Діни экстремизм жөніндегі ғылыми
пікір-талас әлі де тоқтаған
жоқ. Әлемде әр түрлі дәстүрлі
діндер, сонымен бірге дәстүрлі
емес діни ұйымдар мен секталар
бар екендігі баршаға белгілі.
Әрине бұларды ұстанушылар мен
жақтаушылары болатындығы табиғи
заңдылық. Сол себептен де діни
экстремизм туралы пікір-талас
бір арнаға келе алмауда. Сондықтан
да жалпы ғылымға тән шынайы
ой тұжырымдама жасалуы қажет.
Кейбір ғалымдар « діни экстремизм
» ұғымын қолданыстан алып
тастау жөнінде ұсыныс жасауда.
Ал Ресейлік А. Саватеев болса
( Саватеев. 2002, 10 б.), « Каспийден
Қара теңізге дейінгі біртұтас
ислам мемлекетін құруды »
мақсат етіп алған әскери жиһадты
жақтаушыларды « діни экстремистер
» деп атауды ұсынады ( мысалы,
Ирландия Республикалық Армиясының
қарулы экстремистік қанаты ). И.В.
Кудряшова саяси экстремизмнің
сипаттамасын « исламизм »
ұғыммен қарастыруды ұсынады
( Кудряшова, 2002, 10б.).
Дінде экстремизм болмайды немесе
болады деген ұғымдарда пікір
ұстанатын әзірше бес бағытта
зерттеушілерді қарастыруға болады:
- Дінде ешқандай экстремизм немесе ешқандай келеңсіз нәрселер жоқ деген пікірді жақтаушы теологтар мен ғалымдар;
- Дінде экстремизм болмайды деген ойды, асылында негізсіз діни ұйымдар мен секталарды жақтаушылар;
- Дінді діни экстремизммен байланыстырғысы келетін зерттеушілер;
- Негізсіз діни ұйымдар мен секталарда діни экстремизм болады деген пікірді ұстанушылар;
- Діни экстремизм туралы әңгіме қозғау бос нәрсе деген ойды айтушы ғалымдар.
Біраз уақыттан бері осындай
сипатта пікір-талас жүріп жатқандықтан,
бір ғалымдар « діни экстремизм
» ұғымын толыққанды түсіну
үшін, ең алдымен « дін »
деген ұғымға ғылыми құқықтық
анықтама берілуі тиіс дейді.
Сондықтан ең
бірінші діннің құқықтық анықтамасын
талдаудан бұрын, негізгі діндердің
дін туралы өзіндік анықтамаларды
берілуі тиіс. Әрине әр түрлі 200 –
ден астам дін жөніндегі анықтамалар
бар.
Дінтану ғылымында теологиялық,
философиялық, әлеуметтік, психологиялық
және тағы басқа ғылымдар тұрғысынан
дін туралы анықтамалар беріледі.
Теология ғылымының дін жөніндегі
анықтамасы, мысалы, мына сенім қағидасынан
тұрады, Құдай – ақиқатында бар
құдіретті күш және адам өзінің
өмірінде онымен қатынасады. Философия
ғылымының дін туралы анықтамасын,
дінді Құдайдың бар екендігін
мойындау немесе мойындамау және
де қоғам, топ және жеке тұлға
өмірінде діннің рөлі тұрғысынан
қарастырады. Әлеуметтану және
Психология ғылымдары дін туралы
анықтамаларын, діннің әлеуметтік
және психологиялық салдары тұрғысынан
қарастырады.
Дін туралы теологиялық анықтама
ең көнесі болып табылады. Теология
ғылымы діни тәжірбиенің негізінде,
дінді « ішінен » тануға
ұмтылыс жасайды. Сонымен қатар
мынандай конфессионалдық дінтанушылардың
жасақтаған дін туралы анықтамалары
бар:
- Киелінің өмір сүруі ( Р. Отто – протестанттық философ );
- Біздің Құдайдың және Құдайдың біздегі өмірі ( П.А. Флоренский – православиялық құдайтанушы );
- Түсініктік универсумды құрастырумен, биологиялық табиғаттың шеңберінен шығу ( Т. Лукман – евангелиялық теолог ).
Жалпы теологияда
дінді Құдай мен адам арасындағы
қарым-қатынасы нәтижесінде болатын,
жоғары құдіреттің ерекше түрі ретінде
түсініледі.
Материалистік философияда дінді
қоғам мен жеке тұлғаның рухани
өміріндегі көпмөлшерлі жағын
қамтитын құбылыс ретінде түсініледі,
және де осы түсінік бірнеше
қалыптарда түзіледі:
- Дін қоғамның, топтың және жеке тұлғаның рухани өмір аясы сияқты;
- Дін әлемді рухани-тәжірбиелік игерудің жолы іспеттес;
- Дін рухани шығармашылық аумағы сияқты;
- Дін қоғамның санасының формасы сияқты, яғни оның идеясында өнім де, форма да бар.
О.Ф. Лобазованың дін туралы
анықтамасы мына мазмұнда жазылған:
« көзқарастар
мен сенімдердің жиынтығы, осылардың
негізінде дүниетаным мен дүниені
сезу қалыптасады, сонымен қатар
тиісті үлгілік пен спецификалық
әрекеттер ( культ ) және Құдай мен
құдайларға, « киелілерге », сол бір
немесе басқадай жоғары тылсым нәрселерге
нану ».
Н. Иманқұл дін туралы анықтаманы
мына тұрғыда береді: « Дін
– жаратылыстан, адам мен адамзаттан
тыс трансцентальдық, құдіретті
күшке сенуге негізделгендәстүрлі
қоғами сана формасы ».
ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар
қажы Дербісәлі дін туралы
анықтаманы мына мазмұнда тұжырымдайды:
« Дін – саналы адамдарды,
өзеркі және қалауымен қайырлы,
игілікті істерге жетелейтін
құдіреті күшті Жаратушының заңы
».
М. Исаұлы мен
Қ. Жолдыбайұлы дін туралы анықтаманы
былайша тұжырымдайды: « Нағыз
дін – ақыл иелерін өз еріктерімен
ізгілік пен туралыққа жеткізетін
иләһи заңдар жиынтығы ».
Түркиялық ғалым Хасан Арыкан
дін туралы анықтаманы былайша
сипаттайды: « Дін - Әрбір ақыл
иесін, өз қалауымен дүние және
ақыретте нағыз бақытқа жеткізетін
иләһи жүйе ».
Ислам дініндегі дін туралы
анықтамасы былайша тұжырымдалған:
« Дін дегеніміз адамдардың
бұл дүниеде және о дүниеде
бақытты болуы үшін, Аллаһ Тағала
тарапынан Пайғамбарлар арқылы
жеткізілген Иләһи ( Құдаи ) жүйе
».
Діннің құқықтық анықтамасы туралы
жеке тұжырымдамам былай сипатталады:
« Дін дегеніміз – Жаратушы
тарапынан Пайғамбарлары немесе
елшілері арқылы жеткізілген,
өзіндік тарихи жолдарымен қалыптасқан,
өзіндік жүйесімен әлемдік ортаға,
қоғамға, мемлекетке қауіпті салдары
болмайтын негіздер жиынтығы
».
Жоғары да ғылымдар мен діндердің
және жекелеген зерттеушілердің
дін туралы анықтамаларын талдайық:
Бұл жерде дін туралы анықтама
өз аспектілері бойынша берілген.
Яғни бұны « ішкі », « сыртқы
», « ортақ », « жалпы » деп
айтылатын негіздер бойынша жіктеп, былайша
түсіндіруге болады:
Қысқаша айтқанда, дін туралы
анықтаманы « ішкі » жағынан
анықтаушысы өз діндерінің немесе
сенімдерінің қағидасы бойынша
діндердің немесе дінтанушылардың
өзіндік анықтамалары болып табылады;
Дін туралы анықтаманы « сыртқы
» жағынан анықтаушы негізінен
социология, психология, материалистік
философия және басқа ғылымдар
болып табылады;
Дін туралы анықтаманы « ортақ
» жағынан ең маңызды анықтаушылар
дәстүрлі діндердің өзіндік ортақ
анықтамалары болып табылады;
Ал енді дін туралы анықтаманы
« жалпы » жағынан анықтаушы
барлық аспектілерді қамтитын
діннің жалпы құқықтық анықтамасы
болып табылады.
Қорыта айтқанда, ең дұрысы, әрі
барлығына бірдей « жалпы »
жағынан тұжырымдалған құқықтық
анықтама болып табылады. Діннің
құқықтық анықтамасын дұрыс тұжырымдау,
оның шынайы құқықтық табиғатын
көрсетеді.
Жоғары да келтірілген аргументтер
жалпы шынайы дінде экстремизм
болмайтындығын дәлелдейді. Тек
кейбір адамдардың немесе діни-саяси,
террористік-экстремистік қылмыстық
ұйымдардың әр түрлі себептерге
байланысты қолдан жасаған «
дінсымақ » ұйымдары бар екендігі
шындық. Терроризм, сепаратизм, экстремизм,
діни экстремизм, радикализм сияқты
жалпы әлемге, қоғамға, мемлекетке
қауіп төндіретін құбылыстар
осындай ұйымдардан шығатындығы
рас.
Сонымен діни экстремизмнің құқықтық
табиғаты қандай? Діни экстремизм
дегеніміз не?
« Діни экстремизмнің құқықтық
табиғаты дегеніміз, шынайы діннің
өзіндік негізінен шықпайды, тек
өзінің діни сенімі мен әрекетін
дұрыс дейтін, дінге тән қағидаларды
ұстанбайтын, көрсоқыр сенімнің
жетегінен шыға алмайтын, әсірешіл,
өз эмоциясын ұстай алмайтын,
бір діни ұйым ( секта ) мүшелерінің
немесе жеке сенуші тұлғалардың,
басқа дүниетаным мен діни
сенімдерге қарсы мақсаты мен
күштеуді қолданудың міндетті
түрде болуы ».
Қазақстан Республикасының «
Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы
» Заңындағы 1-ші баптың 5-ші
тармақшасында діни экстремизмнің
анықтамасы былайша сипатталған:
діни өшпенділікті немесе алауыздықты
қоздыруды, сондай-ақ азаматтардың
қауіпсіздігіне, өміріне, денсаулығына,
имандылығына немесе құқықтары
мен бостандықтарына қауіп төндіретін
кез келген діни практиканы
қолдануды ( діни экстремизмді ) көздейтін
іс-әрекет ұйымдастыруы және ( немесе
) жасауы; Бұл заң 2005 жылы 08 шілде
де № 67-ІІІ қабылданған.
Әрине бұл заң позитивті құқық,
яғни заң шығарушының мүддесінен
шыққан. Бұл жердегі анықтама
жалпы тұрғыдан жасалынған болып
табылады. Сондықтан әуелі отандық,
шетелдік ғалымдардың діни экстремизмге
берген анықтамаларын талдаудан
бастайық.
Қазақстандық А.Д. Дәрменовтың
« Қазақстан Республикасындағы
экстремизммен күресудің криминологиялық
аспектілері » атты диссертациясында
діни экстремизмге мына мазмұнда
анықтама береді: « діни келіспеушілікті
тұтандыруға бағытталған, азаматтардың
қауіпсіздігіне, өміріне, денсаулығына,
құқығына, қауіп төндіретін іс-әрекеттерімен
көрінетін радикалды сенімдерді
тарату ».
Ресейлік С.Н. Поминовтың «
Ішкі істер органдардың діни
экстремизм құбылыстарына қарсы
күрес аясындағы қызметін ұйымдастыру
» атты диссертациясында діни
экстремизмге былайша анықтама
береді: « Діни экстремизм құқықтық
категориялық қоғамдық өмірдегі
құбылыс ретінде, сол немесе
басқа бір діннің базасында
құрылған, ең шеткі көзқарастардың
жақтаушылары болып табылатын,
басқа дүниетанымдарға шыдамсыздығымен
көрінетін, бір немес бірнеше
конфессия шеңберінде қаталдау
қарсы күресте болатын, азаматтардың,
қоғамның және мемлекеттің құқықтары
мен заңды мүдделерін бұзуға
бағытталған, діни топтар мен
жекелеген сенушілердің қоғамға
қауіпті заңға қайшы іс-әрекеттері
».
А.Д. Дәрменов негізінен жалпы
экстремизмге зерттеу жұмысын
жүргізгендіктен, әрі діни экстремизмді
арнайы зерттемегендіктен діни
экстремизмге қысқа мазмұнда
анықтама берген. Тек діни экстремистік
іс-әрекеттің заң қорғалатын қандай обьектілерге
бағытталатындығын көрсеткен. Яғни тек
азаматтардың заңмен қорғалатын құқықтары
мен бостандықтары жөнінде айтылған. Діни
экстремистік іс-әрекеттер тек азаматтардың
құқықтары мен бостандықтарына ғана емес,
қоғамға мен мемлекеттін құқықтары мен
заңды мүдделеріне де бағытталады.
Ал енді С.Н. Поминов діни
экстремизмге берген анықтамасын
біршама жақсы тұжырымдаған. Яғни
діни экстремизмнің қоғамға қауіпті
құбылыс екендігін, ең шеткі
көзқарастың жақтаушылары екендігін,
қасақана мақсат ұстанатындығын,
азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің
құқықтары мен заңды мүдделеріне
қарсы бағытталған заңсыз әрекеттерін,
осындай әрекеттерді жасайтын
діни ұйымдар мен жекелеген
сенушілер екендігін көрсеткен.
Алайда бұл анықтаманың жетілмеген
тұстары мыналар болып табылады:
Діни экстремизмнің идеологиясы
сол немесе басқа бір діннің
базасында қалыптасатындығын айтқан.
Бұл негізінде қате болып табылады.
Жалпы шынайы діндердің өзіндік
табиғатында, олардың қасиетті
кітаптарындағы мәтіндерде озбырлыққа,
күштеушілікке, зорлыққа, адам өлтіруге
немесе басқадай әрекеттерді
жасауға шақырмайды. Керісінше ондай
істерді айыптайды. Бұны қасиетті
кітаптардың мәтіндеріне герменевтика
мен діни түсіндірмелік талдау,
тәпсірлеу әдістерін және тәсілдерін
қолданғанда ғана толыққанды
түсінуге болады.
Профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі
« Исламда терроризм де, басқа
« измдер » жоқ. Бұлардың
дінімізге үш қайнаса сорпасы
қосылмайды. Токиодағы метрода улы
газ шашып қаншама адамның
өліміне апарып соқтырған «
Аум синрике » сектасын ешкім
де « Будда терроризмі »
деп атаған жоқ » - деп өз
сөзінде атап өтті. Кейінгі уақыттарда
негізсіз қолданып жүрген «
дін экстремизмі », « ислам
экстремизмі », « христиан экстремизмі
» немесе басқа діндер экстремизмі
деп айту өте қисынсыз. Салыстырмалы
жағдайда қылмыс кодексі немесе
қылмыс ниеті деп айтылмайды.
Керісінше қылмыстық кодекс немесе
қылмыстық ниет деп қолданатындығы
баршаға белгілі. Яғни қылмыстың
субьектісі қылмыстың өзі емес,
осы қылмысты жасаған адамның
қылмыс субьектісі болып табылады.
Бұл туралы ҚР Қылмыстық кодекстің
14-бабында 1-ші тармағында есі дұрыс және
осы кодексте белгіленген жасқа толған
жеке адам ғана қылмыстық жауапқа тартылуы
тиіс делінген. Қылмыстық ниеттің қылмыс
субьектісінің ішкі субьективтік жағдайында
қалыптасатындығы түсінікті. Діни экстремизм
деген ұғымды шынайы діннің өзіндік негізінен
шықпайды, тек өзінің діни сенімі мен әрекетін
дұрыс деп есептейтін, дінге тән қағидаларды
ұстанбайтын, көрсоқыр сенімнің жетегінен
шыға алмайтын, әсірешіл, өз эмоциясын
ұстай алмайтын діни ұйым ( секта ) мүшелерінің
немесе жеке тұлғалардың қоғамға қауіпті
іс-әрекеті деп түсінген жөн. Бұл ойымды,
дінде экстремизм болмайды деп жалған
көлгірситін, негізсіз діни ұйымды ( секта
) « жақтаушылар » ұната қоймайды.