Махамбет жөніндегі ой-пікірлер

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 03 Марта 2013 в 13:21, реферат

Описание работы

Кез – келген тарихи, яки болмаса шығармашылық тұлға тек өз халқының інжу – маржаны ғана емес, жалпы адамзаттық бастау ретінде «әлем азаматы» санатында болып әр кезеңдегі, әр алуан халықтың мәдениетін тоғыстыратын буын болатыны қақ. Міне, осы пікірге әлемдік қауымдастық ЮНЕСКО шеңберінде 200 жылдығы тойланып отырған дара тұлға, қазақтың ұлы ақыны, бостандық пен еркіндік үшін күрескер Махамбет Өтемісұлы да тұтастай жатады.

Содержание работы

Махамбеттің жыр жебесі. И. Тасмағамбетов
Шашақты найза, шалқар күй. Ә. Кекілбаев
Дәуір олғағының тұлғасы. Ақселеу Сейдімбек
Ерлік пен елдіктің өшпес рухы. З. Қабдолов
Дауылпаз ақын. Б. Аманшин
Махамбет мұралары. И. Кенжеалиев

Файлы: 1 файл

Mahambet-makala-1.doc

— 217.50 Кб (Скачать файл)

Темірқазық жастанбай,

Қу толағай бастанбай,

Ерлердің ісі бітер  ме!!!» -

 

деп барып тоқтайды да өзіне және өзімен бірге жорықта  жүрген жауынгерлерге, жорық жетекшісі  Исатайға тоқтам салады. Сонда мазмұны  мен пішіні бір ғана уақытта –  Жәңгір хан тұсында, бір ғана кеңістікте – Бөкей ордасында, бір ғана тақырыпта  – Исатай бастаған қан майданда, бір ғана идеяда – Қазақ халықының азаттығы мен бостандығы жолында туған, қалыптасқан, дамыған Махамбет шығармашылығы тұтастай алғанда автордың «сегіз қырлы, бір сырлы» автопортретін жасап, мұның өзі тек біздің ғана ұлттық менталитетімізге тән ерлік пен елдіктің өшпес рухына айналып отыр.

 

Дауылпаз ақын

Берқайыр  Аманшин, жазушы

 

Қарадан бір-ақ тусайшы,

Артымыздан біздердің

Ақырып теңдік сұрарға

(Махамбет)

Қай елде, қай халықта  да дана тұлғалар, данышпан қайраткерлер тарих ағымының биік жалында, халық тағдырының терең шайқалыс шақтарында дүниеге келетіні белгілі. Қолбасшы батыр, қаһарман ақын Махамбет Өтемісовты тудырған ондай кезеңді шақ – патша отаршылдығы мен хан өкіметінің езгісі мен қысымына қарсы бұрынғы Ішкі Орда шаруаларының 1836-1837 жылдардағы көтерілісі. Махамбет – сол қозғалыстың ұйымдастырушы, басқарушы көсемдерінің бірі, жалынды үгітшісі, жауынгер жыршысы.

            1836-1837 жылдардағы көтеріліс халқымыздың  көпғасырлық тарихының ең жарқын  беттерінен саналады. Елдің жадында Исатай – Махамбет көтерілісі деген атпен белгілі бұл көтеріліс ел шегіндегі, халықтың өз ішіндегі одан бұрынғы да, одан кейінгі де талай қозғалыстар қатарында еңбекші халық мүддесін көздеген таптық сипатының айқындығымен ерекше тұр.

            Көтерілістің себептері белгілі, ол – ХІХ ғасырдың отызыншы жылдарында Россия патшалығының отаршылдық езгісінің күшейуі, қазақ даласын жан-жақтан әскери қамалдармен қоршап, ел басқарудың қатал, жауыз «тәртіптерін» орнату арқылы еңбекші бұқараны аяусыз қанауы. Қазақтың ақ киізге аунатып, хан көтерген төрелері шаруа халықты қорғай алмады, қайта отаршылдармен ауыз жаласып, бұқараны бірге талады, қорқау қасқырша жақынына шапты. ХІХ ғасырдың басында Қазақстанның күнбатыс шегінде пайда болған Ішкі Орданың ханы Жәңгір Бөкеев те европаша оқып, тәрбие алған «мәдениетті» көзі ашық адам болғанмен ел басқаруда Әбілқайыр, Нұралы бабаларынан аса алған жоқ.

            Бұрын қазақтың бар байлығы  мал еді, мал болса – жайлау  жететін. Жәңгір ең алдымен  шаруаны жерден қысудан бастады.  Ол ен Нарынның жер-суын патша өкіметі өзінің жеке меншігіне берген деп ұқты да ең шұрайлысын өзі алды, туысқан төрелер мен қайын жұртына  бөліп берді. Мал баққан елдің жаз жайлау, қыс қыстаусыз күні жоқ, одан айрылғасын не қалды? Оның үстіне бұрын түтін салығына тиын-тебен төленгеннен басқаны көрмеген, оған да құнтсыз қазақ шаруасы енді жылда хан зекеті, хан соғымы, ақ киіз – қара киіз дейтін салықтар төлеуге мәжбүр болды. Бұл әсіресе қалт-құлт күн көрісі бар кедей шаруаларға жайсыз тиді. Зекет, соғым жинау кезінде төре-төлеңгіттердің қара халыққа жасаған қиянаты бастан асты, малда иелік, баста ерік қалмады. Ханға шағым айтқандар теңдік таппады. Хан тек өзінің жақын-жуық төрелерінің дегенін істеп, елдің Исатай Тайманов секілді әділдігімен, нашарға жанашырлығымен аты шыққан беделді адамдарын да тыңдауды қойды. Сосын – ақ «малым – жаным садақасы, жаным – арым садақасы» дейтін халықтың мұнша қиянат пен қысымға қарсы қайрат көрсетпей, бұғып жүре беруі мүмкін емес еді. 1836 жылдың көктемінде әуелі Атырауды қыстаған беріш ауылдары, соңынан күллі Нарынның, он екі ата байұлының шаруалары ат сайлап мініп, аламан құрып, дүр көтерілді.

            Көтерілістің қалай тұтанып, қалың  қауға тиген өртше көкке   шалқып, сосын ақыры қалай қанға  боялып өшкені халықтың жадында.  Исатай – Махабеттің сарбаздары хан мен төрелердің, байлар мен билердің ауылдарын шауып, малдарын айдап әкетті. Хан қайыны, қаныпезер Қарауылқожа, Шыман-төре, Балқы-би құсаған әбден жәбірі өткен жауыздардың үйінің шаңырағын ортасына түсіріп, жазықсыз жәбір көрген көптің кегін алды, кеткен мал-мүлкін қайтып әперді.

            Көтерілістің ең кемеліне жеткен  шағы  - 1837 жылғы октябрьдің аяғында  Исатай сарбаздарының екі мың  қолмен Хан Ордасын қамауы. Исатай  осы жерде Махамбет айтқандай  «құрулы жатқан жебеге құрсағынан шалдырды». Батыр әлі де болса ханмен келісімге келмек пиғылда еді, Қарауылқожаны орнынан түсіріп, хан өзі Ордада әділ тәртіп орнатады деген сенімде еді. Халықтың бар мұңы мен шерін, арманы мен үмітін көкірегінде қорытқан Исатайдың бұл сенімі ақталмады, олай болуы тарихи-объективтік тұрғыдан мүмкін де емес-ті. Арада бір-екі жұма өткеннен кейін Тастөбедегі ұрыста артиллерия қолданған патша әкері Исатай мен Махамбеттің қолын қырып салды, екі батыр қырық шақты жолдасымен Жайықтың бергі бетіне өтіп кетуге мәжбүр болды. Ақыры келесі жылы жазда Ақбұлақ суының бойында тағы да патша әскерімен айқаста Исатай Тайманов қаза тапты да, одан сегіз жыл өткенде Махамбает Өтемісовты Баймағанбет сұлтанның жалдаптары айуандықпен өлтірілді.

            Исатай – Махамбет көтерілісі – халықтың даналығы мен құдыретінің айғағы. Ал деп басталуынан аяқталуына дейінгі осы он сегіз айдың оқиғасы мал мен дүние өктемдік жүргізген қатыгез, қараң заманда «халық қозғалса, хан тағында тұра алмайтынына» елді сендірді. Аз күн болса да мерейі үстем болып, азаттықтың, теңдіктің дәмін татқан халықтың рухы бір көтеріліп қалды. Махамбет Өтемісовтың де батырлық таңқы дүрлеп, ақындық жұлдызы жарқырай түскен шағы – осы тұс, осы он сегіз ай.

            Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы туған,  әкесі Өтеміс Құлманиязов дәулетті адам болған. Махамбеттің өзі бір өлеңінде:

 

                                                              Ерте көшіп, кеш қонған 

                                                            Біз санаулы сәнді орданың  бірі едік, -

 

деуіне қарағанда, бұл  ауыл Ішкі Ордадағы белгілі, белді ауылдардың бірі болғанға ұқсайды.

            Махамбет Өтемістің екінші әйелінен, онымен бірге бір анадан Бекмағанбет,  Қожахмет, Ыбырайым, әйіп, Хасен туады.  Ел аңыздарында Махамбеттің жастайынан палуан, мергендігімен, аузын ашса тақпақтата жөнелетін төкпе ақындығымен аты шыққаны айтылады. Және де ол мұсылманша да, орысша да хат білген. Қазақтың жаппай қараңғы кезінде бұлай екі тілде бірдей сауатты болу өте сирек-ті. Ондай адам өз ортасының ұлттық шеңберінде қалып қоймайды, өзге жұрттарды өгейсінбейді. Махамбет те орыс жұртымен ерте араласса керек. Бұл оның азаматтық бейнесінің қалыптасуына игі әсерін тигізбей қалған жоқ, сол кездегі қазақ ауылындағы әлеуметтік теңсіздікке, әкімдер мен әділердің қиянатына көзін ашты, әділетсіздік пен зорлыққа қарсы жан түкпірінде өзі әлі саналы түрде ұғып үлгермеген наразалықтың оянуына себеп болды.

            Ақынның жас кезінде Жайықтың  бергі бетінде қазақ шаруаларын  хандар мен патша қамалдарына  қарсы көтерген батыр Сырым  Датов жорықтарының шаңы басылған  жоқ-ты. Ол соғыстар нәтижесіз  аяқталғаннан кейін Нұралы тұқымының  – біресе Қаратайдың, біресе Қайыпқалидың хандыққа таласқан бүліктері елдің тыныштығын бұзып, берекесін алды. Мал баққан момын шаруаның алыс-жақын жауы бар – ауылының желкесінен қарауыл түспеді, құлағынан дүбір кетпеді, аты ерттеулі, найзасы жастаулы күн кешті.

            Махамбеттің жастық шағы өткен өңірде – Еділ, Жайық арасында, Қиғаш пен Қобан, Боқсақ пен Бозан суларының бойында ерте замандарда ел қорыған Қамбар, Тарғын сынды батырларды мадақтаған дастандар туған, басы сонау ертегілері Сыпыра-жырау, одан бергі Асанқайғы, Қазтуған, Шәлгез, Жиембет, Доспанбеттер сөз баптаған. Махамбеттің құдыретті өнері осындай батырдың даңқы мен ақынның даусы қатар жаңғырған аспан астында қанаттанды. Алғаш шаршы топқа түскен кездерінде ол жаугершілік заманның ақындарының дабылды жырларын толғап, соларға еліктеуден бастаса керек. Көне кітаптардың бірінде ақын ылғи да «Махамбет-жырау» деген атпен аталады. Қазақтың халық поэзиясының дәстүрінде өз жанынан сөз (өлең) шығарушы адам сол өңірдің өзінен бұрынғы өткен  айтқыштарының өлеңдерін білмейінше ақындығын таныта алмағаны белгілі. Махамбет те бастапқы кезде өзінен бұрынғы ақындардың жырларын толғайтын жырау ретінде көзге түссе керек. Сонымен бірге оның шебер  домбырашы болғаны, өз жанынан бірнеше күй шығарғаны соңғы кезде анықталып отыр.

            Махамбеттей өз ортасынан биік, ойға озық, тілге жүйрік, алымды азамат елдің әлеуметтік өміріне белсене араласпай қала алмайды. Әкесі Өтеміс-биді дұшпандары Орынборда үзеңгісіне у жағып өлтіргеннен кейін орнына ағасы Бекмағанбет-би я басқа ағаларының бірі емес, Махамбеттің старшын болуы да осыны мезгейді. Ақын өмірінің бұл бастапқы кезеңінен қазір қолда бар дерек аз. Тек бір белгілісі – оның 1829 жылы Жайықтан астыртын өтерінде қолға түсіп, Калмыков қамалында жылдан астам тұтқында отыруы. Бұдан ол елге оба тиген кезде, 1830 жылдың күзінде қашып шығады. Ақынның кейінгі кезде табылған:

 

                 Кеше біз зынданда жатып құбылдық,

                  Қамалған көп дұшпанға қор  болдық 

                  Терезеден телміріп,

                  Ағайын мен туғанды

                  Бір көруге зар болдық,      

- деген жолдары осы  тұсты мезгейді.

            Махамбеттің көтеріліске дейінгі  өмірінен анық белгілі және  бір нәрсе – оның Манан ауылы  деген бай жерден ерегіспен  қыз алуы. Ақынның бұл әйелінің  аты Ұлтуған, одан Махмұд деген баласы болған (Махмұдтың Нұрбике деген қызынан туған, ақынның жиеншарлары қазір тірі, Маңғыстауда тұрады).

            Махамбеттің осы тұстағы жырларынан  бізге келіп жеткендері: «Жалған  дүние», «Аспандағы бозторғай», «Арғымақтан  туған қазанат», «Арғымақ, сені сақтадым», т.б. Мұнда ақынның уағыздайтыны – азаматтың адалдығы, әділдігі, антқа беріктігі; бейбіт өмірдің қызығы, достық, жастықтың жарастығы; сонымен бірге – уақыттың тездігі, дүниенің өткіншілігі.

            Алайда, жоғарыда айтылғандай, батырлық даңқы, ақындық атағы дүрлеп шығып, Махамбетті Махамбет еткен – 1836 жылдың аласапыран көктемінен келесі жылдың қаһарлы қысына дейінгі көтеріліс айлары. Сосын – одан кейінгі сергелдең сегіз жыл.

            Көтеріліс кезінде Махамбет Қиялы-моладағы, Теректі-құмдағы, Тастөбедегі айқастарда қолдың алдында болып, өз жеке басы орасан ерлік көрсетті. Бидай-далада жалғыз өзін қамалаған он шақты атты казакты найзамен қақпайлап, құтылып кетті. «Қарқыны күшті көк семсері шапқан сайын дем тартып», қып-қызыл майдандарда қас дұшпанына ойран салды. Осы ұрыстарда Қабыланбай Қалдыбаев, Қалдыбай Иманбаев, Тәни Түменов, Сарт Еділеев, Ерше, Нұрша Сартовтар, Үбі Үсеұлы, Қожахмет, Смайыл Өтемісовтер секілді талай соққыш палуан, атқыш мерген, найзагер батырлар көзге түсті. Кезіндегі Пугачевтің башқұр полковниктері секілді, Исатайдың ауыл-ауылдан ағылған қарулы жігіттерінің басына қойған «сардарлары» осылар болды. Солардың бәрінен, тіпті Исатайдың өзінен де Махамбеттің артықшылығы – қолындағы наркескені мен найзадай тілінің қатар жүруі.

            Ақынның енді бұдан кейінгі  кезеңдегі сөздерінде бірізді  дәйектілік анық байқалады. Сондықтан  бұл өлеңдерді көтерілістің ақындық  шежіресі деу орынды. Енді сол  ізбенен жүріп көрелік. 

            Жәңгірхан мен оның сыбайластарының, әсіресе көбіне-көп хан қайыны Қарауылқожа Бабажановтың қара халыққа істеген қисапсыз қиянатын бас-бас сайын тізіп, Исатай мен Махамбет және де басқа халық өкілдері қол қойып, патша өкіметіне әлденеше рет «ғарза»(арыз) түсіргені белгілі. Олардың барлығы дерлік Махамбет пен Жақияның (Исатайдың баласының) қолымен жазылған. Бұл шағымдардың ешбірі әділ тексерілмеді, арыз иелерінің заңды талабы қанағаттандырылмады. Махамбет елдің осы қыраур шағымын, шексіз наразылығын ақындық бір-ақ деммен айтылған аз-ақ сөзде жиынтықтайды. «Хан емессің – қасқырсың… хан емессің – ылаңсың!» деп, ол Жәңгірдің момын елді аяусыз талаған жыртқыштығын, ылаң салғыш бүлдіргіштігін бетіне басады. Ақынның таптық сезімі өте өткір, ол ата жауымен ымыраға, мәмлеге келуге болады деп түсінбейді. Кейін Баймағанбет-төренің алдында айтатын:

 

                                          Хан баласы ақсүйек- 

                                          Ежелден табан аңдысқан 

                                          Ата дұшпан сен едің,

                                           Ата жауың мен едім,-

 

 Деген сөздері де  осының айғағы. Көтерілісші сарбаздардың  нағыз көкейіндегісін, нанымы мен  сенімін жарқырата алға шығарған  бұл сөздер Исатай туының астында  ұран боп жаңғырды. «Айғайласып  жауға ти! Тәңірім білер, жігіттер, ажалымыз қайдан-ды!» деп, астана жұртын айналып, жар салған дауылпаз ақын та жауымен айқастың қанды қырғын, қаталдығын толғайды. Бұған  тек:

 

                              Толарсақтан  саз кешіп, 

                              Тоқтамай тартып шығарға

                              Қас үлектен туған қатепті 

                              Қайыспас қара нар керек…

                               Қабырғасын қаусатып,

                               Бір-біріндеп сөксе де 

                               Қабағын шытпас ер керек.

 

 «Соғыс» деген өлеңінде  ақын көтерілістің ең шырқау  шегіне жеткен күнін – 1837 жылғы  15 ноябрьдегі Исатай қолының Тастөбеде  патша әскерімен соғысын суреттеген. Бұл ұрыс – көтерілістің ең  соңғы қанды нүктесі.

            Көтеріліс жеңілді, келесі жылы  жазда Ақбұлақтағы айқаста Исатай  қаза тапты. Исатайды жоқтаған  «Мұнар күн» сияқты жырлар  осы тұста туды. Бұдан кейінгі  сегіз жыл – ақын өмірінің  ең ауыр кезеңі.

            1841 жылы көктемде патша өкіметі  Махамбетті Атырау жағасындағы ауылдардың бірінде тұтқындап,Текеге (қазіргі Оралға), одан Орынборға айдайды. Әскери сотқа беріліп, өлім жазасына тартылатын жерінен орыс офицерлерінің ішіндегі достарының көмегімен құтылып кетті. Осындай сүргінді шақта да ақын көңілінің кең сарайы оқуға, өнер-білімге айқара ашық еді. «Өнер-білім бар жұрттардан» тағылым алған ол өз баласы Нұрсұлтанды орысша оқуға бермек болып, Орынборға, бұл жолы енді өз еркімен, сапар шекті. Қандай игі тілек, жақсы талап! Өз баласын халқына пайдалы қызмет ете алатын, көзі ашық, көңілі ояу азамат етіп шығармақшы.

            Не пайда, ақынның тілегі орындалмады.  Күні кеше ақ патша мен ханға  қарсы көтеріліс бастаған атақты  батыр, жауынгер ақынның баласын  патша өкіметі оқуға алмады. Оның  орнына Махамбеттің үстінен елдің әкім-қараларының берген шағымдарын қайта көтеріп, үсті-үстіне жауапқа шақырып, соңына шырақ алып түсті. Бұның аяғы келіп, ақынның 1846 жылғы ноябрьде Қарой деген құдықтың басында Баймағанбет жалдаптарының қолынан қаза табуына әкеп соқтырғаны белгілі.

Информация о работе Махамбет жөніндегі ой-пікірлер