Қатты тұрмыстық қалдықтардың
негiзгi массасы құрауыштарға бөлшектенбестен
шығарылып, ашық күресiндерге
тасылады және қойылады, оның 97%-i
Қазақстан Республикасының табиғат
қорғау және санитарлық заңнамасы
талаптарына сай емес. Оларды
орналастыру және жайғастыру
жобасыз және қоршаған ортаға
әсерi бағаланбастан жүргiзiлген. Республикада
қатты тұрмыстық қалдықтардың
шамамен тек 5%-i ғана кәдеге
жаратылады немесе жағылады.
Өндiрiстiк және тұрмыстық
қалдықтарға байланысты проблемаларды
шешу үшiн өндiрiстiк және тұрмыстық
қалдықтарды басқаруды жетiлдiру
жөнiндегi салалық және өңiрлiк
бағдарламаларды әзiрлеу қажет.
Осы бағдарламалар шеңберiнде
қатты қалдықтарды басқару жүйесiнiң
әзiрленуi, қалдықтарды басқару құрылымын
реформалау, қалдықтардың жинақталуын
кемiтуге бағытталған нормативтiк
құжаттарды әзiрлеу және енгiзу,
қалдықтарды басқарудың есебiн
жүргiзу және бақылау жүйесiн
ұйымдастыру, қалдықтарды ұқсату
және қайталама пайдалану жөнiндегi
үлгiлiк бағдарламаны әзiрлеу, неғұрлым
таза өндiрiстi енгiзу жөнiндегi ғылыми
зерттеулердi жүргiзу, қалдықтарды
ұқсату жөнiндегi қызметтi жүзеге
асыратын шаруашылық жүргiзушi
субъектiлерге ақпараттық қолдау
көрсету, қалдықтарды басқарудың
үдемелi жүйелерiне мамандарды оқытуды
ұйымдастыру, өндiрiстiк қалдықтарды
көму мен өнеркәсiптiк және
басқа да ағынды суларды жерге
төгу шарттары бойынша республика
аумағын аудандарға бөлу көзделуi
тиiс.
3.3.5. Табиғи және
техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар
Табиғи және техногендiк
сипаттағы төтенше жағдайлардың
туындауы елдiң экологиялық қауiпсiздiгiне
нақты қатер төндiредi. Қауiп апатты
жер сiлкiнiсi, көшкiн, сел, сырғыма,
су тасқыны, өрт, өндiрiстiк объектiлердегi
қауiптi өнәркәсiп және басқа да
авариялардың нәтижесiнде адамның
өмiрiне, денсаулығына және қоршаған
ортаға зиян келуiне байланысты.
1994 жылдан бастап төтенше
жағдайлар салдарынан Қазақстанда
шамамен 40 мың адам қайтыс болды
және 250 мыңнан астам адам зардап
шектi. Сараптамалық бағалау бойынша
төтенше жағдайлардан (жаhандық дүлей
апаттар болмаған кезде) келетiн
тiкелей және жанама зиян жыл
сайын шамамен 25 миллиард теңгенi
құрайды.
Орман өрттерiнiң экожүйелерге
елеулi зиян тигiзуi жалғасып отыр.
Бұл орайда оларды уақытылы
анықтау проблемасы шешiлмеген. Орман
өрттерiмен күресудiң сенiмдi және экономикалық
жағынан тиiмдi авиациялық құралдары жоқ.
Табиғи және техногендiк
сипаттағы төтенше жағдайлардың
салдарларын азайту үшiн:
өрт және өнеркәсiп
қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк
бақылау мен қадағалау жүйесiн,
болжау қызметтерiнiң жұмысын
жетiлдiруге мемлекеттiк материалдық
резервтi, елдiң авариялық-құтқару
күштерiн және жедел әрекет
ету күштерiн қалыптастырудың
негiздерiн қайта қарауға бағытталатын
Төтенше жағдайлардың алдын алу
мен оларды жоюдың мемлекеттiк
жүйесiн дамытудың 2004-2010 жылдарға
арналған бағдарламасын әзiрлеу;
2006 жылға дейiн көмiрсутегi
кен орындарын игерудiң геодинамикалық
қауiпсiздiгiнiң бағдарламасын қабылдау
және геодинамикалық мониторинг
жүйесiн құру;
2005-2006 жылдары орман өрттерiн
жою жөнiндегi қымбат тұратын шаралардан
жеңiл ұшақтардың жеке паркi бар
мамандандырылған бөлiмшелер құрумен
әуе патрулiнiң көмегi арқылы
уақытылы ерте табу мен оларды
бастапқы сатысында сөндiру жөнiндегi
алдын алу шараларына көшу
үшiн орман өрттерi туралы хабарландырудың
бiрыңғай жүйесiн құру қажет.
Төтенше жағдайлардың
алдын алу және оларды жою
жөнiндегi iс-шаралардың орындалуы
зардап шеккендер санын төмендетуге
және келеңсiз салдарлардан материалдық
зиянды азайтуға мүмкiндiк бередi.
4. Экологиялық
қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң бағыттары
мен негiзгi тетiктерi
Экологиялық қауiпсiздiктi
қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттары
экономиканы, заңнаманы және қоғамды
экологияландыру болып табылады.
4.1. Экономиканы
экологияландыру
Экономиканы экологияландыру
өндiрiстiң табиғат қажеттiлiгiн
азайту және заттар мен энергия
алмасуының биосфералық процестерiне
экономиканың әсерiн азайту арқылы
тұрақты экологиялық қауiпсiз
табиғат пайдалануды қамтамасыз
етуде және ресурстық-экологиялық
тепе-теңдiктi сақтауда болып табылады.
Экономиканы экологияландыруды
жүзеге асыру үшiн pecуpc үнемдейтiн
технологияларды дамыту және
экологиялық "лас" өндiрiстiң
үлесiн азайту, табиғат пайдаланудың,
мемлекеттiк экологиялық бақылаудың,
экологиялық мониторингтiң және
статистиканың табиғат пайдаланудың
және экологиялық сараптаманың рұқсат
ету жүйесiн оңтайландырудың экономикалық
тетiктерiн жетiлдiру арқылы барлық әзiрленетiн
мемлекеттiк, өңiрлiк және салалық бағдарламаларға
экологиялық шарттар мен талаптарды енгiзу
қажет.
4.1.1. Табиғат пайдаланудың
экономикалық тетiктерiн жетiлдiру
Табиғат пайдаланудағы
жаңа экономикалық тетiктер баға
белгiлеу жүйесiне экологиялық
сипаттамаларды енгiзудi, табиғат
пайдаланудың ақылылық жүйесiн
жетiлдiрудi және мiндеттi экологиялық
сақтандыруды көздейдi.
Табиғат пайдаланушылардың
табиғат қорғау қызметiнiң тиiмдiлiгi
қаржы ынталандыруын құрумен,
сондай-ақ табиғат қорғау-қызметiндегi
қоршаған ортаны қорғауды ынталандырудың
экономикалық құралдарын енгiзумен
айқындалады. Табиғат пайдаланушыларды
табиғат қорғау iс-шараларын жүргiзуге
және табиғи ресурстарды ұтымды
пайдалануға ынталандыру экологиялық
төлемдер жүйесiн көздейтiн табиғат
пайдаланудың экономикалық тетiгi
көмегiмен жүргiзiлуi тиiс.
Қоршаған ортаны ластағаны
үшiн төлемдер ресурстарды нормативтен
тыс пайдаланғаны немесе нормативтен
тыс шығарынды және ластаушы
заттардың төгiндiлерi үшiн ставкаларды
арттырудың тетiгi арқылы қоршаған
ортаның ластануын азайтуды экономикалық
ынталандыруды қамтамасыз етедi.
2004 жылы қоршаған ортаны
ластағаны үшiн төлем ставкасы
қайта қаралатын болады, олардың
мөлшерi ластаушы заттардың көлемi
мен түрлерiн ескере отырып
белгiленуi тиiс. Ластану көзi ерекше
қорғалатын аумақтарда немесе
олардың жанында орналасқан жағдайда
қоршаған ортаны ластағаны үшiн
төлем ставкаларына арттыру коэффициенттерi
қолданылатын болады.
Экономикалық құралдар
инновацияларды енгiзу және табиғи
ресурстарды ұтымды пайдалану,
неғұрлым тиiмдi және аз қалдықты
технологияларды дамыту мен енгiзу
мақсатында шаруашылық жүргiзушi
субъектiлердiң қызметiне қатаң
нормалар мен стандарттардың
белгiленуiне ықпал етуi тиiс.
Табиғат қорғау заңнамасын
бұзу салдарынан қоршаған ортаға
келтiрiлген зиян ластану деңгейi
мен келтiрiлген залалды (зиянды),
қалпына келтiруге, ұдайы өндiрiске
кеткен шығындарды және өзге
де шығыстар мен ысыраптарды
ескере отырып, толық көлемде
өтеуге жатады.
4.1.2. Қоршаған
ортаны қорғау және табиғат
пайдалану саласындағы мемлекеттiк
бақылау жүйесiн жетiлдiру
Қоршаған ортаны қорғау
және табиғат пайдалану саласындағы
мемлекеттiк бақылаудың тиiмдiлiгiн
арттыруды бақылау мен құқық
қолдану функцияларын жүзеге
асыру кезiнде қосарланушылықты
болдырмау және мұндай қызмет
процесiнде азаматтар мен ұйымдардың
құқықтарын қорғау тетiгiн құру
жолымен мемлекеттiк бақылау органдарын
күшейтудi көздейдi.
Қоршаған ортаны қорғау
және табиғат пайдалану саласындағы
мемлекеттiк бақылау органдары
инспекциялар өткiзумен немесе
құқық қолдану iс-қимылдарын жүзеге
асырумен байланысты кез келген
мәселелерге қатысты тәуелсiз
және әдiл шешiмдер қабылдау
үшiн барлық өкiлеттiктерге ие
болуы тиiс.
Қоршаған ортаны қорғау
және табиғат пайдалану саласындағы
мемлекеттiк бақылау жүйесiн дамыту:
құқық қолданудың және
Қазақстан Республикасының заңнамасын
сақтауды ынталандырудың тиiмдi жүйесiнiң
негiзгi сипаттамасын табуға мемлекеттiк
органдарға көмектесетiн және
ұзақ мерзiмдi перспективада қоршаған
ортаны қорғау мен табиғат
пайдалану саласында мемлекеттiк
бақылау органдарының институционалдық
реформасын жүргiзуге ықпал ететiн
модельдi құруға;
мемлекеттiк органдарды,
өнеркәсiп кәсiпорындарын, үкiметтiк
емес ұйымдарды және қалың
жұртшылықты қоса алғанда, экологиялық,
заңнаманы сақтауды қамтамасыз
ету жөнiндегi қызметке барлық
қатысушылардың арасындағы ынтымақтастыққа
және ақпарат алмасуға жәрдемдесуге;
экологиялық менеджмент
жүйесiнiң маңызды құралы ретiнде
өндiрiстiк бақылауды мiндеттi жүзеге
асыруға;
табиғат қорғау iс-шараларының
орындалуына қызметтiң барлық
деңгейiндегi жауапкершiлiктi нақты айқындауға;
қоршаған ортаны қорғау
және табиғат пайдалану саласындағы
бақылауды жүзеге асыратын лауазымды
тұлғаларға құқықтық және әлеуметтiк
кепiлдiктер беруге бағытталуы
тиiс.
4.1.3. Табиғат пайдалану
мен экологиялық сараптаманың
рұқсат ету жүйесiн оңтайландыру
Әлемнiң дамыған елдерiнде
қоршаған ортаны ластауға рұқсат беру
қоршаған ортаға әсердi мiндеттi бағалау
негiзiнде кешендi жүзеге асырылады.
Бұл қағидаттың бiр
құқықтық көрiнiсi әлемнiң көптеген
елдерiнiң экологиялық заңнамасына
енгiзiлген қоршаған ортаға әсердi
бағалау тәртiбi болып табылады. Осындай
елдер қатарына Қазақстан Республикасы
да кiредi.
Қазақстанда, әдетте,
ТМД-ның басқа елдерiндегiдей,
қоршаған ортаға әсердi мiндеттi
бағалаумен қатар, мемлекеттiк
экологиялық сараптама жүргiзiледi.
Мемлекеттiк экологиялық сараптамамен
ажырағысыз болатын қоршаған
ортаға әсердi бағалау (ҚОӘБ) шаруашылық
қызметтi алдын ала экологиялық
бақылаудың тетiгi болып табылады.
Қоршаған ортаны превентивтiк
қорғау немесе қоршаған табиғи
ортаға терiс антропогендiк әсердiң
алдын алу қағидаты әлемнiң
көптеген елдерiнде кең қолдау
тапқан.
Бұл орайда өңiрдегi
экологиялық ахуалды, қоршаған
ортаның аялық жай-күйiн ескере
отырып, ластаушы заттар эмиссиясының
рұқсат етiлген көлемдерiн ғылыми
негiздеу, табиғат пайдаланудың ерекше
жағдайларын белгiлеу қамтамасыз
етiледi. Қоршаған ортаның ластануын
нормалау
халықтың денсаулығына және
қоршаған ортаның жай-күйiне зиянды
әсер етудiң салдарларын барынша
ескере отырып жүргiзiледi, сондай-ақ жоспарланатын
қызметтiң әлеуметтiк-экономикалық
салдарлары да ескерiледi.
Мемлекеттiк экологиялық
сараптаманың қорытындылары негiзiнде
кәсiпорындар жыл сайын қоршаған
ортаны ластауға рұқсат алады.
2004 жылы халықаралық тәжiрибенi
пайдалана отырып, табиғат пайдаланушылар
қызметiнiң жобалық шарттарының
ықтимал өзгерiстерiн ескере отырып,
рұқсаттардың қолданылу мерзiмiн
оларды ұлғайту жағына қайта
қарау арқылы рұқсат беру жүйесiн
оңтайландыру көзделуде. Бұл кәсiпорындар
санының тұрақты өсуiн ecкepe отырып,
түсетiн құжаттамаға талдау жасауға
үстiрт көзқарас болмауы үшiн
қажет.
Бұдан басқа, Қазақстанда
жаңа нарықтық жағдайларда табиғат
пайдалануды реттеу процесiне
жұртшылықты тартуға мүмкiндiк
беретiн пәрмендi тетiк болуға
тиiс қоғамдық экологиялық сараптаманы
жүргiзу заңдық тұрғыдан бекiтiлген.
Бұл үшiн "Экологиялық сараптама
туралы" Қазақстан Республикасының
Заңына өзгерiстер мен толықтырулар
енгiзу қажет.
Бұл мақсатта, үкiметтiк
емес ұйымдарды (YЕҰ) табиғат қорғау
қызметiне неғұрлым белсендiрек
тарту, олардың ғылыми және
шығармашылық әлеуетiн, үкiметтiк
емес ұйымдардың мүмкiндiктерi мен
ресурстарын қоғамдық экологиялық
сараптама жүргiзуге, оның iшiнде
заңнамалық актiлердi әзiрлегенде, экологиялық
жобаларды қалыптастырғанда, ғылыми-зерттеу
жұмыстары мен экологиялық ахуалдың мониторингiн
өткiзгенде кеңiрек пайдалану қажет. Қазақстан
Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 17 наурыздағы
N 253 қаулысымен бекiтiлген Үкiметтiк емес
ұйымдарды мемлекеттiк қолдаудың 2003-2005
жылдарға арналған бағдарламасының қабылдануын
ескере отырып, мемлекеттiк әлеуметтiк
тапсырыс арқылы YEҰ-ны экологиялық жобаларды
iске асыруға, қоғамдық экологиялық сараптама
өткiзуге қатысуға тартуға нақты мүмкiндiк
ашылды.
4.1.4. Экологиялық
мониторинг жүйесiн жетiлдiру
Қазiргi уақытта Қазақстан
Республикасындағы экологиялық
мониторингтi дамытудың деңгейi қазiргi
заманғы талаптарға жауап бермейдi.
Өлшеу аппаратурасымен
жарақтануы қажеттi деңгейдiң 40-тан
80%-iнe дейiн бола отырып, бақылау
пункттерiнiң мемлекеттiк желiсi
олардың оңтайлы санының 20%-iн
ғана құрайды. Бақылау және
өлшеу техникалық құралдарының
тозуы алынатын ақпараттың көлемi
мен растығының азаюына әкеледi.
Түрлi министрлiктер мен
ведомстволар мониторингiнiң жүйесiн
жеткiлiксiз ведомствоаралық үйлестiру
қоршаған ортаның жай-күйiн толық
көлемде әдiл бағалауды жүзеге
асыруға және уақытылы жедел
ақпарат алуға мүмкiндiк бермейдi.
Ведомстволық мониторингтiң
барлық кәсiпорындары мен мекемелерiн,
сондай-ақ өндiрiстiк мониторинг
жүйелерiн енгiзе отырып, геоақпараттық
жүйелер негiзiнде қоршаған орта
мен табиғи ресурстардың экологиялық
мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттiк
жүйесiн құру жөнiндегi шараларды
шұғыл түрде қабылдау талап
етiледi.