Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеялар

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Мая 2015 в 18:13, дипломная работа

Описание работы

Зерттеудің көкейкестілігі. Қазақ елі өз тәуелсіздігін алғалы дамыған 50 елдің қатарынан көрінуді мақсат етіп, жаһандық кеңістікке бет бұруда ертеңгі ел тізгінін ұстар ұлттың ұрпағына сапалы білім алу мен оларды жан-жақты, саналы тәрбиелеудің қыр-сырын аша түсуге, жетілдіруге күрделі міндеттер жүктейді.
Адам тағдыры мен ұлт тағдырын қоғам талабына сай құру мәселесі еліміздің «Білім туралы» заңында: «Білім беру жүйесінің міндеті – ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін жағдайлар жасау» [1, 16-б.] – деп, айқын көрсетіледі.

Содержание работы

КІРІСПЕ .....................................................................................................3

ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕЛІК ИДЕЯЛАРДЫҢ ТАРИХИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ ...............................................................................................10

XX ғасырдағы саяси-әлеуметтік жағдайлардың Әзілхан Нұршайықов дүниетанымының қалыптасуы мен шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеяларға әсер ету факторлары.............................................10

Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеяларды талдауға негіз болатын әдіснамалық тұғырлар мен ұстанымдар, педагогикалық тұжырымдар...................................................................29

Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеялардың мәні, жүйесі, құрылымы және мазмұны...........................59

ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕЛІК ИДЕЯЛАРДЫҢ МАЗМҰНДЫҚ СИПАТТАМАСЫ

Шығармаларында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батырлар бейнесі арқылы азаматтыққа, ерлікке, отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу идеясы...........................................................68

Махаббат, қызық мол жылдар», «Мәңгілік махаббат жыры» шығармаларындағы адамды сүю идеясы...............................................80

Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеяларды оқу-тәрбие үдерісіне ендіру жолдары.................................................100

ҚОРЫТЫНДЫ ......................................................................................132
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ....................................134
ҚОСЫМША ...........................................................................................

Файлы: 1 файл

АРАЙЛЫМ ДИСС-Я.doc

— 1.13 Мб (Скачать файл)

Соғыстан қайтқан жауынгер еліне бармай, жолдан Алматыдан түсіп, солдат шинелімен келіп студенттер дәрісханасына отырады. Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіндегі 30 қыздың ортасына қабылданған жігіттің кезінде майданнан газетке жіберген:

Қайран қыздар сағындық – амал қанша?

Жас қартайдық, көп өмір сүрген жанша.

Жараланған жүректі жасартатын

Дәрі жасап қойыңдар біз барғанша, - деген өлеңі арқылы оқырман-қыздарға таныс болған Әзілхан екендігі майдангер-азаматтың ортаға тез сіңісіп кетуіне де себеп болды.

Әзілхан Нұршайықовтың тәлім-тәрбиелік идеяларға толы шығармаларды өмірге әкелер жазу болып қалыптасуының үлкен кезеңі – журналистік кезең. Оған журналистік өте бала күнінен машықтанған, бейімделген мамандық десе болғандай. Ал, майданда қаламы одан әрі шыңдалып, 100-қазақ атқыштар бригадасында қазақ тілінде шығатын әскери газетте елуден аса патриоттық өлеңдері, біршама мақалалары басылған, сондай-ақ республикалық бірнеше газет, Семей облыстық газеті арқылы республика көлеміне кеңінен танылған еді. Облыстық газеттің сол кездегі редакторы Сағат Жұмағазиев ара-тұра майданға хат жазып, Әзілханға әр түрлі тапсырмалар беріп тұрған, ол редакция тапсырмасын мүлтіксіз орындап отырдым дейді. Сағат Жұмағазиевтің сол хаттары жазушының жеке мұрағаттарында күні бүгінге дейін сақтаулы тұр. 

Әзілхан Нұршайықовтың ресми журналистік қызметі 1947 жылдан басталды. Ол оқып жүрген оқуынан жарты жылға академиялық демалыс сұрап алып, еліне барып сүйген қызымен бас қосып, 6 жылдай қаңырап бос тұрған үйдің шаңырағын түтетті. Өзі уақытша облыстық «Екпінді» газетінің төрт аудан бойынша арнаулы тілшісі қызметін атқарды. Кейіннен оқуын жалғастырған кезде де  республикалық бас газет «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет жасайды. Оқуын бітірген соң, 1949 жылы Ғылым академиясының «Тіл білімі мен әдебиет» ғылыми-зерттеу институтына жолдама берілгенімен, алғашында «Пионер» журналына, артынша өзіне таныс «Социалистік Қазақстан» газетіне орналасады.

Жас журналист ұзақ уақыт журналистика жанрларымен: бас мақала, сын мақала, очерк, рецензия жазумен шығармашылығын шыңдады. Ә. Нұршайықовтың журналист ретінде жазылған бірнеше кітаптары бар. «Алыстағы ауданда» атты очерктер жинағы, «Мен журналистпін» атты кітабы жас журналистер үшін әдістемелік құрал іспеттес еді. «Мен журналиспін» ктабының алғы сөзін жазған бұрынғы 100-қазақ атқыштар бригадасында қазақ тілінде шығатын «Сталин үшін, алға!» атты әскери газеттің редакторы болған Қасым Шәріпов ол туралы былай деп пікір қалдырған: «Жеңіспен елге оралған жігерлі жас жігіт бірден Алматыдағы университетке түсіп, оны ойдағыдай бітірді. Ол «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына келіп орналасты. Біз мұнда тағы кездесіп, оның баспасөздегі қызметіне куә болдық. Әзілхан Нұршайықов газеттің қара жұмысына белшесінен батып, баспаханадағы, секретариаттағы ауыр міндеттерді атқарды. Әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, коллегия мүшесі ретінде ол бүкіл редакцияны аралап шықты. Бір қызығы, Әзілхан соғыстан кейін өлең жазуды біржола қойып кетті. Өзін тұтас журналистік қызметке арнады» [3-б. Нұршайықов Ә. Мен журналистпін. – Алматы: Қазақстан, 1977. -168 б. ].

Әзілхан Нұршайықов журналистік қызметте де ұстаздар тәлімі мен өнегесіне үлкен мән береді, жоғары бағалайды. Ол өзі осы газетте он жеті жыл қызмет еткен жылдары редакцияның Әбдуәли Қарағұлов, Ғұмар Аққұлов, Әділбай Омаров, Бәри Мазитов, Қаби Мыңжанов, Хайдар Баймұхамбетов, Хайролла Меңдібаев, Жекен Жұмаханов, Зұфар Айтмағамбетов, Әбдібек Нұрмағамбетов, Қабыш Молдақашев, Байдабек Әлиманов, Мерғали Ешмұхамедов, Жүсіп Жантөрин, Әбен Сатыбалдиев сияқты қарт журналистерінен үлгі, өнеге алғандығын жиі айтып жүреді.

Ол оқу бітіргеннен кейін 1949 жылдан бастап ресми түрде журналистік қызметті атқарып жүріп, 1957 жылы аяқ астынан Қазақстан Жазушылар одағына өткендігін естиді. Жазушылар басқармасының сол кездегі төрағасы Ғабит Мүсіреповтың оның бірнеше очерктерін оқып, көңіліне ұнағандықтан, ұсыныс жасауы арқылы, Мұқан Иманжанов, Мұзафар Әлімбаев, Серік Қирабаевтардың кепілдеме беруімен 1957 жылдың аяғында Одақ мүшелікке қабылдайды. Алайда, Ә. Нұршайықов үшін бұл кезең – журналистік шыңдалу кезеңі болатын.

Кейін жазушылық қызметке, шығармашылыққа бет бұрғанымен, ардагер журналист ретінде күні бүгінге дейін газет беттеріне үн қосып отырады. Соның бірі 2008 жылғы «Егемен Қазақстан» газетінің мерейтойлық нөмірінде «Менің «С.Қ.»-ның («Е.Қ.») авторы болғаныма биыл 65-ші жыл екен. Ал бұл газетті қолыма алып оқи бастағаныма 72 жыл болыпты. Соғыс кезінде оның әр нөмірін үзбей оқи алғамын жоқ. Тек майданға келіп, қолыма тиген жеке даналарымен қанағаттандым. Ал соғыстан кейін оның әр нөмірін үзбей оқып, қуанышқа кенелетінмін.

Міне, бүгін «Егемен Қазақстанның» 25 мыңыншы нөмірі жарыққа шығады. Бұл нөмірге де автор ретінде, осы мақаламен атсалысып отырғаныма және қуаныштымын. Мен тәуелсіз республикамның бас газеті мәңгі өмір сүріп, қазақ халқын үнемі қуанта берсін деп тілеймін» - [Нұршайықов Ә. Мәңгі жаса, елімнің ²Егемені²! //«Егемен Қазақстан» газеті. 2008. 01. 30 ] деген ардагерлік, ақсақалдық, журналистік тілегі бар.

Журналист Ә.Нұршайықов бұл газеттегі қызметінен кейін Павлодардағы облыстық «Қызыл ту» (Қазіргі «Сарыарқа саламы») газетіне редактор болып барып, сегіз жыл қызмет атқарды. Бас редакторлық қызметте жүріп, очерктерді өте көп жазды және онық очерктері сапалылығымен мақталып, жоғары бағаланып жүрді. Ғалымдар оны «Қазақстанның Овечкині» деп атады. Валентин Овечкин Кеңес Одағының сол кездегі ең атақты очеркші-журналисі болатын. Бұл журналистік шеберлігі оны өрлетіп әкеліп, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болып тағайындалуына негіз болды.

Әзілхан Нұршайықов университеттің филология факультетін бітірсе де журналистік жолды қалады. Ал, негізгі алған білімі бойынша жұмыс істегенде ол мұғалім болар еді. Педагогикалық училищеде алған білімі бар және қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша алған университет білімімен Әзілхан Нұршайықовтан өте жоғары дәрежелі педагог-маман шығады деген болжам жасаған болар едік.

Бірақ, ол осы білімін журналистік қызметте молынан пайдалана білді. Жазған мақалалары мен шығармаларының тәрбиелік мәні зор, үлгі-өнегеге толы екенін шығармаларын алдағы бөлімдерде талдай отырып айтатын боламыз.

Журналист ретінде ол Ұлы Отан Соғысының батырлары Махмет Қайырбаев, Мәлік Ғабдуллин, Мәншүк Мәметова, Төлеген Тоқтаров, тәрізді батырлардың Отан қорғау жолындағы әскери ерліктерін, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Күләй Шарбақбаева, Ділдәш Итбасова сияқты Еңбек ерлерінің бейбіт өмірдегі қарапайым қаһармандық істерін, жаза отырып, баспасөз арқылы жас ұрпақтың тәрбие ісіне мол үлес қосып отырды. Аты аңызға айналған қазақ батыры Бауыржан Момышұлы туралы жазылған сұхбаттары да роман болып жазылмас бұрын баспасөзде жарияланды. Жас ұрпақтың, жастардың, жалпы халықтың батыр туралы шынайы ақпараттар алуына мүмкіндік берді, ерлігіне, шешендігіне, азаматтық тұлғасына, ақсақалдығына тәнті болды. Мектеп мұғалімдері мен оқытушылар тәрбие жұмыстары үшін пайдаланды. Негізі, педагогтар баспасөзде шыққан материалдарды тәрбие жұмысын жүргізуге тұрақты пайдаланады. Нақты ақпараттар беруде, жеке тұлғалардың үлгілік бейнесін сомдауда, өмірі мен еңбегін насихаттау үшін дұрыс мағлұматтар беруде баспасөздің педагогика ғылымына қосар үлесі зор. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Әзілхан Нұршайықов – баспасөз педагогикасының негізін салушылардың бірегейі. Ол өз кейіпкерлері арқылы қанша қазақ баласын ерлікке, батырлыққа, отаншылдыққа үндеді, еңбекті сүюге, еңбекқор болуға шақырды. Тәрбиенің осындай екі бағытында жазылған журналистік шығармалары – ұрпақ тәрбиесінің тамаша құралдары. Бұл, әрине, дербес зерттеуді қажет етін тақырып болуы мүмкін.

Төртінші кезең – Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығы толысып, оқырмандарын тапқан, айтар ойы мен жазатын тақырыптары айқындалған, кемелденген жазушылық кезеңі. Әзілхан Нұршайықовтың жазушылық әлеуеті және оның шығармаларындағы көркемдік ерекшеліктер туралы М.Дүйсенов, Т. Кәкішев, С. Қирабаев, М.Әлімбаев, Р.Тұрысбек, т.б. белгілі әдебиеттанушы ғалымдар мен көптеген замандастары мақалалар жазды, пікірлерін білдірді.

Журналист Ә.Нұршайықовтың өмірдің бірнеше сатысынан өтіп жеткен кезеңі оны жаңа қырынан ашты, атақ пен даңққа бөледі. Журналистика саласында жүріп өзіне таныс әңгімелерді ауызша майын тамыза әңгімелегендіктен, тыңдаушылары, көбінесе шығармашылық адамдары «бұл қағазға түскен бе» деп жиі сұрайтын. Ол аталмыш сюжеттерді өзім жазуым керек деп шешті.

Осылайша, ол журналистік мамандығымен қатар, жазушылық қызметті қатар атқарды. Мұның әрине, өз қиындығы бар. Ол жөніндегі жазушының «Мен журналист-жазушымын. Өмір бойы кеңседе қызмет істеп келемін. Профессионал жазушылардың журналист-жазушылардан артықшылығы олар кеңседе қызмет істемейді, үйлерінде жатады, тек қана творчествомен шұғылданады. Ондай мүмкіншілігім болмағандықтан, мен кесек деген көркем шығармаларымды тек қана жыл сайынғы кезекті демалысымды алғанда жазатынмын. Осылай етіп мен бір жылғы демалысымда «Махаббат жыры» деген алғашқы повесімді аяқтадым. Одан кейінгі екі демалысым «Ботакөз», «Әсем» деген шағын повестерге жұмсалды...» (Автопортрет 75-б.) деген сөзі дәлел бола алады.

Ол жазушылыққа 30 жылдық журналистік қызметі арқылы үлкен тәжірибе мектебінен өтіп келді. Ол мектеп бұл шәкіртін тәртіптілікке, еңбекшілдікке, іскерлікке баулыды. Азаматтық тұрғыдан қалыптастырып, адалдық пен әділдікке үйретті. Идея жағынан да позитивті бағыт берді, шыңдады, шынықтырды.

М.Әуезовтың көптеген жазушылардың ұстазы болғандығын білеміз.  
Ә. Нұршайықов та бұл дәстүрлі мектептен өте білді. «Әуезовтың үйіне бір кіріп шыққан мен осынша жігер, шабыт алдым, ал осы үйге күн сайын келіп Мұхаңмен жүздесіп, сөйлесіп, ақыл-кеңес алып жүрген адамдар қандай бақытты еді!»  -  деймін өзімнен-өзім күбірлеп. Әуезовтің үйінен мен сан алуан сезім арқалап шықтым. Жазушының парасаты, білгірлігі, адамды үлкен-кішіге бөлмей, қадірлеп-құрметтеуі, сыпайылығы, әр сөзімен жаныңа қанат бітіретін қасиеті – бәрі-бәрі маған алуан түрлі жыр оқығандай әсер етті» (Боздақтар. 72- б.) - деген қанаттанған сөзі және «Жастайымнан ана тіліміздің айшықты өрнектерін үйретіп, ой мен сезімнің терең иірімдерінен тынбастан сабақ беріп келе жатқан Ғабеңе (Ғабит Мүсіреповке), шәкірттік інілік ізетпен, шексіз сүйіспеншілікпен» деген қолтаңбасы арқылы да оның жазушы болып қалыптасуына ықпал еткен мықты факторлардың бірі – С.Мұқанов, М. Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, М. Иманжанов сынды алдыңғы толқын аға жазушылармен шығармашылық байланыста болуы.

Демек, Ә. Нұршайықов жазушылық шығармашылыққа өзінің ресми журналист-тілші, редакторлық мамандығын атқарып жүріп қалыптасты. Павлодар облысында қызметте жүргенде Алматыдағы жазушы Мұқан Иманжановтың азаматтық көмегі мен достық пейілі арқылы Ә. Нұршайықов өзін жазушылық өмірге бірте-бірте бейімдей берді. Жазушы М. Иманжанов пен екеуінің достығы, адами сыйластығы, шығармашыл тұлғалар ретіндегі мәселе талқылауы – өз алдына үлкен тақырып.

Әзілхан Нұршайықов өзін үлкен шығармашылыққа жетелеп әкелген достық, ағалық қамқорлығы үшін Мұқан Иманжановтың өмірі мен шығармашылығынан «Қаламгер және оның достары» деген эпистолярлық роман жазып, әдебиетке ғана емес, ол достықты, адамгершілікті, мәдениет пен әдепті тәрбиеліліктің жоғары деңгейі ретінде көрсетіп, педагогикалық шеберлікті шыңдауға қажетті еңбек қалдырды. Себебі, бұл кітапта педагогикалық идеялары ғылыми дәлелденген М. Әлімбаев, педагог, әдебиетші, ғалымдар З. Қабдолов пен С. Қирабаев жөнінде де көптеген шынайы деректер мен мағлұматтар бар.

Ә. Нұршайықовтың жазушылық кеңістігіндегі қамтыған тақырыптары адамзат үшін әрқашан өзекті мәселе: достық, махаббат, адамгершілік, тазалық пен адалдық төңірегінде болды Сонымен қатар, Ұлы Отан Соғысына қатысқан бұрынғы жауынгер, қазіргі ардагер Отанды сүю, ерлік пен батырлықты үлгі ету мәселесін де басты қағида еткен. Сондай-ақ, еңбек адамдарының ауыр тірлік жолындағы жан аямас ерлігі мен өзіне қойған қатаң талабын – еңбекқорлығын да өз очерктерінде оқырмандарына шебер де сенімді жеткізе білді.

Оның қаламгер ретінде халқына қалдырған көлемді туындыларының бірегейі саналатын еңбектері:

  • «Махабббат жыры»;
  • «Махаббат, қызық мол жылдар»;
  • «Ақиқат пен аңыз»;
  • «Автопортрет»;
  • «Өмір өрнектері»;
  • «Қаламгер және оның достары»;
  • «Халима»;
  • «Мәңгілік махабббат жыры»;
  • Балаларға арналған «Батырдың өмірі», «Алтын соқпақ» және т.б.

Жазушының өмірінің екінші кезеңінен (1945 ж.) соң, соғыстан қайтып келе жатып еліне бармай, жолдан Алматыда қалып оқуға түсуі, елде оны күтіп отырған әке-шеше, аға-бауырдың жоқтығынан болатын. Ол мүлде жалғыз қалды. Артынан келер көмектің болмауы оның студенттік өмірін қиындатты. Осындай жағдайда оқуды тастап кетпек те болды. Бірақ, соғыстан келген азаматты студент-қыздар қамқорлай білді. Оқуды тастап кетпей бітіруіме көмек  жасағаны үшін, мен өзімді бірге оқыған қыздарға қарыздар сезіндім. Сол қыздарға деген қарызымды қайтару мақсатында осы «Махаббат, қызық мол жылдар» романы туды дейді. 1970 жылы жарық көрген романның жалпы оқырманға қабылдануы ерекше құбылыс болды.

Жазушы осының алдында оншақты кітабы жарық көргенімен, бұрынғы кітаптары бойынша оқырмандардан хат алмаған болатын. 1970 жылдың соңын ала шыққан бұл кітапқа оқырмандардан соншалықты көп хат келеді. Алғашқы 3-4 оқырманға жауап қайтарғанымен, бәріне жауап қайтару мүмкін болмайды. 1971 жылдың наурыз айында жазушы «Жүз хатқа жауап» атты романның оқырмандарына газет арқылы жауап беремін деп шешті. Бұл да жазушының жеке мұрағатындағы күнделіктерінен орын алған.

Жалпы, жазушы «Махаббат, қызық мол жылдар» атты романы үшін оқырмандардан мыңнан астам хат алады. Хаттың бәрі дерлік романды ұнатқанын және оның осы заманның жастарына берер тәрбиелік мәнін айтып отырған. Оны нақты мысалдармен де жазушы «Автопортрет», «Өмір өрнектері» атты кітаптарына енген сұхбаттарында, күнделік-естеліктерінде жеткізе білді.

1971 жылы жазушы жүрек ауруына  ұшырап, ауруханаға түседі. Сол кездері  оның дертінен сауығуына оқырмандардан  келген хаттар рухани дем береді. Және жазушы оқырмандарының қаншалықты көп болғандығын дәлелдейтін бір мысал: ауруханада қасында жатқан Батырбай деген жігіттің жұбайы Сағынкүл «Сіздің кітабыңызды төменде бір әйел оқып жатыр екен. Кітап соншалықты тозып кетіпті, көп адам оқыған екен, ұнатқан жерлерін сызып, тіпті сыртқы мұқабасына дейін жазып аты-жөндерін қалдырыпты» дейді. Келіншек жазушыға сол кітапты жеткізеді.

Жазушы асықпай оқып, кітап бетіне із қалдырған оқырмандарын өз күнделігіне түсірген. Оқырмандардың дені жастар, өздері оқитын оқу орындарын қоса көрсеткен екен. Кітапқа отыз оқырман қолтаңба қалдырған. Жазушы тіпті кейбіреуін әкесінің аты мен фамилиясынан Павлодардағы ескі бір танысының қызы екендігін пайымдайды. Біз де сол тізімді зерделей отырып, сол кезеңдерде студент болған, қазір Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы, экономика және сервис факультетінің деканы Шуақбай Заманбековтың аты-жөнін кездестірдік. Сондай-ақ, Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогика училищесінде өткен осы роман бойынша кітап оқушылар конференциясында сұрақ қойған, пікір білдірген қыздардың ішінде сол кездегі студент – қазіргі педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрғынбаева Ботагүлдің аты-жөні бар екен. Бұл – жазушының өмірдегі дәлдік пен нақтылықты сақтай білетіндігінің, бағалай білетіндігінің дәлелі және сол кітапты оқушылардың да өмірден өз орнын тапқан жандар болғандығының айғағы іспеттес.

Информация о работе Әзілхан Нұршайықов шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік идеялар