Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеялар

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Мая 2015 в 18:13, дипломная работа

Описание работы

Зерттеудің көкейкестілігі. Қазақ елі өз тәуелсіздігін алғалы дамыған 50 елдің қатарынан көрінуді мақсат етіп, жаһандық кеңістікке бет бұруда ертеңгі ел тізгінін ұстар ұлттың ұрпағына сапалы білім алу мен оларды жан-жақты, саналы тәрбиелеудің қыр-сырын аша түсуге, жетілдіруге күрделі міндеттер жүктейді.
Адам тағдыры мен ұлт тағдырын қоғам талабына сай құру мәселесі еліміздің «Білім туралы» заңында: «Білім беру жүйесінің міндеті – ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін жағдайлар жасау» [1, 16-б.] – деп, айқын көрсетіледі.

Содержание работы

КІРІСПЕ .....................................................................................................3

ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕЛІК ИДЕЯЛАРДЫҢ ТАРИХИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ ...............................................................................................10

XX ғасырдағы саяси-әлеуметтік жағдайлардың Әзілхан Нұршайықов дүниетанымының қалыптасуы мен шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеяларға әсер ету факторлары.............................................10

Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеяларды талдауға негіз болатын әдіснамалық тұғырлар мен ұстанымдар, педагогикалық тұжырымдар...................................................................29

Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеялардың мәні, жүйесі, құрылымы және мазмұны...........................59

ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕЛІК ИДЕЯЛАРДЫҢ МАЗМҰНДЫҚ СИПАТТАМАСЫ

Шығармаларында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батырлар бейнесі арқылы азаматтыққа, ерлікке, отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу идеясы...........................................................68

Махаббат, қызық мол жылдар», «Мәңгілік махаббат жыры» шығармаларындағы адамды сүю идеясы...............................................80

Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеяларды оқу-тәрбие үдерісіне ендіру жолдары.................................................100

ҚОРЫТЫНДЫ ......................................................................................132
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ....................................134
ҚОСЫМША ...........................................................................................

Файлы: 1 файл

АРАЙЛЫМ ДИСС-Я.doc

— 1.13 Мб (Скачать файл)

Жазушының «Махаббат, қызық мол жылдар» атты шығармасында «Апамның айтқандарынан» атты қыз балаларға арналған ақыл-кеңес бар. Қарапайым қазақ әйелінің аузымен айтылатын өнегелі насихат сөздер бүгінгі күнгі қазақ қызының да құлағына құйып жүретін өнегелі әңгіме.

  • Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек, себебі қыздың жалаңаш жеріне көп көзінің құрты түскін келеді. Ал халықта «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деген мақал бар.
  • Әйелдің жалаңаш денесі еркектің құмарлығын қоздырады. Ақылмен бөгеп, сабырмен тұсалмаған құмарлық таудан төңкерілген сең сияқты: жолындағының бәрін ұйпа-тұйпа етіп, жайпап, жойып кетеді. Сондықтан әйелдің еркек құмарлығын қоздыратын ашық-шашық жерді көбейтпей жауып, жария етілмейтінін қымтап ұстауы абзал. Әсіресе етекті қара санға дейін көтермеу, кеудені жалаңаштамау жөн. Сонда еркек елеңдемейді, әйел алаңдамайды, адалдық бұзылмайды.
  • Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағаңды жоясың.
  • Қарқылдап күлу, тарқылдап сөйлеу – дарақылық белгісі.
  • Кемшіліксіз кісі болмайды, оны көруден оңай жоқ. Кісі кемшілігін тез көруге емес, тез түзетуге көмектес.
  • Қызға қатты күлудің қажеті жоқ, жігіттерге оның жымиғаны да жетіп жатыр.
  • Ауыз шешендік әркімде болады. Әсіресе қыздың аузы сүйреңдеп көп сөйлемегені абзал. Өйткені қыздың күлкісі, жымиюы, бас изеуі, көзқарасы, жүріс-тұрысы – бәрі де сайрап тұрған сөз. Сондықтан оның аз сөйлеп, айналасына ақылмен танылғаны дұрыс.
  • Шошаңдаған қыз шешесінің атына кір келтіреді.
  • Қыздың жақсы жігітке шығуы, жігіттің жақсы жар таңдап алуы жеңіспен пара-пар. Алдымен жеңіске жету қымбат, ал жеткен жеңісті баяны ету – одан да қымбат.

Осы қыздар тәрбиесінде басшылыққа алар идеялар жазушы қаламынан туған демесе, кез келген қазақ отбасында қыз балаға ескертер «қырық үйден тыюдың» бірнеше қағидалары деп айта аламыз.

Демек, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың тәрбие төңіегіндегі идеялары халықтық тәрбиемен үндес деген қорытындыға келуге болады.

МӘДЕНИЕТТАНУШЫЛЫҚ тұғыр бойынша Ә.Нұршайықов  шығармашылығындағы тәлім-тәрбиелік ойларды талдар болсақ, әрине көптеген мысалдар тапқан болар едік. Жазушы шығармашылығы оның жеке тұлғасына соқпай кетпейді. Ол қазақ филологиясы факультетінің студенті ретінде қазақ әдебиетін мәдениет деңгейіне жеткізе, зерттеп оқып, университеттен жоғары білім алды. Әдебиет теориясы мен тіл ғылымының бастауынан терең сусындады. Сондай-ақ, жасынан Абай, Жамбыл жырларына қанығып өскен жас жігіт Әзілхан Нұршайықов орыс классиктері мен әлемдік классиканың үлгілерін ерекшеліктерін ескере, салыстырып оқуы оның жазушылық білімі мен дүниетанымын толықтырып, тәлім-тәрбиелік идея кеңістігін кеңейте түсті.

Қазақ оқырмандарының орыс классиктерінің туындыларымен ана тілінде танысуына мүмкіндік жасап: И. Бунин, М. Шолохов, П. Павленко, А. Якобсонның шығармаларын қазақшаға аударды. Орыс мәдениетін, оның ішіндегі драмалық шығармаларын да қазақ тілінде тәржімалап, өз оқырмандарына басқа мәдениеттің қырын ашты.

Кеңестік басымдылықтың ықпалы деп емес, жалпы көп тіл білу – мәдениеттілік, білімділік деген пікір деп түсінсек, оған дәйек ретінде: «Орыс тілін білмей де өмір сүруге болады. Бірақ, ол мәнді, мәдениетті адам бола алмайды. ... Орыс тілін білмеген – өзге халықтың қасіретін ұға алмайды.: ұқса да – ол қасіретті жоюға жөн көрсете алмайды» - деген жазушының ойын мәдениет биігінен қарастырыла айтқан пікір және бұл ойды психология ғылымы да қуаттайды.

Қазақтың дәстүрлі мәдениетін терең түсінген жазушы шығармасы арқылы осы мәдениетпен өзінің және замандастарының байланыстылығын әсерге беріле баяндап, оқырманға берер тәрбиесіне эмоциялық әдісті қолданады. Ол қазақ әнінің рухани қуатын соғыс даласында жүріп қаншалықты сезінгенін оқушымен бөлісе біледі және сол арқылы Ақан сері әнінің қиындықты жеңудегі үлесін сабақтастықпен түсіндіреді. «...Әннің бірінші шумағын өз жеке орындап болғаннан кейін Мәншүк: «Ал, енді қосылыңдар» - деп иек қақты да оң қолын дирижерше сермеп, әннің қайырмасына кірісті. «Қара торғай, ұштың зорға-ай. Бейшара-ай, шырылдайсың-ай жерге қонбай-ай» – деп бірнеше күшті дауыс қосыла шырқап, Калинин облысының қалың орманын дүр сілкіндіре, жаңғырықтырып жібергендей болды. Қазақ сахарасындағы ән теңізінің мәңгілік толқыны болып келе жатқан Ақан серінің асқақ әні шалқып, орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкиннің атамекені ежелгі Тверь жерінде толқыған орыс әнінің ұлы мұхитына соғыстың сұрапыл жылдарында осылай келіп қосылды» - деп, ол қазақ жастарының музыка мәдениетінің қыры-сырына қанық достарымен бірге қазақ әнінің әлеуетін биіктен көрсетеді.

Жазушының мәдениеттану тұрғысынан қарастырар ойларын арнайы ұстанымдар арқылы және тәрбие бағыттары арқылы талдауда әлі де қарастыра түсеміз.

Тарихи-педагогикалық зерттеулерді әдіснамалық тұрғыдан талдаудың маңызды жолы болып табылатын АНТРОПОЛОГИЯЛЫҚ тұғырға Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылық мұрасынан көптеген мысал келтіріп, тәлім-тәрбиелік идеялардың негізіне бойлай аламыз. Ол үшін бұл тұғырдың мәніне дереккөздерінен анықтама бере кетсек, антропология гректің anthropos – адам және logos – ілім, ғылым сөзінен шыққан. Сөзбе-сөз аударғанда адамзатты зерттеу, сондай-ақ, адамның шығу тегі, эволюциясы туралы ғылым деген түсінікті де береді (23-24 бб. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Педагогика және психология. Жалпы ред.басқ. А. Құсайынов. – Алматы: «Мектеп» баспасы. ЖАҚ. 2002. – 256 б.).

Адам адам болып жаратылғалы сезім қоса жаратылған. Түйсік пен сезім, жаратушыны, адамзатты және әділеттілікті сүю – биік сана иесі адамға ғана тән. Бұған дәлелді адам жаратылысына қатысты аңыз-хикаяттардан көп кездестіруге болады. Соның бірі ежелгі дәуір әдебиетінің өкілі Рабғузидің «Қиссасул-әнбия» шығармасында «Адамға барлық нәрселердің есімін білу, ғылымды меңгеру қасиеті берілді. Бұл Адам ғалайһи-уәссәләм еді. Адам ғалайһи-уәссәләм жымиып күлсе, күн нұрындай мейірлі шуақ төгілетін. Періштелер Адам ғалайһи уәссәләмнің сұлулығын көріп, қайран қалып, Алла тағала берген тақты Адамға қадір тұтты. ...Бірде жалғыздықтан зерігіп, өз жынысыннан бөтен әлдебір затқа ынтықты. Осыдан кейін әлсіреп, көзіне ұйқы тығылады. Сол уақытта Алла тағала Адам ғалайһи-уәссәләмнің сол жақ қабырғасының жоғарғы жағынан Хауаны жаратты. Адам ғалаәһи-уәссәләм Хауаның өзінен жаратылғанын сезіп, ұйқыдан оянып, көзін ашты. Хауаны көріп, оның асқан сұлулығына көңілі толды. Хауаның дауысы жіңішке, көздері қара, жүз тұлым болып өрілген шашы бар еді. Хақтағала сұлулықты жүз түрлі етіп жаратса, соның тоқсан тоғыз сұлулығын Хауаға берген екен.

Адам ғалайһи-уәссәләм Хауаға қолын созып: «Жақында», - деді. Сол сәтте Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм: «Ей Адам! Хауаға қол созба!» - дегенде, Адам ғалайһим-уәссаләм: «Хауа мен үшін жаратылған», дейді. Сонда Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм: «Әрине, сен үшін жаратылғаны рас. Бірақ некесіз қол созу дұрыс емес. Хауаны Алла тағаладан жұптылыққа сұра», - дейді. Адам ғалайһи-уәссәләм: «Иә, Раббым! Хауаны маған жұп қыл», - деп рұқсат сұрайды. Сұбхана уатағала ықыласымен неке құтпасын оқыды» - деген мысал бар.

Дін – өмір сүрудің теориясы. Діни кітаптарда келтірілген баяндарды жоққа шығаруға қақымыз жоқ. Себебі, жер бетінде қаншама адам осы ұстаныммен өмір сүрді, өмірінің сеніміне, негізіне айналдырды. Жоғарыда келтірілген мысалдарда адамдағы ерекше сезімдердің өзі басқа жыныспен тығыз байланысты пайда болатындығы айтылған. Демек, адам жаратылғалы жақсы көру сезімі, өз жынысынан басқаға жынысқа ынтықтық – жаратылыстан.

Жүрекке қатысты сезімдерді ілім ретінде қарастырған, ғылыми бастауымыз саналатын әл Фараби адам тәрбиесіне қатысты үш түрлі ғылым анықтап: біріншісі, түйсік пен сыртқы және ішкі бес сезімді – Хауас ілімі,  екіншісі, үш сүюді басшылыққа алатын – Имани гүл, үшіншісін – Жауанмәртлік деп: ақыл, әділет, рахымды қарастырып, жүйе ретінде ұсынды. Әл-Фарабидің ілімі бойынша адам баласы ішкі бес сезім, сыртқы бес сезім – он сезімнің құдіретімен ерекшеленеді (Аль-Фараби. Естественно-научные трактаты. Существо вопросов. А. 1987. 230-250 с.). Ғылымның бастауында тұрған бабамыздан қалған осы ілім Ж. Баласағұнида жалғасын тапты. Жүсіп Баласағұни «Құтты білік» еңбегінде дамытып, жаратушыны сүйіп оның заңына бағыну және адамға тән асыл мінездерді қалыптастыруды жүрек тәрбиесіне әкеп тірейді. Бұл жөнінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор А. Көшербаеваның ғылыми диссертациясында жан-жақты зерделенген.

Әл-Фараби мен Баласағұниде негізі қаланған идея Абайдың шығармашылық мұрасында үлкен сабақтастық табады. Абай шығармаларының әлеуетін ғалымдар әр қырынан ашып көрсетіп, ғылыми жүйеленуіне әдебиетану ғылымында М. Әуезов, Қ. Мұхамедханов, Қ. Өмірәлиев, М. Мырзахметов, т.б., педагогика ғылымында И.Халитова, С. Қалиев, Б. Жарықбаев, т.б. және оның сезім тәрбиесі, жүрек тәрбиесі, адамгершілік туралы идеяларының әл-Фарабимен, Ж. Баласағұнимен сабақтастығын С. Ғаббасов, Ә. Сәдуақасов, т.б. еңбектерінде қарастырады.

Шынымен де Абай 27-38 қара сөздерінде хауас (һауас) жайлы өз пікірлерін тарата жазады. Әл-Фараби мен Абай шығармаларындағы үш ілімнің аясындағы ой-пікірлерге профессор С. Ғаббасовтың «Халық педагогикасы мен психологиясының негіздері» атты еңбегінде терең талдау жасалған.

Жалпы, «махаббатпен жаратқан адамзатты» деген Абай сөзі адам баласының жаратылысына ғана тән махаббат сезімі – педагогикалық жағынан зерттеуді қажет ететін үлкен ілім. Махаббат мәселесін философия, филология ғылымдары зерттеу нысаны ретінде қарастырып жүр. Ал, педагогика ғылымында махаббаттың адамның ішкі «Менінен» сыртқы қоршаған ортаға, жаратушыға дейінгі сүйіспеншілік сезімінің күшін, адамды қалыптастырушылық әлеуетін теориялық тұрғыдан терең қарастыра алмай келеміз. Ал, жазушы Ә. Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар», «Мәңгілік махаббат жыры» т.б. шығармаларын эмпирикалық тұрғыдан оқырмандарға осы бағытта арнады. Өмірдегі көптеген тәрбие арналарының махаббаттан бастау алатынын көрсетті. Оған нақты мысал келтірсек, сұхбатта «Роман неге тек қана махаббатқа құралған?» деген сұраққа берген жауабында:

« – Бұл романды жастар өмірінен алып, жастарға арнап жазған мақсатым, бұрынғы ата-бабаларымыздың мекеніне ұя салып, бүгінгі біздің орнымызды басатын, ісімізді жалғастырып алға апаратын болашақ ұрпаққа, солардың жүректерінде асыл адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына титтей де болса өзімнің себімді тигізуге ұмтылу еді. Біз ата-ана жан жүрегімізді жарып шыққан, жас қауымның жақсы болуын тілейміз. Солар әділ, адал болып өссе екен дейміз. Баяғы Төлеген ағаларындай уәдеге берік, Жібек апаларындай ақылды, жаугершілік жағдайға душар болса – сонау Қара Қыпшақ Қобыландыдай қаһарман батыр, кешегі Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлов, Мәншүк Мәметова сияқты отаншыл, ержүрек болса екен деп, арман етеміз. Өз жүрегіндегі сол арманды мен жастарға қалай жеткізсем деп толғандым. Сонда осы ойдың бәрін оларға бір ғана махаббат деген асыл жібекке түйіп беруді мақұл көрдім. Өйткені, саналы өмірдің бар қызығы махаббатқа тіреледі. Махаббатқа соқпай кететін сезім аз. Анаға сүйіспеншілік, жарға құштарлық, Отанға перзенттік, туған топыраққа борыштық сезімдерінің бәрі махаббатқа байланысты. Адам бойындағы ең асыл сезімдердің бірі адамгершілік сезімі де махаббатпен сабақтас. Өйткені, махаббат қадірін білмейтін адамда адамгершілік сезімі болмайды. Ал, адамгершілігі жоқ кісінің жүрегіне асыл махаббат ешқашан да ұя салмайды. Мінекей, осы себептен де мен жастардың жүрегіне махаббат арқылы жақындауды мақсат еттім. Кітабымның негізгі арқауын махаббат ете отырып, жастарымыздың жанына, жүрегіне, ойына қарапайым халқымыздың, кейбір асыл қасиеттерін: ананы ардақтаушылық, қызды қадірлеушілік, алған жарын жанындай сүюшілік, ағаны құрметтеушілік, сертке беріктік, ұйымшылдық, бірлік – бір ауыздылық, бауырмалдық сияқты советтік моралімізге сай келетін дәстүрлерін сіңіргім келеді. (Автопортрет, 80 -б).

Жазушымен бірнеше рет осы тақырып бойынша сұхбаттастық. Жазушы біздің махаббатқа тәрбиелеуге бола ма деген сұрағымызға: «Біз, жазушылар көркем шығармаларымыз арқылы тәрбиеге қызмет етеміз. Махаббат тақырыбына қалам тартуымның өзі жастарға шынайы махаббатты үлгі ету мақсатынан туындаған болатын. Адалдықтың, достықтың, тазалықтың, әділдіктің, адамгершіліктің, барлық адами асыл қасиеттердің жиынтығы – махаббат. Мен осындай таза махаббаттың иесі болдым деп айта аламын. Ғашығымыз екеуміз бір-бірімізге адалдығымызды сақтаймыз, пәк күйімізде қосыламыз деп серттескен едік. 9 жыл жүріп қосылдық та 54 жыл бірге өмір сүрдік. Біздің махаббатымыз 63 жыл сыналды. Сол сынақтан сүрінбей өттік. Мен қайтыс болған әйеліме әлі ғашықпын деп айта аламын» - деді.

Тарихта Айша бибі мен Қараханның ғашықтығы туралы аңыз және олардың махаббатына куә кесене бар. Сүйгеніне қосыла алмаған Қарахан елге адал қызмет ету арқылы махаббатын дәлелдемек болады. Оның адалдығы аңызға айналып, ол «Әулиеата» аталады.

Жазушы Ә. Нұршайықов та сүйген жары Халиманың қабіріне мәңгілік махаббат символындай архитектуралық ескерткіш қалдырды. Мұндағы жазушының идеясы келешек жастар махаббаттарына біздің махаббатымызды үлгі етсе екен, бізше бақытты өмір сүрсе екен деген игі ниеттен туған. Бұл қоғамдық тәрбиеде басшылыққа алар – құптарлық идея.

Антропологиялық тұғыр бойынша талдау барысында жазушының тәрбиеге мен білімге, мәдениетке қатысты перспективалы, прогрессивті ойларын қарастыра отырып, жазушының  пікірінен кеңестік кезең қалыптастырған атеистік сананың да жемісін теруге мүмкіндік таптық. Мысалы, «Құдаймен тек құдіретті ақын ғана таласады. Өйткені, ол да өз алдына бір ерекше дүниенің жаратушысы. Құдай сияқты, шығармасында ол да бір ортаны жасайды. Сол ортада өмір сүруге тиісті адамдарды – кейіпкерлерді жаратады. Өзі жаратқан кейіпкерлердің қимыл-әрекеті арқылы ол оқырмандарды әділдікке үндейді. Зұлымдықты әшкерелеп, қиянатқа көнбеуге шақырады. Екі айналып келмейтін өмірді өкінішсіз өткізуге ұмтылдырады. Бұл жағынан ақын құдайдан да күшті. Себебі, құдай адамды «жаратқаннан» кейін оның қалай өмір сүруінде шаруасы болмайды. «Тумақ – сүндет, өлмек – парыз» - деп, жеті қат көктің ар жағында, миғраждағы шатырында былқ етпестен отыра береді» - деген ұшқары ойларын мектеп оқушысы да құптамайды. Бұл екі қоғамдық формацияның идеясын басшылыққа алған идеологиялар арасындағы қарама-қайшылықтың мысалы іспеттес. Бірақ, бұл жазушының дінге деген қатынасы «теизмнен» де (құдайшылдық), «атеизмнен» де (құдайсыздық) алшақ, «деизм» – еркін ой-саналық ұстанымы бар екендігін көрсетеді.

Біз осылайша, әдіснамалық тұғырлар арқылы Ә. Нұршайықов шығармашылығындағы тәлім-тәрбие идеяларына талдау жасадық. Жалпыдан жалқыға өту принципі сияқты енді әдіснамалық ұстанымдар арқылы да шығармашылыққа талдау жасап, тәлім-тәрбиелік идеяларды нақтылауға мүмкіндік таппақпыз.

Информация о работе Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеялар