Жоғарыда келтірілген нақты деректер
бойынша аталмыш ұйымның өте
қауіпті ұйым екендігін, оның
халықаралық сипат алғандығы
айқындайды. Жоғарыда аталған мемлекеттердің
діни экстремизмге қарсы заңды
іс-қимылдары, осы бірге мемлекеттердің
өз аумақтарында және де мемлекеттер
аралық аумақтардағы бірлескен
пәрменді іс-қимылдары арқылы
әрдайым жүргізе берілуі тиіс.
Бұндай заңды іс-қимылдар аталған
мемлекеттер аумағында және ТМД,
Орта Азия мемлекеттері аумағындағы
« Хизбут-тахрир » ұйымның және
де басқа да діни экстремистік
ұйымдардың заңсыз әрекеттерін
болдырмауға, алдын-алуға, ескертуге
ықпал етеді. Сонымен қатар
діни экстермистік бағыттағы
қылмыстардың ахуалына, құрылымына
және динамикасына оң әсер
берері сөзсіз.
А.Д. Дәрменовтың тергеу мен
сот практикасын зерттеуі бойынша
экстремистік материалдарды таратқандардың
әрбір екіншісі, бұндай материалдарды
өздері жасамағандары және оны
өздеріне таныс емес адамдардан
алғандығы анықталған. Ал олар
жөнінде қылмыстық тергеу материалдарында
ешқандай мәлімет жоқ екендігін
көрсетеді. Бұл жағы құқық қорғау
органдары назарынан тыс қалғандығын
айта келе, қылмыстық заңға өзгертулер
мен толықтырулар енгізуге ғылыми
ұсыныстар жасайды.
« Хизбут –тахрир » діни
экстремистік ұйымның мүшелері
сотталғандары түрмеде жазасын
өтеп жүріп, өздерінің жұмыстарын
жүргізеді. Бұл жағынан олар
ұйым қатарына мүшелерді кіргізу
үшін мынандай қулықпен үгіт
жасайды: « Сен не үшін
сотталдың ? Ұрлық жасағаным үшін
сотталдым. Неге соттар барлық
қылмыс жасаған адамдарды соттамайды?
Яғни неше түрлі қылмыстарды
жасаған адамдар еш сотталмай,
сыртта жүр. Осы әділеттік пе?
Жоқ әділетті емес деген жауап
беріледі. Ондай болатын болса,
әділеттікпен күресуші « Хизбут-тахрир
» ұйымы қатарына қосыл. Алдағы
уақытта біз жеңіске жетеміз
» - деп түрме камерасында отырып
алып-ақ, өздерінің қисынсыз әр түрлі
« қағидалармен » басқа сотталушыларды
айналдырғысы келеді ». Осындай фактілерде
кездеседі.
Бұл аталған ұйымның мүшелері
қазіргі уақытта жасырын әрекет
ететіндігі түсінікті. Себебі
қылмыстық заңмен қудаланады. Құқық
ұорғау органдары қызметкерлері
бұл жөнінде айтуда.
Мұндай латенттік жағдайлар діни
экстремистік бағыттағы қылмыстардың
ахуалын, құрылымын және динамикасын
зерделеуге, анықтауға, сонымен қатар
деңгейін байқауға қиыншылық
туғызады.
Діни экстремистік бағыттағы
қылмыстардың ахуалын, құрылымын
және динамикасын толыққанды
көрсететін дерек қор әлі де
жасалмаған.
Діни экстремистік бағыттағы
қылмыстардың осындай жағдайда
болуының себептері мыналар болып
табылады:
- біркелкі дерек қордың мониторингісі жасалмағандығы;
- Кешенді саралау жұмыстарының жүргізілмеуі;
- Осыны зерделеп жүрген зерттеушілердің аздығы;
- Жоғары латенттік жағдайдың қалыптасуы;
- Әлемдік деңгейде, тіпті Орта Азия бойынша мемлекеттераралық діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың ахуалы, құрылымы және динамикасының толыққанды дерек қоры жоқтың қасы.
1.3 Қазақстан Республикасындағы
діни экстремизмнің таралуының
және дамуының себептік-факторлық кешені
Қылмыскерлікті
зерделеу кезеңі мен қылмыскерлікпен
күресуді ұйымдастыру кезеңі арасында
қылмыскерліктің детерминациясы мен себептілігін
айқындау кезеңі міндетті түрде болады.
Қылмыскерліктің себептері жөніндегі
мәселе жаңа нәрсе емес және
бұл туралы қаншама халықтардың,
адамзат қоғамының санасында
болып келе жатыр. Бұл жөнінде талай
концепциялар жасалынды, яғни оларда қылмыкерліктің
пайда болуы және шығуын әр түрлі көзқарастар
бойынша түсіндіреді: теология және астрология,
антропология мен биология, бионика мен
кибернетика, генетика мен психология
( әлеуметтік, жеке тұлғалық, жасы бойынша
) және тағы басқа салалар.
Арнайы әдебиеттерде қылмыскерліктің
себептерін түсіндіру жағы негізінен
екі бағытқа бөлінеді: Биологиялық
және әлеуметтік. Сонымен қатар
басқа ғылымдар бар.
Діни экстремистік бағыттағы
қылмыстар қылмыскерліктің құрамдас
бөлігі болғандықтан, енді негізінен
осы қылмыс түрінің себептік
негіздерін қарастырамыз. Көптеген
ғалымдардың зерттеуі бойынша
жалпы экстремизм түрлерінің
таралуына экономикалық, этникалық,
тарихи, психологиялық, әлеуметтік
және саяси мән-жайлардың жиынтығы
себеп болады.
Е.О. Алаухановтың криминологтардың
жұмыстарына жасалған талдамасында
оларда себептілікті түсінудің
мына төрт тәсілі бар екендігін
көрсетеді. Бірінші тәсіл «
кондоционалистік », немесе «
жағдай » депте атайды. Яғни, салдар
үшін қажетті және жеткілікті
жағдайды немесе салдар орын
алған мән-жайлардың жиынтығын
себеп деп ұғыну керек дейді.
Екінші тәсіл, нақты қылмыстың
немесе қылмыстың жекелеген түрлерінің
себептерін талдағанда, көбіне, «
дәстүрлі тәсілге » кезігетінін
айтады. Бұл тәсіл қылмыскерлікті
әлеуметтік құбылыс ретінде талдағанда,
виктимологияда қолданады.
Үшінші тәсіл – дәстүрлі-диалектикалық.
Бұған сәйкес осы салдарды
туындататындардың барлығы себеп
болады. Мұндай тәсіл көптеген
ғалымдардың жұмыстарында кездеседі.
Бұл тәсілде қылмыскерліктің
« тікелей » немесе « жақын
» себептері ұғымы байланыстығын
айтады. Сонымен қатар факторлардың
себептік ықпалының реттілігі
сөз болатындығын, олардың адамға
қатысты сыртқы және ішкі болып
бөлінетіндігін айтады. Бұл тәсілдің
артықшылығы бар екендігін айтады,
бірақта қылмыстық іс-қимыл ситуациясында
сыртқы жағдайың да, адамның жеке
сипаттамасының да бір уақытта
көрініс табатындығын есепке
алмайтындығын айтады.
Төртінші тәсіл – « интеракционистік
» немесе өзара әрекеттестік
тұрғыдан. Қылмыстық іс-қимылдар
мен қылмыскерліктің себебі, ол -
әлеуметтік орта мен адамның
жеке басы арасындағы өзара
әрекеттестік.
Л. Маевская экстремизмнің туындауының
экономикалық, этникалық, тарихи, психологиялық,
әлеуметтік және саяси себептерден
екендігін айта келе, экстремизмнің
ең басты себебі – бұл экономикалық
немесе саяси билікке заңсыз
таласу екендігін айтады.
С.Н. Поминов қоғамдағы діни
экстремистік көзқарастардың таралуының
себептері деп мыналар болып
табылады дейді: саяси құрылымдардың
қайта қалыптасуы; әлеуметтік-экономикалық
дағдарыстар; көпконфессиялы мемлекеттегі
сенушілердің діни сезімдеріне,
сенімдеріне және дәстүрлеріне
тіл тигізіп қаралау; мемлекеттік
үкімет органдарының діни қауымдастықтармен
сұхбаттасудан өз-өздігінен шеттетілуі
және сенуші азаматтарға қатынасының
енжарлығынан; халықтың біршама
бөлігінің өмірлік деңгейінің
төмендеуі; оппозиция мен басқа
ойларды биліктің басып тастауы;
өзалдарына қойған мақсаттарын
іске асыру үшін саяси партиялар
мен діни топтардың басшыларының
үстемдікке ұмтылуы; қоғамның
қылмыстануы және басқалар.
А.Д. Дәрменов экстремистік бағыттағы
қылмыстардың жалпы қылмыскерліктің
құрамдас бөлігі болғандықтан, басқа
қылмыстар сияқты факторларымен
детерминатталатындығын және де
осындай факторлардың жиынтығының
спецификасы әр түрлі дәрежеде
экстремизм себептерінің белсенді
туындауына әсері болатындығын
айтады. « Сыртқы » детерминаттық
құрылым бойынша әлеуметтік-саяси
жағдайдағы факторлардың елеулі
ықпалы болатындығын көрсетеді.
Мұндайларға мыналар қатысты
болады: әлеуметтік, демографиялық
және саяси факторлар ( урбанизация,
көш-қон, этникалық, аумақтық, конфессионалдық
және де басқа қауымдастық
арасында ресурстар мен билікті
тең бөлмеуден, азаматтық қоғамның
дамымағаны ), мемлекеттің әлеуметтік
саясаттағы әлсіздігі; экономикалық
кешен ( еңбекпен айналысудың
жалпы деңгейі, жұмыссыздық жағдайы,
халықтың әр түрлі тұрмыстық
жағдайы ); идеологиялық кешен
( қазіргі идеологияның ахуалы, саяси
мәдениеттің жалпы деңгейде рационалдық
стереотиптерінің қалыптаспауы ). «
Ішкі » факторлық кешені қарастырылып
отырған қылмыскерліктің мына төмендегіше
көрінеді: халықтың кейбір бөлігінің құқықтық
санасының төмендігі және олардың санасының
белсенді қылмыстануы, қылмыстардың рецидивтілігі
мен қылмыстық кәсібиленуі, қылмыстық
дәстүрлер мен стигматизация, виктимологиялық
факторлар және қоғамдағы құқық бұзушылық
болуының жоғары латенттігі ( жасырындығы
).
Сонымен қатар Дәрменов, бұл қылмысты
негізінен экстремистік мотивациясы
құрайтындықтан, ол өз-өзінің себебі
және де өз дамуының « ішкі
серіппесі » болады деген шешімге
келеді. Жоғарыда келтірілген
діни экстремистік бағыттағы
қылмыстардың себептік-кешендік
факторларының, яғни дәстүрлі
« сыртқы » және « ішкі
» детерминаттарынан ғана емес,
басқа да негізгі себептердің
бар екендігін көрсетуге тырысамыз.
Қазақстан Республикасындағы діни
экстремизнің таралуы мен дамуына
тікелей болмаса да, мүмкіншілік
туғызған мән-жайлар себептер
жиынтығын құрайды:
- Қазақстан Республикасы аумағындағы діни бірлестіктер мен діни сенім бостандыққа байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін ең алғаш 1992 жылдың 15 қаңтарында қабылданған « Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер » туралы заңның кейбір баптарының дұрыс жетілмегендігі;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті әкімшіліктердегі діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің ең алғашқы уақыттағы діни бірлестіктердің қызметін бақылаудың төмендігі;
- Қазақстан Республикасына миссионерлік қызметпен келгендердің біразының арнайы тіркелуден тыс қалуы;
- Арнайы тіркеуге тұрған миссионерлердің сол аралықтағы бақылауға толыққанды алынбауы;
- Діни бірлестіктерді тіркеу процедурасында елеулі кемшіліктердің жіберілуі, яғни алғашқы да құқықтық, әсіресе діни сараптаманың жасалмауы, кейінгі сараптамалардың өз деңгейінде болмауы;
- Тарихи негізі жоқ, діни ұйымдар мен секталар, яғни шет мемлекеттерде қандай діни ұйым екендігі беймәлім ұйымдардың тіркеліп кетуі;
- Шетелге діни оқуға кеткен азаматтардың бақылаудан тыс қалуы, әсіресе олардың радикалистік оқу орындары бар мемлекеттерде оқып келуі;
- Діни экстремистік ұйымдарда жасырын дәріс бергендер осындай оқу орнын бітіріп келгендер;
- Харизматикалық жеке тұлғалардың негізсіз радикалистік көзқарасымен құрылған діни ұйымдардың тіркеліп кетуі;
- Қоғамға, әсіресе отбасылық тыныштығын, шырқын бұзатын кейбір діни секта мен миссионерлердің заңсыз іс-әрекеттері және осындай жанұялардағы келеңсіз жағдайлардың реттелмеуі;
- « Хизбут-тахрир » сияқты астыртын құрылған діни экстремистік ұйымдардың құқық қорғау органдары назарынан алғашқы жылдарда тыс қалып, жіті бақылау етілмеуі;
- Кейбір азаматтардың шетелдерде діни экстремистік ұйымдарда оқытылып жатқандығынан арнаулы қызметтің бақылау жүргізбегендігі;
- Кейбір тіркелмеген секта басшыларының психикалық ауытқуының болғандығы, сондықтан тіркелуге тиісті діни бірлестік басшыларының психиатрлық сараптаудан өткізілмеуі;
- Аталмыш заңдағы діни бірлестіктер, жергілікті діни бірлестіктер, миссионерлер және қолданыстағы конфессия, секта делінген ұғымдарға дұрыс ғылыми анықтамалардың болмауы;
- Бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе әлемдік тенденциялық әсері бар интернет жүйесінде халықтардың ұлттық, нәсілдік, әсіресе діни сезімдеріне қарсы материалдардың жариялануы;
- Қазақстандық патриотизмге ашық немесе жасырын қарсы ұстанымы бар, әскерге бармауға үгіттейтін, әсіресе теріс аморалдық тәрбие беретін, психикалық қысымшылық көрсететін, гипноздық әрекеттерді жасайтын, денсаулыққа қажетті дәрігерлік көмектерді беруден бас тартуға үгіттейтін діни ұйымдардың заңсыз әрекеттердің алдын алмауы;
- Қазақстан Республикасына көрші мемлекеттерден діни экстремистік бағыттағы қылмыстарды жасаған адамдардың қашып келіп тығылып, олардың дер кезінде ұсталмауы, әрі олардың жергілікті азаматтарға діни экстремистік бағыттағы қылмыстарды жасауға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізілуіне мүмкіншіліктің болуы;
- Терроризм, сепаратизм, экстремизмнің жалпы түрлеріне және сонымен қатар діни экстремизмге қарсы күрес аясында ынтымақтастық іс-қимыл барысында мәлімет алмасудағы кемшіліктер;
- Жалпы ғылым саласында діни экстремизм туралы ғылыми негізделген теориялар мен концепциялардың жасалмауы;
- Діни экстремизм туралы тек шамалы саясат ғылымы тұрғысынан талданып зерттелуі, ал құқық немесе криминология ғылымдарының аспектілері бойынша жоқ болуы;
- Діни экстремизммен тікелей күресуге міндетті ішкі істер органдарында арнайы қызмет органның алғашқы уақытта құрылмауы;
- Ішкі істер органдарының қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі қызметкерлерінің діни экстремистік бағыттағы қылмыстарға қарсы кәсіби дайындықтарының болмауы;
- Жоғары, орта арнаулы, кәсіптік пен орта мектептерде діни экстремизм туралы лекциялар мен түсіндірме жұмыстарының нашар жасалуы;
- Қоғамдық және діни ұйымдардың діни экстремизм туралы түсіндірме жұмыстарының кешенді жасалмауы;
- Діни экстремизмге қарсы пәрменді күресу аясында құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың бірлесіп заңды әрекеттерді жасау үшін кешенді бағдарламасының болмауы;
- Діни экстремизм туралы анықтамалық немесе түсіндірмелік кітапшалардың тиянақты жасалмауы;
- БАҚ-да діни экстремистік әрекеттер жөнінде хабарлама болғанымен, халыққа түсінікті мақалалардың болмауы;
- Жастармен жұмыс жасау саласы бойынша, әсіресе дінге бет бұрған жастар арасында құқық қорғау органдары мен діни ұйымдары қызметкерлерінің алдын-алу жұмыстарының төмендігі;
- Діни экстремистік ұйымдарды тану туралы соттардың үкімдерінің 2005 жылға дейін болмауы;
- Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде діни экстремизм алдын-алу жөніндегі шараларды өз деңгейінен аз қолданылуы.
Қазақстан Республикасында діни
экстремизмнің таралуы мен дамуына
ең негізгі себептеріне, жоғарыда
келтірілген кемшіліктерді пайдаланған
діни экстремистік ұйымдардың, діни
экстремистік идеологияларының
негізі бойынша « ашық »
және « жасырын » детерминаттарынан
болған. Діни экстремистік ұйымдардың
« ашық » детерминаты, осы
ұйымдардың немесе басшыларының
діни экстремистік көзқарастары
бойынша жазылған әдебиеттер
мен кітапшалар, үнпарақшалар, аудио,
видеотаспалар, касетталар және
басқа құралдармен жасалынған
нәрселер. Діни экстремистік
ұйымдардың « жасырын » детерминаты
сырт көзге заңға қарсы шықпайтын
сияқты болып көрінетін, алайда
ұйым мүшелерінің санасында діни
экстремистік сананың қалыптасып,
сақталуының нәтижесінде кез
келген уақытта жарылып, әрекетке
ұласуы.
Қазақстан Республикасында діни
экстремизнің таралуы мен дамуының
себеп-фактролық кешені туралы
қысқаша тұжырымдамам мына мазмұнда
жазылды: « Қазақстан Республикасында
діни экстремизмнің таралуы мен
дамуының себеп-факторлық кешені
тек дәстүрлі « сыртқы »
мен « ішкі » детерминаттарынан
ғана емес, ең негізгі ықпал
ететін діни экстремистік идеологияның
« ашық » немесе « жасырын
» детерминаттары болып табылады
». Діни экстремистік бағыттағы
қылмыстардың жоғары латенттігінің
( жасырындығы ) себептерін А.Д.
Дәрменов былайша саралайды:
- түсініктік аппараттың жеткілікті қалыптаспауы;
- экстремистік бағыттағы материалдарды тасу, дайындау, тарату сияқты жағдайларды қоғамға қауіпті құбылыс емес қой делінген пікірде қоғамдық пікірдің болуы;
- осы қылмыстарды анықтау мен тергеудегі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби дайындығы деңгейінің жетілмегендігі;
- қылмыстық іс-әрекеттің жоғары заңдалмаған сипаты және анық салдардың жоқ болуы;
- күрделі криминогенді жағдайларға ( өлтіру, бандитизм, т.б ) негізделген экстремистік қылмыстарды анықтаудағы құқық қорғау органдарының мақсаттық бағдарының жоқтығы, сөйтіп ол қылмыстар екінші дәрежелі іс ретінде қарастырылып, қажетті назар аударылмайды.
Яғни бұндай
жағдайлар шындығында діни экстремистік
бағыттағы қылмыстардың көз көрінбеушілігі,
жасырындығы назардан тыс қалады да, жалпы
осы қылмыстардың таралуы мен даму деңгейін
шынайы анықтаудың мүмкіншілігі болмауына
апарып соғады. Көбінесе 164, 170 және 337 баптар
бойынша қылмыстық істер қозғалады да,
ал қалған 96, 103, 104 және басқа баптар бойынша
діни өшпенділік, жеккөрушілік мен дінге
қатысты сияқты қылмыстардың анықталып,
қылмыстық қозғаулардың өте аз болуы діни
экстремистік бағыттағы қылмыстардың
жасырын болуы күшейе беруі мүмкін.