Автор работы: Пользователь скрыл имя, 19 Марта 2014 в 12:35, дипломная работа
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Бұл зерттеу жұмысында Н.Ә.Назарбаевтың публицистикасына талдау жасалады, сондай-ақ тұңғыш елбасының ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымдары қазақ және шетел публицистерінің көзімен қалай бағаланатындығы баспасөз беттерінде жарық көрген материалдар негізінде айқындалады.
Тақырыптың өзектілігі. Н.Назарбаев публицистикасы тәуелсіз қазақ елінің тарихын түзуде, егемен елдің тәуелсіз тарихына баға беруде таптырмас дерек көзі. Назарбаев публицистикасы ғылыми түрде сараланбағанын ескерсек, бұл тақырып автордың жеке еңбектері мен Елбасының саяси ұстанымдары жайында жарияланған БАҚ материалдарын ғылыми тұрғыдан талдауымен өзекті.
КІРІСПЕ.......................................................................................................................3
І ТАРАУ. ХХ ҒАСЫР АЯҒЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ САЯСИ ЭЛИТАСЫ
1.1. БАҚ: Н.Ә. Назарбаевтың қайта құру жылдарындағы саяси-әлеуметтік қызметі..........................................................................................................................9
1.2. Баспасөз Н.Ә. Назарбаевтың экономиканы, жаңа тұрпаттағы халықтық демократияны реформалау қадамдары...................................................................12
1.3. Ұлттық ғылым және мәдениет мәселелері Н.Ә. Назарбаев көсемсөзінде...............................................................................................................22
ІІ ТАРАУ. ПРЕЗИДЕНТ НАЗАРБАЕВТЫҢ САЯСИ ЖӘНЕ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ҰСТАНЫМЫ
2.1 Қазақстан және шетел баспасөзі президент Н.Ә. Назарбаевтың
ішкі саясаты жайында................................................................................................26
2.2 Н. Ә. Назарбаевтың сыртқы саясатындағы шет елдермен қарым-қатынас парадигмалары............................................................................................................41
2.3 Н.Ә. Назарбаевтың еңбектеріндегі тәуелсіздік стратегиясы...........................54
ҚОРЫТЫНДЫ.........................................................................................................64
СІЛТЕМЕЛЕР ТІЗІМІ............................................................................................67
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР.............................. ..........................................69
Төртiншi кезеңде Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясы қабылданды. «Қазақстан – 2030»: Барлық қазақстандықтардың өсiп-өркендеуi, қауiпсiздiгi және әл-ауқатының жақсаруы: ел Президентiнiң «Қазақстан халқына жолдауы» (1997 жыл) бағдарламасы – ҚР-ның ұзақ мерзiмдiк стратегиялық дамуының тұжырымдамалық негiзi – даму бағыттары және елдiң дамыған елдер тобына шығу жолдары айқындалды.
Бесiншi кезеңде Қазақстан экономикалық өрлеу жолына түстi. ҚР дамуының 1998 – 2000 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын iске асырудың оң тәжiрибесi бюджеттiк-қаржылық өзара iс-қимыл мен реттеудiң жаңа қағидаларына негiз қалады, оның серпiнi мына мақсаттармен айқындалды: 2000 – 2002 жылдары орталық және жергiлiктi атқарушы органдар арасында қаржы-экономикалық мiндеттердi бөлiсу; 2001 жылдан бастап елдiң экономикалық дамуын жоспарлауға көшу. 2001 жылы негiзгi капиталға жұмсалған инвестициялардың көлемі 775,7 млрд. теңгенi құрады, бұл бұрынғы жылдағыдан 21 пайызға көп. 2001 жылы 4 желтоқсанда Президенттiң Жарлығымен «Қазақстан Республикасы дамуының 2010 жылға дейiнгi стратегиялық жоспары» бекiтiлдi. Экономикалық салада ілгерілеу байқалып, халықтың әл-ауқаты жақсара бастады.
Қоғам өмірінде болып жатқан қандай да бір өзгерістер, түйіні күрмеулі түрлі мәселелер публицистикалық шығармалардың өзегіне айналары сөзсіз. Өйткені «публицистика дегенiмiз – заман тарихы, дәуiр тынысы, өмiр шежiресi болғанда да, күнделiктi тiршiлiктiң рухани бейнесi, жанды көрiнiсi...»[4, 5 б].
Президент Н.Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты экономикалық өзгерістер түрлі деңгейдегі басылым беттерінде үздіксіз жарияланып, халық назарына ұсынылып отыруы заңдылық десек, сондай басылымдардың көшін қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті бастап тұрды. Публицистика саласын жіті зерттеген ғалымдар тілімен айтар болсақ, «Егемен Қазақстан» басылымы «Кесек турайтын, ірі сөйлейтін, салиқалы сөз бастап, сабырмен жалғап, солқ еткізер түйінмен тоқталатын шығармалар шоғырын топтастыратын басылым» атанды [4, 1, 8 б]. Бұл басылымда егемен елдің тәуелсіз тарихы түзілді, Елбасы Н.Назарбаев қабылдаған шешімдер осы басылымда жан-жақты сарапталып, мән-маңызы халыққа күні бүгінге дейін жан-жақты түсіндіріліп келеді.
Тәуелсіз елдің күнделікті тыныс-тіршілігі баспасөз бетінде қызу талқыланып, қаламгерлер қауымының назарынан тыс қалған емес. Сондай тақырыптардың бірі – экономика, бұл саладағы түрлі реформалар болды. Нәтижесінде аталмыш тақырыпты сауатты сараптай алатын журналистер легі қалыптаса бастады. Сол көшті бастап тұрған публицистердің бірі – Нұртөре Жүсіп.
Нұртөре Жүсіп нарықтық экономиканы меңгерген алғашқы қазақ публицистерінің бірі атанды. Оның терең де ойлы мақалалары республикадағы кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуына үлкен септігін тигізді. Ол КСРО тарқап, Қазақстан экономикалық дербестік алуға ұмтылып жатқан шақтан бастап-ақ ең бір маңызды мәселені індете көтерген екен. «Қазақстанға валюта қажет пе?» («ЕҚ», 15-наурыз 1991 №62), «Айналып өтуге болмайды» («СҚ» 14-наурыз 1991 № 61), «Бағалар бәсекесі» («ЕҚ» 27-маусым 1991 № 147), «Ақша құйыны» («ЕҚ» 27-мамыр 1992 № 127), «Қазақстанның өз ақшасы бола ма?» («ЕҚ» 15-тамыз 1992)дейтін бірнеше мақаласын атап өткен жөн. Экономика тақырыбын ә дегенде дөңгелетіп әкеткен Н. Жүсіп турасында Д. Досжан мынадай пікір білдіріпті: «Журналист-публицист Нұртөре Жүсіп уақыттың алдына түсіп, көп нәрсені көрегендікпен болжай алыпты. Бұл мың сан жазарманның ішінде екінің біріне бұйыра бермейтін қасиет [5, 13-17 бб].
Сөзіміз дәйекті болуы үшін Н.Жүсіп қаламынан туған бірнеше мақаладан үзінді келтіре кетейік. Мәселен «Социалистік Қазақстанның» 1991 жылғы нөмірінде автор: «Сиқырланған шеңберден» шығу үшін экономикалық реформалардың алтын діңгегін айқындап алу керек» деген пікір білдірсе [6, 1-3 бб], осы тақырыпта жазылған келесі бір мақаласында «1992 жылдың басым бағыттары қандай? Ең қуаныштысы сол – бірінші кезекке ауылды, артта қалған аудандарды дамыту мәселесі қойылған. Одан кейін халық тұтынатын тауарларды молықтыру, экология, нарық қатыныстарын дамыту сияқты басым бағыттар белгіленген. Ешкім тегін ештеме бермейді. Былайша айтқанда, өз күнімізді өзіміз көруіміз қажет. Ал бұл айтуға оңай болғанмен атқаруға келгенде оңай болмайды» деп жазған екен [7, 1-3 бб].
Бұрынғы Кеңес Одағының ыдырауын тездеткен түйіткілдің бірі – 1985 жылғы сәуір пленумының шешімі еді. Ондағы бар болғаны екі сөз – алып империяның іргесін шайқалтуға дейін әкелді. Демократия және жариялылық әсіресе БАҚ-тағы сөз және баспасөз бостандығына жол ашты. БАҚ-тың демократияландырылуы КСРО ыдырағаннан да бұрын басталды.
Қазақ публицистикасының дамуынада да жаңа бір дәуір басталды. Ол – озат ойдың, еркін сөздің дәуірі. Публицистика қоғамдағы маңызды мәселелерді көтергенде ғана, оның әсер ықпалы зор болатындығы белгілі.
90 жылдардағы негізгі тақырыптар:
1) тәуелсіздік
2) Қазақстанның территориялық тұтастығы
3) қоғамды жаңғырту жолдары
4) қазақтардың тарихи
атамекеніне оралу мәселесі
Реформалауды жеке меншіктеуден бастау қажеттігі сол кезеңде өткір қойылды. Осы мәселе турасында Н.Жүсіп те өз пайымын былайша тұжырымдаған екен: «...дәл бүгін өзегі өртеніп, көкірегі күйіп тұрған бір мәселе болса, ол – экономика мәселесі. Әбден шиеленіскен түйінді мәселенің бірі және ең бастысы деуге әбден негіз бар, ол – меншік мәселесі. Республика басшылығы мұны білмей отырған жоқ. Бүкіл реформа атаулының буынды жері жеке меншіктеуде жатыр. Оны қалай болса, солай жүргізу, не болмаса бір сәттік пайда үшін ойластырылмаған әрекеттерге бару үлкен зардаптарға соқтыруы мүмкін. Сондықтан жеке меншіктеу саясатын жете ойластырып, барынша ой таразысына салып барып жүргізу керек» [8, 2 б].
«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мәні терең, тұшымды дүниелердің ішінен қалам қайраткерлері Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың бір-бірімен жазысқан хаттарының мәні айрықша, маңызы да салмақты. Талқыға түскен мәселелердің ішінде елде жүргізіліп жатқан реформалар жайы да тереңінен толғанған, талданған. Газет бетіндегі үнқатысу толғағы жеткен мәселелерді түйреп өтіп, қалың қазақтың көкейінде жүрген сұрақтарды ашық алаңға алып шыққан-ды. Хаттар тізбегіне түрткі болған да, кейін арқауына айналған да елдегі қал-ахуал, қазақ елінің ертеңін толғаған Камал Смайыловтың «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Қазақстан. ХХІ ғасыр» атты мақаласы.
Камал Смайыловтың Шерхан Мұртазаға жазған «Отырып бір ойлансақ» деген тақырыппен жарияланған хаттарының бірінде: «Есеңгіретіп емдеу байыптамасы еркін нарық қатынастары еркін баға режимін тез енгізуді көздеді, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында. – Баға ырықсызданырылатын кездің өзінде ол бірден үш есе көбейеді деп есептелді. Ал шын мәнінде, баға лезде 10 – 12 есеге дейін өсті. Бір жағынан экономистер бірден 4 есе көп қате жіберіп отырса да, аталмыш үлгі күштеп жүзеге асырылды. Тап сол кезден бастап өзгерістерге деген күмәннің қазіргідей өте-мөте күшейіп кетуіне негіз салынды». Президент өткен жолымызда орын алған осындай жағдайға назар аударып, қоғамды революция арқылы өзгерту, реформаны күштеп таңы қарама-қарсы нәтижеге жеткізуі ықтимал екендігін ескертті. «Мен эволюциялық дамуды, қоғамды біртіндеп, жан-жақты дайындап алып барып, реформалауды жақтаймын», – деп тұжырымдайды Елбасы өз ойын. Осы бағытты мықтап ұстанатын болсақ, әлі де кеш емес. Біз де ойланып, бір қарап алсақ артық болмайды», – деп жазады [9, 5-7 бб].
Шерхан Мұртазаның «Сатылмаған не қалды?» деген тақырыппен жарияланған жауап хатында: «Қадірлі Камал! Маған жазған соңғы хатың мен алғашқы «Қазақстан. ХХІ ғасыр» мақалаңның арасы жер мен көктей. Алғашқы мақалаңда сен Күннің көзінен шылым тұтатып тұрғандай асқақ едің. Соңғы хатыңда сен, Камал, періштелер мекендеген Көктен төмендеп, күнәкарлар жайлаған Жердің бетіне жақындаған сыңайлысың. ...Қой саны ойсырап кемуі салдарынан арлығы бір миллионға жуық мал баққан қазақтың жұмыссыз қалғанын анықтапсың. Тіпті бір кезде елу миллион құс өсірілсе, қазір жиырма-ақ миллион қалғанына дейін білесің. Камал мырза, біз екеуміз аса беделді «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде хат жазысқанымызға біраз болды. Бұл екеуміздің жеке басымыздың тіршілігі емес екені бесенеден белгілі. Бірақ осы жазған хаттарымыз аса биік мәртебелі Президенттің назарына түсе ме екен? Үкімет басшысы не ойлайды? Экономикалық саясат, қалай болғанда да сол азаматтың уысында ғой... » деп толғанады [9, 1, 8 б].
Басылым бетінде жарық көрген «Реформа жалаң мақсат емес» деген хатында Камал Смайылов: «Екеуміздің беделді «Егемен Қазақстан» бетіндегі пікір алысып, ой бөлісуіміздің мақсаты жеке басымыздың тіршілігі емес екені, иә, белгілі. Екеуміздің хат алысуымыз бүгінгі журналистикада соны көрініс болып, жұрт назарын аударыпты. Кездескендердің бәрі «Шерхан екеуіңнің хаттарыңды оқып жатырмыз. Жалғастыра беріңдер», – дейді. Иә, әңгіменің басы да, өзегі де экономика ғой, сол экономикадағы реформа. Менің бұл мәселелдерді көбірек қозғағаным да осыдан. Реформа қиын жүріп жатыр. Біз екі-үш жылда макроэкономикаға баса көңіл бөлдік те, қалай болса да инфляцияны тұншықтырамыз дедік. Сол жолда біраз нәтижеге де ие болдық. Теңгеміз доллардың ырқына берілмей, тұғырынан таймай тұр. Бірақ қандай нарықты (оны түрік маманы «базар экономикасы» деген дұрыс деді) шаруа болса да ақшадан ақша жасау деген сайып келгенде, Шерхан, өзіңді де, өзгені де алдау секілді. Ақшаның көзі – нақты өнім, бұйым, тағам, ал олардың көзі – өндіріс. Мен осы біздің басшылардың, әкімдердің сөзінен «өндіріс» деген сөзді естімеймін. Бәрі ақшаны айтады. Ал өндіріс түзелмей ештеңе де оңалмайды» – деп өзіндік көзқарасын одан ары дәйектей түседі.
Хаттардан қос публицистің Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен қолға алынған реформаларға қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, Жолдауға үн қатысып, онда айтылған пікірлерге пікір қосып отырғандарын бағамдауға болады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін хаттан мына бір жолдарға назар аударалық: «Жақында жарияланған Жолдауында Президент Н.Назарбаев еліміз тәуелсіздік алғаннан бері өткен бес жылда мемлекеттік-саяси және халықаралық өмірімізде күрт өзгерістер, жаңалықтар болғанын айтып, жақын болашаққа көз тастап, зер салады. Менің жоғарыда айтқанымдай, макроэкономика саласы, ақша-қаражат жағдайы біраз реттеле бастаған. Сонымен қатар Елбасы басымыздан кешіріп отырған қиын жағдайға ойлана талдау жасайды. Сыртқы және ішкі саясат салаларына қарағанда экономиканың халі ауырлап тұрғанын ашып айтады. Сол реформаның қолма-қол нәтижелерін халықтың сезіне алмай келе жатқанын айта келіп, «Осының өзі реформаға деген жақтырмаушылық сезімін туғызып, мемлекетке деген сенімге нұқсан келтіріп отыр», – дейді. Келе жатқан жаңа, 1997 жылдың да оңай болмайтынын, қалай дегенде бұрынғы жылдардан жеңіл соқпайтынын сеземіз. Дегенмен кейбір жаңалық-жақсылық нышандарының көріне бастағанына ішіміз жылиды. Ол үшін инфляцияны айына 2,5-3 пайыздан асырмай, соған орай несиенің өсімін де пайызбен көбейтпей, сөйтіп барып тоқтап тұрған кәсіпорындарына несие қаржы бөліп, оларда айналмалы қаражат құрауға, сөйтіп өндірісті жандандыруға жағдай жасау – бүгінгі басты жұмыс», – деген ой тұжырымдалады.
«Міне, біздің «ғашығымыз!» Реформа! Біртүрлі қызық «махаббат». Ғашығымыз аяусыз алдап жүрген сияқты. Ал сен болсаң, реформа жалаң мақсат емес дейсің. Мақсат жаман емес. Іс қайда? Мақсатқа жету үшін, тәуелсіздікті қорғап қалуға іс керек, қимыл керек, әрекет керек. Іс те бар, қимыл да бар, әрекет те бар. Бірақ оның бәрі реформа мақсаты үшін емес... Әркімнің қарақан басы үшін. Экономиканы реформалау үшін алдымен сананы реформалау керек екен ғой» деген кесек ой тастайды ортаға «Тәуелсіздік біреу. Бәріміз соған тіреу болуға жараймыз ба?» деген жауап хатында Шерхан Мұртаза.
Камал Смайылов кезекті хаттарының бірінде: «...халықтың осындай қиындап бара жатқан ауыр халін үкімет басшылары көрмейді деуге болмайды. Олар біледі, жақсарғанын тілейді. Бірақ қазір ол қолдан келмей отыр, өйткені нарықтық экономика ырыққа көнбей кетті. Бар мәселе осыдан ғой», – деп ой түйіндейді.
Қаламы қарымды қаламгердің мына бір хаты да көңіл аударарлық. Онда: «жақындағы Президент Жолдауында, Шерхан, біздің осы «Егемен Қазақстан» бетінде бір жарым жыл жариялаған хаттарымызда көтерілген мәселелдердің бәрі аталған. Ойларымыз дөп түскен. Сен «қойыңды алдырып, қораңды енді-енді жабатын сияқтысың», – дейсің. Біз бұл жағдайды бұрын жазбай, айтпай жүрміз бе? Өтпелі кезең өткен жоқ. Ол әлі созылады. Алдырған «қойымыз» да аз емес. Бүгінгі елдің хал-жағдайын айтып Елбасы: «өндіріс қысқарып, барады, жұмыссыздық пен қылмыс үрей туғызады, кедейлік пен қайыршылық өріс алуда», – деді ғой. Осыдан артық ашық та ащы айтуға бола ма? Біз әлі де 3 – 4 жыл дәл қазіргідей қаржы қыспағында боламыз деді. Демек, халықтың халі әлі де ауырлай түседі. Иә, Шерхан, бәрін айтуға, бәрін жазуға болады. Бір жағынан ойлайсың, осы біздің шаруаны біреу түзеп бермейді. Өзіміз бұздық, өзіміз түзетіп алуымыз керек. Бізді осы жолға итермелеген, зорлап апарған ешкім жоқ. Осы жолды, ауыр реформаны қалап алған өзіміз, байлық та, билік те қолымызда, ал шаруа болмай жатыр. Өз тізгінін өзі ұстаған тәуелсіз ел ешкімнің айтқанымен жүрмейді. Адасса да жолды өзі іздейді. Демек қателессек те, өзімін кінәлі» дейді.
К.Қамзин публицистикалық шығармалардың негізгі атқаратын міндетін сөз еткенде «Көсемсөз шығармалары қай дәуірде, қай қоғамдық формацияда болсын, қай билеушінің тұсында болмасын, өзінің ақпараттық, насихаттық, ағартушылық, ғылыми-танымдық, идеологиялық, тәрбиелік, рекреативтік және реттемелік-ұйымдастырушылық қызметтерінен көз жазған емес. Оған шешен-сөздің, сөз өнерінің, көпшілікке қарата айтылған нығметті сөздердің әсер етуші-лік, психомоторикалық қауқарын және қосыңыз», – деп жазады қазақ публиц-истикасы жанрларының даму үдерісіне арналған сүбелі еңбегінде [10, 5 б].
Публицистика – дәуір үні десек, Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың хаттары да дәуір үніне үн қосты. Қоғамдық пікірді бір арнаға бұрып қана қоймай, қоғамды дүр сілкіндіріп, оның алға қадам басуына ықпал еткені анық. Ел тағдыры арқау болған хаттар арқылы қос қаламгер қазақтың жоғын жоқтап, мұңын айтты, нұсқау берді, пайымдаулар жасады. Нәтижесіз деуге болмайды.
Қауқары мықты көсемсөз арқылы Шерхан Мұртаза мен Камал Смайылов сынды қос публицист бір-біріне қарата отырып халыққа, халыққа қарата отырып басшыға ой салады.
«Егемен Қазақстанның» 1997 жылғы қазан айында жарық көрген сандарының біріндегі «Бай. Орташа. Кедей» деген тақырыпқа өзек болған мәселе Қазақстан Президентінің Жолдауы. Осы хатта Шерхан Мұртаза: «Камал, біз екеуміз «Егемен Қазақстан» бетінде хат жазысқалы бір жарым жыл болыпты. Сонда бұл еріккеннің ермегі емес қой. Сенің әрбір хатыңа жауап жазып, уақыт кетіріп, қиналғанша, бір көркем әңгіме жазсам, әрине, өз басыма тиімдірек болар еді. Ал бірақ мына хаттар дәл бүгін халыққа қажет екеніне көзім жете бастады. Оған редакцияға оқырмандардан келіп түсіп жатқан ондаған, жүздеген пікірлер куә. Олар бізді қолдайды, қуаттайды, растайды. Демек, еңбегіміз еш кетпегені. Ал енді осы хаттар қыран биігіне көтеріліп, Қазақстан атты алып мемлекеттің бейнесіне көз салып, халыққа Жолдау жіберіп отырағн Президенттің қанатына қауырсын қосты ма, жоқ па? Меніңше, қосқан сияқты», – деп жазыпты.
Хаттардан қос публицистің Елбасы Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатына байланысты өзіндік көзқарастарын білдіріп, келісетін тұстарын ерекше атап өтіп, келіспейтін тұстарын кесіп айтқандарын бағамдауға болады.
Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асқан экономикалық реформалар басылым беттерінде кеңінен талқыланды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жарық көрген жарияланымдарда сол экономикалық реформалардың табысқа кенелтетіндігіне сенуден күмәндану басым болды. Мәселен, «Независимая газета» басылымының 1994 жылғы мамыр айында жарық көрген сандарының біріндегі мақалада «... қазіргі экономикалық саясат сақталған жағдайда, деп болжайды ресейлік сарапшылар, Қазақстанды таяу болашақта гиперинфляция, дәлірек айтқанда – ұлттық валютаның күйреуі мен жалпы қаржы-экономика апаты күтіп тұр. ... өлім қаупі алдағы жылдың наурызынан кешікпей келеді». Мұндай жарияланымдарды көптеп келтіруге болады. Алайда қазақ басылымдарында нарықтық экономиканың мән-жайын түсіндіріп, қарапайым халыққа түсінікті тілде жеткізуді мұрат тұтып, мақсат үдесінен шыққан басылымдарды атап өтуге болады.