Махамбет жөніндегі ой-пікірлер

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 03 Марта 2013 в 13:21, реферат

Описание работы

Кез – келген тарихи, яки болмаса шығармашылық тұлға тек өз халқының інжу – маржаны ғана емес, жалпы адамзаттық бастау ретінде «әлем азаматы» санатында болып әр кезеңдегі, әр алуан халықтың мәдениетін тоғыстыратын буын болатыны қақ. Міне, осы пікірге әлемдік қауымдастық ЮНЕСКО шеңберінде 200 жылдығы тойланып отырған дара тұлға, қазақтың ұлы ақыны, бостандық пен еркіндік үшін күрескер Махамбет Өтемісұлы да тұтастай жатады.

Содержание работы

Махамбеттің жыр жебесі. И. Тасмағамбетов
Шашақты найза, шалқар күй. Ә. Кекілбаев
Дәуір олғағының тұлғасы. Ақселеу Сейдімбек
Ерлік пен елдіктің өшпес рухы. З. Қабдолов
Дауылпаз ақын. Б. Аманшин
Махамбет мұралары. И. Кенжеалиев

Файлы: 1 файл

Mahambet-makala-1.doc

— 217.50 Кб (Скачать файл)

Дүниеде Махамбеттей  адамдардың болғаны өзіңнің адам деген нәсілдің төлі екендігіңнің заңды  мақтанышын туғызады. Дүниеде Махамбеттей  адамдардың жасауы топырақ жалаған  жауын құрттай жер бауырлаған жебір пенделік пен сұңқардай  саңқылдаған асқар азаматтықтың арасындағы шырқау айырмашылықты айқындай түседі. Ал, енді Махамбеттей асыл азамат қанын қиған халықтан туып, Махамбеттей адам құдіреттер аңсаған армандар мен мұраттарға өзіңнің де мүдделігіңді сезіну - өз алдына ғанибет, өз алдына сүйініш.

Махамбеттер аңсаған  адамгершілік мұратын ту етіп көтерген біздің дәуірде Махамбеттің аты  өлуші ме еді, сөзі өлуші ме еді, тегі өлуші ме еді. Ендеше, сондай сұңғыла  азаматтың сезімнің сергек дірілін  өз үні, өз тынысымен жеткізгісі келген жүрекжарды сырларының күміс құймасы – күйлері неге ұмытылсын!

Ұмытылмайды! Кеше ғана Махамбет күйі болған сарын енді, міне, қадірлі  оқырман, сенің күйіңе, сенің жүрек  сарыныңа айналмақшы!

Алдыңнан ақ күн туа  берсін, Махамбет сарыны!

 

Дәуiр  толғағының  тұлғасы

Ақселеу  Сейдiмбек, филология ғылымының докторы.

 

  Көшпелiлер болмысындағы кезеңдiк мәнi бар iрi құбылыстар әсте өз  төңiрегiмен ғана шектелмейдi, әсте өз уақытының аясында тани қоюға көнбейдi. Ондай құбылыстардың тамыры ғасырларды көктей өтiп, тұтас дәуiрлiк үрдiстермен астасып жатады. Мұның жарқын айғағы- Өтемiсұлы Махамбеттiң  (1803-1846) өмiрi, оның тал бойы мен тағдырында тұтас дәуiр болмысының көрiнiс табуы.

            Махамбет- азаттықты көксеген курескер, қол бастаған батыр, құдiрет  ақын, дәулескер күйшi. Мұның бәрi рас. Алайда, дәл осылай жiлiктеп, бiртұтас құбылысты бөлшектеп танимыз десек, онда Махамбет бойындағы осынау қасиеттердiң сыр-себебi, мән-мағынасы толық ашылмас едi. Махамбет әлемiн оның жеке басына таңырқау арқылы тану, жеке басын марапаттау арқылы түсiну мүмкiн емес. Керек десеңiз, Махамбет болмысын танып-түсiну үшiн тек қана өзi өмiр сүрген заман мен қоғамды саралаумен шектелуге де болмайды. Өйткенi, ол тұтас бiр дәуiр толғағы дүниеге әкелген ұлы тұлға.

            Белгiлi бiр дәрежеде, адамзат баласының тарихы көшпелiлер мен отырықшылардың бәсекесiнен тұратын сияқты. Түптеп келгенде, соңғы үш-төрт мың жылдың қою тарихы осылай ойлауға дес бередi. Мұның өзi, екi түрлi даму үлгiсiнiң бәсекесi, екi бөлек системаның теке тiресi, екi арнамен дамыған мәдениеттердiң өрелесуi едi. Отырықшылар дүние- тiршiлiктi атомдық бөлшекке дейiн ыдыратып, нақтылы таным жолын дамуына тұғыр еттi. Бұл орайда, олар өздерiн табиғаттың қарсыластары ретiнде танытты. Бұл қасиет отырықшылардың бүкiл тарихи-әлеуметтiк өмiр салты мен мәдени-рухани болмысында дарыды. Ал көшпелiлер болса (бұл жерде Еуразияның ұлы даласындағы классикалық көшпелiлiк сөз блып отыр), дүние-тiршiлiктi рухани игерiп, табиғатпен тiл табысуды өмiр сүрудiң тәсiлi еттi.

            Орта ғасырдың соңына дейiн отырықшыларға қарағанда көшпелiлердiң рухы биiк, күшi басым болып келдi. Тек ол ғана емес, көшпелiлер өзiнiң мәдени-рухани болмысы мен салт-дәстүрiн де мейлiнше шыңдап үлгiрген едi. Орта ғасырдың соңын ала тапанша, мылтық, зеңбiрiк сияқты отты қару пайда бола бастады. Әрине, мұндай қару түрлерi текқана отырықшылар ортасында пайда болуға тиiс едi. Өйткенi, отты қару жасайтын кәсiпорын көшпелiлердiң өмiр салтына жат. Мiне, осы кезден бастап адамзат баласының даму үрдiсi өзiнiң альтернативтi сипатын көмескiлеп, бiрыңғай технократтық даму үрдiсiн өзектi мұратына айналдырды. Көшпелiлердiң тарих сахнасынан шығып, аттан түсуiнде осындай сыр себеп бар.

            Әрине, системаның өзгерiске ұшырауы  және зорлықпен өзгеруi сол ойкумендегi ел-жұрт үшiн оңай шаруа емес. Мұндай өзгерiстер бiрер ұрпақтың өмiрiнде жүзеге асып үлгермейдi. Системаның екпiнi әлденеше ғасырларды көктей өтiп, әлденеше ұрпақтың өмiрiн өксiтiп барып саябыр тартады. Iзiнен қан шұбырып, тарихи тағдырға мойын ұсынады. Сөз жоқ, мұндай кесек құбылыстар өзiне сай кесек тұлғалардың өмiрбаянына айналады. Мiне, Өтемiсұлы Махамбеттi дәуiрлiк құбылыс деуiмiздiң мән-мағнасы осында.

            Махамбет - көшпелiлер өркениетiнiң осынау жарық дүниемен шырқырап қоштасқан соңғы үнi. Жалына қол тигiзбейтiн көшпелiлердiң қыл сағағын тарих тұзағы қылғындырған сәтте асау рухы Махамбет болып тұяқ серiпкендей. Қазақты ұлт ретiнде даралап, тарих сахнасына шығарған көшпелiлер мәдениетiнiң буырқанып келiп жартасты соққан ақжал толқыны Махамбет сияқты. Шыны да сол. Егер, қазақ халқының рухани үрдiсiн кең аяда тарихи құбылыс ретiнде елестетер болсақ, онда Қорқыттан Асанқайғыға дейiн, Асанқайғыдан Махамбетке дейiн, Махамбеттен Абайға дейiн, Абайдан бүгiнге дейiн деп төрт кезеңге бөлуге болар едi.

            Махамбет заманы көшпелiлер рухының айының батып, күнiнiң тұтылған кезi. Сондықтан да, көшпелiлер мәдениетiндегi эпикалық синкреттiлiк Махамбет болмысымен түйiнделедi. Бұдан былай өнер қоғамдық құбылыстарды реттеушiлiк мiндетiнен айырылып, эстетикалық алданыш болуға көшкен.  Махамбеттiң әрi батыр, әрi көсем, әрi шешен, әрi жырау, әрi күйшi болуында осындай тарихи-әлеуметтiк сұраным болған.

            Ойдың орамы осылай қайырылған  соң, нақтылы өмiрбаян көрiнiстерi заманалық үрдiспен шеңдесiп, өзгеше  мән-мағнаға ие болады.

            Өтемiсұлы Махамбет 1803 жылы Iшкi Бөкей  ордасындағы Бекетай деп аталатын  өңiрде дүниеге келдi. Бұл-қазiргi Орал облысының Жәнiбек ауданына  қарайтын жер. Даланың ауызша  тарихнамасы (ДАТ) бойынша Махамбеттiң  шыққан тегi туралы әр түрлi дерек бар. Ең арғы дерек Бокеев Шәңгерейдiң шежiресi. Бұл шежiре бойынша, жаугершiлiк заманда Махамбеттiң төртiншi әкесi Бахрамның Бағыр,Нәдiр деген екi баласы тұтқыннан қашып шығып, он екi ата Байұлының iшiндегi Берiшке сiнедi. Нәдiрден Мәлi (кейбiр деректерде Құлмәлi, Құлманияз деп айтылады) туады. Мәлiнiң қазақ әйелiнен Өтемiс пен Шыбынтай, қалмақ әйелiнен Қобылбай туған.

            Өтемiстен-он ұл, Шыбынтайдан- төрт  ұл, Қобылбайдан-үш ұл туып, Мәлi  ұлдың өзiнен он жетi немере  сүйген адам. Келесi бiр деректерде, түркiмен мен қазақ арасында бiр соғыста төрт-бес жасар Мәлi қолға түсiп, Жайық-Берiш iшiндегi Жаубасар деген кiсi асырап алады. Қолға түскен Мәлiге “Құлмәлi” деген ат қойылады. Жаубасардың Ерназар деген ағасы болған. Бұлардаң әкесi Тұмаш деген кiсi екен. Мәлi (Құлмәлi) негiзiнен Жаубасардың ағасы Ерназар қолында өседi. Кейiн Мәлi қазақ қызына үйленген соң, одан Өтемiс пен Шыбынтай деген бала туады. Мiне, осы дерекке сүйенген шежiренiң бiр парасы бойынша, Махамбеттiң әкесi-Мәлi, оның әкесi-Ерназар, оның әкесi-Тұмаш, одан әрi Жайық-Берiш деп таратады.

            Құлмәлi әулетi аз ғана уақыт  аясында үрiм-бүтағы өсiп-өнiп,  Тасойған құмындағы iргелi ауылдардың  бiрiне айналған.  Оның үстiне  Құлмәлiнiң шешендiк, батырлық, турашыл  қасиеттерi ұрпақтарына да дарып, ел тағдырына қатысты iстерде сергектiк танытып отырған. Мәселен, Өтемiс өз кезiнде Айшуақ, Жантөре, Бөкей хандардың беделдi билерiнiң бiрi әрi Берiш ауылының старшыны болған.  Өтемiс төрт әйел алып, олардан Тоқтамыш, Бекмұхамбет, Махамбет, Ысмайыл, Смайыл, Қожахмет (Ахмет), Әйiп, Хасен, Сүлеймен, Ыбырайым атты он ұл туған.  Осылардың iшiнде Бекмұхамбет (кейбiр деректерде Бекмағамбет Жәңгiр ханның он екi биiнiң бiрi болса, Ысмайыл Қожахмет, Ыбырайым сияқты балалары Исатай мен Махамбетке үзеңгiлес серiк болып, ереуiл кезiнде ерлiк көрсеткен.

            Қожахмет 1838 жылы шiлденiң 12-сi  күнi болған шайқаста Исатаймен  бiрге қаза табады. Ал Ысмайыл  болса патша саясатына қарсылық  көрсеткен адам ретiнде жиырма  бес жылға Сiбiрге айдалған (Жұмалиев Қ. Егеулi найза. Ал., 1979, 7-бет). Қысқасы, Құлмәлi әулетi өз iшiнде мақсат-мүдделерiнiң әр түрлi болуына қарамастан халық iшiне қатысты iстерге белсендiлiкпен араласып, белгiлi дәрежеде ықпалын жүргiзiп отырған. Махамбеттiң:

 

“Ерте көшiп, кеш қонған,

 Бiз санаулы сәндi орданың бiрi едiк”,-дейтiнi, немесе:

 “Өтемiстен туған  он едiк, 

Онымыз атқа мiнгенде,

 Жер қайысқан қол  едiк”,- деп толғайтыны сондықтан. 

 

Өтемiстен туған он ұлдың iшiнде Махамбеттiң орны алабөтен.  Табиғат оның тал бойына ақындық, шешендiк, күйшiлiк, батырлық сияқты бiрнеше кесек қасиеттердi дарытты. Осынау кесек қасиеттердiң бәрi шашау шықпастан асқақ мұраттарға қызмет еттi. Бұл орайда, Махамбет өзiнiң барша болмыс қасиеттерiмен көшпелiлер көсемiнiң соңғы тұяғы сияқты едi. Ол өзi туып-өскен өңiрдiң Қамбар батыр, Ер Тарғын, Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиiз, Жиембет, Доспанбет сияқты бiртуар тұлғаларының өлмес мұраларын көкiрегiне тоқып өстi. Жай ғана тоқып өскен жоқ, олардың артында қалған асыл мұралары мен асқақ ойларын Махамбет өзiнiң өмiрлiк арман-аңсарына бағдаршы етiп өттi. Әйгiлi Сырым батырдың әдiлет сүйгiш, азатшыл рухы Махамбеттiң бесiк жыры болды. Кейiн Сырым батырдың арманы Махамбет өмiрiнiң мағынасына айналды.

            Махамбет өзi өмiр сүрген заманның  ағымына жүйрiк, қыр-сырын жетiк бiлген, көзi ашық, көкiрегi ояу, бiлiмдар адам болған. Орыс, татар, араб тiлдерiн тәуiр меңгерген. Мұның өзi жазған хаттардан-ақ аңғаруға болады.

Махамбеттiң сергек жаратылысы мен қабiлет-дарыны төңiрегiне ертерек  мойын бұрғызтқан. Тiптен, Жәңгiр ханның өзi назар аударып, баласы Зұлқарнайынға Махамбеттi ақылшы, серiк етпек болады. Осы ниетпен Орынбордағы оқу орнына орналасқан Зұлқарнайынға Махамбеттi қосып жiберген.

            Махамбет Орынборда 1824 жылдан 1829 жылға дейiн тұрған. Сөз жоқ, бұл уақытты Махамбеттiң текке өткiзбегенi анық. Оның ескiше-жаңаша сауатын ашып, қоғамның саяси-әлеуметтiк жай-жапсарын зерделеп үлгеретiнi осы кез. Сондықтан да ол Орынбордан қайтқанда Жәңгiр ханның “сарай ақыны”, Зұлқарнайынның ақылшысы болып емес, елiнiң жоқшысы болып оралады.. Махамбет Орынбордан оралардан бiр жыл бұрын 1828 жылы Каспий жағалауы мен Едiл, Жайық өзендерiнiң бойын қазақ шаруаларының пайдалануына тыйым салған заң шыққан болатын. Бұл заң малдың тұяғына iлесiп күн көрген халықтың тынысын тарылтып, наразылығын тудырды.

            Махамбет 1829 жылы Орынбордан қайтып  келiсiмен бұқара толқуына қатысып,  оларды Жайықтан берi өткiзуге  ат салысады. Бұл үшiн ол жауапқа  тартылып, 1829-1831 жылдар арасында  Калмыков түрмесiнде отырып шығады.

Замана тауқыметiндей озбыр да дүлей күшпен Махамбеттiң  беттесуi алғаш рет осылай басталады.

Махамбеттiң өскен ортасы- Iшкi Бөкей  ордасы өзiнiң табиғи орналасуы жағынан  ғана емес, саяси-әлеуметтiк ахуалы жөнiнен де сол кездегi қазақ қоғамынан  өзiндiк ерекшелiгi бар едi. Егер, бұл ерекшелiктi түйiндеп айтар болсақ, Алтай мен Атырау арасында көсiлiп жатқан байтақ қазақ даласын аз күшпен, жедел түрде отарлауды өзектi мақсаты еткен Ресей патшалығы үшiн Iшкi Бөкей ордасы мейлiнше ұрымтал сынақ алаңы болды. Сол кезде, Ресейдiң шығысындағы ең саны көп, ең жерi үлкен және өмiр салты өзгеше қазақтардың сынаптай сырғыған көшпелi руларына сырт күштiң билiк жүргiзiп, уысында ұстауы оңай шаруа емес едi. Ол үшiн көшпелi қазақ қоғамын қайтсе ыдыратуды, қайтсе өздi-өзiн қырқыстыру арқылы кiрiптар етудi, қайтсе талмау жерiн тап басып тұзаққа түсiрудi Ресей патшалығы шығыстағы ең өзектi мақсат мүддесi еттi. Сондықтан да, Бөкей хан Нарын құмына оқшау билiк құру үшiн Бiрiншi Павелден рұхсат сұрағанда, тiлегi оп – оңай орындалған. Бiрiншi Павелдiң 1801 жылғы наурыз айының 11 – i күнi берген бұйрығы бойынша Едiл мен Жайықтың арасында бөгiп жатқан Iшкi Орда деп аталған Бөкей хандығы құрылды. Сөйтiп көшпелi қазақтардың тағы бiр шебi сетiнеп, тағы бiр керегесi бөлiнiп, саяси - әлеуметтiк тұтастығы әлсiрей түстi. Оның есесiне патшаның атқа мiнiп, дала кезе алмайтын ноқай отаршылдары үшiн рахат болды. Бұған дейiн құпия болып келген байтақ қазақ даласы, ендi бүкiл әлеуметтiк құрылыммен, ұлттық – бiлiм ерекшелiгiмен, рулық тәртiп – жүйесiмен көз алдарында. Қалай билеп, қалай төстеп, қалай зерттеймiн десе де еркiнде. Мұның өзi техникалық дамудың жетiле қоймаған, коммуникацияның әлсiз кезiнде, сондықтан да көшпендiлердiң әлi де болса ауыздық салдырмас асау күш болып тұрған кезiнде Ресей патшалығы үшiн отаршылдықты шыңдап, жетiлдiрудiң сынақ лабораториясы сияқты едi. Нәтижесiнде кешiкпей – ақ қалағанын жүзеге асырудың тетiгiн тапты. Олар бүкiл мақсат – мүддесiн хандық билiк арқылы жүзеге асырып отырды. Хандық билiктiң iшкi құрылымын хан депутаты, хан кеңесi, старшын – есауыл, базар сұлтаны, арнаулы тергеушi, iс жүргiзу кеңесi дейтiн жүйеге түсiрiп, даланың тiршiлiк -  тынысын толық бақылауға алды. Бұл тәртiп ру басыларының, iрi байлардың өз тумаларына деген басиелiгiн әлсiретiп, рулық пәтуа – бiрлiкке сызат түсiрiп отырды. Қазақ даласының өзге өңiрлерiне қарағанда, Iшкi Ордада тауарлы – ақша қатынасы басымырақ өркендеп, ел iшiтаптық жiкке бөлiне бастады. Бiр кездегi халқы үшiн оққа кеудесiн тосатын хандар, рулармен бiрге у iшетiн байлар ендi өз халқының қанын соратын қарсыластарына айналды. Патша отаршылдарына қолшоқпар болған хан – сұлтандар мен байлар бүкiл Iшкi Ордадағы халықтың 4 процентi бола отырып, 5300 мың десятина жарамды жердiң 4500 мың десятинасын иемдендi. Салықтың бұрын – соңды көрiп бiлмеген, от ауыз, қызыл киiз, тұяқ ақы, хан соғымы, хан қонақ ақысы, пiтiр, құшыр деген түрлерi пайда болды. Бiр ғана Жәңгiр хан халықтан жыл сайын 18 мың қой, 1000 жылқы, 700 түйе жинап алып отырды. (Қаз. КСР ОМА, 4-қор, 4197 - iс) Әрина бұл дәулеттiң басым бөлiгiн патша әкiмдерi обып әкетiп жатты. Тiптен халықты хан – сұлтандар мен байлар арқылы қанауды мiсе тұтпаған патша әкiмдерi, бекiнiстегi әскерлер, помещиктер бара – бара тiкелей өздерi қол сұғып ашық қанауға көштi. Сол кезде Орынборда шекаралық комиссиясында полковник шенiнде қызмет атқарған орыстың белгiлi жазушысы, лексикографы және этнографы, Петербург Ғылым академиясының корреспондент – мүшесi В.И. Даль (1801-1872) былай деп жазды: “Шекара бойындағы қазақтар мейлiнше кедей тұрады. Гурьев пен Звериноголовскiнiң арасындағы, ұзындығы 1850 шақырым жердi қыстайтын мың үйдiң әр қайсысында орта есеппен бес жаннан бар. Ал әр үйге шаққанда жетi мүйiздi iрi қарадан, бес жылқыдан, бiр түйеден, жүз қойдан келедi. Бiрақ нақтылы шындыққа ден қойсақ, ондаған мың қой мен жылқы бiткен байлар және жалғыз ешкiге қарап отырған тақыр кедейлер бар. Олар бүкiл ауыртпалығын осы жалғыз ешкiге артып, сүтiн күнара, тiптен үш күнде бiр кезек – кезек қорек қылып отыр. Бұл ойдан шығарылған ертегi емес таза шындық” (Даль. В.И. Полн. Собр. Соч. т. 1-10. СПб. 1897-1897, 7-том, 235-бет).

В.И.Даль мұнан да өткен сұмдық мысалды  “Северная пчела” журналының 1834 жылғы 101- санында келтiрген: “Шекара бойындағы  қазақтар осы қыста тағы өз балаларын  сата бастады. Жақында мен 75 сомға (ассигнациямен) сатып алынған төрт ер баланы көрдiм .  Кiшiсiнiң жасы жетiде …”

Мiне, көшпелi қазақтардың азатшыл рухы отаршылдықтың темiр қамытын мойнына iлген соң, кешiкпей-ақ осындай күйге тап болды. Махамбет осы сұмдықтарды көзiмен көрдi. Сондықтан да, 1836 жылы әбден шыдамы таусылған халық теңiздей толқып көтерiлгенде, осынау тегеурiндi дүмпудiң дем берушiсi Махамбет болды. Ол Исатай батырмен бiрге арыстандай ақырып, азаттық туын қолдаса көтерiп шықты.

Бiрақ, амал қанша, әдiлдiк жеңiлдi, озбырлық жеңдi. “Кезенген жауға кез келдiк, жалғыз найза, бiр атпен”,-деп, Махамбеттiң өзi айтқандай, жаужүрек батырдың қолындағы жалаң қылыш отты қарудың алдында дәрменсiз болды. Ең сұмдығы, көшпелiлер тарихында тұңғыш рет ханы халқына қарсы шығып, ата жауымен ауыз жаласты. Алдымен Жәңгiр хан, кейiн Баймағамбет сұлтан подполковник Геккеге арқа сүйеп, әдiлдiк сұраған халықты қанға бөктiрдi. Арыстан туған Исатай оққа ұшты. Одан да өткен сұмдығы, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ақынына көшпелiлердiң ұзына тарихында тұңғыш рет қол көтерiлдi. 1846 жылы Баймағамбет сұлтанның жұмсауымен Төлейдiң Ықыласы, Боздақтың Жаңабергенi, Нұралының Мұсасы, Өтеулiнiң Жүсiбi, Тұрымның Төрежаны сияқты пенделер Махамбеттi өз үйiнде, балашағасының алдында қылыштап өлтiрдi.

Жалқы деректiң жалпақ дүниеге айғақ болатын тұсы бар. 1836-1838 жылы Нарын құмындағы халық көтерiлiсiнiң жеңiлуi, түптеп келгенде, көшпелiлер басынан бақыт құсы ұшып, дәуреннiң өткенiн көрсетедi. Яғни, жеңiлген Исатай мен Махамбет бастаған азатшыл рухтағы қауым емес. Өйткенi, олар сол азатшыл рухына қылау түсiрмей, мақсат-мұратынан айнымай құрбан болды. Жеңiлген-система болатын. Яғни, Еуразияның апайтөс ұлы даласына бейiмделiп, қалыптасқан көшпелiлердiң шаруашылық-мәдени типiн жалпы адамзаттық жаңғырудың үрдiсi ығыстырды. Мұндай заманалық жаңғырудың табиғи жолмен, бейбiт түрде жүзеге асуы да мүмкiн едi. Өкiнiшке орай, қазақ даласындағы системаның алмасуы сырт күштiң отаршыл экспансиясы тұрғысында жүзеге асты. Махамбет болса осынау өлiара шақтағы халық болмысының жиынтық айғағы.

Бiздiң сүйсiнетiнiмiз, Махамбеттiң өз заманына адалдығы, өлара шақтағы сүйек сырқыратар өкпек желге ықтамай, омырауын ашып тастап, қасқайып қарсы жүргендiгi. Егер, қазақ деген халықтың бүгiнгi болмысында өзiндiк бiрдеңе бар болатын болса, мұның өзi Махамбет сияқты бағаналы бәйтеректiң өткен мен бүгiннiң арасына көпiр болып көсiлiп жатқандығынан.

Махамбет үшiн көшпелiлердiң дәстүрлi мәдениетi, өнерi, талғам-танымы өмiр сүрудiң тәсiлi едi. Ол әбден орныға шыңдалған далалық демократияны жан-тәнiмен қорғап, сол жолдан ауытқымай дүниеден өттi. Мұның өзi түптеп келгенде, халықтың бiртұтас тағдыры үшiн, ұлттың бiртұтас арман-аңсары үшiн күрес болатын. Отаршылдық ұлттың тұтастығына iрiткi салып, таптық жiктiң ұрығын септi. Бұл дегенiмiз, мүлде жат өмiр салттың, бөтен системаның бел ала бастауы едi. Махамбет iрiлiгi осынау системалық өктемдiкке қасқайып қарсы тұруында. Мұның бұлтартпас айғақтары Махамбет жырларының өнбойында тұнып тұр.

Информация о работе Махамбет жөніндегі ой-пікірлер