әңгімелерінен туған дейді. Қозы мен Баян тарихи адамдар емес, олар халықтың аңыз-ертегілері жасаған кейіпкерлері деген қорытынды жасайды. 

“Қозы Көрпеш — Баян сұлу” қазақ халқының ерте заманда шығарған ескі жырының бірінен саналады. Бұл жырды көптеген ақын-жыршылар айтып біздің заманымызға жеткізген. Ол өзінің қалыптасу, даму жолында талай таптық тілектердің елегінен өткен. Жырдың қай вариантын алсақ та, әр түрлі көзқарастардың барлығын аңғартады. Мәселен, Шөже, Мұқан айтқан жырда дін әңгімелері басым келеді, олар жырға дін жайын, ескі наным-сенімдерді көбірек енгізеді. Радлов жинап бастырған жырда үстем тап адамдарын, әдет-ғұрып салтты дәріптеушілік орын алады. Жырдың Кастанье жариялаған нұсқасында көптеген әңгімелер қиял-ғажайып ертегі түрінде айтылады. Мұның бәрі жырдың әрбір ортаның тілегіне қарай өзгеріп отырғанын көрсетеді. Бұған “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырының барлық варианты халыққа жат деген ұғым тумайды. Жырдың халық тілегіне сай келетін, әр алуан қайшылықтарымен қатар, халықтық сипаты барлары да көп. Бұл ретте біз Жанақ вариантын мысалға аламыз.

Жанақтың жыры Жанақтың өмірбаянын, ақындық қызметін баяндайтын деректер өте аз. Шоқанның айтуына қарағанда, Жанақ ірі ақын және асқан қобызшы болған. Оның өлең, жырларын тыңдаған Шоқан: “Жанақ нағыз ақын, жыршы еді”, — дейді. Біржанмен айтысқа түскен Сара да осыны айтады, Жанақтың әрі қобызшы, әрі атақты алғыр ақын екендігін еске түсіреді. 

Жанақ ақындар айтысы арқылы ақындық атқа, ие болған, ол өз кезінде көптеген ақындараден айтысқа түсіп, талайды сөзбен буған ақын. Оның бір-екі айтысын Сәкен Сейфуллин “Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары” (1931ж.) деген кітабына енгізген. Соның бірі Жанақтың Түбек ақынмен айтысы. Есмағамбет Ысмайыловтың мәліметгеріне қарағанда, Түбек “XVIII ғасырдың ақыры мен XIX гасырдың басында жасаған” . 

Жанақ өз кезінде Жетісу, Семей жақтарын көп аралаған, сол маңдағы ақындармен айтысқа түскен және үлкен жырлар айтып жүрген. Бірақ та оның “Қозы Көрпеш — Баян сұлудан” басқа тағы қандай жырлар айтқанын анықтау қиын. Өйткені басқа жырлары сақталмаған секілді. 

Жанақтың айтуындағы “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырын ел арасынан жинап, 1936 жылы бастырған Мұхтар Әуезов. Мұхтардың айтуына қарағанда, Жанақ бұл жырын Сыбанның төресі Солтабай дегеннің үйінде жатып айтыпты деген сөз бар дейді. . Содан оны басқа ақын-жыршылар үйреніп алып, елге таратыпты, кейінгі айтушы ақындар Жанақ нұсқасына біраз өзгерістер де енгізеді, Қозы мен Баянды арман-мүддесіне жеткізіп, өлтірмей тірі қалдырады. Мұнысы Жанақ жырына қосылған жамау сияқты дейді Мұхтар.  

Жырдың Жанақ айтты дейтін варианты Жанақтың өз аузынан емес, Бейсенбай деген жыршының айтуынан жазып алынған. (Бейсенбайдың айтуынша жырдың аяғы осы делінеді). Жанақтан Шоқан жазып алған вариант әлі күнге табылған емес. Сондықтан, жырдың Жанақ вариантына бергі ақындар қавдай өзгерістер қосқанын анықтау қиын. Бірақ бұл жөнінде Мұхтар Әуезов аса орынды пікір айтады:“Ел арасына тараған Жанақ жырының бір түрінде өлетін Көсемсары емес, Қозы Көрпештің өзі, онда жыр аяғы қайғылы халмен бітетін еді, ал жырдың қуанышпен аяқталуы Бейсенбай ақынның қоспасы, өзгертуі болып табылады”, — дейді. Біздіңше, бұл дұрыс пікір. Өйткені жыр оқиғасының дамуына қарасақ, Қозының өлмей тірі қалуы мүмкін емес. Демек, бергі айтушы ақындар Жанақ вариантын өңдеп өзгерткен. 

Жанақ жырлаған “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” — негізінде халықтық жыр. Сюжет құрылысы, оқиғаны дамытуы жағынан болсын, көркемдік  шеберлігі, образ жасау жағынан болсын, бұл — күрделі шығарма. Мұнда да жырдың басты тақырыбы — ескі әдет-ғұрып, тұрмыс-салттан алынады. Ескі рушылдық, феодалдық қоғамда туып белгілі праволық нормаға, дәстүрге айналған, заң болып қалыптасқан салтты, яғни жастарды үйлендіру салтын, жырдың басты тақырыбы етеді. Жырдың қайсысы болса да бұл салтқа қарсылық білдіріп шенемейді, қайта оны бұзбай сақтау жағына көңіл бөледі. Жанақ жырында да осы мотив басты орын алады. Қарабай мен Сарыбай төс түйісіп құда болысады, тумаған балаларын атастырып қояды. Мұны Жанақ табиғи нәрсе, халықтың салты осы деп түсінеді. Сол түсінігін жырына қосады. Қозы мен Баян арасындағы махаббат, сүйіспеншілікті де жыр осы салтқа бағындырады. Жастардың қайсысы болса да бұл салтты бұзбай, оны құптауға тиісті екендігін ескертеді және мұны орындаған жастар кіршігі жоқ таза махаббатқа ие болады, ынтымағы жарасады деген  түйін шығарады. Қозы мен Баян арасындағы сүйіспеншілік, махаббат сезімдерін осыдан тудырады және олардың қайғы-қасіретке ұшырауы да, өлімге душар болуы да ескі салтты өздеріне парыз ете шын пейілімен беріле орындағандығынан деп көрсетеді. Ал Қарабай мен Қодар жайына келгенде, жыр бұл екеуін де ұнамсыз бейнеде суреттейді. Қарабай ескі салтқа қарсы шығып, бата бұзады, уәдесінен танады, жастардың ажалына себеп болады. Сонысы үшін ол жырда жиренішті бейнеде сүреттеледі. Қодар да сондай, ескілік жолмен атастырып қойған екі жастың арасына тікен болып қадалады, озбырлық жасайды. Сондықтан жырда Қодар да жауыздық бейне ретінде алынады. 

Жырдың негізгі идеясы осындай бола тұрса да, ол ескі заманның объективті шындығын айтпай кете алмайды. Рушылдық, феодалдық қоғамда жастардың бас еркі болмағандығын, олар өздерінің сүйген адамдарына қосылуы жолында көптеген бөгеттерге ұшырағандығын жасыра алмайды. Бұл Жанақ айтқан жырдан да орын алады. Жырдың халықтық сипаты да осыдан көрінеді. Жырдың басты идеясы да, халықтық сипаты да ондағы образдар арқылы беріледі. 

Жырдың бас кейіпкері Қозы Көрпеш кіршіксіз таза махаббаттың иесі болып бейнеленеді. Ол Баян жайын, атастырып қойған қалыңдығы екендігін Айбастан естіп біледі. Баянның өзіне тең екендігін, оның Айбас арқылы жіберген сәлемдемелерінен аңғарады. Сондықтан да ол Баянды көрмей жатып ғашық болады, құмары арта түседі. Жатса да, тұрса да ойынан Баян шықпайды, ғашық жарын көруге асығады, оны іздеп сапар шегуге дайындалады. Бұл сапардың қиыншылықтарын айтып: “Оған бармай-ақ қой, күдеріңді үз, осы елден тандаған қызынды алып беремін”, — деген шешесінің сөзіне құлақ аспайды. Есіл-дерті Баянға ауған Қозы:

Алдымда неше қатар тұрса да оқ, Тартынып бұл сапардан қалуым жоқ. Сұлуын дүниеиің жисандағы, Бір жарымдай болмайды көңіліме тоқ,—

дейді. 

Баян үшін шыбын жанын шүберекке түйген Қозы ел-жұртын және артында қалып бара жатқан қарт анасын Тайлақ биге тапсырып, алыс сапарға жол тартады. Жолшыбай көптеген қиыншылықтар көріп, Аягөзге келеді. Баян үшін қандай қасіретке де шыдамақ болып, қарабайдың қойын бағады. Осындай ауыр халде жүрсе де, есіл-дерті Баян болады. Ол өзіне-өзі қайрат беріп: 

Сенен басқа хор қызы, Болса да көңіл салмаспын. Шашы күміс, басы алтын 

Болсадағы алмаспын… Сені алмасам осы жол, Тірі де жүріп оңбаспын.- 

деп ант етеді. Сол сертіне, мақсат еткен арманына жете берген шақта, Қозының алдынан тағы да көп бөгет, қиыншылықтар кездеседі. Бір кедергіден екіншісіне жолығады. Соның ішінде басты бөгет — Қарабай мен Қодар болады. Өзгеден құтылса да, Қозы бұл екеуінің опасыздығы мен жауыздығынан құтыла алмай, ақыры аянышты өлімге ұшырайды. (Жырдың Жанақ вариантына Бейсенбайдың енгізген өзгерісінде Қозы бұл бөгеттерді оңай жеңіп шығып отырады).

Жырдың басқа варианттары секілді, Жанақтың “Қозы Көрпеш-Баян сұлуында” да Қозыға ерлік, батырлық сипат беріледі. Белгілі мөлшерде ол күшті батыр жігіт болып суреттеледі. Ол Қодардың батпандай балғасын асықша үйіреді, Қодарды аттан аударып алып, қабырғасын күйретеді. 

Қозының жақсы мінездері де жырға қосылады. Ол — ақ көңіл, әділ, аңғал, қулығы жоқ, адамгершілігі мол жігіт. Қодар мен Қарабай Қозыны өлтірмек болып, Сасан биге ақылдасады, сөйтіп оны қонаққа шақырады. Бұл шақыруды Қозы қарсы алады. 

Бірақ мұндай шақырудың артында бір сұмдықтың барын Баян сезеді, 

Баян айтты: ал, қалқам, қапы қалма, Бұларды дос болар деп ойыңа алма. Ептеп-септеп ниеті өлтірмекте, қауіпсіз үйлеріне тіпті барма,— 

дейді. “Барамын” деп уәдс еткен Қозы екі сөйлегенін өлімге тең көреді. Ол Қарабайлардан жақсылық күткендіктен емес, жұрт алдында өзінің беделін түсірмеу үшін, “қорықты” деген сөзге ілікпеу үшін барады. “Қозы досы түгіл жауына да қастық ойламайды, жаманшылық жолға түспейді. Не нәрсеге болса да ақ ниет, адал жүргімен келеді”, — дейді Мұхтар. Қодармен сыйыса алмаған Көсемсары да Баянға ғашық жігіттің бірі болатын. Бұл ретте ол Қозының да бақталасы еді. Бірақ Көсемсарыны Қозы өзіне тартып, дос санайды, оның Қодармен қақтығысуын бағалайды. Сондықтан да осы Көсемсары үшін Қодардан кек алады. Сөйтіп, жырда Қозы образы сүйкімді болып жасалады, жырды айтушының да, тыңдаушының да бар тілегі арманына жете алмай, қазаға ұшыраған Қозы жағында болып отырады. 

Жырда Қозы қандай сүйкімді болса, Баян да сондай. Жырдағы барлық оқиға құрылысы, тартыс-талас Баян жайынан басталып, Баянмен аяқталады. Қозы секілді Баян да — адал ниетті, ақ жарқын, кіршіксіз таза махаббатты көксеген, өзінің сүйген адамына қосылуды арман еткен жан. Баян да Қозыға ғашық. Ол өзінің Қозыға атастырылып қойғанын және Қозының кім екендігін апалары мен Айбастан біледі. Осыдан былай Қозыға деген құмарлығы, махаббат сезімі күшейе береді, оны өзінің теңі деп түсінсді. Ескі салтты орындауды парыз ұғынған Баян атастырып қойған жігітін көрмей, танысып біліспей-ақ ғашық болады. Бұған біріншіден, Ай, Таңсық, Айбастардың сөзі, олардың Қозыны мақтауы себеп болса, екіншіден, Қарабай мен Қодардың опасыздығы, жауыздығы түрткі салады. Өзінің туған әкесі дүниеқор Қарабайдың бата бұзуы, антынан тануы, адамгершіліктен безуі және сүймеген Қодарға зорлап қосам деуі Баянды өжеттендіре, ызаландыра түседі. Сондықтан да ол осындай ауыр халден құтқарып алатын, қайғы-қасіреттен азат ететін адамды, яғни Қозыны, іздейді, соны аңсайды. Бұл ретте де ол Қозыдан көп үміт күтеді. Оның қозыға ғашық болуының екінші бір себебі осыдан туады. 

Барлық болашағы, өмірдегі қызық дәурені Қозымен ғана байланысты деп түсінген Баян оған деген махаббатына кір жұқтырмайды. Жатса да, тұрса да көз алдына Қозы елестейді. Ол Айбасқа айтқан сөзінде: 

Сәлем де інінізге іздеп келсін, Келмесе, сорлы Баян дегені өлсін. Көңілім кетті Қозыға, жаным мұнда, Айтқан сөзді, інініз қабыл көрсін,— 

деп, Қозыға деген сүйіспеншілік сезімін білдіреді, ғашық жарын көруге асығады. Бұдан былай оның Қозыға арнаған махаббаты ұлғайып дами береді. Бастығы Қодар болып, тоқсан байдың мырзасы: “Мен алам”, — деп таласқан шақта, жас өміріне қатер төнген Баян үрейленіп, саспайды, мырзалардың бірде-біріне көңіл аудармайды, менсінбейді. Есіл-дерті тек Қозы болады. Ақ ниет, адал көңілмен Қозыны сүйетіндігін білдіреді.

Қорыта келгенде, жауыздық пен әділет дүниесінің тартысын суреттеген “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” қазақ халқының ертеден келе жатқан көркем шығармасы болып табылады.  

Пайдаланылған әдебиеттер :

  1. Қазақ әдебиетінің тарихы, Ітом, 511-бет; Ы. Дуйсенбаев, “Тұрмыс-салт жырлары” (орыстілінде), 1955.
  2. Ч. Балиханов. Сочинения, том I, стр. 200,1961.
  3. “Каз. правда”газеті, 12ақпан, 1938.
  4. М. Дудииков.От Семипалатинскадо Капала, “Военныйсборник”,’№12, 1865.-
  5. Г. Потанин. В юрте последнего киргизского царевича, журн. “Русское богатство”, №8,1896, “Восточные мотивы, 1899.”
  6. Ы. Дүйсенбаев, жоғарыда аталған еңбегі.
  7. “Ақмолаоблыстықведомосы”, №16,1893.
  8. Записки вост. отд. русского геофафич. общества, том XIX, вып. ІІ-ІІІ, 1909.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

            «Айман-Шолпан» жыры

Қазақ халқының тұрмыс-салтына байланысты туған жырдың бірі — “Айман-Шолпан”. Жырдың ел арасынан жазып алынған нұсқасы 1896 жылы Қазан қаласында басылып шықты. Бірақ оны жырлаған ақынның аты-жөні күні бүгінге дейін мәлім смес. Жырдың қысқаша мазмұны 1901 жылы “Торғай газетінде” (№17) басылды. Ал 1902 жылы “Торғай облыстық ведомосы” (№62) жырды қазақ тілінде жариялады. Бұлардың бәрі 1896 жылғы басылғанын қайталады. Бұл жыр 1939 жылы Қажым Жұмалиев құрастырған «Халық поэмалары» деген жинаққа енді. Жазушы М. Әуезов жырда айтылатын әңгімелерді негізге ала отырып, “Айман-Шолпан” атты пьеса (1934 ж) жазды, ол алғашқы кезде қазақтың Абай атындағы опера театрында қойылды, кейіннен облыстық театрдың репертуарынан орын алды. 

“Айман-Шолпан” жырының оқиғасы реалистік өмірден алынған. Жырдың басты кейіпкерлері — Көтібар мен Арыстан — тарихта болған адамдар. Тарихи деректердің айтуынша, Көтібар Берсеннен, Арыстан Тінәліден туған. Берсен мен Тінәлі бір кісінің баласы . Бұлардың руы — Шекті, оның ішінде Тілеуқабақ, мекені — қазіргі Ақтөбе облысының Шалқар ауданы. Көтібар мен Арыстан өткен ғасырдың ортасына дсйін өмір сүрген . Т. Шойғарин: “Көтібар Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының он бірінші ауылында туған, ұрпақтары осы күнде де бар”, — десе, Тыным Бірманов: “Ақтөбе облысының Ключевой ауданында Көтібардың моласы бар. Көтібарды бай-сұлтандар, хан тұқымдары Жанқасқа дегснге ақша беріп өлтіртеді. Оның сүйегін Арыстан мен Есет сауын айтып, әзер тауып алады”, — деп жазады . Ал жырдағы Айман, Шолпан, Әлібектер жайында тарихи мәліметтер жоқ.

Информация о работе «Қобыланды батыр» жыры