Автор работы: Пользователь скрыл имя, 15 Октября 2015 в 23:44, курсовая работа
Жұмыстың өзектілігі. Қазақ халқы – «қазақ» деп бертінде аталғанына қарамай, өзінің көне дәуірлерге барып тірелетін тарихы, адамгершілік пен ұлағатты тағылымдарға толы рухани-мәдени қазыналары бар халық. Әлемдегі өзге халықтар мен ұлттар алғашқы тобырлық тіршілікті басынан өткеріп, бірін-бірі аяусыз құл етіп қанап, бірі-бірінің құқықтарын аяққа езіп, теңдікті, әділдікті, еркінділікті, бостандықты әдіра қалдырып жатқан кездің өзінде-ақ ата-бабаларымыз ақ пен қараны ажыратып, обал мен сауапты терең түсініп, еркіндік, бостандық, егемендік, әділеттік, адамгершілік категорияларын ту етіп көтеріп, нағыз демократиялық сипаттарға толы қағида-ережелерін жасап, тұрмыс-тіршіліктерін осы қағидаларға сүйеніп алып барып, өмір сүріп жатты.
Кіріспе........................................................................................................................
1 Қазақтың әдет-ғұрып құқығы жалпы сипаттама.......................................
1.1 Қазақтың әдет-ғұрып құқығының түсінігі, қағидалары және ерекшеліктері.....................................................................................................
1.2 Қазақтың әдет-ғұрып құқығының институттары......................................
1.3 Қазақ қоғамындағы билер қызметі...................................................................
2 Қазақтың әдет-ғұрып құқығының қайнар көздері мен дамуының тарихи-құқықтық мәселелері..............................................................................................
2.1 Қазақтың әдет-ғұрып құқығының қайнар көздері...........................................
2.2 Әдет-ғұрып құқығының құқықтық мәдениетінің бүгінгі таңда жаңғыру нысандары және көріністері....................................................................................
Қорытынды................................................................................................................
Қолданылған әдебиеттер тертізімі..........................................................................
Қазақ шежіресінде бұл кезең «Әз Жәнібектің тоғыз ұлы болыпты. Оның бірі-Қасым хан. Бұл тақты Сарайшықтан көшіріп Ұлытауға орнатыпты. Қазақты қатарға қосып кеткен осы Қасым хан. Қазақ ортасында «Қасым ханның Қасқа жолы» делінетін сөз үлгі, қасиет болып қалды», - деп суреттеледі.
«Қасым ханның Қасқа жолы» туралы қазақтың ауыз екі әңгімелерінде аздаған мәліметтер кездесіп қалады. Академик Ә. Марғұлан «Қасым ханның Қасқа жолы» заңдарын орта ғасырларда Қыпшақ, Шағатай ұлыстарында қолданылған «Ярғу» заңынан алынған, қазақша «Жарғы» деген ұғым береді деп есептеді. Бұл ұғымның түпкі мәні жару, нәрсенің салмаған бір жағына аудармай, дәл, әділ айтудан шыққан: «Дауды әділ, тура шешкен билерді халық бұқарасы ардақтап «қара қылды қақ жарған» деп мақтаған. Өзінің мазмұны бойынша, бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери-демократия арнасына барып тіреледі. XV-ғасыр соңында – XVI-ғасыр басында Бұқардың ишан-қазылары қазақ өлкесіне діни үгіт таратып, «ежелгі Жарғы заңын қалдырыңдар. Ол көкке табынған дінсіздіктің ісі, оның орнына шариғат қағидасына ауысыңдар. Ант бергенде «көк соқсын»деп айтпаңдар, «құран соқсын» деп, құранды бастарыңа көтеріңдер» - деп үгіттейді. Бірақ, халық бұқарасы оған селқос қарап, көп заман шариғат қағидасына ойыса қоймады. Уақыттың көбін мал бағумен өткізген халық бұқарасы шариғат қағидаларын өте қиын деп ойлады»[43,175].
Ә.Марғұланның айтуы бойынша саяси жағдайдың шиеленіскен кезінде қалың қазақтың, оның басшылары от ауызды, орақ тілді, елге сыйлы билердің, ықпалымен Қасым хан ерте заманнан бері көшпелілер мойындап келген «Жарғы» заңын күшейтті. Осындай себепке байланысты «халық Қасымның шариғатты алмай, ежелден қалыптасқан билер заңы – «Жарғыны» жаңадан көтергенін қатты ұнатып оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кетті»[44,108].
Қасым хан заманында қазақ елі хан ордасын Еуразия көшпелілерінің ежелгі саяси-этникалық орталығы Ұлытауға көшіріп, Алаша хан атын қайта жаңғартты. Қазақ елінің ұлттық идеясының мықты ірге тасы. Қазақ қауымна бірікккен сан алуан тайпалардың басын құрап отырған ортақ тамыр Алаша ханға арнап Ұлытауда Қасым хан биік күмбез орнатты. Олай болса «Қасым ханның Қасқа жолы» тек құқықтық көзқарастардың жинағы ғана емес, ол ең алдымен қазақтың ел болу үшін, жұрт болу үшін күрес жолы.
Қазақтың басын құрап, өз бетімен ел қылып, найзамен шекарасын сызып кеткен Қасым ханның қазасыснан кейін хан билігі ұзақ уақытқа созылған дағдарысқа түсті. Осындай қысылтаяң кезде мемлекет билігін түзеу міндеті Шығай ханның ұлы, Тәукел ханның інісі Есім хан иығына түсті.
Адам өмірге келгеннен соң ар-ұят, абырой, намыс сынды қасиеттерге ие болуы мақсатында әдептілік жайлы әрдайым толғанып, оны қалыптастыруға бар күш-жігерін аямаған. Осы қасиеттерден арылмас үшін оны сақтаушы әділдік, адамгершілік, имандылық институттарды ұстану мақсатында қазақ даласында тәртіп ережелері, яғни заңдар болды. Ата-бабаларымыздың әдет-ғұрып құқықтық жүйесінің бастауы құқықтық сананың қалыптасуымен байланысты дамыды. Нәтижеде ұлан-байтақ даладағы құқықтық нормаларды бұлжытпай орындау барлық халыққа міндеттелді. Сондай-ақ, қазақ халқы өзінің материалдық және рухани мәдениетінің ірге тасын ежелден-ақ қалап, осы күні өзгелерден жақсы сипаттарымен ерекшеленіп тұратын әдептілік тағылымдарын барынша сомдап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, желісін үзбей сақтап келеді.
Әділеттік, адамгершілік, теңдік принципіне құрылған әдет-ғұрып құқықтық жүйе феодалдық қарым-қатынасты дамытып, егемендігіндегі жерді қорғау мүддесімен ұштаса отырып, тайпа-рулардың бірлесуіне, ұлан-асыр кең даланы бейбіт жағдайда игеруге алғы шарт жасады.
Құқық жүйелерінің өзіне тән белгілері: әуелі, құқық қоғамның объективтік байланысы, қатынасы – диалектикалық даму процесіне сәйкес қалыптасқан нормативтік актілердің бірлігі және құқықтық қоғамның даму процесін реттеушісі. Егер қоғам мен құқықтың объективтік байланысы мен қатынасы дұрыс дамымаса қоғам дағдарысқа ұшырайды. Екіншіден, құқық – қоғамның көп жүйелі, көп салалы әлеуметтік қарым-қатынастарын реттеп, басқарып отыратын жалпыға бірдей міндетті нормалар.
Қазақ құқығы – қазақ халқының және барлық көшпелі өркениеттің мәдени байлығы. Ол мыңжылдық тарихымен, ерекшелігі және өміршеңдігімен, адам еркіндігін жақтаған сипаттарымен әлем назарына ілінді.
Қазақ құқығының жүйелі түрде қалыптасып дамуына әсерін тигізген үш түрлі факторларды атап айтуға болады. Оларға: біріншіден, Евразия кеңістігін мекендеген қазақ елінің жер көлемінің кеңдігі; екіншіден, Евразиялық даламен Шығыстан Батысқа қарай көшкен көшпенділердің жүздеген жылдарға созылған көш жолдары; үшіншіден, осы ұлан байтақ даладағы жаугершілік рухының бейбітшілік өмірге жылдамырақ ауысуы болып табылады.
Қазақ халқының шыққан тегі, тарихы, құқықтық мәдениеті өте қызықты, әрі күрделі мәселе. Қазақ халқы тарих аренасына шыққаннан бастап қаншама қилы-қилы замандардан өткенімен адамгершілік қағидасын ұстануы негізінде қоғамдағы қолданыста болған әдет-ғұрып нормаларының қазіргі уақытқа дейінгі маңыздылығы жоғалмаған. Бұл нормаларды құрауда халық адам құндылығын, әділеттікті, теңдікті және адамгершілікті бірінші орынға қойғандығы көрінеді.
Қазақтың ежелгі дәстүрлі құқықтарының пайда болуын сөз еткенді біздің жыл санауымызға дейінгі дәуірдегі патриархалдық қоғамдағы қалыптасқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, заң тәртібі ретінде қолданылған жол-жора, үкім-кесімдердің құқықтық өлшемдерін айтпай кетуге болмайды.
Кез келген қағида-ереже алтын қазына бола қоюы екіталай. Ал қазақ әдет-ғұрып құқығының өміршеңдігі ең алдымен өзге құқықтық жүйелерден өзгеше ерекшелігі барлығында әрі адам құқықтарын, еркіндік, бостандық, теңдік, әділдік, адамгершілік категорияларын бірінші орынға қоюында жатыр. Сондықтан да тарихта қоғамдық құрылыстың дамып не құлдырауына қарамай, құқықтық мәдениеттің беделі мен қызметі құлдырамай, өз өміршеңдігін көрсете алды.
ХV ғасырдан бергі уақытта қазақ даласындағы заңдарды жүйелеген нормалар - Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», және «Жеті жарғы» заңдары болып табылады.
Шыңғыс ханның атақты «Жасақ» заңымен қоса, «Билік» нормативтік-құқықтық актісі қазақ даласында маңызды роль атқарған. «Билік» заңы елді басқару тәртібін, мемлекеттік билік органдарын, олардың құқықтары мен құзіреттерін, заң нормаларының орындалуын және олардың орындалмау жағдайында қолданылатын шаралар мен жаза түрлерін қамтыған. Ал, «Жасақ» заңында сот органдарының құзіреті, міндеттері және сот істерінің жүргізілу тәртібі, жаза таңайындау заңдылығы қарастырылған.
Қасым ханның «қасқа жолы» заңын құрайтын иснтитуттарға қылмыстық, неке және отбасы, меншік, мұрагерлік салалары жатады. Бұл заң жинағында қарастырылған меншік құқығындағы мүліктік қатынастарды азаматтық құқық саласына жатқызуға болатындықтан, осы заңның тағы да бір институты азаматтық құқық болып табылады. Қазақ даласындағы заң жүйесінде нақтылап азаматтық құқық саласы қарастырылғанымен олай аталынбаған. Бір-ақ Қасым ханның осы заң жинағында меншік құқығын мүлік заңы деп қараған. Мүлік заңына мал, жер және мүлік дауларын шешу ережелерін, шаруашылық мәселелрге байланысты нормалар мен міндеттемелер кіріктірілген.
Қазақ халқының әдет-ғұрып құқығы жүйелердің тарихи типі есебінде өмірден аласталысымен ол туралы ғылыми зерттеу жұмыстары тек тарихи контексте жүргізілді. Әдет заңдары тарих кейіпкері, өткен өмір елес ретінде қаралып, бағаланды. Оның адамгершілікке, имандылыққа толы прогрессивті принциптерін кеңес заңдары бойына сіңірді, жақсы жақтарын өзіне алды деп есептелінді. Ал, “кертартпа”, өткенді көксетуге бағытталған “феодалдық сарқыншақ” деп бағаланған әдет-ғұрып нормаларына мемлекет тарапынан жүйелі түрде күрес жүргізілді. Кеңестік дәуірдегі әдет-ғұрып құқығына жалпы көзқарас, мінекей, осындай еді.
Қазақстан Республикасы егемендік алып, оның саяси тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін жағдай түбегейлі өзгерді. Қазақ халқы бүгінгісі мен болашағына ғана емес, өткен тарихын да жаңа тұғыр, тың көзқарас тұрғысынан қарай бастады. Егемендік, тәуелсіздік, ұлттық мемлекет идеялары қоғамдық өмірдің барлық салалары, оның ішінде, мемлекеттік құрылыс және құқықтық жүйе арналарына да соны серпін, жаңа леп алып келді. Соған сай қоғамдық (ұлттық) сана да түлеп шыға келді. Мінеки, бұл жағдай қоғамдық ғылымдар, оның ішінде, заң ғылымы үшін де ыждаһаттықпен әрі аса байқампаздықпен зерттеп-зерделеуді талап етер жаңа өмір шындығы екендігі даусыз.
Қайта құру және тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық сананың қайта түлеп, жанданып-жаңғыруы бірте-бірте құқықтық саланы да қамти бастады. Яғни, бұл өмір аумағындағы құбылыс, әрекеттер де енді ұлттық сана-сезім бастаулары және құндылықтары биігінен қаралып, бағалана бастады. Бағаланып қана қоймай, соған сай іс-қимылдар, өзгерістер талап етіле бастады. Бұл, ұлттық сана-сезімнің ажырамас қабаты болып келер құқықтық сананың оянып, тіршілік нышанын білдіруге әрекеттену үстінде екендігінің көрінісі еді. Жылдар бойы бұйығып мүлгіп жатқан ұлттық құқықтық сана-сезім аяқ астынан дүр сілкініп, жаңа өмірге талпыныс жасап, қайта жаңғыруға қабілеттілігін танытты.
Соңғы жылдары көтеріліп, уақыт тезіне қойылып жатқан құқықтық мәні бар барлық дерлік күрделі мәселелер дәстүрлі ойлау жүйесі тұрғысынан қаралуда. Ел басшысы, егемендік, тәуелсіздік, мемлекеттік құрылым, мемлекттік тіл, азаматтық, жер тағдыры, сот билігі, т.с.с. Қабырғалы сұрақтар үлкен талас тудырғанда ұлттық сана бейтарап қалған жоқ. Өз ойын, талап-тілегін ашық та айқын айта білді.
Бір ерекшелігі, бұл мәселелерді Республика көлемінде көтеріп, қою қазақи ұлттық сана тарапынан болған жоқ. Яғни, олардың қоғамдық маңыз алып, саяси-әлеуметтік мәнге ие болуы тікелей ұлттық сананың белсенділігінің нәтижесі деуге болмайды. Бұл сұрақтар ұлттық санадан тыс объективті факторлардың дамуы нәтижесінде (Компартияның саяси биліктен аластауы, Кеңестер Одағының ыдырауы, ТМД – ның құрылыуы) Қазақстан халқының алдына кеп қойылды. Олардың айналып кетуге болмас тағдыры, өткелі қиын асуына айналды. Демек, ұлттық сана өз тағдырына байланысты өмірнамалық, мемлекеттік, құқықтық мәні бар мәселелерді көре білуде жүресынып, белсенділікке бара алмай жүр. Ол іштей тығылуда әлі де болса өзімен-өзі әуре боп жүр, өз бойкүйездігіне шырмалуда[67,147].
Аталмыш мәселелердің қаралуы қоғамда үлкен пікір-талас тудыруда кейде олардың арты әлеуметтік (ұлттық) бәсекелестікті қоздырып, дау-дамайға ұласып жатты. Себебі, бұл мәселелерді талқыға сап шешу жалғыз қазақ ұлты емес, Қазақстанды мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің де қатысуымен іске асуға тиіс болды. Сондықтан, ұлттық сана, оның ішінде дәстүрлі құқықтық сана-сезім, жаңа ортада және жаңа жағдайда қайта түлеп, өз болмысы мен бітімінің уақыт талабына жауап бере алар, заман тезіне төтеп бере алар соны, тың қалыбын қалыптастыру керек еді. Өзінің тарихи қалыптасқан ішкі мәнін сақтай және оны қазіргі жағдайға лайықтап жаңарта әрі ұштай отырып, тәуелсіз және егемен Қазақстанның қоғамдық әрі саяси өмірінің белді факторы есебінде өзін таныта білуге талпыныс жасауға мәжбүр болды. Халқымыздың дәстүрлі құқықтық мәдениетін Қазақстан Республикасының құқықтық өмірінің тарихи қайнар көзі, ескеріп және кеңесіп отырар ақылшысы, оның бүгінгісі мен болашағын айқындар басты көрсеткіштерінің біріне айналдыру уақыт талабына айналған еді[68,109].
Республиканың құқықтық өмірінің күрделі мәселелерін қазақи сана ұлттық мүдде, мемлекет тәуелсіздігін және егмендігін сақтау, бейбіт өмір (қарулы қақтығысқа жол бермеу) тұрғысынан қарап-саралуға және шешуге ұмтылды. Аталған тұғырлар ұлттық құқықтық сананың басты құндылықтары, бағдарлары және уағыздық желілері болды, әрі болып қалуда. Әрине мұнан кеп қазақи санада әркез біркелкілік сақталды, онда ала-құлалық жоқ деген қорытынды шықпауы керек. Құқықтық мәні бар қай мәселені алып қарасақ та, оларды көтеру, саралап-зерделеу, бағалау және шешім ұсынуда ұлттық санада неше түрлі ағым, көзқарас болды. Тіптен, кейбір мәселелер туралы өзара бітімге келмейтін, мүлде кереғар пікір, шешімдер де айтылды. Дегенмен, жеме-жемге келгенде қазақи санада ұлт бірлігі, мемлекет амандығы (оны сақтап қалу), тату-тыныш өмір идеялары жоғары шығып, басымдық алып отырды. Ұлттық сананың көп жағдайда өзіне қарсы келер не жат көзқарастармен, ой-пікірлермен бітім іздеуге ұмтылуы, мәселені ұшықтырудан қашуы осы айтылған жәйттермен түсіндіріледі.
Желтоқсан күндері (1986) ел басшысы мәселесі көтерілгенде оның жергілікті ұлт өкілі болуы талабы алға тартылды. Бұл тілектің орындалуы мүмкін болмаған жағдайда ел басшысының қазақстандық болуы сұралды. Оның қазақ тілін білуі, ұлттық әдет-ғұрып, дәстүрге қанық болуы міндетті делінді. Қазақстан Республикасының Конституциясында бұл талап-тілек өз көрінісін белгілі бір дәрежеде тапты. Оның 41-бабының 2-тармағында былай делінген: “Республика Президенті болып тумысынан республика азаматы болып табылатын 35 жасқа толған және 65 жастан аспаған, мемлекттік тілді еркін меңгерген әрі Қазақстанда кемінде 15 жыл бойы тұратын Республика азаматы сайлана алады”[69,100].
Мемлекеттік тілді Республикада құқықтық тұрғыдан реттеу ұзаққа созылған үлкен талас, дау және бәсеке-тайталас туғызды. Қазақи сана ұлт тілінің жеке-дара мемлекеттік тіл боп бекуін үзілді-кесілді талап етті. Онсыз орыс тілінің үстемдігінен арылу мүмкін еместігі және қазақ тілінің жойылып кету қаупінің шындыққа айналуы жеткілікті әрі дәлелді айтылды. Ұлт тілінің жойылуы ұлттың өзінің жойылуымен бірдей деген тұжырымды бетке ұстаған қазақи қоғамдық сана бұл мәселеде бір адым да кейін шегінбейтігін көрсетті. Нәтижесінде мемлекеттік тіл мәселесі қайта-қайта Жоғарғы Кеңесте, Парламентте, Президентте қаралып бірнеше құқықтық құжаттар қабылданды. Конституция қазақ тілін Республикадағы мемлекеттік тіл деп үзілді-кесілді бекітті. Орыс тілі ұлтаралық тіл (1993 ж. Конституция) кейін ресми тіл (мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. 1995 ж. Конституция) деп бекітілді. Тіл саясаты жәйлі Тұжырымдама және Заң ұсынылды.