Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Мая 2015 в 18:13, дипломная работа
Зерттеудің көкейкестілігі. Қазақ елі өз тәуелсіздігін алғалы дамыған 50 елдің қатарынан көрінуді мақсат етіп, жаһандық кеңістікке бет бұруда ертеңгі ел тізгінін ұстар ұлттың ұрпағына сапалы білім алу мен оларды жан-жақты, саналы тәрбиелеудің қыр-сырын аша түсуге, жетілдіруге күрделі міндеттер жүктейді.
Адам тағдыры мен ұлт тағдырын қоғам талабына сай құру мәселесі еліміздің «Білім туралы» заңында: «Білім беру жүйесінің міндеті – ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін жағдайлар жасау» [1, 16-б.] – деп, айқын көрсетіледі.
КІРІСПЕ .....................................................................................................3
ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕЛІК ИДЕЯЛАРДЫҢ ТАРИХИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ ...............................................................................................10
XX ғасырдағы саяси-әлеуметтік жағдайлардың Әзілхан Нұршайықов дүниетанымының қалыптасуы мен шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеяларға әсер ету факторлары.............................................10
Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеяларды талдауға негіз болатын әдіснамалық тұғырлар мен ұстанымдар, педагогикалық тұжырымдар...................................................................29
Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеялардың мәні, жүйесі, құрылымы және мазмұны...........................59
ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕЛІК ИДЕЯЛАРДЫҢ МАЗМҰНДЫҚ СИПАТТАМАСЫ
Шығармаларында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батырлар бейнесі арқылы азаматтыққа, ерлікке, отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу идеясы...........................................................68
Махаббат, қызық мол жылдар», «Мәңгілік махаббат жыры» шығармаларындағы адамды сүю идеясы...............................................80
Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеяларды оқу-тәрбие үдерісіне ендіру жолдары.................................................100
ҚОРЫТЫНДЫ ......................................................................................132
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ....................................134
ҚОСЫМША ...........................................................................................
Сонымен қатар, «Жүсіп Баласағұнидің тәрбие қағидасы», «Жар таңдау, отбасын құрудың салыстырмалы жүйесі» кесте-суреттермен бейнелеп көрсеткен.
Д. Әлиеваның орыс тілінде «М.Х. Дулатидің тарихи мұрасындағы педагогикалық идеялар» (2003) диссертациясында ғұламаның мұрасындағы педагогикалық идеяларын жүйелеуге тырысқан. Оның көзқарастарының оған дейінгі атақты шығыс ғалымдарының философиялық және педагогикалық тұжырымдамаларымен жалғастығы көрсетілген. М.Х. Дулатидің педагогикалық ой-пікірлерін оқу-тәрбие үдерісіне қолдануының жолдары мен тәсілдері қарастырылған. Осы мақсатпен жоғары оқу орындарының студенттері үшін «М.Х. Дулатидің тарихи мұрасы және оның жастарды тәрбиелеудегі рөлі» атты арнайы курс, жалпы білім беретін мектептің оқушыларын мен мұғалімдеріне арналған «М.Х. Дулатидің педагогикалық идеялары» атты әдістемелік құрал дайындалған.
Жұмыстың теориялық жағы олқылау болғанымен, педагогикалық-тәжірибелік жұмыстары зерттеу жұмысының кең көлемде қамтылғандығын көрсетеді.
Біздің тақырыбымызға өте жақын келетін бір жұмыс – Ф. Буланованың «Сәбит Мұқановтың педагогикалық идеялары» () деген орыс тілінде орындаған зерттеу жұмысы. Диссертациядағы «Сәбит Мұқановтың педагогикалық көзқарастары қалыптасуының тарихи-әлеуметтік алғышарттары» деген 1-тарауда академик-жазушының педагогикалық ой-пікірлерінің туып, дамуына негіз болған жайларға талдау жасалып, бұл тұрғыда оның қоғамдық-педагогикалық қызметтері мен әдеби-публицистикалық еңбектеріндегі дүниетанымының жалпы адамзаттық мәселелермен ұштасып жатқан ұлттық тәрбиеден бастау алғаны көрсетілген.
«Сәбит Мұқановтың педагогикалық идеяларының шығармашылық еңбектерінде дамуы» атты 2-тарауда жазушының көркем шығармаларындағы ойлары жеке тұлғаның қалыптасуының негізі оның жанұяда алған тәжірибесімен қатар өзін-өзі тәрбиелеуіне де байланысты деген басты қағидадан туындайды деген ойға тоқталады. Сондай-ақ, мектептің оқу-тәрбие процесінде Сәбит Мұқановтың педагогикалық идеяларын іске асыру жолдарын көрсетеді.
С.Мұқановтың педагогикалық идеяларының көкейкестілігін ұлтаралық тіл табысу құралы ретінде ана тілінде оқыту мен орыс тілін үйренудің негізін салушы ретінде дәлелдеуге тырысқан. Жазушы-педагогтың әдеби мұрасындағы жас ұрпақтың тұлғалық дамуына интеллектуалдық, азаматтық ынталандырушылық маңыз беретін педагогикалық көзқарастарына сипаттама береді, сонымен қатар, жастар мен балаларға білім беру мен тәрбие ісінде жазушының әдеби және педагогикалық мұраларын пайдалану үшін әдістемелік нұсқаулар жасаған.
Қ. Сарбасованың «Қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж. Баласағұнидің, М. Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеялары» атты докторлық диссертациясында (2008) аталмыш тұлғалардың тәлім-тәрбиелік идеяларын қазіргі қазақ педагогика ғылымының қайнар көздері ретінде тұжырымдамалық тұрғыдан негіздеу және оны жоғары білім беру жүйесінде пайдаланудың мазмұны мен әдістемесін жасауды зерттеудің негізгі мақсаты етіп алады.
Зерттеу жұмысында қарастырған мәселелері: қазіргі қазақ педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуының әдіснамалық негіздемесін қарастырып, түркі тектес халықтардың педагогикалық ой-пікірлерінің қалыптасуының әлеуметтік-мәдени алғышарттары мен олардың мазмұнын қазақ педагогика ғылымының қайнар көздері ретіндегі тұжырымдамасында көрсетеді. Әл-Фарабидің, Ж. Баласағұнидің, М. Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеяларының өзара мазмұндық үндестігі мен кейінгі жылдардағы педагогикалық ой-сананың дамуымен жалғастығы және олардың қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы алатын орнын анықтау арқылы оның мазмұнын жетілдіру бағыттарын айқындайды.
Сондай-ақ, әл-Фарабидің, Ж. Баласағұнидің, М. Қашқаридің педагогикалық ілімдерін жоғары білім беру жүйесінде пайдалану процесін ғылыми-әдістемелік және ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету шарттары ретінде инновациялық оқыту технологиялары, элективті курстар, оқу құралдары, электронды оқулықтарын ұсынады.
Ш. Жұматаева «Дулат Бабатайұлының тәлім-тәрбиелік идеялары» (1996) атты зерттеу жұмысында ақын-жырау Дулат Бабатайұлының шығармашылық мұрасына педагогикалық тұрғыдан ғылыми талдау жасай отырып, оның шығармаларындағы идеяларға негізделген тәлім-тәрбиелік «Кісілік келбеті» атты жүйе құрады. Сонымен қатар, осы жүйені қолданудың педагогикалық-әдістемелік ұсыныстары әзірленген. Жалпы білім беретін мектептердің оқу-тәрбие үдерісіне пайдаланудың мүмкіндіктерін қарастыра отырып, «Тұлғалар сыр шертеді» орталығы құрылғандығын сол арқылы Дулат Бабатайұлының педагогикалық идеяларын насихаттауға әдістемелік нұсқаулар әзірленгендігі туралы қарастырылады.
Біздің тақырыбымызбен ұқсас тақырыптардың бірі, қазақтың көрнекті тұлғасы, ақын М. Жүсіп Көпейұлының педагогикалық идеяларын өз зерттеу жұмысының нысаны етіп қарастырған Н.С. Асенованың диссертациясын (2007) жақсы жазылған құнды еңбектер қатарына жатқызуға болады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұрасындағы педагогикалық идеяларды теориялық жағын елдегі саяси-әлеуметтік жағдайларды және көзқарастардың қалыптасуының рудиментарлық негіздері арқылы тұжырымдайды. Практикалық жағынан негіздеуде пдагогикалық идеяларды тәрбие теориясы, дидактика, жоғары оқу орындарына пайдалану тұрғысынан қарастырады. Ағартушылық іс-әрекеті мен шығармашылығын ұлтты дамыту үшін жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру, рухани құндылықтарға бағдарлау қажеттігініе, оларды әлеуметтендіруге, ұлттық сана-сезімді көтеруге қатысты педагогикалық идеяларды анықтап, оларға теориялық тұрғыдан баға береді.
А.Е. Садықованың зерттеу тақырыбына айналған «Общественно-просветительская деятельность и педагогические идеи Т. Жургенова» (2005) атты диссертациялық жұмысында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, педагог, білім беру ісінің ұйымдастырушысы, зерттеуші, елші, аудармашы және публицист болып халыққа қызмет еткен және кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйенің құрбаны Темірбек Жүргеновтің (1898-1938 жж.) ағартушылық қызметі мен педагогикалық идеялары туралы мәселені қарастырған.
Диссертациялық жұмыс халық мәдениетін көтеруге атсалысқан қайраткердің тұлғалық және шығармашылық тұрғыдан қалыптасуына ықпал еткен факторларын және оның қоғамдық-ағартушылық кезеңдерін айқындайды. Сонымен қатар, ана тілінің тұлға тәрбиесіне құрал мен фактор болып табылатын бастау екендігі жөніндегі ана тілін дамыту туралы басты идеясын, қазақстандық педагогика ғылымы мен практикасын дамытудың қазіргі кезеңдеріне маңызы зор білім беру мен тәрбие мазмұнын сипаттайтын идеяларын анықтаған.
Сондай-ақ, қазақ өнері мен әдебиетінің кәсіби тұрғыдан дамуы мен қалыптасуындағы Темірбек Жүргеновтың рөлін аша отырып, оның педагогикалық идеяларын ЖОО-ның оқу-тәрбие үдерісінде пайдаланудың мүмкіндіктерін негіздеген.
Н.Т. Сманова «Ғабит Мүсіреповтің педагогикалық ой-пікірлері» () атты кандидаттық диссертациясында жазушының педагогикалық ой-пікірлерін алғаш ғылыми үдеріске ендіруді мақсат ете отырып, Ғабит Мүсіреповтің өмір жолы мен шығармашылығындағы ұлттық тәлім-тәрбиелік идеяларға талдау жасайды. Ғ. Мүсіреповтің алғашқа қазақ оқулықтарының авторы ретіндегі жазған оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарын педагогикалық тұрғыдан талдап, дидакт екендігін дәлелдейді.
Сонымен қатар, Ғ.Мүсіреповтің тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерін педагогикалық үдерісте пайдалану үшін арнаулы курс бағдарламасы жасалып, соның нәтижесінде оқу-тәрбие үдерісіне ендіруге ұсыныстар береді.
Н.Сманованың аталмыш тақырыптағы диссертациясының мазмұны педагогика тарихына қатысты зерттеу әдістерінің мол мүмкіндігін тым тар қарастырған. Жұмысты талдауда әдебиеттанушылық бағытқа басымдылық берілген.
Ендігі қарастыратын зерттеу тақырыптарымыз – Ә. Нұршайықовтың замандастары мен идеялас достарының педагогикалық ой-пікірлері мен көзқарастарына шолу жасау. Біз бұл жұмыстарға Е. Жұматаева мен М. Елубаеваның диссертациясын қарастырамыз.
Е. Жұматаева өзінің зерттеген «Қазақстан майдангер жазушыларының шығармалары арқылы оқушыларға патриоттық тәрбие беру» () тақырыбы бойынша кеңес халқының Ұлы Отан соғысы тақырыбы бойынша өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу мүмкіндіктерін қарастырады. Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған қазақстандық шығармалар қатарында Т. Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Ә. Нұрпейісовтің «Күткен күн», Б. Момышұлының «Москва үшін шайқас», Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты көркем әдеби шығармаларды атап көрсетеді. Алайда, зерттеу жұмысында талдауға тарихи нақтылығы мен дәлел, дәйектері мол Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығын алмайды. Негізінен партизан-жазушы атанған Әди Шәріпов пен Қасым Қайсеновтің және Бауыржан Момышұлының шығармашылығын ғана талдайды. Себебі, бұл жазушылардың шығармаларын мектептің оқу бағдарламасында бар екендігін басты бағдар етеді. Шындығында, Ә. Шәріповтің «Партизан қызы» мен Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқасы» да кең көлемде қарастырылмайды.
Алайда, әр күні мен сағатына дейінгі дәлдікті, әрбір деталь мен штрихты соғыстағы ерлік мен батырлықты ашуға шебер пайдалана білген, қанша тұлғалардың шынайы бейнесін ашып, сол арқылы отаншылдық рухты көтеруге мүмкіндік беретін Ә. Нұршайықов шығармаларын сырт қалдырады. Зерттеуші мектеп бағдарламасында қарастырылмаған жазушы шығармашылығын салыстырмалы түрде қарастырғанда еңбектің құндылығы арта түскен болар еді.
Әзілхан Нұршайықовтың замандасы һәм досы М.Әлімбаевтың педагогикалық көзқарастары (2006) – М.С. Елубаеваның педагогикалық зерттеу жұмысының нысаны. Бұл еңбектің ғылыми жаңалығы мен теориялық-практикалық мәнділігіне М. Әлімбаевтың тәлімдік көзқарастарының педагогикалық негіздерін айқындап, шығармашылығындағы ой-пікірлерге этнопедагогикалық тұрғыдан талдау жасауын, көзқарастарын жүйелеуін жатқызуға болады. Сондай-ақ, ақынның педагогикалық көзқарастары бойынша мұғалімдерге арналған «М. Әлімбаевтың тәлімгерлік тағылымдары» атты бағдарламамен дайындық курсы өткізіліп, жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуда пайдаланудың тиімді әдістері мен жолдары анықталады.
Диссертациялық жұмыстың басымдылығының өзі ақынның педагогикалық көзқарастарын этнопедагогикалық құндылық тұрғысынан қарастыруында деп айта аламыз. Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектептердің оқу және тәрбие процесіне ендіруі де педагогикалық-тәжірибелік жұмыстың мейлінше кең қаралуы деген тұжырым жасауға негіз болады.
Жеке тұлғаның шығармашылығындағы педагогикалық идеялар мен көзқарастар тұрғысынан зерттелген диссертациялық жұмыстарға шолу жасай отырып, біздің зерттеу тақырыбымызда негіз болған Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығындағы тәлім-тәрбиелік идеяларға теориялық тұрғыдан анықтама беріп, мәнін ашу, жүйесі мен құрылымы мен мазмұнын көрсету қажеттілігі айқын. Біз осылайша ғана зерттеу жұмысымыздың тарихи-педагогикалық негіздеріне теориялық жағынан тұжырым жасай аламыз.
Халыққа аты мәшһүр болып, сөздеріне елді ұйыта білген, өмір сүруде оның тағылымын басшылыққа алған халықтың ісіне сүйсінер, сөзіне сенер, ұрпағына үлгі етер тұлғалары аз болмаған. «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» деген қағидаға сенсек, бұл өмір сабақтастығы жалғаса бермек. Орхон-Енисей жазбаларына Күлтегін мен Тоныкөктің іс-әрекетіндегі даралық пен даналық, ерлік пен көрегендік, ел бірлігін ойлаған қамқорлық дәріптеген Иолығ тегін, ХҮІІІ ғасырға дейінгі аралықта өмір сүріп, құнды тәлімдік-тәрбиелік ойлар қалдырған дала ойшылдары мен кемеңгерлері: Қорқыт ата мен әл-Фараби, Махмұт Қашқари мен Жүсіп Баласағұни, Ахмет Иүгінеки мен Ахмет Яссауи, Кайкаус, Р. Хорезми, Мұхаммед Хайдар Дулати мен Қадырғали Жалаири, Сәйф Сараи мен Әбілғазы Баһадүрхан, т.б. әдеби мұраларының тәлім-тәрбиелік идеяларын ғалымдарымыз өз ғылыми жұмыстарында зерттеп-зерделеп ұсына отырып, қазақ педагогикасының тарихына аталмыш есімдерді ендіргенін үлкен ғылыми еңбек деп айта аламыз. Сондай-ақ, Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұхар, Шал, т.б. хандық дәуірдегі ақын-жыраулардың шығармашылығындағы тәлім-тәрбиелік идеялар өз заманының ұрпағын тәрбиелеуге негіз болған тәрбие институты іспеттес еді.
Қазақ халқының алғашқы ағартушыларының бірі Шоқан Уәлихановтың еңбектері, алғаш мектеп ашып өз шығармашылығын мектептің оқулығы мен дидактикалық материалдарын даярлауға пайдаланған Ыбырай Алтынсариннің де, халқымыздың біртуар ақыны, дана да дара Абайдың да шығармашылығы халықты жақсылыққа бағыттау, өсиет, насихат арқылы тәрбиелеуге негіз болары хақ. Бұл туралы көптеген ғалымдардың зерттеу еңбектері дәлел бола алады.
Кеңес өкіметі тұсында білім алып, қайраткерлігімен, ағартушылығымен танылған Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиевтердің шығармашылығы – ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне таптырмас оқулық, баға жетпес құнды еңбектер. Бұл педагогика ғылымы тарапынан әлі талай зерттеп-зерделене түсері сөзсіз, әр қырынан танылып, қазақ педагогикасын байыта түсерлік әлеуеті бары екендігін мойындауымыз керек.
Аталмыш алаш ардақтыларының ісін ұзағырақ жалғаған Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, т.б. ақын-жазушылардың шығармашылық үлгісін рухани өміріне бастау еткен Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығының қамтыған тақырыптары өмірлік құндылықтарды өнеге етуді басшылыққа алудан басталып, қарапайым еңбек адамдарынан көрнекті тұлғалардың бейнесінің даналық үлгісін оқырмандарға таныстыруды мақсат етті.
Әзілхан Нұршайықов шығармашылығындағы ой-пікірлерінің мазмұнын ашу үшін өзімізге белгілі білім мазмұнындағы басты талаптар негізіне жүгінгенді жөн санадық.
Білім мазмұны ғылыми білімнің, іскерліктің және дағдының жүйесі деп көрсетіліп, оның деңгейін көтеретін негізгі қағидалары: тәрбиенің бағыттары мен ұлттық мәдени байлықты жалпы азаматтық мәдени мұрасымен байланыстыру, ұлттық тілді, мәдениетті халықаралық қатынас тілдері мен мәдениетімен байланыстырудың маңыздылығы, т.б. деп көрсетіледі де білім мазмұнында тәрбиені мәдениет деңгейінде таныту басшылыққа алынады.
Білім мазмұны мақсаты мен қағидалары арқылы ашылатын болса, онда біз де зерттеу тақырыбымыздың осы мазмұнда ашылуын құп көрдік.
Әзілхан Нұршайықов тағылымдық ой-пікірлерінің мазмұнын шығармашылығы аясында ашатынымыз белгілі. Олай болса, жазушының шығармашылығының қамтыған тақырыптары:
Информация о работе Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеялар