Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Сентября 2013 в 11:42, дипломная работа
Кез келген қоғамның тарихи дамуы мен өркендеуі сол елдің өнері мен мәдениетіне тікелей байланысты. Оған дүниежүзілік деңгейге кеңінен танымал біртуар туындыларымен өз отандарын әлемге паш еткен Леонардо да Винчи, Микеланджело, Пабло Пикассо, Ә.Қастеев сынды тағы басқа құдіретті өнер иелерінің қас шеберліктері мен атақ даңқтары дәлел.
XX ғасырдың 20-30 жылдары Қазақ бейнелеу өнері шеберлері алғашқы қадамдарын жасады. Жас суретшілер кескіндеме мен графиканың кәсіптік шеберлігін меңгерді. Олар (Н. И. Крутильников, Ә. Қастеев, Ә. Ысмайылов, И. И. Савельев, Б. Сәрсенбаев, Қ. Қожықов, тағы басқа) өздерінің қарапайым мазмұнға құрылған алғашқы еңбектерінде елімізде болып жатқан өзекті өзгерістерді бейнелеуге ұмтылды. 1928 жылы Семейде бейнелеу өнері шығармаларының алғашқы көрмесі ұйымдастырылды. Қазақстан суретшілерінің кәсіптік шеберлікті тез игеруіне сол кездегі одақтас республикалардың, Мәскеу мен Санкт-Петербург шеберлерінің (Б. В. Иогансон, А. А. Дейнека, С. В. Герасимов, А. А. Пластов) тәжірибесі көп көмектесті.
Адамның адамға қызығушылығы. Портрет дегеніміз-модельдің суретшіге сенуі, ал суретшінің модельден жеке адамды, тұлғаны көруі. Осылайша ерекше жағдай тумақ: екі тұлға шынайы қарым-қатынас жасайды. Бұл идеалда ғана. Алайда, ұқсастық проблемасы да бар. Портрет-ерте пайда болған жанр. Бұл адам баласының өзін көруге құмартқандығынан шығар. Әр түрлі ұғымдар да болды. Египттіктер адам жаны бейнеленген портретке ауысады деп ұққан. Суретші шеберлігінің нәтижесінде кейде салынған портреттен сол адамның өмірден көрген азабын, қайғы қасіреті мен бүкіл жүріп өткен өмірін көруге болады.
Портреттің ерекше басты сипаты оның түпнұсқамен ұқсастығы. Адамның сырт бейнесімен қатар, оның ішкі жан дүниесін де сезе білуіміз керек. Адамның сартқы болмыс-бейнесіне қоса, ішкі жан сарайын, мінез-құлқын аша білгенде ғана көрермен шығарманың алдында ұзақ тұрып, сүйсіне қызықтайды. Әсерлі сезімге бөленіп, қиялға беріледі.
Портреттер өзінің сипаты жағынан әр түрлі болады. Сәндік портреттер-адамның сұлулығын, әдемілігін, дәріптеу, оны әсемдік пен сәндікке көрсету. Адамдарды күнделікті өмірде көрсету. Ол интимдік, психологиялық портреттер деп аталады.
Ең жақсы портреттер ұшқыр көңіл-күймен, ондағы кескіннің игілігімен және ақылдың ұлылығымен ғана емес, натураның, табиғаттың көп қырлылығымен және тағдырдың құбылмалығымен тамсандырады. Суретші астан-кестең әсерден көркемсурет ғарышын, өмір ырғағын бейнелеуге тырысады. Әрқашан «Адам бейнесі-ол әрдайым әлем метафорасы және менің бір нәрсеге ықтимал ұмтылысым» деп есептеу қажет.
Суретшінің негізгі және басты міндеті-бояуды, қалам ізін, мәрмәр мен қоланы жанды бейнеге айналдыра білу. Кез-келген картина, оның ішінде портрет те бар, суретшінің жанында көптеген әсерлердің қосылуындағы образдардан туындайды, бояуға да, не мәрмәрға да еш ұқсамайды. Әрбір суретші ішкі сырын сыртқы ортақ тілге «аударумен» айналысады. Интуицияны қосқанда барлық бес сезімге әсер ететін мөлдір де, езгелек образды түс немесе қола тілімен қабылдап, түсіну қажет. Әр дәуірде бейнелеу өнерінің әр түрлі жүйесі жасалынды. Әлемдік бейнелеу өнері процесіне кіретін біздің суретшілер оларды ХХ ғасырда ғана дайын күйінде пайдаланды. Алайда, өзіңдікі туралы айтуға тура келгенімен бұл олардың қызметтерін төмендетпейді. Әрбір тіл оны жақсы сөйлеу үшін қызмет етеді. Ол үшін дарын мен мектеп қажет. Халық айтқандай: «Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын».
Экспозицияны Николай Хлудов 1901 жылы салған «Жас қазақ әйелінің портреті» ашты. Хлудовтың Қазақстанға ХІХ ғасырдың 70 жылдарының соңында келген, этнографикалық экспедицияға қатысқаны, осы жердің табиғатын, жанрлық сахналар мен жергілікті адамдар бейнеленген суреттер мен полотнолардың үлкен бөлігін қалдырғаны белгілі. 1921 жылдан бастап Алматыдағы бірінші көркемсурет студиясын басқарды. Оның барлық жұмысын модельге деген ізгі қарым-қатынасымен ерекшеленбек. Бұл портретте жас та, тартымды әйел мұңая қарап отыр. Суретші оның жүзінеғана зер салып қоймай, айналадағы бүкіл әлемді де зор ықыласпен суреттейді, оның өмірімен сабақтас бұйымдарға көңіл аударады. Бұдан суретшінің шүбәсіз көркем де эстетикалық талғамға ие екендігін көресің. Классика мәдениеті мен суретшінің шеберлігінен жасалған түрлі-түсті гамма модельдің жастығы мен әсемдігін жан-тәнімен суреттейді. Хлудов әсерлі сәтті бергісі келгендігін байқау қиын емес. Сол иығынан желбіреп ұшқындай түңліктің шеті, алды мен жеңдері көп бүрмелі көйлегі бұл-қозғалыстың белгілі: модель бұрылып, суретшіге имене қарағандай [6].
Көп жағдайларда портрет өзінің адамшылдық және эстетикалық мағынасын сақтап, тағы бір атқаратын рөлі-тұрмыстық өмірмен тығыз байланысты: мысалы, сәулет, жиһаз, адамдардың мінезі мен киімі.
Жаңа портреттер жаңа сәнге, стилге, суретшінің өз бағытына және тұтынушының сұранысына сәйкес орындалған. Соған сәйкес бейнеленетін аксессуарлар көлемі жағынан өзгеріп отырды. Оның орны сәнге, таңдалған гамма, интерьердің көлемі, ондағы қабырғаның құрылысы, перделері мен жиһаз, бөлмедегі басқа өнер туындылары, мүсін және графикаға байланысты анықталады.
Реализм (лат. Relіs-заттылық, шындық)-әдебиет пен өнерде өмір құбылыстарын шынайы қалпында, нақтылық белгілерін сақтай отырып, жинақтап бейнелейтін көркемдік әдіс. Реализм әдісі өмір құбылыстарын, маңызды қоғамдық мәселелерді, күнделікті тұрмыстағы сан алуан жайттарды мейлінше кең қамтып, әлеум. қайшылықтарды, адам бейнесін терең ашып көрсетуді мақсат тұтады. Реализмнің өмір шындығын бейнелеудегі әдісі, стильдік формасы алуан түрлі.
Романтизм әдісі көбіне сирек кездесетін ерекше жағдайларға көңіл аударса, реализм айналадағы нақтылы өмір құбылыстарын толық көрсетуді қажет етеді. Реализм болмыстың ең маңызды сипатын сұрыптап, көркем образ арқылы бейнелейді, өмір шындығын анық кескіндейтін образдар жүйесін жасайды. Реализм өмірде үнемі кездесетін нақтылы жағдайларды, адамның іс-әрекеттерін бейнелеуді басты міндет санайды, дегенмен оған алға ұмтылушылық, алыс арманға, асқақ қиялға бойұрушылық мүлде жат деп түсіну дұрыс емес. Алайда реалистік әдістің негізгі ерекшелігі-өмірдегі типтік жағдайларды кеңінен қамтып, қай құбылыстың болсын даралық белгілерін де, жинақталған көптеген құбылыстарға ортақ сипаттарын да нанымды суреттеп, нағыз типтік дәрежедегі көркем образдар, бейнелі тұлғалар жасау. Бейнелеу өнерінде сыншыл реализм XVIII ғасырдан байқалды. Суретшілер шығармаларындағы қарапайым адамдардың күнделікті тіршілігіне үңілу, жекелеген мінезге көңіл аудару, қоғамдағы кертартпа салт-сананы келемеждеу (Францияда Ж.Б. Шарден, Ж.Б. Грез; Англияда У. Хогарт; Германияда Д.Н. Ходовецкий) ағартушылық идеяларының шартына бағындырылды. Реализм әдістерін қалыптастыруда Ф. Гойя шығармалары ерекше орын алды. Ол өз еңбектерінде төңіректі қоршаған дүниенің жанды поэзиясын қалай ашса, әлеум. қайшылықты аяусыз талдауда соншалықты батыл қадам жасады. XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың алғашқы бөлігінде, романтизмнің қалыптасу кезінде бейнелеу өнері (портрет, тұрмыстық жанр мен табиғат көрінісі саласында) реализмге бет бұрды.
Францияда Т. Жерико мен Э. Делакруа өмірдің нақтылы көрінісін бейнелеуге ден қойып, оның шытырман оқиғаға толы тынысын суреттеді. Осы бағыттың әсерінен өз заманының өткір мәселелеріне тереңірек үңілген О. Домьенің шығармалары қалыптасты, Ресейде XIX ғасырдың I-жартысында реализм тенденциясы О.А. Кипренскийдің портреттерінен, А.Г. Венециановтың шаруалар тұрмысы тақырыбына жазылған картиналарынан, С.Ф. Щедриннің пейзаждарынан айқын көрінді [7].
2 ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ БӨЛІМ
2.1. Тақырыптың тарихи анықтамасы
Бейнелеу өнері (ағылш. Visual arts)-дүниені көзбен көріп, түйсіну негізінде бейнелейтін пластикалық өнердің бір саласы. Бейнелеу өнеріне негізінен кескіндеме мүсін, графика жатады. Бейнелеу өнерінің белгілері сәулет өнері, безендіру және қолданбалы өнерде көрініс табуы мүмкін. Сондықтан шартты түрде оларды да бейнелеу өнері қатарына жатқызады. Сондай-ақ, театр, кино, теледидардағы безендіруді, көркем дизайнды да бейнелеу өнері ретінде таниды. Бұл өнердің де негізінде адам, табиғат және заттық әлемді тұтастықта, бірлікте қарастыру жатыр. Бейнелеу өнері дүниені байқау, бақылау, көру нәтижесінде оның көркем бейнесін жасайды. Әр ғасыр, дәуір, кезеңде пайда болған бейнелеу өнерінің туындылары өзіндік бейнелеу жүйесі мен көркемдік үндесудің түрлі типтерін құрайды. Бұл өнер танымдық, құндылық және қарым-қатынастық қызметімен де ерекшеленеді. Уақыттық даму процесі басқа өнер түрлеріне (әдебиет, музыка, театр, кино) қарағанда бейнелеу өнерінде шектеулі, ол негізінен кеңістіктік ауқымымен ерекшеленеді. Суретші өз көзімен көріп, түйсінген шындығын сол сәттегі қалпымен көрсетуге ұмтылады. Өмір құбылыстары типтік жағынан таңдап алынып, заманның тірлік-тынысы жан-жақты көркемдік қуатпен беріледі. Бейнелеу өнерінің көркемдеу құралдарына сурет, түрлі түс, пластика, жарық пен көлеңке, композиция, ырғақ жатады. Шығармалар заттық материалдан дайындалатындықтан оған пәндік, заттық болмыс тән. Бейнелеу өнерінің әр жанры қоршаған әлемнің бейнесін түрліше береді: кескіндеме түрлі түрлі-түсті бояуды, графика түрлі сызықтардың қиылысуын, көлеңке мен жарықтың астасуын, мүсін пластикалық үш өлшемді (биіктік, ендік және аумақтық) пайдаланады. Бейнелеу өнерінің барлық жанрындағы шығармалары мазмұнына қарай монументальді-сәндік және қондырмалы болып екіге бөлінеді. Қондырмалы шығармалар негізінен музейлер, галереялар немесе үй интерьерлерін безендіріп, сол жерлерде орналасады. Монументальді кескіндеме ғимараттардың ішкі қабырғаларында, интерьерде және экстерьерде жазылады. Монументальді мүсін архитектуралық кешендерде, қала көшелері мен алаңдарда, мекеме ғимараттарының қасбеті мен интерьерлерінде орналасады. Шығыс және батыс бейнелеу өнеріне тарихи даму процесі барысында қалыптасқан портрет, пейзаж, натюрморт сияқты жанрлар ортақ.
Бейнелеу өнері тарихы адамзат тарихымен қатар басталған. Көне дәуірден біздің заманымызға дейінгі жер бетінде болған небір өркениет пен мәдениеттің іздері осы өнер арқылы таңбаланып, бізге жеткен. Бейнелеу өнерінің даму жолы шартты түрде бірнеше кезеңге бөлінеді: алғашқы қауымдық өнер, ежелгі дәуір өнері, орта ғасыр өнері, қайта өркендеу дәуірі, жаңа дәуір өнері, қазіргі заманғы өнер. Жер шарының әр аймағындағы ежелгі адамдар тұрағынан Бейнелеу өнерінің алғашқы үлгілері табылған. [Альтамир (Испания), Ласко (Франция), Кимберли (Австралия) үңгірлері]. Қазақстан аумағындағы алғашқы қауымдық өнердің ірі-ірі кешенді түрлері Тамғалыда, Ертіс аңғарында, Орталық Қазақстанда сақталған.
Ежелгі дәуір өнерінің ірі орталығы-Алдыңғы Азиядағы Тигр мен Евфрат өзендерінің аралығы. Біздің заманымыздан бұрын III-I мыңжылдықтарда мұнда шумерліктер мен аккадтықтар мәдениеті, кейінірек Бабыл, Миттани және Ассирия мемлекеттері мәдениеті өркендеді. Мүсін және кескіндеме туындыларымен көркемделген сарайлар мен ғибадатханалар маңызды рөл атқарады. Шумерліктер табынатын биік сатылы мұнара-зиккурат, «құдай үйі», басқа да көптеген ескерткіштер дүниеге келді. Аккад патшалығы кезеңіндегі бейнелеу өнерінің үздік үлгісі-2 метрлік қызыл қыштан жасалған Нарамсин патшаның жеңіс тұғырындағы әскердің тауға көтеріліп бара жатқан сәті қозғалыс пен кеңістікте бейнеленген. Шумерлер мен аккадтықтар мәдениетін біріктірген Бабыл мәдениеті үлкен жетістіктерге жетті. Патша Хаммурапидің (біздің заманымыздан бұрын 1792-50 ж.) заңдар жинағын оқып тұрған сәті ерекше көріністе бейнеленген. Патшаның құдаймен байланысы, патша билігінің жаратушының тікелей қолдауымен болып отырғанын символды түрде бейнелеп көрсеткен. Ассирия өнері барлық көне шығыстық мәдениеттердегідей дінмен өте тығыз байланыстылығына қарамастан мейлінше зайырлы сипатта болды. Ашшурбанипал патша (б.з.б. 668-26 ж.) тұсында кемелдікке жеткен рельефтер патшаның ерлік істерін, аңшылық салтанатының көріністерін бейнелеген суреттерден тұрады. Ашшурбанипалдың Ниневиядағы сарайындағы рельефтер көркемдік қуатымен, ықшамдылығымен, динамикалық ырғағымен, шиеленіскен драмалық мазмұнымен әлемдік бейнелеу өнерінің үздік шығармалары қатарында саналады. Бабыл патшалығының өнері Вавилондағы Навуходоносор ІІ сарайларының зәулімдігі және сән-салтанатымен әйгілі. Онда атақты ассирия патшайымы Семирамида салдырған әйгілі «аспалы бақтар», қабырғалары арыстандардың, жабайы бұқалардың, фантастикалық жануарлардың қаракөк фонға ашық ақ, сары түспен қашалған ғажайып суреттері бар әйгілі «Иштар қақпалары» болған. Бейнелеу өнері Ежелгі Мысырда да (біздің заманымыздан бұрын IV-мыңжылдықтың соңы б.з.б. 341) қарқынды дамыды. Ол дінмен, құдай дәрежесінде дәріптелген перғауындарға табыну ғұрпымен өте тығыз байланысты болды.
Ежелгі Мысыр мәдениетінің классикалық, канондық үлгілері-адам тұлғасының тегістіктегі мүсіндері, монументальділігімен, сымбаттылығымен, зәулімділігімен таң қалдыратын Гизадағы пирамидалар, Карнак, Луксордағы ғибадатханалар кешені, тағы басқа. Ежелгі Мысырдың бейнелеу өнері әлемдік мәдениетке қосылған ірі үлес болып табылады. Эгей мәдениеті (б.з.б 3000-1200 ж.) Жерорта т-нің шығыс бөлігінде, Эгей теңізінің жағалаулары мен аралдарында өркендеді. Оның негізгі орталықтары Крит, Киклада аралдары, Микен, Пилос және Тиринф қалалары болды. Крит-Микен мәдениетінің маңызды сәулет ескерткіші-әйгілі Кносс сарайы бейнелеу өнерінің түрлі жанрын бойына тоғыстырған туынды. Бояуға бай, түрлі түсті суреттер фрескаларымен сарайлардың, қоғамдық ғимараттардың және үйлердің қабырғалары безендірілген. Кносс сарайының фрескалары арасынан криттіктердің шаруашылық өмірінде, діни және мифологиялық түсініктерінде маңызды рөл атқарған бұқаның бейнесі («Акробаттар мен бұқа» фрескасы) ерекшеленеді. Сондай-ақ, оның тамаша фрескалары қатарында «Көгілдір киім киген әйелдер», «Көк түсті дельфиндер мен түрлі-түсті балықтар», «Абыз-балық», тағы басқа бар. Микеннің қабырғаға салынған суреттері де криттік бейнелеу өнерімен ұқсас. Бірақ онда схемашылдық, шарттылық басым. Ежелгі Грекияның бейнелеу өнері Эгей мәдениетінің бай дәстүрлерін жалғастырды. Ол гомерлік кезең, ежелгі өнер кезеңі классика және эллинизм кезеңдері болып бөлінеді. Ежелгі Грекия мәдениеті өзінің даму кезеңін көне грек қала-полистерінің өркендеген кезінде, құлиеленушілік демократия дәуірінде (біздің заманымыздан бұрын V-IV ғ-ларда) басынан кешірді. Грек шеберлерінің шығармашылығы мифологиялық түсініктерге негізделеді. Олар сонымен қатар, болмыс шындығына, дүние-әлемнің үйлесімділігіне деген терең пайымдарға адамның тәни және рухани кемелденуі турасындағы идеяларымен де құнды. Әлемнің үйлесімділігінің өлшемі ретіндегі адам Ежелгі Грекиядағы бейнелеу өнерінің барлық саласына ортақ сарын. Көне грек мәдениетінің гуманистік бастаулары түрлі дәуірлердегі Еуропа бейнелеу өнеріне өте ықпалды фактор ретінде әсер етті.
Ежелгі мүсін өнері, ең алдымен, қола статуэткаларымен, жалаңаш бозбалалар (куростар) мен ұзын киім киген сымбатты қыздардың (кор) мүсіндерімен танымал. Қыш құмыраларды безендіру өнері ерекше дамыды. Ежелгі өнерінің классикалық кезеңінде әлдеқайда шынайылыққа жақын образдар жасалды, адам мүсіні мен сымбатын сомдау жетіле түсті. Біздің заманымыздан бұрын V ғ-дың I-жартысындағы шеберлер ізденісін Мирон аяқтады. Оның «Афина мен Марсий», «Дискобол» атты мүсіндері адам сымбатын аса кемел пластикалық күйде мүсіндеуімен, дене құрылысы мен оның әр қимыл ерекшеліктерін жетік білгендігімен ерекшеленеді. Жалпы адам бейнесін жасауға деген қызығушылық портрет жанрының дамуына ықпал етті. Кереғар болмыс қайшылықтары мен адамның идеалды, рухани және тәни әрекет-ұмтылыстарын мүсіншілер Скопас («Менеда», «Бозбаланың қабірі»), Пракситель («Книдтық Афродитас», «Демалыс кезіндегі қуақы»), Лисипп («Апоксимен», «Демалыс үстіндегі Гермес»), тағы басқа түрлі қырынан бейнеледі. Эллиндік кезең грек мәдениетінің таралу өрісінің кеңейуімен сипатталады. Бұл кезеңнің ең әйгілі туындылары-«Самофракийлік Нике», «Пергам мехрабының фризі», «Милостық Венера», «Лаокоон». Б. з. б. I ғ-дың соңынан бастау алатын Ежелгі Римнің бейнелеу өнері-ежелгі заман мәдениетінің ірі ошақтарының бірі. Ол этрусс мәдениетінің негізінде қалыптасты. Этрусс мәдениетінің таңдаулы хрестоматиялық шығармалары қатарына өлген адамның мүсіні бейнеленген саркофак-құлыптастар, Римнің негізін қалаған Ромул мен Ремді асыраушы Капитолий қаншығының мүсіні жатады. Рим өнеріндегі жетекші орынды портрет жанры алды. Оның пайда болуы да жерлеу рәсімімен байланысты. Марқұмның бетбейнесін балауызға түсіріп, оны құдайлар мүсіндерімен бірге үйде сақтау салты портреттің және қайтыс болған адамның кескін-келбетін дәл көшірудің қатаң дәстүрінің қалыптасуына себепші болды. Әсіресе, әйгілі адамдардың дәлме-дәл жасалған портреттері сақталған (біздің заманымыздан бұрын I ғ-дағы Августің статуясы, император Вителлийдің портреті, тағы басқа). Ежелгі Римдегі бейнелеу өнерінің дамыған саласы қабырғаға аса нәзік шеберлікпен салынған мозаикалар (мысалы, Александр Македонскийдің парсы патшасы Дариймен соғысы бейнеленген мозаика) болып табылады. Ежелгі дәуірдің бейнелеу өнерінде Солтүстік Қара теңіз жағалауының мәдениеті, Урарту мемлекетінің, Үндістанның, Қытайдың, Орталық Азия мемлекеттерінің мәдениеттері секілді ірі мәдениет ошақтары болды. Соғда, Бактрияның, кейін Ахемендер патшалығының бейнелеу өнері сақтардың «жануарлық стилінің» ықпалына ұшыраған жергілікті өнердің бірегей дәстүрлері мен Көне Шығыс өнерінің әдістерін ұштастырды. Грек-Бактрия патшалығы өнерінде эллиндік көркемдік қағидалардың жалғасын табуы байқалады. Сәулет, мүсін, бедерлеу өнері жетіле түсті. Бейнелеу өнерінің ғажайып ескерткіштері Үндістанда біздің заманымыздан бұрын IV-мыңжылдықтан біздің заманымыздан бұрын V ғ-ға дейін жасалды. Үндістан өнері көне дүниенің түрлі мәдениеттерімен тығыз байланысты болды. Одан, сондай-ақ, Орталық Азия мәдениетінің де ықпалы байқалады. Ежелгі Үндістан мәдениетінің орталығы Синдтағы Мохенджо-Даро мен Пенджабтағы Хараппа елді мекендері болды. Ойылып бейнеленген абыз бен еркін де ырғақты қимыл-қозғалыс үстіндегі биші қыз, үшкелбетті құдай, киелі саналған жануарлар-бұғы, буйвол, мүйізтұмсық, піл, тағы басқа мүсіндері жасалу шеберлігімен, пластикалылығымен, санқилылығымен ерекшеленеді. Үндістан мәдениетінің келесі кезеңі бүкіл Ганга жазығына билік жүргізген Магадха мемлекетінде өріс алды. Бұнда брахманизм идеологиясы үстемдік етіп тұрды. Үндістанның бейнелеу өнерінде мыңжылдықтар бойына Брама (жаратушы), Вишну (қорғаушы), Шива (қиратушы) және Индра (патша билігін қолдаушы) бейнелері, түрлі рухтар мен данышпандардың мүсіндері тұрақты кейіпкерлерге айналды. Үндістан өнеріндегі бай, пластикалық, өмірлік күш-қуат пен динамикаға толы образдар Үндістанның мифтері мен аңыздары арқылы дүниенің сұлулығы мен адамға арналған мадақ ретінде қызмет етті. Үндістанда біздің заманымыздан бұрын III ғ-да Ашок патша тұсында кең таралған буддизм мүсіндік рельефтермен безендірілген ғибадатханалардың, мемориалдық құрылыстардың салынуына себепші болды. Аса көрнекті де көркем ескерткіштер ансамблінің бірі-Аджанта ғибадатханалары. Вагхора өзінің сұлу алқабындағы жартастардан қашалған Аджанта ғибадатханаларының (барлығы 29 үңгір) қасбеттері мүсіндермен безендірілген. Будданың сансыз көп мүсіндері қабырғалардың етегіне жағалай тізіліп, олардың арасы оюлармен және Будданың шәкірттері мен серіктерінің бейнелерімен бедерленген. Құжыралардың іші түгелдей монументальді ою-өрнектер мен жазбаларға толы. Аджанта сұңғаты мен мүсіндерінің сән-салтанаты қайран қалдырады [8].