Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Марта 2015 в 18:57, дипломная работа
Диплом жұмысының өзектілігі. Жиырмасыншы ғасырда қазақ прозасы бұрын-соңды болмаған даму деңгейіне көтерілді. Замана ағымының қилы кезеңдерінде ширап-шыныққан сөз өнерінің тақырыптық тұрпаты үздіксіз жаңғырып, жаңаланып, дамып отырады. Ел басына түскен қиындықтар ұлттың сана-сезімінің, ұлттық идеяның дамуына түрткі болды. Сондықтан да ұлтымыздың рухы биіктеп, еңсесі көтерілгенде әдебиетіміздің де қайта толысып, кемелдену дәрежесіне жеткен кезеңдерінің бірі өткен ғасырдың 50-60 жылдары аралығы еді. Осы кезеңде төл әдебиетімізде әлемдік классика үлгісіне тең келетін көркем шығармалар легі дүниеге келді.
КІРІСПЕ......................................................................................................................3
1. Х.Есенжанов романдарындағы тарихи шындық және дәуір сипаты
1.1 ХХ ғ. 50-60 ж.ж. қазақ тарихи роман дәстүрі және Х.Есенжановтың шығармашылық өмір жолы........................................................................................6
1.2 «Көп жыл өткен соң» дилогиясының көркемдік және тарихилық сипаты........................................................................................................................35
1.3 Дилогиядағы ұлттық идея және кейіпкер болмысы.........................................41
2. Х.Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» дилогиясындағы зиялылар образы
2.1 Ағайынды Жүнісовтердің тарихи-көркемдік бейнесі......................................56
2.2 Х.Есенжанов романдарындағы тарихи тұлғалар бейнесі................................63
ҚОРЫТЫНДЫ........................................................................................................67
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ........................................................................69
Халқымыздың дәстүрге сай, ырымдары мен тыйымдарын да көркем туындыдан мол кездестіре аламыз. Осының өзі тарихи шығарманың ұлттық сипатын айқындай түседі. Әрбір әдеби-көркем дүниені оқып, талдай отырып, әдеби үдерістегі ұлттық ерекшеліктердің менмұндалап тұратындығына көзіқарақты оқырман куә бола алады. Дәлел келтірелік: «– Қайнаға-ау, бар шайымыз осы деуге болады. Бұл жо... («бұл жолы» деп Жолдың (Жол – тіміскек старшина – Н.Қ.) атын атап қала жаздады да, әйел жалма-жан сасқанынан ақ құманды тоңқайта түсті): Бұл сапар біздің кісі шай әкелген жоқ». [4, 173].
Орал қаласында оқып жүрген Жүніс қажының кіші баласы Хакім елге оралғанда, әкесі мен анасының күтіп алуында да халқымыздың ұлттық педагогикалық менталитеті бар. Туған жерді, өз үйін, туысқандарын сағынып келген Хакімнің жүрегі елжірегендей болады. Бірақ халқымызда «Әке балаға сыншы» дегеніндей, жас балаша еркелей қол созған Хакімнің ішкі дүниесіне түп-түгел тінте қараған әке көзқарасы оның бойын демде-ақ жиғызады. Ол баласын бауырына тартып, құшақтамайды. Салқын ғана амандасады. Бұндай қауышу – халқымыздың о бастағы әке мейірімінің сыртқа шығарылмайтын, тек қана ішкі әлемімен көрісетін сан ғасырлық дәстүрлі әдеті. Бұл – тек қазақ отбасына ғана тән қасиет. Кеңестік жүйеде әке мен бала арасындағы бұндай педагогикалық ізет пен құрметті, яғни тәрбиені қатаңдыққа теліді. Өгейсітіп көрсетті. Ал, шын мәнінде, бұнда халқымыздың сан жылдық тәжірибесінен өткен ғибрат бар еді. «Бес жасқа дейін балаңды ханыңдай көкке көтер, он беске дейін құлыңдай жұмса, он бестен кейін өзіңмен тең ұста» деген қағидат, шынында да, Ұлы Даланың ұлық тұтқан педагогикалық өнегесінің ұлағатты өлшемдері болатұғын.
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясындағы елге сағынып келген шәкірт бала – ұлы Абай мен әкесі Құнанбайдың алғашқы көрісуі де осындай тағылымды көз алдымызға келтіреді. Асқар тау – әке қаншама өз ұлына қорған болғанымен, ең алдымен, оның азаматтық болмысына көзін тігеді. Ой елегінен өткізеді. Бұл сынау – мінеу емес, әкелік бағалау, аталық жолмен өз перзентін таразылау, бағамдау деп ұғынамыз. «Ақ Жайық» роман-трилогиясынан үзінді келтірелік: «Ол баласының бетінен сүймеді, бауырына қысып, оны құшақтаған да жоқ. Сағынған әке салқын...» Бәрін бұзған шаш. «Ежик» етіп алдырсам, бәлкім, көкем байқамаған да болар еді, әттеген-ай... деп өкінді баласы ішінен. Мағынасыз езу тартқан күйі Хакім босанған қолымен бөркін баса түсті. Ол жалма-жан, әкесінен кейінірек тұрған Бекей, Тояш, Қадестермен көрісіп болып, шешесіне ұмтылды. Балым құшақтап сүйіп, мырс-мырс жылай берді [4, 196].
Жүніс қажы өмірден көп түйген, көпті көрген, беделді жан. Балаларына да дұрыс тәрбие берген. Олардың оқу оқып, білім алуына көп көңіл бөлген. Хакім де сондай тәрбие бесігінде тербелген. Хакімнің тек оқу оқып, оның соңында ілесіп жүре бергенін жөн көрмеген. Елге пайдасы тиуін де көздеген. Елге Хакім оқып келгенде, үлкенді-кішілі ел жақсылары бірі шын тілегін айтып, бірі жалаң мақтап, жарамсақтану түрінде сөйлегенде, Жүніс қажы пайымдылық таныта біледі. Көптің аты – көп. Олардың лебіздеріне алғыс айтады. Мақтау сөздерге ермейді. Мастанбайды. Ол былай дейді: «– Қандай адам боларын ( Хакімнің – Қ.Н.) парасаты мен бағы білер. Біз тек балалардың заманына лайық білім алуына себепкер болсақ, тиісті тәлім-тәрбие берсек дейміз.» [4, 205].
ХХ ғасырдың басында қазақ даласында ағартушылық идеясының басыңдыққа ие болуы – өмір шындығы. Білім алу, кәсіп иесі атану елді, халықты өркениетке бастайтынын қазақтың сол кездегі қолына қалам ұстаған айтулы ақындары мен жазушылары, бәрі-бәрі де өз шығармаларына арқау еткендігі белгілі. Көзіқарақты ел жақсылары, отбасы иелері өз ұрпақтарының оқыған, тоқыған әрі білімді болып өсуі мәселелеріне үлкен мән бере бастады.
«Ердің көркі – өз елінде» демекші, Жүніс қажының Хакімді елдің үлкен-кішілерімен көрістіруі, араластыруы – көргенділіктің, өз ұрпағының келешегін ойлағандықтың белгісі. Қалада жүріп-тұрып, қала тәртібін алып қалған Хакімнің елден, халықтан алшақтап кетпеуін тілеген ақ ниетінен туындаған іс-әрекет еді.
Роман-трилогияда қазақ даласындағы өмір мен тіршілік, тұрмыс жайы да айтулы қаламгердің назарынан тыс қалмаған. Хакімнің ойлағанындай қалада жастар үшін клуб болса, қырда ақсүйек ойыны, қалада Мүкарамамен кездесу үшін жасыл қиықты үйдің биік басқышына қарай көтерілсе, қырда қотан шетіне барып, ару Шолпанды күткен эпизодтар тартымды әрі үйлесімді суреттелген. Жайлауға көшу, қымыз әзірлеу, желінің басына барып, қашаған аттың басын қайыру, құрық салу, оның айла-тәсілдері де халқымыздың өмір сүру дәстүрінен едәуір хабар береді. Көркем сөз және сөзден сурет салу арқылы оқырман қауым сол кезеңдегі ауыл көрінісін көз алдына жан-жақты, толыққанды елестете алады.
Адам психологиясының өзгеруі оның табиғи болмысын да өзгертеді, сол кезде адам бойындағы жасандылық пен іс-әрекеті көзге оғаш, алабөтен көрінеді. Ондай эпизодтар шығармада бар. Мәселен, жай шаруа балаларының әскери киім киіп, қолына мылтық алып, өзгелерді басыну пиғылдары – сөзіміздің дәлелі. Үзінді келтірелік: Учитель ішінен тағы да «Табиғи қалпынан айырылса, адам ерсі көрінеді» деп ойлады[4, 249].
Бала оқытып жүрген Қален егінін орып, малын жайғап жүрген қарапайым еңбек адамдарының балалары жөнінде осылайша ойлайды. Мылтық пен қолына қылыш ұстап, әскери киім киіп, сіресе қалған түрлерін оң көрмейді. Себебі де жеткілікті. Мылтықты иығына дұрыс ілмейді. Белбеуінің доғасы да бір бүйіріне ойысып кеткен. Тіпті, шұлғауы етігінің қонышынан көрер көзге шалынады. Осынау асыра белсенділіктің түріне не күлерінді, не жыларыңды білмейсің.
XX ғасырдың бас кезінде қоғам екіге бөлінгелі тұрғанда, Жүніс қажы балаларына білім беруді басты мақсат етеді. Білім ғана олардың болашағына бағдаршам болатындығын жете түсінеді. Оның үстіне жастарға үлгі боларлық білімді адвокат Бақытжан Қаратаев пен ақылды да алымды оқытушы Қален жас ұрпаққа өнеге боларлық жандар. Екеуін де Жүніс қажы жақсы көреді. Оларды құрмет тұтады. Айтқандарына құлақ асады. Ақылдылығы мен білімділігі, келешек тек білім мен өнерде деген сөздеріне имандай ұйыйды. Баланың бағы білім мен ашылады дегеніне құлай сенген. Өйткені, екеуінің жеке өмірлері соның дәлелі екендігіне Жүніс қажының ешбір күмәні қалмайды. Сондай-ақ, өзі ақылды, парасаты мен пайымы бір басына артылып жетілетін, өз пайдасын жақсы білетін, дүниенің мәнісі мен мағынасын жақсы ұғынған Жүніс қажының көңілге түйгені де көп еді. Соның бірі – білімді меңгерген жас өмірдің тірегіне айналатынын жете түсінген-ді. Қаленге оқуға бергенде де, өз ойының дұрыстығына мысқылдай шүбә келтірмеуі – соның айғағы еді.
«– Міне екі баламның екеуін де ( Әділбек пен Әлібек – Н.Қ.) сенің қолыңа бердім, ең болмаса, қажыға барса да, өз жолын өзі тауып баратын болар, – деген еді.»[4, 256]. Осынау сөзде Жүніс қажының білім жайлы ішкі дүниетанымын айқын аңғаруға болады. Жүніс қажы сонымен бірге беделді, бірбеткей болса да, жұғымды. Сауатты да білімдар адвокат Бақытжан мен оқытушы Қаленмен ой жарыстырып, тең дәрежеде сөйлесуі де оның көпшіл әрі дүниенің төрт бұрышынан толық хабардар екендігін аңғартады.
Роман-трилогияда Хакім мен Зағипа арасындағы сүйіспеншілік сезімі адалдықтың, пәктіктің, сол кездегі халқымыздың текті әдет-ғұрпының ауқымынан аспаушылық сипатындай оқырман есінде қалады. Қарымды қаламгер суреттеуінде екі жастың бірін-бірі аймалауында романтикалық леп анық аңғарылады. Әйтсе де, жазушы шеберлігіне еш шек келтіре алмайсыз. Шынайы суреттелуі оқырманды тәнті етеді. Осынау көрініс тарихи көркем туындыда былайша өрнектелген: «Кеудесін қынай бүрген қос етекті қызыл көйлектің астынан тас қылып таңып тастаған егіз алмасы зорға білініп тұр, тек қана жиі-жиі терең алған дем көкіректі көтере түскенде, балғын дененің көзге ыстық сұлу бейнесі айқындала түседі, Хакім еліртпе қиял буына балқыған тәжірибесіз, бұрала, қолға келген жас қызды қатты-қатты сүйді де, бір минуттай қыпша белден құшақтап тұрды.»[4, 261]
Роман-трилогияда кейіпкерлер психологиясының түбейлі өзгеруін шарт та-сұрт іс-әрекетпен көрсетуден гөрі ішкі әлемі мен сыртқы дүниесіндегі терең иірімдерді көрсете білу анық аңғарылады. Бұл – суреткер шеберлігінің ең биік деңгейі деп білеміз. Психологиялық көңіл-күй, сезімдегі бұлқыныстар мен тербелістер оқырманның көз алдына тұтас сурет секілді менмұндалайды. Мәселен, өнерпаз Нұрымға қақтығыса, тиісе сөйлеген, оны жарапазаншы деп кекеткен Жартай мырзаның сөзінен кейінгі көңіл күйі дәл сондай психологиялық бейнені көз алдымызға келтіреді. Сөзіміз жалаң болмас үшін, үзінді келтірелік: «Нұрымның қара сұр беті қошқылданып кетті; жұрт іштен тына қалды; көп сөздер жалғыз ғана соның сопақ жақты, ер кескінді бетіне жабыла бұрылып, ішкі құбылыстың сыртқы нышанын тінткіледі; қабағының түксие түскенін, тұрқы биік танаулардың іргесін дауыл түрген кебендей көтерілгенін, тотыққан мойынның күре тамырлары мен шықшыт еттерінің бүлкілдей бастағанын, көз жанарының шоқтанып бір жайнап, бір түтегенін тегіс қамтыды». Бұл – Нұрымның ішкі әлемі мен сыртқы болмысының шиыршық атқан сәті ғана. Енді қандай іс-әрекет бастау алар екен деп оқырман үзіндіге, дем алмастан, тап бір өзі бастан кешкендей қалыпта роман-трилогияның келесі сөздері мен сөйлемдеріне зер сала, көз жүгірте оқи бастайды. Жазушының оқырманды еліктіре, қызықтыра жөнелуі – қаламгердің шығармашылық шеберлігі мен суреткерлік қабілет-қарымының мықтылығы деп ұғынамыз. Жазушы лабороториясын зерттеуде кейіпкер бейнесі мен мінезін, портреті мен табиғи болмысын талдауда дәл осындай сөзден мінез бен терең психологиялық әлем жасаған суреттеулер өте қажет-ақ.
Нұрым ұр да жық бейне емес. Жарас мырза да оп-оңай шағылар жаңғақ деуге әсте болмайды. Екеуара ұрыс-керіс жай әншейін текетірес емес. Сөз шағыстырулары қоғамдық өмірдің шынайы көрінісі, шындығы дер едік. Жазушы осынау сәтті шебер бере білген. Нұрым Жарас мырзаға қол көтеруі бек мүмкін деген ойды сөз бен ой жарысы, жүйке жарамдылығы алмастырады. Сөзге тұру, сөздің қадірін білу, сөздің мәнісі мен мағынасын сезіну және сөздің бағытын аңғару, сөзді арнасынан тасытпау секілді жағдаяттар екеуінің алма-кезек сөз сайысынан жіті аңғарылады. Мысал керек пе? Мінеки: «Жарапазаншы болып, Жартай, мен сенің есігіңнің алдына барып, ата-бабаңды мақтап, шаршы орамал сұрағаным жоқ. Мақтар да едім, бірақ арғы жағың жұқа, сеп-селдір... Сүйегіңнің қалыңдай бастағаны күні кеше ғана... белбеуіңді кеудеңе қарай ысыра бермей, ұртыңды толтыра бермей жайыңмен отырып, шамамен сөйле...» Жауап па? Жауап. Нұрымның есті жауабы оның қандай жан иесі екендігінен толық хабар береді[4, 272].
Жарас та оңай беріле салатын жандар қатарынан емес. Інісінің оқымысты екендігін, сол үшін желкенді күжірейтіп жүрген боларсың деген сауалына жауабы да, жазушының сөзден болмысы мен ой дүниесі биік кейіпкер жасай білген шеберлігінен анық байқай аламыз. Нұрым былайша тіл қатады: «Інімсіз өзім де сені үш орап алуға жетермін. Ініммен сөйлесуге аяғыңның астына биік саты қой, әйтпесе, өрең жетпейді, тәртең қысқа...»[4, 272]. Дәл осылайша кейіпкердің іс- әрекеті арқылы бейне мен мінез жасай білудің тәсілдері мен түрлерін Х. Есенжановтың «Ақ Жайық» роман-трилогиясынан көптеп табуға болады.
Роман-трилогияда Жайыққа таяу жердегі егіншілік, балық аулап, күнкөрісін түгендеп жүрген ауыл адамдарының тіршілігі, малдарды өсіруі секілді шаруашылығы саналуан кәсіп иелерінің мүдделері мен көкейкесті зәру мәселелері өз кейіпкерлерінің іс-әрекеттері арқылы оқырмандарға таныс бола түседі. Ауыл адамдарының санасы да бірте-бірте күрделене түседі. Олар не кеңес үкіметін, не патша үкіметін жақтаудың ретін таба алмайды. Әйтсе де, баланы оқытуға мектеп ашып бермеген, салық төле деуден еш қаймықпаған, солдатқа жүр деп әкіреңдеген патшалық үкіметтен еш қайран жоқтығын түсіне бастайды. Билік те, жер де қарапайым халықтікі деген кеңес үкіметіне бүйректерінің бұрылуы да табиғи әрі заңды құбылыс екендігі көркем шығармада шынайы суреттеледі. Әйтсе де, кеңес үкіметінің лезде-ақ еңсесін тіктеп, екі аяғын тең басып кетуі де оңайға соқпағанын роман- трилогияны оқи, талдай отырып, көзімізді еріксіз жеткізетініміз жасырын емес.
Елді басқару, жаңа қоғамдық-саяси жүйенің орныға бастауы Ұлы Дала адамдарын, нақтылай айтқанда, Жайық өңірінде тып-тыныш өткен жоқ. Ұлы Дала тарихында өзінің түрлі даму кезеңдерінде елін елдікке жеткізген өз батырлары болғандығын, бертініректе елінің көсегесін көгерткен билері екендігін аузы дуалы, сөзі уәжді ел ақсақалдары ауызға алады. Сондай ел ағаларының бірі – Жүніс қажы. Жүніс қажы ендігіде елді батырлар да, билер де емес, ақылдылар, нақтырақ айтқанда, білім иелері жетектейтіндігін ортаға салады. Бұл – дұрыс та еді. Өйткені, тарих сахнасының төріне өркениетке бастар XX ғасыр – білім ғасыры қадам басқан-ды. Сол жылдары жаңа кеңестік үкімет Орал губерниясы мен Дон өзенінің өлкесінде күшпен тоқтатылып, ақ казактардың үстемдігі белең алып тұрған кезең болатын. Жайық өңірі қазақтары жаңа үкіметке оң қабақ танытуы – көптің ақ пейілі мен адал көңілінің көрінісі еді. Әбдірахман Әйтиев секілді оқыған, көзі ашық кейіпкер де кеңестік үкіметке тілектес жандардың санатынан болатын. Ол, әрине, жаңа жүйеге беріле сенді. Оған сол үшін қазіргі уақыт тұрғысынан кінә тағудың өзі тым артық. Ол өз заманының, жаңалыққа жаны құмар, ізденіске, оң талапқа ынтызар, жақсылық пен ізгілікті ту еткен ұрпақтың бірегей өкілі болғандығына еш шүбә жоқ.
Роман-трилогияда сыбызғышы Қайыпқожаның өнері, оның «Нар иген», «Ақсақ киік», «Бала қаз», «Соқыр қыз» деген күйлерді тартқандағы шеберлігі автордың баяндауында өте көркем, сезімді тербейтіндей, толқыта, төгілте жазылған. Бұл күйлердің бәрі де көзіқарақты оқырмандарға жете таныс. Жоғарыда аталған күйлердің қай-қайсысы болмасын, терең оқиғаға құрылған сырға тола күйлер. Оларды сыбызғы арқылы тыңдағанда адам жанын ерекше күйге түсіретіндігін роман-трилогияны оқи отырып, сене түсесің. «Оны жалғыз күйші сыбызғышы біледі, «жалғыз қамыспен» ол сол сырлы күйлерді құлаққа жеткізеді, мың құбылған үнмен айтып береді, тыңдаған жамағаттың жүрегін балқытады, өн бойын билеп алып кетеді.» Мінеки, көркем туындыдағы аз-кем көңіл тоғайтар сөйлем жолдарының бір үзігі осылар дер едік. Сыбызғышы Қайыпқожаның өнері арқылы халқымыздың рухани әлемінен толық мағлұмат ала аламыз. Қоғамдық өмірдегі әрқилы сапырылысқан тіршіліктер, қым-қуыт, алмағайып іс-әрекеттер бір-бірімен алмасып жатқаны секілді рухани-мәдени әлем де бір сәт те тоқтамай, талайлы тағдырмен қосақабат өріліп жатады.
Осы орайдағы қазақ ауыз әдебиетіндегі қарғыс атаулары да роман- трилогияда жазба түрінде сыбызғышы Қайыпқожаның әйелі Жұбайдың аузынан көрініс табады. Ұлдары Кәрімғалиды әке-шешесінің рұқсатынсыз атқа мінгізіп, әкетіп бара жатқанда Жұбайдың айтқан қарғысы денені ыстық күнде мұз қарығандай әсерге бөлейді. Ол былай дейді: « – Егізде екі болма... құдай мен сияқты зарлатсын... Жол-ау, жолыңа қара тікен өссін...» Халқымызда «Қарғыс алма, алғыс ал!» деген баталы сөзін жадымызда жаңғыртсақ, әрине, қарғыс сөзді арқалау түптің-түбінде жақсылыққа әкелмейтіндігіне көзімізді жеткізеді. Роман-трилогиядағы оқиғалар дамуы осы сөзіміздің растығын және де дәлелдей түседі.
Жалғанның жарығынан елеусіз өткен сыбызғышы Қайыпқожаның тағдыры да трагедиялы. Оның өлімі жаназасына келген санаулы адамдардың ғана қайғы, шерімен шектеледі. Бірақ қаншама адамдардың ішкі әлемін жаулаған, көңілін толқытқан, сұлу да әсем әуенімен қисапсыз жүректерді жаулаған күйлері қалғанына көңілің көншиді. Дүние-мүлік жинамаған, сыбызғысынан өзге иыққа ілуге бір заты жоқ қайран сыбызғышы Қайыпқожа өмірден осылайша өтеді.
Роман-трилогияда Тояш секілді ауылда өсіп, ат үстінде өскен, батырлығы мен батылдығы, ерге тән ептілігі мол жанның суреттелуі оқырманды еріксіз өзіне баурайды. Старшина Жол мен оның жанындағы әпербақан Маймаков және мықты қараның ат үстінде Сүлейменді қамшының астына алғанын көргенде, Тояш бейжай қалмайды. Ол талай рет бас жарылып, арқа тілініп, шығатын жекпе-жек соғыстарда бойына ешнәрсе дарытпай, бәрін де қамшымен жайпап шығатын ержүрек ер болатын. Мінеки, сол Тояш мықты қараны ат үстінде табанынан соғып, атының үстінен жерге ұшырып түсіреді. Бұл да ат үстіндегі саналуан жекпе-жек түрлерінің бірі болатұғын. Тояш сол ретте намысты аяқасты еткені үшін мықты қараның сазайын тартқызады.
Информация о работе Х.Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» дилогиясындағы қазақ зиялыларының бейнесі