Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Марта 2015 в 18:57, дипломная работа
Диплом жұмысының өзектілігі. Жиырмасыншы ғасырда қазақ прозасы бұрын-соңды болмаған даму деңгейіне көтерілді. Замана ағымының қилы кезеңдерінде ширап-шыныққан сөз өнерінің тақырыптық тұрпаты үздіксіз жаңғырып, жаңаланып, дамып отырады. Ел басына түскен қиындықтар ұлттың сана-сезімінің, ұлттық идеяның дамуына түрткі болды. Сондықтан да ұлтымыздың рухы биіктеп, еңсесі көтерілгенде әдебиетіміздің де қайта толысып, кемелдену дәрежесіне жеткен кезеңдерінің бірі өткен ғасырдың 50-60 жылдары аралығы еді. Осы кезеңде төл әдебиетімізде әлемдік классика үлгісіне тең келетін көркем шығармалар легі дүниеге келді.
КІРІСПЕ......................................................................................................................3
1. Х.Есенжанов романдарындағы тарихи шындық және дәуір сипаты
1.1 ХХ ғ. 50-60 ж.ж. қазақ тарихи роман дәстүрі және Х.Есенжановтың шығармашылық өмір жолы........................................................................................6
1.2 «Көп жыл өткен соң» дилогиясының көркемдік және тарихилық сипаты........................................................................................................................35
1.3 Дилогиядағы ұлттық идея және кейіпкер болмысы.........................................41
2. Х.Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» дилогиясындағы зиялылар образы
2.1 Ағайынды Жүнісовтердің тарихи-көркемдік бейнесі......................................56
2.2 Х.Есенжанов романдарындағы тарихи тұлғалар бейнесі................................63
ҚОРЫТЫНДЫ........................................................................................................67
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ........................................................................69
Әділбектің дүниеқоңыз осалдығы өз алдына, тым бояңқырап жібергені болмаса, жалпы Рақымғали әділ ойлап отыр. Меңдіқыз да дәл осы пікірде. Әділбектің бойындағы бар құдіретті Хакімнің өзі де мойындайды. Меңдіқыз алғаш таныстырар тұста көркіне көңілі ұялағанымен, орта жығар шәлкес мінезіне тікбақай, адуын бір бет қылығына бола Әділбекті іштей жазғыратын Гүлжиһан да басына күн туып, жалғыз қалып, тірілей жетімсіреген ауыр кезеңде ең алдымен сол ожар жігіттен пана тапты.
Гүлжиһанның әкесі Ақметша ұсталып, жер аударлығаны туралы хабар жетісімен, Әділбек шыдап отыра алмады. Жұртта қалған жазықсыз қызды өзі барып, өз шаңырағына алып қайтты. «Доверенностпен алған келіншек келіншек болмайды»[26],- дейтін Хакімнің көлденең қолқасына да қараған жоқ.
Ауылдағы тап тартысының тұсында тамыр тартып, ер жетіп келе жатқан келешек кесек оқиғалардың әлі талай жуан ортасынан жарып шығар осы бір қайсар характер романның келсі кітабында қандай биікке көтерілер екен? «Көп жыл өткен соңды» құрметтейтін көп оқушының бұл орайда да ойланатын жөні бар.
«Көп жыл өткен соң» романында жаңа заман келбетін танытар, үлкен өмір тынысын жеткізген талай характерлер бар. Уездік атқару комитетінің председателі Әлеуов тәріздес топас, өріссіз жандар ғана ел тіршілігіндегі өзгерісті, жаңа адам құдіретін сезбеуі мүмкін. Жарлы-жақыбай әулетінен шығып, өмір сынынан өткен Қарабай Көзеев сияқты адал коммунистер әлеуметтік өоғамдық істерге тікелей араласып, үлкен қимылдарға жарап қалған. Ел іргесі шетінеген бірақ іліс-шатыс тамыры әлі де терең, айлалы, әккі тап жауларымен бетпе-бет келгенде, рухани дүниесі бай, еңсесі биік, өктем. Өйткені өмір дүлейінің өзі Көзеевті денсаулығынан айырғанымен, жан әлемін ширатып, құрыштай илеп шыңдаған.
Ғалым Т.Сыдықов жазғандай, «психологиялық талдау адамның өз жанымен өзі арпалысу процесін көрсетуге жұмылдырылмақ»[27,43]. Сезім шалқуы, буырқанған әр алуан көңіл-күй, өзді-өзі атыс, шыңдалу – Хакім образының сипаты.
Күтпеген кездесу, шақырусыз келген қонақтың бәрі бірдей әр кез қара шаңыраққа құт-береке дарыта бермейді. Хакім Жүнісов қызыл ісек тиеп «қыдырыстап» келіп, параның ұшын күңірсіте енген шірік бауыр туысқаны Рақымғалиды Қалампырымен қоса қуып шықты. Қазақ өз үйінің іргесінен жылан екеш жыланның да басына ақ құйып шығаратын. Прокурор Хакім бұл жерде халқының байырғы қонақжайлық ғұрпын бұзды.
Біз де бір сын салтын аттап кеттік. Анауы- жақсы, мынауы- жаман деп «Көп жыл өткен соң» романы бойынша таразының басын теңгермей-ақ қойдық.
Академик З.Қабдолов: «М.Әуезовтің «Абай жолында» ондаған, жүздеген кейіпкер бар; көбі – тип. Мысалға бір ғана Құнанбайды алып байқайық, бұл кім? Аса күрделі бейне: әбден дараланған, бүкіл ішкі-сыртқы бітімі өзінен өзге ешкімге ұқсамайды. Мінезі де, ақыл-парасаты да ерекше, іс-әрекеті де бірегей, бөлек. Бұл ретте Құнанбай – жалқы тұлға. Сонымен қатар, ол әбден жинақталған, бір Құнанбайда сол дәуірде өмір кешкен күллі құнанбайлардың бәріне ортақ мінез, бітім әрекет бар. Бұл ретте Құнанбай – жалпы тұлға, бүтін бір әлеуеметтік ортаның әр қилы өзгешеліктерінің жиынтығы. С.Мұқановтың «Ботагөзіндегі» Амантай мен Асқар, Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлкесіндегі» Игілік пен Жұман, Ғ.Мұсатфиннің «Қарағандысындағы» Мейрам мен Әлібек, Х.Есенжановтың «Көп жыл өткен соңдағы» Хакім мен Құныскерей...» [23,129], - дейді.
Сондай-ақ З.Қабдолов Х.Есенжанов шығармашылығы туралы арнайы зерттеу еңбек жазбаса да «Сөз өнері» монографиясында әдеби образ жасау, оның тәсілдері туралы айта келіп: «Көркем әдебиеттегі жинақтау – типке әкелсе, даралау – мінезге әкеледі дедік. Образ осылай туады. Мұның өзі, шын мәніндегі өнер адамы үшін әрі әдемі, қызық әрекет те, әрі «инемен құдық қазғандай» қиын әрекет. Суреткерлік шеберлік те осы әрекет үстінде көрінбек.
Нағыз образ – бедерлі бейне – тірі кісі дедік. Өз образының тірі кісі екенін ең алдымен автордың өзі түйсінуге тиіс. Әдеби образдың тірі адамға айналу процесі – адам айтып түгесе алмас ұзақ әңгіме.
Мінез – адамның ішкі бітімі болғанда, тип – сом тұлғасы екені мәлім. Осылардың нақтылану сырының біз айтқаннан басқа да көп-көп қырлары, яки нақтылау тәсілдері бар.
Тек мінез жағына назар аударып көрелікші. Осының өзін жазушы іс жүзінде қалай жасайды? Әр түрлі тәсілмен жасайды. Бірі – тура мінездеу. Мысалы, «Көп жыл өткен соңдағы» Әлібек жан жолдасы, бірге оқитын курстасы Оразалыны алайықшы: «Оразалы – айтқанынан қайтпайтын, бір беткей, табанды және өжет жан. Оның өжеттігі, тіпті кемерлеп тұрған тостағандай, жолдастары арасында шып-шып төгіліп те кетеді. Бірақ жібек мінезді жұп-жұмсақ Әлібек пен аса үйірімді Жақияның қасында Орзалының беті көгіс тартып көрген емес. Бұл екеуінің оғаш істері мен басы артық сөздеріне ең әрі кеткенде үлкен көзін алартып бір қарап қалады да, су сепкендей тына қояды. Оразалының нық денесіне күші де сай. Өз айтуынша, бала кезден бастап онымен белдесуге де, шекелеуге де ешкім пар келе қоймаған сияқты. Үшеуінің басын біріктіріп тұрған да осы бірініде бар, бірінде жоқ қасиеттер болуы мүмкін.»[23,21].
Тағы бір тәсіл – жанама мінездеу. Мұнда әлгідей төтеден сипаттай болмайды, жазушы мінез-құлқын, әдет-ғұрпын анықтағысы келген жеке адамның өзі емес, соның қатысы бар көріністерді көрсетеді. Мысалы, Х.Есенжанов «Ағайынды Жүнісовтер трагедиясында» Хакім, Әлібек, Әділбектің шешесін Гүлжиһанның жан жарасымен байланыста суреттейді:
« - Гүлжиһан, қарағым, жылама! Жылама, қарағым...
Солқылы басылған қыз бұл мейірімді сөзге онан әрі егіле түсті.
- Тәңірінің ісі. Көну керек...
Неше рет айтты мұны. Есебі жоқ. Үлкейген адамның ойы да көне. Көне болса да көпті көрген жанның үйреншікті, жұбанышты тілек. Тәңірінің ісі емес пе, көкті, жерді бар қылған! Жасағанның ісі емес пе, бейнет пен дәулетті қоса берген! Құдіреттің ісі емес, жасты жеткізіп, кәріні еңкейткен. Бұған Балым кемпір түгіл, жас Гүлжиһан, оқыған Гүлжиһан да сенеді. Бірақ жас ой әлдеқайда жүйрік, әлдеқайда өткір» [24, 30] дейді.
Жазушы өз геройының қимылын жеке-дара алмай, оның сөйлеген сөзімен ұштастыра суреттеп, оған өзінің авторлық көзқарасын (эстетикалық бағасын) білдіріп еді, бұл геройдың кім екенін, қандай мінез-құлықтың адамы екенін тасқа таңбалағандай білдік те алдық.
Қысқасы, әдебиеттегі адам образын жасаудың жолдары мен тәсілдері көп және әр алуан. Жалғыз-ақ, жазушы шын мәніндегі шебер, зергер болуы шарт, сонда ол қолданған әрбір амал адам образын ашуға қызмет етеді. Әдебиеттегі адамның ішкі бітімімен қатар сыр келбетін (портретін) де осы тұрғыда түсінген жөн. Әйтпесе, портрет те – самоцель емес.
Оқырман өзі оқыған белгілі бір көркем шығармадағы геройлардың мінезін біліп, сөзін ести тұра сырт пішінін, кескін-кейпін де көргісі келеді. Портрет тәсілі осыдан туған:
«Жақия ұзын бойлы, арық, ат жақты, түрік мұрынды, жүзі сұр. Көп күлмейді. Көруге суық адам тәрізді. Ал сонымен бірге оның белгісіз бір ішкі жылылығы адамды өзіне үйіріп әкете береді. Оның үстіне: әр сөзі жеңіл-желпі мәтелге тұрарлық тіл жүйріктігі еріксіз бойсұндырғандай. Бұл қасиет оны тез көзге түсірген-ді. Және басқаларрға қарағанда, анағұрлым сақа студент. Сондықтан да ол қасындағы өзінен жасы кіші екі жолдасының көпті көрген ақылгөйі іспетті.»[25, 112].
Х.Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» романының көркемдік деңгейінің жоғарылығы сол, шығарма өлеңдегідей, қимыл-қозғалысқа толы көктем суретінен басталады: «Жайық алқабының көктемі ала-бөле жарқын келеді: жұп-жұмсақ қоңыр ала бұлттарды баяу жел ақырындап ысырып, әлдеқайда асырып жатады да, көкек айының өзінде-ақ дерткен жер күн нұрына балқыған сайын, шөп түгі тұтамдап өсіп жүре береді. Дөңес біткенді бұйра жусан бүркейді, ылдиды көк бидайық пен түбіттей қалың бетеге жауып кетеді. Ал қырат біткенді өрмелей балқурай бойын жазып, еркек басын жарған кезде албыраған ақ раушан гүлдерге асылып, көк көбелек шарқ ұрады; сол шақта төскей-төскейден балмағыз атқан илан иісі аңқиды, самал желпіген сайын, киік оты мұрынды қытықтайды. Сөйтіп, көктемгі дарқан дала хош иісіне еліктіріп, бойың мен ойыңды бірдей билейді. Әсіресе, ертеңгі мезет өзгеше: сағым құшақтап, самал жел теңселткен сұлу сахараны тас төбеге шығып алып, ұршықша иірілген бозторғай бейне бір әлдилеп, тербетіп тұрғандай көрінеді.
2.2 Х.Есенжанов романдарындағы тарихи тұлғалар бейнесі
Жазушының бұдан бұрынғы романында жеткілікті мүсінделген екі бейне – Ахметше мен Құныскерей тұлғасының жаңа қырлары нақтылына, ірілене түскен. Аталған қаһармандар үлкен суреткерлік табыс екені әдеби сында айтылған болатын. Бұларға ұқсас, бағыттас кейіпкерлер қазақ әдебиетінде бұрын да кездесетін. Бұған Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романындағы Шәкен мен Шалабайды айтсақ та жеткілікті. Дегенмен «Ағайынды Жүнісовтердегі» Ахметше мен Құныскерей ешкімді де қайталамайтын тартымды тұлғалар.
Әдебиет сыншысы, ғалым Б.Кенжебаев: «Егер жазушы көмескі, солғын бейнелер жасаса, егер шығарманың композициясы айқын, қисынды болмаса, тілі шұбалаңқы, орашалақ болса, ондай шығарма идеясы қаншама жақсы болса толық, піскен шығарма болмайды» [31, 90], - дейді.
Ахметше – қазақ байларының өзгеше типі, ол, әйтеуір, мал санын көбейте беруді мақсат ететіндерден емес, оның көздегені – малдың сапалы тұқымын өсіру. Бұл салада ол көп табысқа жетеді, Ахметшенің жылқысы мен түйесі көргеннің көзі тоярлық, елде жоқ мал болып шығады. Ол ғылым жетістігін мал шаруашылығына пайдаланатын, мал өсірудің бейнетін ғана емес, зейнетін де көре білетін бай. Ахметшенің мінез, әрекет көрсету арқылы жазушы қазақ әдебиетінің реалистік мүмкіндік кеңейткен, өзінен бұрынғылар кеңейткен, өзінен бұрынғылар тәжірибесін тереңдеткен. Көркем бейненің диалектикасын танығандығы соншалық, автор Ахметше мінезін суреттеуде жасандылыққа бармаған.
«Жүнісовтер трагедиясы» бізге жеткізер тағы бір құнды дерек – жалпы Х. Есенжанов романдарында шешуші бір желіге айналған мейілінше азалы тағдыр тәлкегі – Құныскерей хикаясы.
Жұрт көзінен тұмшаланған төртінші тарауда /ІІ бөлім/ алғаш Сәкенге бағышталып, бастау бұлағы ану қорындажатқан, шығармада енді Бақытжан әңгімесі түрінде берілетін тарихи толғам өзінің, Хакім Жүнісовтің от алған ортасымен шектелмей, Құныскерей өмірінің де шежіре-тегін таратқан екен. Құныскерей – есімі елге аян, кәдімгі Кейкіман батырмен кіндіктес жанның немересі. Ата жолы – бірі баяғы 1869 жылғы «Ел ауа» оқиғасы тұсында патша әскерімен соғыста қаза тапса, төте әулет қару соғып, қолөнермен айналысып, бір қиырдан бір қиырға, Шам мен Жем бойында түн қатар талай есе қайтару, еркіндік жортуылын бастан кешкен. Кешегі 1916 жылғы дүрбелең, 1917 жылы басталған бостандық, теңдік жорығы Бақытжан толғанысында қазқтың тұқым қуған ерлік, тұқым қуған дерт деген тәрізді байырғы ұғым-сенімдерімен сабақтас, түп тамырын әріден тартқан ғасырлар бойғы халық мұраты күресінің заңды жалғасы, жаңа белесі ретінде қарастырылады.
Заманына қарай батырлықтың да басқаша бір мағына билеп кететіні болады. Батыл әкенің тапқырлығы барымтамен суырылып танылса, Құныскерейдің жойын күші кек алу жолына бас ұрған. Сөзіне дейін ешкімге несие жібермейтін қайсарлық құдіреті тағдырының шырғалаң бір сәтінде, о баста әнтек жолмен өзіне бас салған үкімет өкілдеріне қарсыласам деп намыс желігіне берілген де, бас қорғаудың ақыры кек алу, кісі өлімі, жазықсыз төгілген қанға ұласып кеткен. Әдебиет зерттеушісі М.Бахтин: «Романдағы адам – табиғатымен сөйлегіш болуы керек, роман идеологиялық өзіндік ойын білдіретін сөйлегіш адамдарды қажет етеді» [36, 42], - деген пікірі Құныскерей образының әлеуметтік салмағын аша түседі.
Бұрынғы романдар бойынша жазбаларда осы Құныскерейді бірыңғай баукеспе ұры, баскесер, қарақшылық қияметі тұрғысынан қарастырудың қандай түріне де үзілді-кесілді қарсы шығып, төтенше жағдай, заманы тудырған трагедиялық тұлға ретінде, егер сәті, қажетті шағы туса, түптің қасіретті қылмысын қасық қанымен болса да жууға қауқары жетер ересен тағдыр бағытында сөзт еткеніміз бар. Мұны шығарманың суреткерлік көрінісі – адалдық мінез бастауын, характер құбылысын қадағалау, талдау арқылы жобалағанбыз. Өзге нақтылы дерегіміз жоқ-ты, дилогия әлі бітпеген. Енді, міне, «Жүнісовтер трагедиясында» заң қызметкерінің көңіл-көзімен сол ұғым-танымның тағы бір тиянағын тауып отырмыз. Құныскерей – қылмыскер. Бірақ қандай қылмыскер? Бақытжан Қаратаев ежелгі әдет-ғұрып қағидаларымен де, қазіргі заң жолымен де мұндай істі қорғап шығуға болар еді деп ойлады. Бас қоғап қару жұмсауды қылмыс деп, сыңаржақ үкімге байланып қалмай, баскесерді баскесер еткен төтенше жағдайлар түбіріне үңілуді мегзейді.
«Романның біз үшін айрықша мәнді көркемдік бір шындығы – алтыншы тарауда, осы қандыбалақ Құныскерей ақырғы сұмдығын «қызықтайтын» шытырман оқиғалы кесек көріністерде жатыр. Тұзақ торы тарылып, Орал өңірінде енді зауалын тартпай әділ жазадан жан сақтай алмайтынын жете сезінген бойда ол жетімек ұлы Қаршығасын – Ахметше босағасындағы сойқан сүмелегін желіктіре ертіп, сұсты да суыт сапарға біржола бет түзейді»[37]. Із кесушілерден кек қайтарудың да қилы қияметін ойластырып үлгерген. Түн табысар шалғайдағы ата қонысынан жанашыр жандарын жол – жөнекей, көз көріп, құлақ естімес ит арқасы бір қиянға қарасын батырмақ. Біз әдетте соғыс өнерінде майдан даласында көзге түсер қабілетті қолбасылар тәжірибесіндей, әсіресе шебер барлаушылар жымын білдірмес жоспар-жобалардай стратегиялық, тактикалық небір айла-шарғы, сақтық шараларының тікелей куәгері боламыз. Қаңыпезерлігіне кіжінгенмен, есті ойластырылған тапқырлық-қулығына қол қоймай қала алмаймыз. «Өз «жаналғышының» бірін қапияда қолға түсіріп, мазақ қылғандай бесталды тентіреп жіберетін Құныскерей иесіз жұртында өзін есеңгіретіп, қанжығаға сөзсіз бөктердік деп дәмеленген қарулы отряд операциясын да көзсіз көрегендікпен быт-шыт қылып, қанға бөктеріп тайып тұрады.
Зертеуші З.Ахметов: «Жазушы адамдардың нақты тағдыры мен психологиялары арқылы әлеуметтік жағдай көріністерінің терең ашылуына ерекше көңіл аударады»[33,.87].
Олай болса, үкімет адамдары алдын орап, кепілдікке алып кетіп, әкесі мен әйелінен көз жазған, жарық дүниеде енді ешқашан кешіруге болмайтын ауыр қылмысты арқалап, Қаршығасын ған ес тұта, талшық дәм үшін тұз тағысын торыған сол дала жыртқышы күндерде бір күн, романның келесі бір көріністерінде босқын елді атамекеніне қайтару әлегімен жүрген баяғы Сәкен Сейфуллинге хат жолдапты, сырын ашып, сенім артыпты. «Бас сауға сұрап әлдекімге телмірмей, бере жанды маң даламның төрінде, жалғыз тораңғының түбінде көсіліп жатып бір тәңірінің өзіне бергенді байлық көрдім» деп, бетін бақилыққа бұрған күнәкәр тірлік ақынның азаматтық мерейіне, ел мүддесі үшін істеліп жатқан шараларға салауат айтыпты. «Менің бас игенім – мына хатты жеткізген жас жігіттің бас игені болсын!»[36] деп жартыкеш жетімегі Қаршығаға, әкесі мен шарана сәбиіне рақым тілепті.
Информация о работе Х.Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» дилогиясындағы қазақ зиялыларының бейнесі