Ғылыми жүйеде « конфессионалдық
өз-өзін сәйкестендіру, ұқсастандыру
( конфессиональная самоидентификация
) » атты термин пайда болды.
Бұл термин діни және қалыптасқан
тарихи негізі болмаса да, харизматикалық
жеке тұлғаның жеке көзқарасы
мен радикалды сенімі немесе
діни-саяси көзқарастары ортақ
адамдардың ұйымдастыруы бойынша
құрылған діни радикалды ұйымдар
немесе секталарға қатысты ұғымды
білдіреді. Бұрыннан қай заман
болмасын, өзін « әулиемін »,
« пайғамбармын », тіпті «
құдаймын » деген адамдар болған.
Қазірде сондай адамдар кездеседі.
Тіпті еш нәрседен ұялмастан,
өз-өзін солай атаған, талай кісілерді
негізсіз сенім мен қисынсыз
ойдан шығарылған « қағидаларымен
» тура жолдан тайдыруда.
Ресейлік ғалым А. Журавский
діни экстремизм мәселесі обьектіліктің
мәселесі емес, субьектіліктің мәселесі
болып табылатындығын айтуда. Яғни
діни экстремизмді шынайы діннен
емес, діни экстремистік қылмысты
жасайтын негізсіз ұйымдар ( секталар
) мен жеке тұлғалардан іздеген
жөн. Ал енді «діни экстремизм
» терминіндегі « діни »
мен « дін » деген сөздердің
түбірі бір жерден шықса да,
« діни » деген сөз қатыстық
сын есімдік ретінде қолданылады.
« Діни экстремизм » делінген
сөз, осы құбылыс « діннен
» шығады деген ұғымды білдірмейді.
Өйткені діни экстремистік әрекет
дінге сенетін немесе сенбейтін
тұлғаларға, қоғамға немесе мемлекетке
қарсы бағытталуы мүмкін. Тек
бұл жерді діни деген сөзді
қолданудың себебі, экстремистік
әрекеттің қандай бағытта жасалатындығын,
әрі бұл әрекеттің заң мен дін
тұрғысынан айыпталатындықтан қолданылады.
Бір жағынан діни экстремистік әрекетті
жасаушылардың шынайы діннің нормаларын
немесе қасиетті кітаптардың мәтінін
бұрмалап қолданумен немесе өздерінің
негізсіз діни сенімдері мен көзқарастары
пайдалану арқылы әрекет ететіндігінен
қолданылады. Сол себептен « сол немесе
басқа бір діннің базасында құрылған »
делінген сөйлемді, мына « бір діни ұйымның,
сектаның немесе басқа қылмыстық субьектілердің
базасында құрылған » деген сөйлеммен
ауыстыру қажет.
Сонымен қатар С.Н. Поминовтың
діни экстремизм туралы құқықтық
анықтамасындағы тағы бір қамтылмаған
жері « басқа дүниетанымдарға
шыдамсыздығымен көрінетін »
делінген сөйлемде жалпы тұрғыда
ғана түсініледі. Дүниетаным әр
түрлі сан қырлы жақтардан
қалыптасады. Бұл жерде « басқа
дүниетанымдар мен діни сенімдерге
шыдамсыздықпен қарайтын » деп
толықтырса дұрыс болады. Себебі
« басқа дүниетанымдар » делінген
сөзді ғылыми, философиялық, атеистік
немесе басқа ойларға байланысты
қолдануға болады. Ал « діни
сенімдер » делінген сөз болса,
дұрыс немесе негізсіз сенім
болсын жалпы қатысты қолданылады.
Одан кейін « бір немесе
бірнеше конфессия шеңберінде
қаталдау қарсы күресте болатын
» делінген сөйлемде мынандай
түрде дұрыс болады: « бір немесе
бірнеше конфессия, секта және
басқа қылмыстық субьектілер
шеңберінде заңға қайшы тікелей
қасақана мақсат ұстанатын ».
Бұл жерде ғалымдардың анықтағанындай
діни экстремизмнің алты түрі
бар. Конфессияға қарсы; консервативтік;
мемлекетаралық; мемлекетке қарсы;
мемлекеттік; сектандық. Сондықтан
« конфессия, секта және басқа
қылмыстық субьектілер » делінген
сөз осыларға байланысты пайдалынады.
Егерде « қоғамның және мемлекеттің
» деген сөздерді « тарихи
қалыптасқан қоғамның және ұлттық
мемлекеттің » делінген сөздермен
толықтырылса, онда сөйлемнің мазмұны
көп нәрсені қамтитын болады.
Яғни « тарихи қалыптасқан
қоғамның » делінген сөйлем
мынандай ұғымды білдіреді: Қазіргі
белгілі бір мемлекет жерінде
көптеген замандардың тарихи
процесстерінен өтіп сұрыпталған,
сол жердегі байырғы халықтың
немесе халықтардың идеологиясы,
мәдениеті, салт дәстүрі және
басқа да құндылықтары болатындығы
табиғи заңдылық. Осы аталған құндылықтар
сол халықтардың немесе осы халықтардың
өкілдерінің заңды мүдделеріне жатады.
Осы тарихи қалыптасқан қоғамның жоғарыда
аталған заңды мүдделеріне қарсы іс-әрекеттерді
дәлелдейтін фактілер мен аргументтер
жеткілікті. « Ұлттық мемлекеттің » делінген
сөз мына ұғымды білдіреді: Қазіргі таңдағы
мемлекетте байырғы халық немесе халықтар
тұруы мүмкін. Осы халықтардың барлық
жағынан татулығын, әрі қауіпсіздігін
сақтауға, оларға заңмен шектелмеген барлық
мүмкіншілікті пайдалануға, құқықтық
мемлекетті қалыптастыруға, халықаралық
заңдар мен ұлттық заңнамаларды тиімді
ұстануға бағыт алған жалпы ұстанымы мен
саясатын ұлттық мемлекеттің белгісі
деуге болады. Осы аталған құндылықтар
ұлттық мемлекеттің заңды мүдделері болып
табылады. Бұл заңды мүдделерге қарсы
бағытталған іс-әрекеттердің дәлелдемелері
көп кездеседі.
Жоғарыда жалпы талдаулардан
кейін діни экстремизмнің құқықтық
анықтамасын мына мазмұнда тұжырымдадым:
« Діни экстремизм – қоғам
өміріндегі құқықтық категориялық
құбылыс ретінде, бір діни ұйымның,
сектаның немесе басқа бір
қылмыстық субьектілердің базасында
құрылған, ең шеткі көзқарастардың
жақтаушылары болып табылатын,
басқа дүниетанымдар мен діни
сенімдерге шыдамсыздықпен қарайтын,
бір немесе бірнеше конфессия,
секта және басқа да қылмыстық
субьектілер шеңберінде заңға
қайшы тікелей қасақана мақсат
ұстанатын, азаматтардың, тарихи
қалыптасқан қоғамның, ұлттық мемлекеттің
құқықтары мен заңды мүдделерін
бұзуға бағытталған, діни ұйым,
секта және басқа қылмыстық
субьектілер мүшелерінің, басқадай
қылмыстық субьектінің немесе
жекелеген сенушілердің қоғамға
қауіпті іс-әрекеттері ».
Діни экстремизмге тән нәрселер
мыналар болып табылады:
- басқа діни көзқарастарды ұстанушыларға шыдамсыздықпен қарауға және басқа бір ойды жақтырмауға негіз болатын, діни идеологияның нақты болуы;
- тек өздерінің белсенді қарсыластарына ғана емес, өз сенімдері тұрғысынан ой бөліспеген барлық тұлғаларға қарсы күштеулікті қолдануға бағыттайтын идеологияның негізделуі;
- діни экстремистік идеяларын үгіттеу процесінде эмоциялық ( әсірешілдік ) тәсілдерінің әсер етуінің басымдылығы;
- діни экстремистік қозғалыстар көшбасшыларының харизматикалық кейпін құру, оларды « күнәсіз » деп көрсетуге ұмтылу, сонымен қатар олардың бұйрықтары талқылауға жатпайтындығын дәріптеу;
- діни экстремистік ұйым мүшелерінің санасында деформацияланған сананың ұялағанын көрінеді, бұл жерде оларға діни доктринаның әсерінен, бір жағынан нигилизмде, келеңсіз немесе басқа әлемге, яғни олардың нормаларына, әрі діни жүйесіне қатысты немқұрайлығы;
- діни экстремистік көзқарастары мен мақсаттары ортақ болуы.
Діни экстремизм – қоғамға
қауіпті төндіретін қылмыстық
іс-әрекет болып табылады. Бұған
дәлел болар фактілер мен аргументтер
жеткілікті. Діни экстремизмнің
қауіп төндірер обьектісі –
қоғамдық қауіпсіздік. Әрине бұл
қылмыс түрі діни экстремистік
сана мен әрекеттен туындайды.
Қылмыстың бірінші белігісі –
қоғамға қауіптілігі. Қоғамға
қауіптілік – қылмыстың заңмен
қорғалған қоғамдық-қатынасқа нақты
қауіптілікті тудыратын немесе
зиянын тигізетін қылмыстың обьективті
белгісі ( әрекет немесе әрекетсіздігі
). Осы орайда діни экстремистік
әрекет делінген ұғымға құқықтық
анықтама берілмесе, діни экстремизмнің
шынайы мәні шықпайды.
Қазақстан Республикасының «
Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы
» заңның 1-бабының 1-ші тармағында
экстремистік іс-әрекеттер жөніндегі
анықтамасы былайша жазылған: «
экстремистік іс-әрекеттер –
экстремистік бағыттағы іс-әрекеттер
жасауға шақыратын жария үндеулерді,
экстремистік ұйымдардың нышандарын
насихаттауды, үгіттеуді және көпшілікке
көрсетуді қолға алғанда, осындай
іс-әрекеттерді тікелей іске асыру
». Бұл заң мәтіні жалпы экстремизмнің
барлық түрлеріне байланысты
мазмұнда қамтылған.
« Діни экстремистік әрекет
» делінген ұғымға мына мазмұнда
құқықтық анықтаманы тұжырымдадық:
« Діни экстремистік әрекет
– арнайы ұйымдасқан ұйымдардың,
адамдардың немесе жеке тұлғаның діни
идеологиялық міндеттері арқылы діни
экстремистік мақсатқа қол жеткізуге
бағытталған іс-әрекеттерінің жүйесі
немесе жүйелігі ». Яғни діни экстремистік
әрекет жасалу үшін алдымен арнаулы ұйымды
құру, оның діни идеологиялық міндеттерін
белгілеу, түпкілікті алдарына қойған
діни экстремистік мақсатты қою арқылы
өздерінің ойлаған межелеріне жетуге
бағытталған жалпы іс-әрекеттердің жүйесі
жасақталады.
Ақиқатында діни экстремизм құбылысы,
діни экстремистік мақсат және
әрекет өз-өздігінен туындамайды.
Жалпы көбіне қылмыстарды қылмыстық
ұйым немесе топ болып жасайды.
Сол сияқты діни экстремистік
ұйымдар немесе секталар діни
харизматикалық жеке тұлғаның
немесе діни көзқарастары ұқсас
адамдардың және басқа да қылмыстық
субьектілердің діни экстремистік
мақсаттары бойынша құрылады.
Қазақстан Республикасының «
Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы
» заңындағы 1-баптың 6-ші тармағында
жалпы экстремистік ұйымға анықтамасы
былайша жазылған: « экстремистік
ұйым – экстремизмді жүзеге
асыратын және сот экстремистік
деп таныған заңды тұлға, жеке
және ( немесе ) заңды тұлғалар бірлестігі
».
Діни экстремистік
ұйым ( секта ) туралы құқықтық анықтаманы
былайша тұжырымдадым: « Діни экстремистік
ұйым ( секта ) – діни харизматикалық
жеке тұлғаның, діни көзқарастары ортақ
адамдардың, басқа қылмыстық субьектілердің
ұйымдастыруымен немесе соттың діни
экстремистік ұйым ( секта ) деп таныған
жалпы діни экстремистік мақсаттарына
байланысты құрылған ұйым ( секта ) ». Бұл
жерде экстремистік ұйымдарға тән
нәрселер, біраз қосымша өзгешілігімен
діни экстремистік ұйымдарға да тән
болады:
- діни экстремистік ұйым мүшелікке есеппен қабылдайтын және рөлдерді бөлісетін ұйым ретінде қалыптасады;
- діни экстремистік ұйымда басшылыққа бағыну жүйесі бар ( екі-үш звенолы жоғары ұйымдастырушылықпен қамтамасыз етілген құрылым, жалпылық, қатаң тәртіп );
- діни экстремистік ұйымның басында көшбасшысы болады, оның беделі мықты және бөгетсіз. Көшбасшыға ұйым мүшелері көзсіз бағынады және оларда ұйым басшысының оқытуының шындығына сенімді болады;
- сенушілердің жүріс-тұрысы қатаң бақылауда болады. Ұйымның мүшелігінен шыққысы келген адам қысымшылдық пен қудалауға, қауіп төндіру мен азғыруға тап болады;
- діни экстремистік ұйымның басшылары сенушілердің санасын жаулап алу үшін, психологиялық әсер ету жүйесін қолданады;
- діни экстремистік ұйымда өзіндік субьективтік мәдениеті болады. Діни экстремистік ұйымның көптеген мүшелері күнделікті өмірінде
алдымен
діни бірлестіктің талаптарын басшылыққа
алады. Мемлекет пен қоғам алдындағы
міндеттерін екінші кезекке тасталады;
- діни экстремистік ұйымда құпиялылық сақталады ( ұйымның өмір сүруі, оның заңсыз істерін құпиялықта сақтауына байланысты, сондықтан ұйымның қатардағы мүшелері көшбасшыларынан бөлінген, бұл олардың көкірек көздерін аштырмайды, тек олар сырт көзге заңды орындаған сияқты жүре береді;
- діни экстремистік ұйымның қауіпсіздігін барлық жағынан қамтамасыз етіледі ( сыбайластық қатынастарды саяси және құқық қорғау аясында пайдалану; тиісушіліктен қорғанудың жүйесін қалыптастыру; құқық қорғау органдарына қарсы бағдарлама дайындау; куәлер мен жәбірленушілерге қарсы психикалық және де физикалық әсер ету тактикасын қолдану, ұсталғанда, сотта және тергеудегі мінез-құлқы, діни экстремистік ұйымның тұтқындалған мүшелерін кепілдікке алынған адамдармен ауыстыру);
- қасиетті жазбалардағы сөздерді бұрмалап, өздерінің түсініктері мен мақсаттарына қарай, міндетті түрде пайдаланып, әрі белсенді қолдану ( мысалы, кезіндегі белгілі бір қауымға немесе топқа бағытталған қасиетті жазба сөздерін, қазіргі адамдарға қарсы пайдалану );
- жалпы шынайы дін қағидаларына қайшы келетін негізсіз аморалдық ұстанымдарға діни экстремистік ұйым мүшелері арасында жол беру, әрі рұқсат ету;
- қасиетті жазбаларға мүлдем қайшы сенім мен істерді өздеріне « қағида » етіп алуы;
- қасиетті жазбалардағы мәтіндерді криминалды талдаумен бұрмалап, өз мүшелеріне, әр түрлі әдістер мен тәсілдерді сендіру, әрі мүшелікке кіргізу үшін гипноз немесе басқадай жағдайлармен арбау;
- діни экстремистік ұйымдарды құру, ұйымдастыру, қаржыландыру, қорғаштау және басқадай жәрдемдерді беретін қылмыстық ұйымдар, саяси күштер, арнаулы қызмет ұйымдары мен басқадай қолдаушылардың болуы.
Міне діни экстремистік ұйымдарға
тән нәрселер жоғарыда айтылды.
Қазіргі ғалымдарға діни экстремизмді
анықтау, діни экстремистік ұйымдарды
танудың қиындығы көбінесе діни
сауаттылықтың аздығынан немесе
болмауынан және дұрыс талдамауынан
болады. Діни экстремизм әлеуметтік-
құқықтық және этно-психологиялық
құбылыс болғандықтан, әсіресе криминология
ғылымының криминотеология саласы
бойынша заң мамандығын, әрі теология
саласын жақсы меңгерген мамандарды
дайындау ауадай қажет. Сонда
ғана құнды ғылыми еңбектер
жазылуы мүмкін.
Діни экстремизм тек жақын
уақытта ғана пайда болған
жоқ. Бұл қоғамға қауіпті құбылыстың
тарихи кезеңдерден өткендігі
рас. Әрине бұны дәлелдеуге
жан-жақты зерттеу еңбектері қажет.
Бір жағынан діни экстремизм
қылмыс түрінің бірі болғандықтан,
оны қылмыскерлік жүйесінен бөле
алмаймыз. Яғни қылмыскерлік қоғамдық
қатынастар тұрғысынан қаралып,
талданады. Қылмыскерлік – қоғаммен
қатар тұрған бірдеме емес, ол
сол қоғамда бар, оның дәстүрлі
жақтарын: саяси, экономикалық, әлеуметтік,
рухани салаларын түйреп өтетін
құбылыс.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық
кодексіндегі 54-баптың 1-ші тармағында
е) тармақшасында діни өшпенділік
пен араздық себебі бойынша
жасалынған қылмыстар қылмыстық
жауаптылық пен жазаны ауырлататын
мән-жай ретінде қарстырылады. Сондай-ақ
осы кодекстегі 96, 103, 104, 107, 160, 164, 187, 275, 337
баптардың 2- тармақтары бойынша қылмыстық
жауаптылықты және жазаны ауырлататын
мән-жайлар болып табылады. Бұдан діни
экстремистік әрекеттердің қоғамға қауіп
төндіретін құбылыс екендігін көрсетеді.
Өйткені ұлттық, нәсілдік, діни және басқа
да құндылықтар адамдардың, қоғамның құқықтары
мен заңды мүдделерінің ішіндегі ең сезімді
құндылықтары екендігіне еш дау жоқ.
Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімі
16 тараудан тұрады. Жоғарыда аталған
баптар осы тараулардың тең
жартысына жуығында жазылып көрсетілген.
Мұны былайша тізбектеп көрсетеміз:
1-тарау. Жеке адамға қарсы қылмыстар
( 96, 103, 104, 107 баптар ); 3-тарау. Жеке
адамның және азаматтың Конституциялық
құқықтары мен бостандықтарына
қарсы қылмыстар ( 141, 149 баптар ); 4-тарау.
Бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне
қарсы қылмыстар ( 160, 164 баптар ); 5-тарау.
Мемлекеттің конституциялық құрылысына
және қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар
( 170 бап ); 6-тарау. Меншікке қарсы
қылмыстар ( 187 бап ); 10-тарау. Халықтың
денсаулығына және адамгершілікке
қарсы қылмыстар ( 275 бап ); 14-тарау.
Басқару тәртібіне қарсы қылмыстар
( 337 бап ). Сонымен қатар басқа
тараудағы баптарға қатысты діни
экстремизмнің жанама қатыстық
жағдайлары болуы мүмкін. Бұл
аргументтер діни экстремистік
бағыттағы қылмыстардың әр түрлі
бағытта жасалатындығын дәлелдейді.
Енді кезекте « Діни экстремистік
бағыттағы қылмыстар » делінген
ұғымға құқықтық анықтама беру
қажеттілігі туындайды. А.Д. Дәрменов
экстремистік бағыттағы қылмыстарға
Қазақстан Республикасының Қылмыстық
кодексіндегі 164, 170, 233-234, 238, 337 баптарда
қарастырылатын қылмыстарды жатқызып,
әрі өзгерту мен толықтыруға
ғылыми ұсыныс жасады. Сонымен
қатар аталған кодекстің басқа
да баптары қатысты қарастырылуы
мүмкін екендігін айтады.