Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Сентября 2013 в 11:42, дипломная работа
Кез келген қоғамның тарихи дамуы мен өркендеуі сол елдің өнері мен мәдениетіне тікелей байланысты. Оған дүниежүзілік деңгейге кеңінен танымал біртуар туындыларымен өз отандарын әлемге паш еткен Леонардо да Винчи, Микеланджело, Пабло Пикассо, Ә.Қастеев сынды тағы басқа құдіретті өнер иелерінің қас шеберліктері мен атақ даңқтары дәлел.
Адамзат мәдениетінің ең бір ежелгі ошақтарының бірі-Ежелгі Қытай өнері (біздің заманымыздан бұрын III ғ-ға дейін). Бұл дәуірдегі өнердің дамуы қалалардың пайда болуымен тығыз байланысты: ғибадатханалар, билеушілер сарайларының құрылысы, тағы басқа. Ежелгі Қытай өнерінің өзіндік стилі рельеф пен өрнекті жазулармен қапталған рәсімдік ыдыстардағы бейнелерден көрініс тапқан. Аңдардың, құстардың қиял-ғажайып мақұлұқтардың бейнелері, қола ыдыстардағы оюлы өрнектер, алтын, малахит және фирузамен безендірілген қабырғалар, нефриттен ойылып жасалған заттар ақсүйектердің жерасты қабірлерінің ішіне асқан көрік берген. Қытай мәдениетінің маңызды кезеңі-б.з.б. XI-III ғасырлардағы Чжоу дәуірі. Б.з.б. I-мыңжылдықта пайда болған діни-философиялық ілімдер-конфуцийлық пен даоизм Қытайдың кейінгі бүкіл мәдениетіне ықпал етті. Осы кезеңде қытай сәулет өнерінің қағидалары қалыптасты, аңшылықтың, егін орағының жанрлық көріністерінен тұратын ыдыстардың безендірілу үлгілері күрделене түсті, қытай бейнелеу өнері үшін классикалық стиль болып табылатын орамаларға тушьпен сурет салу өнері қалыптасты. Ұлы Қытай қорғанының құрылысымен әйгіленетін Цинь дәуірінің (б.з.б. 221-207) өнері көне қытайлықтардың дүниенің құрылымы, әлемдегі елдер туралы түрліше түсініктерін бейнелейді. Оларда шынайы өмірлік бақылаудан туған пайымдаулар мен жүйрік қиял астасып жатыр.
Ортағасырлық бейнелеу өнері деп, әдетте, Батыс және Орталық Еуропа елдері өнерінің ерте және кемелденген кезеңін, Византия мен Ежелгі Ресей өнерін (XVII ғ-ға дейінгі) атайды. Ал Қытай, Жапония, Үндістан, Индонезия, Орталық Азия елдерінде өнердің ортағасырлық үлгісі әлдеқайда ұзағырақ сақталды (XIX ғ-дың 2-жартысына дейін). Орта ғасырлардағы бейнелеу өнерінің дамуында ұлттық ерекшелік ерекше рөл атқарды. Олар кейінен бірегей ұлттық көркемөнер мектептерінің қалыптасуына негіз болды. Бұл кезең өнерінің ортақ ерекшелігі оның дінмен байланысының күшеюі болды. Адам сезімдерінің, уайымы мен ойының күрделілігі бейнелеу өнерінде діни идеялар, діни аңыздар мен хикаялардағы образдар, діни-этикалық нормалар арқылы көрініс тапты. Ортағасырлық батысқа да, шығысқа да руханилықтың заттық болмыстан биіктігін дәріптеу тән. Батыс Еуропа, Византия, Русь, Кавказ, Балканның ортағасырлық өнеріндегі рельефтер, фрескалар, мүсіндер, мозаикалар, шіркеу икондары-барлығы христиандық түсініктің күллі қағидалары мен аңыздарын (адамның жаратылуы, күнә жасауы, бүкіләлемдік су апаты, Ғайса пайғамбар тарихы, ақырзаман және қиямет қайым, тағы басқа) қамтыды. Оларға күнделікті тіршілік сарындары аралас бейнеленген. Тарихи сюжеттерге арналған миниатюра жанры дамыды. Бұл кезең өнеріне ашық бояулардың батыл қолданылуы, контур сызықтардың айқындығы, көбінесе алтынмен әрленген салтанатты фон тән.
Ортағасырлық Үндістан, Индонезия, Қытай, Камбоджа ғибадатханалары, Түркия мен Орта Шығыстың мешіттері еуропалық ғибадатханалардан кем түспейді. Айтылмыш кезеңде Месопатамия, Иран, Үндістан, Орта Азия, Әзербайжан, Түркияда миниатюра жанры қарқынды дамыды, хұснихат жазу өнері шеберліктің биігіне жетті. Шығыстық миниатюраға нәзік те ашық бояу, ою-өрнектің әсемдігі, өмірлік тәжірибеден туған пайымдаулардың айқындылығы, терең діни-философиялық тұспалдау тән. Түрік миниатюрасының өзіндік стилін Сефи, Жәми, Нақши Ахмед, Мұстафа Шелеби секілді шеберлер қалыптастырды. Қолөнер түрлері-өрнекті кілемдер, мата тоқу, металдан жасалған ою-өрнекті бұйымдар жасау, қыш құю, ойылып, шекіліп өрнектелген қару-жарақтар жасау өнері қарқын алды. Шираз, Тебриз, Бағдад, Самарқан, тағы басқа орталықтарда миниатюраның бірегей мектептері пайда болды (XII-XV ғ.). Орта Шығыс миниатюрасының даму шыңы Герат мектебінің өкілі К.Бехзадтың шығармаларынан көрініс тапты. Қиыршығыс бейнелеу өнеріндегі тушьпен, акварельмен, гуашьпен жібек және қағаз орамаларға сурет салу өнері поэтикалылығымен, адам мен табиғатты бейнелеудегі байқампаздығымен, таңғаларлықтай нәзік бейнелеу әдіс-құралдарымен Қытайда, Кореяда, Жапонияда үлкен жетістіктерге жетті. Жапон өнерінің кемелдікке жеткен саласының бірі ағашқа гравюра салу-ксилография болды. Классикалық жапон гравюра өнерінің майталман шеберлері-Китагава Утамаро, Кацусика Хокусай, Андо Хиросигэ, Сидзуки Харунобу және басқалар. Қайта өркендеу-Ренессанс дәуірінің бейнелеу өнері күрт, қуатты өрлеуімен, жаңалықтар спектрінің ауқымдылығымен, жанр түрлерінің, көрнекті шығармашылық тұлғалардың молдығымен белгілі. Әлемдік бейнелеу өнері тарихындағы бұл дәуір Батыс, Орталық және Шығыс Еуропаның көптеген елдерін қамтып, негізінде Ежелгі Грекияның мәдени мұраларына қайта назар аудару, оның гуманистік мұраттарын өзінше қайта жаңғырту үрдісі жатқан зайырлы сипатымен ерекшеленеді. Суретшілер, мүсіншілер, миниатюрашылар шабытының қайнары болған бейнелеу өнерінің реалистік түрі, шынайы өмір бейнесі-Ренессанс дәуірінің негізгі ерекшелігі. Қайта өркендеу дәуірінің бейнелеу өнеріне адам мен әлемді терең тануға ұмтылу, адам ақыл-ойының күші мен мүмкіндіктеріне деген сенім тән. Жасампаздықтың, сұлулық пен шынайы болмыс үйлесімінің ұйтқысы ретіндегі адамның биік бейнесі, табиғаттың объективті заңдылықтарын меңгеру Қайта өркендеу өнеріне бөлекше мағына мен тұтастық дарытты. Еуропалық Қайта өркендеу өнерінің классикалық үлгісі Италия өнері болып табылады (XIII-XVI ғ-лар). Ол ерте, жоғары және кейінгі Қайта өркендеу болып, үш кезеңге бөлінеді. Ерте Қайта өркендеуге тән ерекшелік-бейнелеу өнерінің жергілікті флоренциялық, венециялық, умбрийлық, феррарлық, тағы басқа көркемсурет мектептері аясында дамуы. Оның ең көрнекті өкілдері-Мазаччо, Андреа дель Кастаньо, А.Мантенья, А. де Мессина, Фра Анжелико, Филиппо Липпи, Сандро Боттичелли және тағы басқа. Жоғары Қайта өркендеу дәуірінің өнеріне адамды әлемнің үйлесімді құрылымның өлшемі санаған кемел классикалық, идеалды-асқақ бейнелердің сомдалуы тән.
Көрнекті суреткерлер шығармалары бұл кезең өнеріне ерекше кең тыныс, жан-жақтылық сипат береді. Леонардо да Винчидің картиналарындағы психологизм мен биязы да көтеріңкі леп, Микеланджело Буонаротти сомдаған бейнелердегі драматизм мен қаһармандық рух, Рафаэль де Санти туындыларындағы асқақ үйлесім, Джорджоне мен Тициан кескіндемелеріндегі нәзік сезімталдық және бояулар үндестігі-осыған дәлел. Кейінгі Қайта өркендеу дәуірінде Тициан, Микеланджело, Тинтореттолар шығармашылық ізденістерін одан әрі дамыта түсті. Өнерде адам мен табиғат арасындағы күрделі байланыс пен қоғамдық қатынастарға терең мән, шиеленіскен драматизм жүктеу үрдісі күшейді. Солтүстік және Орталық Еуропа елдерінде қайта өркендеу дәуірі хронологиялық жағынан ғана емес, сондай-ақ, түр, идеалық мазмұн тұрғысынан да бір-бірінен ерекшеленеді. Солтүстік қайта өркендеуі аталған Нидерланд, Германия, Франция бейнелеу өнері готикамен туыстас белгілерімен, белгілі бір ортаның, адам және оның іс-әрекеті, еңбегі, өмір салтының нақты белгілеріне ден қоюымен ерекше. Франция мен Нидерландттың жаңа реалистік өнерінің бастаулары XIV-XV ғасырлар шегінде Бургундияда пайда болды. Бұл кезеңнің белгілі туындылары-ағайынды Лимбургтардың миниатюралары. Неміс қайта өркендеуінің ірі шебері Альбрехт Дюрер (XV—XVI ғасырлар шегі) болып табылады. XV ғ-дағы Нидерланд кескіндеме мектебі (мехрабтық картина, портреттер, миниатюра) солтүстік еуропалық көркемсурет мектептері арасындағы ең бір ықпалдысы болды. Бұл мектептің ірі өкілдері-Ян ван Эйк, Хуго ван дер Гус, Рогир ван дер Вейден. XV-XIV ғасырлар шегінде салынған сатиралық-ғақлиялық, символдың-мистикалық мазмұндағы Х.Босхтың картиналары белгілі. XVII—XVIII ғасырларда Еуропа бейнелеу өнерінің даму процесі күрделенді. Францияда (Ф. де ла Тур, Н. Пуссен, А. Ватто, Ж.Б. Шарден, Ж.О. Фрагонар), Италияда (М. Караваджо, Б. Тьеполо, Дж. Креспи, Ф. Тварди), Испанияда (Эль Греко, Д. Веласкес, Ф. Сурбаран, Б. Мурильо, Ф. Гойя), Фландрияда (П.П.Рубенс, Я.Йорданс, А. ван Дейк, Ф.Снейдерс), Голландияда (Ф.Хальс, Рембрандт, Я.Вермеер), Ұлыбританияда (Дж. Рейнольдс, Т.Гейнсборо, У.Хогарт), Ресейде (Ф.С.Рокотов, Д.Г.Левицкий, В.Л.Боровиковский) ұлттық мектептер қалыптаса бастады. Жанрлар жүйесі нақтыланды. Стильдік белгілері ортақ түрлі көркемдік жүйелер қалыптасты (тұйықталмаған, спиралды, композициялық, динамикалы барокко, қанық суретті, айқын сызықты классицизм, нәзік бояулы сұлу мүсінді, ойнақы табиғатты рококо). XIX ғ-да Америка мен Азия бейнелеу өнерінің ұлттық мектептері қалыптаса бастады. Бұл аймақта реалистік тәжірибе жергілікті көне дәстүрлермен өріле дамып, ерекше өзіндік сипат алды (Үндістан, Жапон, Қытай). Сондай-ақ, еуропалық бейнелеу өнерінің түрленіп дамуына қиыр шығыс елдері, Африка халықтарының алғашқы және көне дәуірдегі өнерлерінің ықпалы болды. Осы кезеңде бейнелеу өнерінде академизм, натурализм, тағы басқа бағыттар пайда болды (Францияда-Т.Жерико, Э.Делакруа, Германияда-К. Д.Фридрих, Ресейде-О.Кипренский, С.Шедрин, К.Брюллов, А.Иванов). Барбизон мектебінің шеберлері ақиқат нәрсені көріп-тану арқылы өмірдің шынайы бейнесін беруге зейін қойды: (Ұлыбританияда Дж. Конетебл, Францияда О.Домье, Ресейде А.Г.Венецианов, П.Федотов). XIX ғасырда француз бейнелеу өнерінде әлемнің табиғилығы мен өзгермелілігін бейнелеуге ұмтылған импрессионизм пайда болды (Э.Мане, К.Моне, О.Ренуар, К.Писсарро, А.Сислей, Э.Дега). XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырда түрлі реалистік және модерндік ағымдар пайда болып, бейнелеу өнерінің даму процесі күрделі де қайшылықты арнаға түсті. Осы кезеңде өзінің қайталанбас шеберлігімен өнерге Ван Гог келді. Өнердің постимпрессионизм (П. Гоген, А. Дерен), фовизм (А. Матисс), кубизм (П. Пикассо, П. Сезанн, Ж. Брак), футуризм (У. Боччони, К. Малевич), дадаизм ( М. Дюшан, Ф. Пикабия, М. Эрност), сюрреализм (С. Дали), неопластицизм (П. Мондриан, Т. ван Дусбюрг), тағы басқа авангарттық бағыттары дамыды. XX ғасырда адамның ішкі әлеміндегі күрделі өзгерістерді барлық қырынан көрсетуге ұмтылыс нәтижесінде түрлі бағыттағы мәңгілік туындылар дүниеге келді. 1910-13 ж. кубизм, экспрессионизм, футуризмнің тармақталуы нәтижесінде абстрактілі өнер (затсыздық) белең алды.
Бейнелеу өнеріндегі түрлі бағыттар негізінде «Стиль» және «Баухауз» тобы, Н.Габоның скульптуралық композициясы, О.Цадкин шығармалары, В.Е.Ташлин конструкциясы, америкалық абстракты экспроссионизм мектебі (Дж. Поллок, М.Тоби), ағылшын мүсіншісі Г.Мура, неміс хеппингін қалыптастырушы Г.Юккер, жапон абстракцияшы И.Ногуги, тағы басқа танымал болды.
XX ғасырдың II-жартысы мен соңында бейнелеу өнерінде концептуалдылық, кинотекалық өнер, перформанс өнері, трансаванград ағымы, тағы басқа пайда болды. Осындай түрлі бағыттар арнасында Д.Джадд, Дан Асаль-Рози, К.Андре, Д.Смит, А.Лоран, Э.Уорхолл, Христо, Д.Боровский, Я.Куосама, А.Кифер, Ф.Клементе, Нам Джун Пэйк және тағы басқа ірі өнер шеберлерінің шығармалары өмірге келді [9].
2.1.1 Кескіндеме түсінігі және оның түрлері
Кескіндеме-бейнелеу өнерінің бір саласы, белгілі бір заттың бетіне (кенеп, ағаш, қағаз, тағы басқа) бояу арқылы салынатын көркем шығармалар атауы. Кескіндеме заттың сыр-сипатын, нәрсе мен кеңістіктің қарым-қатынасын, сәуле мен көлеңкенің құлпырымын үндестіре бейнелейтін көркемдік және танымдық қуатымен ерекшеленеді. Ол көрерменнің сезіміне, ойына әсер ету арқылы эстет. ләззат береді. Кескіндеме туындылары жеке бір тұлғаны, дара көріністі бейнелеп қана қоймай, күрделі сюжетке, оқиғаларға құрылған шытырман соқтығыстарды да бейнелеп, олардың мәнін ашады. Кескіндеме-тақырып аясы кең, көп жанрлы (тұрмыс-салт көріністері, соғыс жанры, хайуанаттар тақырыбы, тағы басқа) өнер саласы. Арналуына, орындалу сипатына, бейнелеріне қарай кескіндеме бірнеше топқа бөлінеді.
Олар:
1) монументті-сәндік кескіндеме (қабырға бетіне, үйдің ішкі төбесіне (плафондар), қабырғасына (панно) салынатын суреттер);
2) қондырғылы кескіндеме-
3) сәндік суреттер
(театр, кино көріністерін, ондағы
киім үлгілерін әсемдейтін суре
2.1.2 Кескіндеме өнері тарихынан мәлімет
Кескіндеменің ежелгі үлгілері палеолит дәуіріне (б.з.б. 40–8-мыңжылдық) саяды (мысалы, Оңтүстік Франциядағы Фон-де-Гэм, Солтүстік Испаниядағы Альтамир үңгірлерінде жартастың бетіне салынған суреттер). Ежелгі дәуір кескіндемесінде жерден шығатын сары, қызыл, қошқыл бояулармен қатар минералдық көк, жасыл бояулар да қолданылған. Ежелгі Шығыс елдері мен Америкада күрделі кескіндеме өнері (құлпытастарды, үйлерді өрнектеу) өркендеді. Көне дүние кескіндемесі архитектура мен мүсінді өзара үндестіре қолданды. Бояу реңдері барған сайын ажарланып, мифологиялық сюжеттермен қатар тұрмыс-салт тақырыптары, тарихи оқиғалар, табиғат көркі бейнеленді, портрет, натюрморттар жасалды. Ғибадатханаларды, үйлерді, қабырғаларды, ұстындарды әшекейлеуге қолданылған монументті-сәндік кескіндеме (Помпей, Геркуланум, Пестум, Қазанлық қалаларында, Қара теңіздің солтүстік жағалауында сақталған) архит. кеңістігі мен формасы жағынан бірте-бірте өзгеріп отырған. Ежелгі дәуір фрескаларының беті жылтыр (мәрмәр ұнтағын араластырған) болып келеді. Ежелгі Грекияда қондырғылы кескіндеме (тақтаға кейде кенепке салынған) пайда болды.
Орта ғасырлардағы Батыс Еуропа, Византия, Русь, Кавказ, Балқан кескіндемесінде рухани, асқақтыққа құрылған діни тақуалық тақырыптар көбірек кездеседі. Бұл дәуірдің кескіндемесі белгілі бір тақырыптың (діни тақырыптар) төңірегінде болғанымен, онда ұлттық діл мен нақты тұрмыс көріністері де бейнеленді (мысалы, Русьте Феофан Гректің, Андрей Рублевтің иконалары мен фрескаларында). Ол кезде кескіндеме нің негізгі түрі фреска (құрғақ, кейде ылғал сылақтың бұдырлы бетіне салынатын кескіндеме) болды. Иконалар мен миниатюралар салуда бейнелеу, құрастыру, бояу, тағы басқа әдістердің қатаң тәртібі сақталған. Қол өнеріне тән мұқияттылықпен жасалған иконалар, қабырға бетіндегі оймыш-әшекейлер, мозайкалар мен витраждар шіркеу сәулетінің біртұтас ансамблін құрады. Б.з. 1-мыңжылдығында Алдыңғы және Орта Азия елдерінде (Үндістан, Қытай, Цейлон) монументтік кескіндеме дамыды. Месопотамия, Иран, Үндістан, Орталық Азия мен Әзербайжан, Түркияда сәндік миниатюра өнері өркендеді. Адам мен табиғаттың келбет, көріністерін соншалық нәзік те терең суреттейтін ашық реңді, қанық бояулы Қиыр Шығыс кескіндемесі (Қытай, Корея, Жапония) дамыды [11].
Қайта өрлеу дәуірінде Батыс Еуропада өмірге жанасымды гуманистік өнер үрдістері қалыптасты. Болмысты шынайы бейнелеуге ден қойған кескіндеменің маңызы артты. XIV ғасырда италиялық суретші Джоттоның кескіндемелері Қайта өрлеу дәуіріндегі біраз өнер үлгілерінен асып түсті. Майлы бояумен салудың жетілген техникасын пайдалану Ян ван Эйктің (Нидерланды) кескіндеме табиғатындағы бар мүмкіншіліктерді аша түсуіне себепші болды. Әсіресе, фреска жанры дамыды, қондырғылы картиналар да сан-салалы тақырыптармен байыды. Дүниенің жарасымын сезіну, өмірдің жеке бір жарқын көріністерін бейнелеу, айрықша тұлғаларды даралау, рухани күштілікті әспеттеу, тән сұлулығымен қатар жан сұлулығын да асқақтата бейнелеу кескіндеменің негізгі мақсатына айналды.