Мектеп жасына дейінгі балалардың қазақ халық ауыз әдебиеті

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Января 2014 в 13:28, дипломная работа

Описание работы

Зерттеу міндеттері:
– ғылыми әдебиеттерге талдау жасау арқылы қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілері арқылы баланың сөйлеуін дамытудың негізгі бағыттарын анықтау;
– халық ауыз әдебиеті үлгілерінің оқушылардың ой-өрісін, тілін дамытуға, тәлім-тәрбиесіне әсер-ықпалын айқындау;
– қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілері арқылы баланың сөйлеуін дамытудың тиімді әдіс-тәсілдерінің жүйесін жасап, оны тәжірибеде сынақтан өткізу арқылы ана тілін оқытудың тиімділігін арттыру.
Зерттеу әдістері. Зерттеу мәселелеріне қатысты фольклористикалық, педагогикалық, психологиялық, әдістемелік еңбектерді зерделеу; оқу-тәрбие үрдісін бақылау; оқу бағдарламалары, оқулықтар мен әдістемелік еңбектерге талдау жасау; оқушылар арасында сауалнама жүргізу; эксперименттік тәжірибе нәтижелерін талдап қорыту.

Содержание работы

Кіріспе......................................................................................................................3
1 Мектеп жасына дейінгі балалардың қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілері арқылы баланың сөйлеуін дамытудың теориялық негіздері ........................................................................................6
1.1 Халық ауыз әдебиетін оқытудың теориялық негіздері....................................................................................................................6
1.2 Халық ауыз әдебиеті арқылы баланың сөйлеуін дамытудың педагогикалық-психологиялық мәні............................................................…...14
2 Мектеп жасына дейінгі балалардың қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілері арқылы баланың сөйлеуін дамытудың жолдары ……………………………………………………………………….14
2.1 Мектеп жасына дейінгі балалардың халық ауыз әдебиеті үлгілері арқылы баланың сөйлеуін дамытудың тиімді әдіс-тәсілдері.........................................37
2.2 Халық ауыз әдебиеті – балаларды тәрбиелеудің кешенді құралы. Тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарының қорытындысы...........................47
Қорытынды..........................................................................................................65
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі...............................................................68-70

Файлы: 1 файл

Жанара__а.doc

— 442.50 Кб (Скачать файл)

Халықтық мұраларды  жинап, зерттеуші ғалым Б.Адамбаев «Ауыз әдебиеті – халық оқулығы» - деп айтқан. Ғалым қазақ мақал-мәтелдері мен шешендік өнерінің қалыптасып, дамуына арналған еңбегінде «Ауыз әдебиетінде мақал-мәтелдің араласпайтын жанры жоқ. Ертегі, аңыз, әңгіме, дастан-жыр, халық өлеңдерінде, тіпті жұмбақтар мен тақпақтарда да сөзді әрлеу үшін мақал-мәтелдер дәлел, айшық ретінде қолданылады,» - деген. Ғалымның осы айтқаны ауыз әдебиеті үлгілерін кешенді түрде ұсынуға болатынын дәлелдей түседі.

Педагог-ғалым Ә.Табылдиев  «Қазақ халық педагогикасы және тәрбие», «Халық тағылымы», «Қазақ этнопедагогикасы» атты еңбектерінде халықтық шығармаларға ғылыми түсініктер бере отырып, оны оқу-тәрбие ісінде пайдалануды қарастырған. Онда бесік жыры, тұсау кесу жыры, жаңылтпаш, санамақ, жұмбақ, мақал-мәтел, балалар жыры, шешендік сөз, тұрмыс-салт жырлары, батырлық жырлар туралы түсінік беріп, тұжырымдар жасап, тәрбиелік мәнін ашып көрсете отырып, оларды пайдалануға әдістемелік нұсқаулар ұсынған.

Ғалым: «Ең әуелі ата-аналар мен семья ересектері мектеппен  тығыз байланыс жасай отырып, үй ішінде халықтық педагогиканы дамытып, баланың өзіне батырлар жырын оқытып, пікірлесіп, аңыз әңгімелерден үзінділер айтқызып, жаңылтпаштар айтысып, ой-өрісін кеңейтіп, тілін ширатып, жұмбақ айтысып, жұмбақты көп айта алғанға ұпай жинатып, не сыйлық ұсынып, санамақтар айтып, оны шешуден мүдірмеген баланы мадақтап, мақал-мәтел жаттаудан озған балаға құрмет көрсетіп, шешендік сөздерді жаттатып, ұлттық дәстүрлерді талап ете білу керек», - дейді.

С.Қалиев өзінің «Халық педагогикасының  ауыз әдебиетіндегі көрінісі» атты еңбегінде ауыз әдебиеті үлгілеріндегі тәрбие бастауларын ашып көрсеткен. Ғалым халықтың ғасырлар бойғы бай қазынасы ауыз әдебиетінің үлгілері: «өлең-жыр, аңыз әңгімелер, мақал-мәтелдер, афоризм сөздер, ән-күй, би музыкасы, зергерлік қолөнері, ұлттық ойын түрлері т.б. өнер атаулының бәрін ұрпақ тәрбиесінің пәрменді құралы етіп пайдаланғанын» айта келе, халық педагогикасындағы тәрбие түрлері: тән және тазалық тәрбиесі, еңбек пен өнер тәрбиесі, ақыл-ой тәрбиесі, имандылық пен адамгершілік тәрбиесі тұрғысында ауыз әдебиетінде көрініс тапқан тәрбие негіздеріне талдау жасаған.

Сонымен, қазақ халық  ауыз әдебиетінің мәселелерін әр қырынан қарастырған ғылыми еңбектерге талдау жасай келгенде, бұл саладағы мәдени асыл мұраларымыздың ертеден-ақ отандық та, шетелдік те ғалымдардың назарына ілінгендігі байқалады. Ал алғашқы кезеңдегі зерттеулерде халық ауыз әдебиеті туралы тұжырымдар жинау, құрастыру, сипаттау бағытында болса, кейініректе олардың халық өміріндегі орны, тәрбие жүйесіндегі маңызы сөз болғанын көреміз. Кеңестік кезең саясаты тұсында да фольклортанушы ғалымдардың бұл жанрды тереңдей зерделуі жалғасын тауып отырған. Сондай-ақ олар қолда бар қазыналы мұралардың жанрлық, тағылымдық, тілдік мәселелерін жіктеп айтуға ұмтылған.

Біздің зерттеу жұмысымыздың бірінші міндетіне сәйкес халық ауыз әдебиеті үлгілерін бастауыш сатыда оқытудың теориялық негіздерін айқындау барысында фольклорист-ғалымдардың тұғырнамалық қағидалары сараланды деуге болады.

 

 

 

1.2 Халық ауыз  әдебиеті арқылы баланың сөйлеуін дамытудың педагогикалық-психологиялық мәні

 

Мектепке дейінгі балалардың сөйлеуін дамыту мәселесі ең негізгі талаптардың бірінен саналады. Қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінің барлығы дерлік балаға өмір танытарлық қызмет атқарары сөзсіз. Айнала қоршаған ортаның қыр-сырын, сын-сипатын танытып, таным әрекеттерін, яғни қиялын, ойлауын, еске сақтауын, тілін дамытады. Баланы тәрбиелеу ісіне қажетті барлық мүмкіндіктер ауыз әдебиеті үлгілерінен табылады. Сол арқылы бала халықтық шығармаларды оқып-танысу барысында адамгершілік асыл қасиеттердің адамды арман-мұратына жеткізетініне, ал жаман қылық, жат әрекеттердің зияны тиіп, жаманшылыққа ұшырататынына көз жеткізеді.

Қазақстан Республикасының  Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау», - дей отырып, басым міндеттерінің бірі ретінде «жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектін байыту», - деп көрсеткен.

Ата-бабамыздың ұрпағына мұра еткен бар асылының қаншама ғасырлар бойы өшпей, жалғасып келе жатқаны – тіл құдіреті мен танымының тереңдігінің көрінісі. Адам баласының өз тіршілігінде көрген-білгенінен, тоқып-түйгенін ойлап-толғап, қорытып, келешек ұрпағына мирас етіп қалдыратыны – табиғи заңдылық. Мұндай дүниелер әр түрлі жолдармен де берілетіні белгілі. Соның бірі – ата-бабамыздан қалған мәдени мұра – халықтың ауыз әдебиеті. Әрбір халықтың ұрпағы өзінің ауыз әдебиетінің мәнділігі мен маңыздылығынан, ойшылдығы мен қиялшылдығынан, тапқырлығы мен шешендігінен, әсемдігі мен алғырлығынан, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесінен нәр алады. Халықтық шығармалар заман талабына сай жаңарып, толығып отыратын бірден-бір жасампаз мұра.

Сан ғасырлар бойы ауыз әдебиетіндегі  ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келген халықтық тәрбиенің өнеге-үлгілері осы уақытқа дейін өзінің педагогикалық мүмкіндіктерінің мәні зор екендігін дәлелдеп келеді. Тұңғыш рет ана тілінде оқулық жасаған көрнекті педагог Ыбырай Алтынсарин алғашқы оқулығы – «Қазақ хрестоматиясына» балаларға жақын, өмірден таныс әңгімелерді енгізді. Ы.Алтынсариннің көздеген мақсаты баланы адамгершілікке, бауырмалдылыққа, еңбексүйгіштікке, әсемділікке тәрбиелеу болды. Ы.Алтынсарин оқулыққа өзі жазған әңгімелері мен аудармаларды, мысалдарды енгізумен қатар қазақ халық ауыз әдебиеті шығармаларына айырықшы мән берген. «Қобыланды батыр» жырынан үзінді және «Қара батыр» ертегісін, Жиренше шешен туралы әңгімелерін, мақал-мәтелдерді ұсынуы педагог-ағартушының білімпаздығын көрсетеді. Ы.Алтынсариннің еңбегіне балалар әдебиетін зерттеуші ғалым Ш.Ахметов былайша баға берген: «Ыбырай Алтынсарин өзінің 1879 жылы бастырып шығарған «Киргизская хрестоматия» деген кітабына «Қобыланды батыр» жырынан Тайбурылдың шабысы туралы үзіндіні тектен-тек енгізбеген. Бұл «Қобыланды батыр» жырының баспа бетінде бірінші рет көрінуі еді. Бұдан ұлы ағартушының көшпелі қазақ ауылы баласының ұғымына жеңіл тиетін, кәсібіне, мал шаруашылығына байланысы бар, өздеріне таныс жайларға көңіл бөлгендігі байқалады». Бұл пікір «Ы.Алтынсаринді қазақ балалар әдебиетінің атасы» деген ойдың орындылығын бекіте түседі.

Ахмет Байтұрсынов –  бастауыш мектепте оқыту мен қазақша  сауат ашу мәселесін көтерген ірі ғалым. Әдістеме мәселелері бойынша  «Баяншы» (Қазан, 1920 ж.); «Тіл жұмсар» (Қызылорда, 1928 ж.), «Қай әдіс жақсы» (Мақала. «Жаңа мектеп», 1927 ж., N11-12) және т.б. құнды еңбектер жазды.

Педагог-ғалым А.Байтұрсынов  қазақ халық ауыз әдебиетінің  оқыту процесіндегі құндылығын жоғары бағалағандығын «Қырық мысал», «Ер  сайын», «23 жоқтау», «Әдебиет танытқыш» деп аталатын еңбектерінен білуге болады. «Әдебиет танытқыш» (1926 ж.) атты еңбегінде қазақ ауыз әдебиетін жұмсалатын орнына қарай екі салаға бөліп, оларды төмендегіше сипаттап берген: 1) Сауықтама 2) Сарындама 3) Сауықтама саласына барша сауық үшін айтылатын сөздерді жатқызса, сарындама саласына жұрттағы келе жатқан салт сарынымен айтылатын сөздер кіреді деген. Сауықтама іштей ермектеме, зауықтама тарауларынан тұрады. Ермектеме (ермек сөз) деп ермек үшін сөйлейтін сөздер айтылады. Мәселен: ертегі, ертегі-сымақ, аңыз әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, бас қатырғыш сияқты сөздер.

Сондай-ақ, осы еңбекте  халық ауыз әдебиеті үлгілері ертегі, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал, мәтел, жарапазан, баталарға арнайы тоқталып, олардың ерекшелігі, мән-мағынасы туралы түсінік беріп өтеді. Ғалымның ауыз әдебиеті үлгілерінің әрқайсысына берген анықтамалары мен олардың тәрбиелік сипаты жөніндегі тұжырымдары халықтық шығармаларды оқытудың педагогикалық негіздерін айқындаудың бастамасы деп санауға болады. Өйткені ол өзінің «Оқу құралында» (1912 ж.) «Жаңылтпаш», «Жұмбақ», «Мақалдар», «Өтірік өлеңдер» деп осы еңбектерді жеке-жеке тақырып ретінде ұсынған. Ал, «Әліп-би» (1928 ж.) оқулығында жаңылтпаш, жұмбақ, мақал-мәтелдерді әрбір тақырыптың мазмұнына сай енгізіп, олармен жұмыс жүргізуге әр түрлі тапсырмалар берген.

Қазақтың психолог-ғалымдары  М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Қ.Жарықбаев, Ә.Алдамұратов  және т.б. қазақ халық ауыз әдебиетінің  мән-маңызын педагогикалық-психологиялық  тұрғысынан қарастырған.

Қазақтың зиялы азаматы Мағжан Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегінде қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінің баланың психологиясына тигізер әсер-ықпалына терең мән береді. Қазақтың бесік жырының баланың есту сезіміне, ертегілердің ақыл-ойына, мінез-құлқына, тілін, қиялын дамытуға тигізетін әсерін дәйектеп көрсеткен. Мысалы ертегінің бала дамуындағы маңызы туралы былай дейді: «Жан тұрмысы өркендеу үшін, яғни ойы, ақылы кеңейіп, құлқы түзеліп, тілі баю үшін жас балаға ертегі тым қымбат нәрсе. Мысалы, балаға өтірік айтпа деген құрғақ сөзің желге айтқанмен бірдей, Егер сен балаға өтірікші туралы ертегі айтсаң, сол ертегіде өтірікшінің өтірігінен қор болғанын, зиян көргенін суреттеп алып келсең, міне, бала өтірік айтпау керек екендігін сонда ұғады». Ғалымның бұл педагогикалық түйіндеулері оның бастауыш мектептегі баланың психологиялық ерекшеліктерін дәл анықтай алғанын дәлелдейді. Себебі бұл жастағы балалар білуге құштарлығымен, әсершілдігімен ерекшеленеді. Сондықтан оларды сендіре отырып оқытудың жолдарын табу ұтымды болатыны ескерілген. Екінші жағынан, бастауыш мектеп баласы тез жалыққыш. Педагог-ғалым олардың бұл ерекшелігін де ескереді. Оларды жетелеп отыруда шағын жанрларды араластыра қолданудың тиімділігіне баса назар аударады.

Жүсіпбек Аймауытұлы да «Психология» атты еңбегінде қиялды дамытудағы ауыз әдебиеті шығармаларының маңыздылығына басым көңіл аударған. Ол қиялдың құрастыру қызметі туралы: «...ойдағы нәрселерді құрастырамыз. Әрі адам, әрі кісі жандықтар туғызамыз. Сөйлеуші жануар, алтын балық, алтын алма, сүт өзен, кәусар көл, аққу-пері қызы, жалғыз көзді жалмауыз, жалғыз аяқ сұмырай, тажал жасаймыз. Мұндай құрастыру көбінесе ертегіде, дін кітаптарында ұшырайды», - деген.

Психолог Қ.Жарықбаев  «Қазақ психологиясының тарихы»  еңбегінде «Мақал-мәтелдерде қай  халықтың болмасын ішкі психологиялық түсінігі болады, оларда қазіргі жалпы психологиялық жас ерекшелік, медицина, музыка, спорт, қоғамдық психология деректерімен астарлас нақты іс-тәжірибеге негізделген қызықты идеялар топтасқаны хақ...» - дей келе, мақал-мәтелдерді психологиялық тақырыптарға топтастырып көрсеткен.

Сондай-ақ, ғалым «Психология» атты еңбегінде жаңылтпаштардың  балалардың сөйлеуінің дамуы және оны  тәрбиелеуге тигізетін пайдасы  туралы былай дейді: «Бала тілінің  кемістігін түзетудің жолдары, тіпті, фольклорда да мол. Соның бірі – жаңылтпаштар. Мұны тілдің қайрағы деу өте орынды. Мәселен «р», «қ» дыбыстарын дұрыс айта алмайтын бірінші класс оқушыларын «Ай, Тайқарбай, малыңды ақ шағылға жай, Тайқарбай, Ай, Тайқарбай дегенім, қай Тайқарбай деген сөйлемдегі «Тайқарбай» сөзін жылдам айтқызып үйретсе, (егер бала қате айтатын болса, бірнеше рет қайталаттырса), бұрынғысынан гөрі анық сөйлеуге машықтанатын болады, сайып келгенде, баланың сөздік қорын қорландыруға да себін тигізеді». Баланың дұрыс сөйлеу дағдыларын дамытуда ғалымның бұл ойлары ескеріліп отырды.

Психолог Ә.Алдамұратов  оқыту процесінде сөйлеудің дамуына  қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінің  тигізетін әсері жөнінде: «Қазақ этносы баланың тілін дамытуға айырықша мән беріп, оны бесік жырымен  сусындатқан, бала кезіне-ақ оған қысқа-қысқа өлең-жыр, жұмбақ пен тақпақ, жаңылтпаш пен ән үйретіп, оның ақыл-ойын, пайымын, сөйлеу мәнерін өрістетуге тырысқан», - деп айтқаны жоғарыдағы психолог-ғалымдардың ойларымен үндесіп жатыр.

Ғалымдар Қ.Жарықбаев, С.Қалиевтың авторлық бірлестікте жазған «Қазақ тәлім-тәрбиесі» деп аталатын еңбектерінде халық ауыз әдебиетінің тәрбие саласындағы маңызын ғылыми тұрғыдан сипаттай келе, халықтық шығармалардың тәрбие негіздерін дамытудағы мәнін төмендегідей ашып көрсеткен: «...мақал-мәтелдерде адамгершілік, имандылық тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда – ақыл-ой тәрбиесі, өлең, жыр-дастандарда әсемдік (эстетикалық) тәрбиесінің негізгі принциптері, ал ертегілер халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәлімдік материал ретінде пайдаланылған. Демек, халықтық педагогика – тәлім-тәрбиелік ой-пікірдің ілкі бастауы, халықтың рухани мұрасы».

Қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінің маңыздылығы мен  құндылығы фольклористикалық, педагогикалық, психологиялық еңбектерде жан-жақты қарастырылуынан айқын көрінеді.

Халық ауыз әдебиеті үлгілері балаларға мейлінше жақын, барынша  түсінікті дүние болғандықтан, сол  арқылы балалар айнала қоршаған ортаны барлай алады, табиғаттың сиқырлы сырларын сезіне біледі, халықтың әдемілік, әдептілік жайлы ұғымдарын бойына сіңіреді, ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрып туралы түсінік алады. Мұның өзі баланың дара тұлға ретінде дамуына қажетті көркемдік, ізгілік қасиеттерді бойына жинауда халықтың рухани мұрасының құндылығын қуаттайды.

Ауыз әдебиетінің қай жанрын алсақ та, оның педагогикалық тұрғыдан тәрбиелік-білімдік мүмкіндіктерінің сан алуандығы көрінеді.

Жұмбақ жанры ана  тілінің нәрлі, бейнелі сөздеріне  қызықтырып, баланы халық поэзиясы әлеміне баурайды, оған эстетикалық  ләззат береді. Баланың ойлау қабілетін дамытып, ой-өрісін, танымдарын кеңейтеді.

Мысалы:  Алты қаз, жеті үйрек, бір бөдене,

Кейде орта, кейде толы сар тегене,

Тұнық пенен лайдың арасынан,

Бір аққу ұшып шықты құсқа  төре.

(Алты қаз – Үркер, жеті үйрек – Жеті қарақшы, бір бөдене – Шолпан, аққу – Күн).

Кілемнің түрлеріндей  жүндері бар,

Айбатты жан шыдамас  үндері бар.

Шаршы бой, сұлу құйрық, қысқа құлақ,

Кететін зиян қылып бір  жері бар. 

(Жолбарыс).

Осындай жұмбақтар заттардың, нәрселердің, құбылыстардың қыр-сырларын талдауға, салыстыруға, айырмашылықтары мен ұқсастықтарын табуға үйретеді.

Мақал-мәтелдер өмірдің  сан алуан құбылыстарын кеңінен  қамтып, қоғамдық, әлеуметтік маңызы бар  мәселелерді, яғни адамгершілік, еркіндік, әділеттілік, денсаулық, өнер, білім, тіл  т.б. турасында ықшамды, мағыналы, көркем тілмен айтылған өмір тәжірибелері, ой қорытындылары мен тұжырымдарының тереңдігін айқындайды, яғни «Мақал-мәтелдер – халықтың моральдік кодексі, тәрбие қағидасы, атаның артындағы ізбасарына қалдырған өнегелі өсиеті».

Мысалы:  Үлкенге құрмет – кішіге міндет.

Досы көпті жау алмайды,

Ақылы көпті дау алмайды, -

дейтін мақал-мәтелдердің  балалар үшін танымдық, тәрбиелік  мәні зор болмақ.

Қазақ халқының көрнекті ақын-жазушылары Ы.Алтынсарин, М.Дулатов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов  және т.б. өздерінің педагогтік-ағартушылық еңбектерінде халықтың рухани мұрасының өміршеңдігін көрегендікпен түйсіне отырып ұсынуда, оны тәрбие құралы деп санап, оған дидактика тұрғысынан мән бергендіктерін атап айтуға болады. Мәселен, Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» (1879 ж.), М Дулатовтың «Қирағат» (1911 ж.), М.Жұмабаевтың «Педагогика» (1922 ж.), А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» (1926 ж.), Ж.Аймауытовтың «Псиқолоғия» (1926 ж.) жөне т.б. еңбектерін атауға болады.

Информация о работе Мектеп жасына дейінгі балалардың қазақ халық ауыз әдебиеті