Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 01 Октября 2015 в 15:33, реферат

Описание работы

Жаһандық өзгерістер аясында Қазақстан Республикасының білім беру саясаты білім берудің құндылық мәнін толығымен күшейтуге және оның әрбір адам тағдырындағы үлесін арттыруға, жас ұрпақты жаңа, ақпараттық қоғамның талаптарына сай тәрбиелеуге бағытталған.
Сауатты, зияткер, рухани мықты адам тәрбиелеу адамгершілік құндылықтарды, ұлттық-мәдени дәстүрлерді бекіту және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етудің кепілі болып табылады. Өзіне, басқаларға және әлемге деген құндылық қатынасын дамыту негізінде тұлғаның үйлесімді қалыптасуы бейбітшілік пен келісімнің нығаюының алғышартына, ашық қоғам қалыптастыруға бағытталған ұлттық басымдылықтардың жүзеге асуының жасампаз күшіне айналады.

Файлы: 1 файл

бастауыш билим беру.docx

— 81.68 Кб (Скачать файл)

             Бастауыш білім берудің мемлекеттік

                     жалпыға міндетті стандарты

 

        Жаһандық өзгерістер аясында Қазақстан Республикасының білім беру саясаты білім берудің құндылық мәнін толығымен күшейтуге және оның әрбір адам тағдырындағы үлесін арттыруға, жас ұрпақты жаңа, ақпараттық қоғамның талаптарына сай тәрбиелеуге бағытталған.

Сауатты, зияткер, рухани мықты адам тәрбиелеу адамгершілік құндылықтарды, ұлттық-мәдени дәстүрлерді бекіту және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етудің кепілі болып табылады. Өзіне, басқаларға және әлемге деген құндылық қатынасын дамыту негізінде тұлғаның үйлесімді қалыптасуы бейбітшілік пен келісімнің нығаюының алғышартына, ашық қоғам қалыптастыруға бағытталған ұлттық басымдылықтардың жүзеге асуының жасампаз күшіне айналады.

Қазақстанның білім беру саласындағы ізденістері өскелең жаңа буынды 21-ғасырдың өмір талаптарына сай сапалы дайындау мақсатында дұрыс шешімдер қабылдауға бағытталған. Әлемдік білім беру тәжірибесінде білім берудің күтілетін нәтижесі ретінде қарастырылатын құзіреттіліктер шеңбері айқындалған (ЮНЕСКО, 1996). Еліміздегі білім беру реформасы әр адамның табысты жұмыс істеуіне, өмір бойы оқып-үйренуіне қажетті тұлғалық қабілеттерін дамытуға бағытталған әлемдік тәжірибеге негізделеді. Демек, білім беру жүйесінің түлектері функционалдық  жағынан сауатты болып қана қоймай, кез-келген өмірлік мәселені шешуге, қойылған мақсатқа жетуге қажетті құралдар, әдістер мен жолдар таңдауда рухани және адамгершілік қуатын көрсетуге қабілетті, өзінің қоғам алдындағы парызын  саналы түрде атқаруға дайын болуы тиіс.

Орта білім беру, оның ішінде бастауыш білім беру қазақстандық сана-сезім мен мәдени сәйкестік негізінде Отан үшін жауапты болуға қабілетті зияткер және рухани-адамгершілік жағынан жоғары тұлға дамытуға бағытталған. Мектеп Қазақстан халықтарын біріктіретін жалпы ұлттық «Мәңгілік ел», «Қазақстан – ортақ үйіміз», «Қазақстан – менің Отаным» идеяларын жүзеге асыруға үлес қосады. Осы идеяларды ұстану оқушыларда Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға, тіл, мәдениет пен салт-дәстүрлерді сақтауға және өз елінің жарқын, мейірімді азаматтары болуға мүмкіндік береді.

Орта білім берудің жаңа қызмет параметрлері ақпараттық оқытудан фундаменталдық білім, принциптер, құндылықтар, әлеуметтік маңызы бар қабілеттер, іс-әрекет түрлерін, қарым-қатынас тәсілдерін, мінез-құлық нормаларын инновациялық оқыту әдістерін қолдануға көшуді қарастырады. Бұл оқушыларға оқуда да, болашақ еңбек іс-әрекетінде де бәсекелік артықшылықтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

 

1. Жалпы ережелер 

 

1. Осы бастауыш  білім берудің мемлекеттік жалпыға  міндетті стандарты (әрі қарай  – Стандарт) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңының 56-бабына сәйкес әзірленген және оқушылардың дайындық деңгейіне, бастауыш білім беру мазмұнына, оқушылардың ең жоғары оқу жүктемесіне қойылатын талаптарды айқындайды.

2. Бастауыш  білім беру орта білім берудің  құрамдас бөлігі ретінде оның  ортақ Құндылықтары мен Мақсаттарына  негізделеді.

Орта білім беру құндылықтары оқушы тұлғасының мінез-құлқы мен жасампаздық іс-әрекетін ынталандыратын тұрақты өмірлік бағдар болып табылады. Орта білім беру құндылықтары өзін танытып, өз өмірі мен қоршаған ортаның сапасын жақсарта алатын адам тұлғасын қалыптастырудағы жетекші факторға айналады. 

3. Орта білім  беру құндылықтарына:      

Құрмет

Ынтымақтастық 

Ашықтық

Қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік

Өмір бойы білім  алу жатады.

   4. Орта білім беру құндылықтары оқушылардың келесі қабілеттерінде көрінуі тиіс:

дұрыс шешім қабылдау және қоғам өміріне жасампаздықпен араласу, өзгерістерге икемділік пен даярлықты көрсету үшін шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау;

ақпараттық-коммуникациялық құралдарды пайдалану арқылы кез-келген тілдік ортада ұжыммен жұмыс істеу үшін коммуникативті болу;

қоршаған болмысты объективті бейнелеу үшін мәдениеттер мен пікірлерге құрмет білдіру;

Отан алдындағы өз міндеттерін атқару және Қазақстанның дамуына үлес қосу үшін жауапты болу, белсенді азаматтық ұстанымын көрсету;

басқаларға құрметпен қарау үшін жылы шырайлы және қамқоршыл болу;

   кез-келген өмір жағдаятында өз танымы мен еңбек жолындағы мансабының жоғарылау үдерісін өз бетінше реттеу үшін өмір бойы оқуға дайын болу.

5. Анықталған  Құндылықтар шеңберінде орта білім берудің Мақсаты төмендегі кең ауқымды дағдыларға ие оқушы тұлғасын үйлесімді қалыптастыру және дамыту үшін қолайлы білім беру ортасын ұйымдастыру болып табылады:

  1. білімді шығармашылық тұрғыдан пайдалану;
  2. сын тұрғысынан ойлау;
  3. зерттеу жұмыстарын орындау;
  4. ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (әрі қарай – АКТ) қолдану;
  5. коммуникативті қарым-қатынас тәсілдерін, оның ішінде тілдік дағдыларды қолдану;
  6. топпен бірге және дербес жұмыс істей білу.

Кең ауқымды дағдылар мектептен «шығу» кезіндегі нәтижелер ретінде оқушыларға жалпыадами және этномәдени құндылықтарды үйлесімді біріктіруге, кез-келген өмір жағдаятында функционалдық сауаттылық пен бәсекеге қабілеттілікті көрсетуге, сонымен қатар оқу мен өмірлік сипаттағы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

6.   Бастауыш  білім берудің негізгі міндеттері:

адам, табиғат пен қоғам туралы пропедевтикалық білім қалыптастыру;

рухани-адамгершілік құндылықтарды дамыту;

функционалдық оқу дағдыларын қалыптастыру: санау, оқу, жазу, өз ойын логикалық түрде жеткізу, себеп-салдар байланыстарын анықтау;

дербес және ұжымдық жұмысты нәтижелі ұйымдастырудың негізі ретінде ақпарат іздеу, талдау және түсіндіру дағдыларын жас мүмкіншіліктеріне қарай дамыту.

7. Бастауыш  білім берудің білім беру бағдарламаларын  жүзеге асыратын білім беру  ұйымдары (әрі қарай – білім  беру ұйымдары) меншік түріне  және ведомстволық бағыныштылығына, сонымен қатар оқыту тіліне  қарамастан білім беру іс-әрекетін: 

1) осы мемлекеттік  жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартына; 

2) оқу бағдарламалары  мен үлгілік (типтік) оқу жоспарларына; 

3) Қазақстан  Республикасының білім беру саласындағы  өкілетті органы белгіленген  тәртіп бойынша бекіткен басқа  да нормативтік және құқықтық  актілерге сәйкес жүзеге асырады. 

8. Стандарт  бастауыш тұлға, қоғам мен мемлекеттің білім берудегі келісілген мүдделерін көрсетеді.

 

 

9. Стандартты  қолдану:

күтілетін оқыту нәтижелері түрінде ұсынылған бастауыш білім берудің мақсаттар жүйесін айқындау есебінен оқыту сапасын жоғарылатуға;

білім беру үдерісін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұйымдастыру үшін қажетті жағдайды жасау арқылы үштілді білім беру саясатын жүзеге асыруға;

оқушылардың ғылыми зерттеу әдістері мен танымдық әдістер туралы ілімді меңгеруін меңзейтін бастауыш білім берудің академиялық және тәжірибелік бағыттылығын үйлестіруге;

оқушылардың жас мүмкіншіліктерін есепке ала отырып, оқу пәндері мазмұнының тереңдігі мен күрделілігін қамтамасыз ететін пәндік білім мен дағдыларды сатылап арттыруға;

орта білім беру құндылықтары мен мақсаттарына, күнделікті білім беру үдерісінің мазмұндық негізін айқындайтын білім беру салалары бойынша күтілетін оқыту нәтижелерінің жүйесіне негізделген оқыту мен тәрбие бірлігі принципін жүзеге асыруға;

балалар денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету және тұлғаны толықтай дамыту, балалардың айрықша білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру, сонымен қатар оқушылардың қосымша білім алу қажеттілігін қанағаттандыру үшін қолайлы жағдай туғызуға;

орта білім беру ұйымдарының  типі мен түрінің алуантүрлілігі жағдайында бастауыш білім беру баламалылығын қамтамасыз етуге;

білім беру ұйымдарында инновациялық тәжірибені қолдауға және дамытуға;

білім беру ұйымдарының білім беру сапасын қамтамасыз етудегі іс-әрекетін объективті бағалауды ұйымдастыруға бағытталған.

10. Стандарт:

алуан типті және түрлі білім беру ұйымдарына, оның ішінде ақыл-ес кемістігі бар балаларға арналған арнайы мектептерден өзге арнайы білім беру ұйымдарына арналған үлгілік (типтік) оқу жоспарын;

бастауыш білім берудің оқу пәндері бойынша оқу бағдарламаларын;

оқу пәндері бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді;

оқу пәндері бойынша оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауға арналған критерийлерді;

білім беру ұйымдарында күтілетін оқыту нәтижелеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін басқару жүйелерін;

білім беру мекемелерінің білім беру үдерісіне мониторинг жасау жүйесін;

білім беру мекемелерінің білім беру үдерісін материалдық-техникалық, ақпараттық қамсыздандыруға қойылатын ортақ талаптарды;

білім беру ұйымдарының білім беру сапасын қамтамасыз етудегі іс-әрекетін бағалау параметрлерін әзірлеуге негіз болып табылады.

11. Білім  беру ұйымдары тәрбие, оқыту мен  дамытудың түрлі әдістері, формалары  мен педагогикалық технологияларын пайдалану арқылы  оқушылардың Стандартта айқындалған күтілетін оқыту нәтижелеріне қол жеткізуі үшін салауатты орта қалыптастырады.

12. Стандартта  Қазақстан Республикасының «Білім  туралы» Заңына сәйкес терминдер, анықтамалар мен қысқартулар  қолданылады. Оларға қосымша келесі  терминдер мен олардың анықтамалары  енгізілген:

1) бастауыш  білім берудің базалық мазмұны  – білім беру ұйымдарында меншік  нысанына, типі мен түріне, сонымен  қатар оқыту тіліне қарамастан  меңгерілуге міндетті, білім берудің  келесі деңгейлерінде білім алуды  жалғастыруға жеткілікті, білім  беру мақсаттары мен күтілетін  оқыту нәтижелеріне қол жеткізу  құралы болып табылатын бастауыш  білім беру мазмұнының құрамы, құрылымы және көлемі;

2) сабақтан тыс іс-әрекет – білім беру ұйымындағы толыққанды оқу-тәрбие үдерісінің құрамдас бөлігі, оқушылардың бос уақытын ұйымдастырудың бір формасы;

3) элективті  курстар (таңдау бойынша курстар) – білім берудің оқу бағдарламаларын  қызығушылықтарға қарай жүзеге  асырудың ұйымдастыру формасы, оқушылардың  білім алу даярлығын кеңейтуге  бағытталған оқу жоспарының вариативті  компонентінің құрамдас бөлігі;

4) күтілетін  оқу нәтижелері – оқушылардың  даму көрсеткіштері болып табылатын  және тұлға, қоғам мен мемлекеттің  үміттерін бейнелейтін, оқушылардың  жалпы білім беру мақсаттарына  қарай ілгерілеуі барысындағы оқу жетістіктерін бақылауға мүмкіндік беретін бастауыш білім берудің (оқыту және тәрбие) ұзақ және қысқа мерзімді мақсаттар жүйесі.

5) білім беру  аясы – бір-біріне жақын оқу  пәндері жиынтығынан тұратын  білім берудің базалық мазмұнының  құрамдас бөлігі;

6) критериалды  бағалау – айқындалған, бірге даярланған, үдерістің барлық қатысушыларына (оқушылар, білім беру ұйымдарының әкімшіліктері, педагогикалық персонал, ата-аналар және басқа да заңды өкілдер) алдын-ала белгілі, бастауыш білім беру мақсаттары мен мазмұнына сай критерийлермен оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген бағалау үдерісі;

7) бағалау – даярланған критерийлер бойынша оқушының қол жеткізген оқыту нәтижелерін күтілетін оқыту нәтижелерімен салыстыру үдерісі;

8) формативті (ағымдық) бағалау – сабақтағы және/не үйдегі күнделікті жұмыс барысындағы білім мен дағдыларды меңгерудің ағымдық деңгейін айқындайды және оқыту кезінде оқушы мен педагог арасында жедел өзара байланысты жүзеге асырады, оқушыларға жаңа материалды меңгеру кезеңінде тапсырманы қаншалықты дұрыс орындап, оқу мақсатына  қол жеткізгендігін түсінуге мүмкіндік береді;

9) ішкі жиынтық бағалау – сынып бойынша оқу материалдарының үлкен тарауын не бөлімін оқығаннан кейін меңгерілген білім мен қалыптасқан дағдылар деңгейін айқындайды;

10) сыртқы жиынтық бағалау – негізгі орта және жалпы орта білім беру соңындағы меңгерілген білім мен қалыптасқан дағдылар деңгейін айқындайды;

11) білім  беру үдерісіне мониторинг жасау – білім беру ұйымдарында білім беру үдерісін жүзеге асыру нәтижелері мен шарттарын жүйелі бақылау, диагностика жасау, талдау, бағалау және жағдайы мен өзгеріс динамикасын болжау;

12)  үлгілік (типтік) оқу жоспары – оқу пәндерінің тізімін реттейтін және тиісті білім беру деңгейіндегі оқу жүктемесінің инвариантты және вариативті компоненттер көлемін айқындайтын құжат;

13) оқу жүктемесінің  инвариантты компоненті – білім  беру ұйымдарының меншік нысанына, типі мен түріне, сонымен қатар  оқыту тіліне қарамастан барлық  оқушылардың меңгеруі міндетті  оқу пәндерін айқындайтын үлгілік (типтік) оқу жоспарының құрамдас компоненті;

14) оқу жүктемесінің  вариативті компоненті – білім  беру ұйымы меншік нысанына, типі  мен түріне, сонымен қатар оқыту  тіліне қарамастан оқушылардың білім алу қажеттіліктеріне қарай айқындайтын үлгілік (типтік) оқу жоспарының құрамдас компоненті;

15) білім беру құндылықтары – оқушының өз әлеуетін өзі үшін және қоғам мен мемлекетің дамуына бағыттауы үшін оқушы тұлғасының қалыптасуы мен дамуындағы білім берудің ролін айқындайтын бағдарлар;

16) жиынтық жұмыс – белгілі бір оқу кезеңіндегі (тоқсан, жартыжылдық, жыл) оқушының оқу жетістіктерін анықтауға арналған оқушы жұмысы.

17) инклюзивті білім беру – мүмкіндігі шектеулі (дене және/не ақыл-ес кемістігі бар) барлық балаларды жалпы білім беру үрдісіне толықтай тартуға, жанұяның белсенді қатысуы, баланың дербес қажеттіліктерін коррекциялық-педагогикалық және әлеуметтік қолдау, ортаны балалардың дербес ерекшеліктері мен білім алу қажеттіліктеріне бейімдеуге бағытталған мемлекет саясаты;

18) айрықша білім алу қажеттіліктері – белгілі бір себептермен білім алуда қиналатын балалар, оның ішінде дене және ақыл-ес кемістігі бар балалар, әлеуметтік-экономикалық, мәдени, діни, ұлттық, тілдік, географиялық немесе басқа да факторларға байланысты білім алуда тұрақты не уақытша қиындықтар көретін балалардың қажеттіліктері.

Информация о работе Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты