Халық ертегілернің бала дүниетанымын қалыптастырудың маңызы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Марта 2013 в 20:17, диссертация

Описание работы

Халық ертегілерінің бала дүнетанымын қалыптастырудағы маңызы аса зор. Қазақ фольклорындағы ертеден келе жатқан көне жанрлардың бірі - ертегілер. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тараған мол мұра. Оның осы дәуірге дейін жетуі ертекшілермен тығыз байланысты.Халық арасында үлкен беделге ие болған ертекшілер ертегіні шебер орындаған.Жаңадан ертегілік сюжетті тудырып толықтырып отырған. Ертегіден халқымыздың ертеңге деген сенімі мен арман-тілегін, қиялын, даналығын, ғасырлық өмір тәжірибесін көреміз. Ертегінің қай түрін алсақта ол баланың ой-қиял ұшқырлығын күшейтеді, мінез-құлқын, ерік - жігерін қалыптастырады. Сондықтанда ертегіні оқытуда оның жанрлық ерекшелігін ескеріп. тәрбиелік мақсатына айрықша көңіл бөлгеніміз жөн.

Содержание работы

Қиял-ғажайып ертегілері 4

Хайуанат жайындағы ертегілер 10

Салт ертегілері 16

Алдаркөсе 23

Асанқайғы 25

Жиренше 27

Қорқыт 28

Қиял-ғажайып ертегілері 34

Хайуанат жайындағы ертегілер 38
Салт ертегілері 40

Файлы: 1 файл

Халық ертегілернің бала дүниетанымын қалыптастырудың маңызы.docx

— 140.09 Кб (Скачать файл)

 

Хайуанат жайындағы әңгіме аңыздардың бір алуаны осындай болса, мұның екі түрі бар еді. Бірінде  хайуан мінез-құлықтарын дәл хайуанның  өзін суреттеу үшін айтпай, адамдағы мінез-құлыққа  бейне, тұспал, мысқыл есебінде қолданылған. Адамдағы кемдікті, мінді бадырайтып, ұлғайтып, жиренішті етіп көрсету  үшін, сондай сын арқылы жаманшылықпен  алысу үшін мысал етіп алу болған.  

 

Қазақ ертегілерінде, мысалы, әр алуан арыстан, аю, жолбарыс, қасқырлар  бейнесінде қазақтың хан, бай, уәзір, саудагер сияқты көпке залалды, тойымы, тыйымы жоқ, жуан қанқор содырлары әңгіме етіледі ("Түлкінің алдағаны", "Түлкі, түйе, қасқыр, арыстан, бөдене")5. Сонда жаңағы аталған әр алуан жыртқыш аңдар арқылы қанаушы ортаның әр тұлғалы содырларына әр бөлек мінездер беріледі. Бұл алуандас ертегілердің жалғыз қазақта ғана емес, қазақпен аралас көп елдерде бар екені мәлім. Сол ретте, әсіресе қазақ ертегісіне аса мол әсер еткен орыс халқының хайуанаттар жайындағы ертегілері екенін аңғару қиын емес. 

 

Мысалы, бір ғана аңды алғанда, оның ақылсыздау, қорқақтау және қопал, орашолақ мінезді болып келетін  жайы орыс ертегісінде қандай болса, қазақ ертегісінде де және чукот, эскимос, коряк сияқты елдер ертегілерінде  де солайша қалыптанатынын аңғарамыз ("Аю, түлкі, қойшы"6). 

 

Бұл жайлардың барлығы, Ш. Уәлиханов айтқанындай, қазақ сияқты Россия көлеміндегі елдердің барлығының хайуанаттар ертегілерінің көп  әсері болғанын көрсетеді. 

 

Хайуан мінездерін әңгіме етудің екінші бір түрі бар. Олар хайуанды анық хайуан етіп суреттейді. Оның жанды-жансыз дүние арасындағы өз қалпы, кейпімен жүрген шындығын, болмысын адам өз түсінігі арқылы анықтап, айқындап, жетілте көрсетеді. Бұл соңғы түрде де әсерлеп  ұлғайту қосылатын кездер бар. Бірақ  дәл бір түрдегі ұлғайту адамға айна қып көрсету емес, мысқыл емес. Хайуанаттардың ерекше сырына, жұмбақ бітім жайына, өзгеше өмір тәсіліне, жат сырына таңдану болады. 

 

Біз тексеретін бір топ  ертегілерде өзге хайуандар ішінде тағы да қасқыр кездеседі. Бірақ оларда қасқыр өзге елдердің ертегісіндей анық қасқырдың өз бейнесіне жақын  суреттеледі. Ондағы аңның бәрі де ескі үнді жұртының, ескі орыс ертегісінің  ішінде суреттелген аңдарша адам қауымындағы өрескел, қорқау мінездеріне  мысал, аллегория ретінде бейнеленген  болады. Арнаулы бір келеңсіз бітім, тұлғаның қалпында кейіптеледі. Бұл  алуандас мол ертегінің көптен көбі мысқыл ажуаның өзін де еңбек тартыс тәжірибесінен алады. Айналадағы жанды-жансыз дүниеге адамның іс-әрекеті, еңбек  тартыс арқылы қатынасуы адам қауымы мен табиғат арасындағы мысқыл етерлік  ұқсастықты байқатады. 

 

Көп ел ертегілеріндей, қазақта  даталай ертегілерде бірнеше  аң-хайуан бірге жүреді. 

 

Мысалы, қасқыр мен түлкі, қасқыр, аю және түлкі, кейде қасқыр, түлкі, арыстан, түйе аралас жүреді ("Арыстан, қасқыр, түлкі, түйе"7, "Түйе, қасқыр, жолбарыс"8). Бұларды ертегінің әдісінше біріктіретін әңгімелік себеп, мотив - оқыстан кезігу болады. Әрбір аң айнымас мінез иесі болады. Арыстан - әр зорлықтың, асқақ күштің иесі; қасқыр - тойымсыз қомағайлық, жемтік мінез иесі; түлкі - пәле басы және жауырыны жерге тимес, аяр алдамшы, өзінен өзгенің бәріне іші қас, сырты дос болып жүреді. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп, ұшқан құс, жүгірген аңның бәрін мазақ етіп, алдап соғып жүреді. Бұл және әр кезде хайуанаттар жайындағы әңгімелердің күлдіргісі болып араласады. Оған сөйлеген аңның бәрі "түлкі-түкім" деп, айласынан еріксіз именіп, жағына сөйлейді. Өзінше, бір алуан келеңсіз, ақылсыз қара күштің иесі болып аю жүреді. Орыс халқының ертегісіндей, қазақ ертегісінде аю күлкі, масқара болып қалғыш, өрескел бітімде болады. 

 

Момын, жазықсыздан, кең тазалықтан осы хайуандар арасында жүріп  жем болатын түйе бар. Қазақтың бұл  алуандас ертектерінде ("Түлкі, аю, қойшы"9) көбінше қойшы аралас жүреді. Ол кейде түлкіні өзіне серік етіп, аюдай алып күштерді айласыз, қара күшті тәсілмен ұрып жүреді. Түлкі мен адам алдасып айлакестік салыстыратыны да осы қойшы, түлкі, аю әңгімесінде болады. Көптің есесін жеп жүрген түлкі адамнан алданып, өзі жер қабады. 

 

Қазақ ертегісінде түлкіні  алдап жеңетін жалғыз адам емес, кейде елеусіз кішкентай мақұлықта  болады. "Арыстан, қасқыр, түлкі, түйе, бөдене'"10 деген ертегіде: бөденеден басқаның бәрін жеңіп жүрген түлкіні бөдене алдап кетеді. Бөденені түлкі аузына тістеп тұрып, балаларыңды шақыр дегенде, бөдене "маңғыт" деп өзің шақырсаң, балапандарым келеді дейді. Түлкі "маңғыт" деп аузын ашып қалғанда, бөдене "аузыңа саңғыт" деп ұшып жөнеліп, түлкіні мазақ етіп кетеді. 

 

Хайуанат жайындағы осы  алуандас ертегілердің көбі балаларға  арналған күлкі, жеңіл әңгіме болып  та кетеді. Ол: "Құйыршық"11, "Қотыр торғай'"12, "Мақта қыз бен мысық"13, "Шудалы торғай"14, "Күшік пен мысық'"15 сияқты көптеген ертегілер. Құйыршық ғажайып түрде ешкінің құйыршығынан біткен кішкентай бала болады. Ол қасқырды, жолаушыларды, үй иесін - бәрін алдап соғады. Ажалдан қалып, әке-шешесіне келеді. Бұл алуандас ертегілер орыста да бар. "Бармақтай бала" деген ертегі кішкене балаға: "Өз қайратыңа сен, қорғаншақ, жасқаншақ болма, батыл бол, тірлік үшін алысуды үйрен" дегендей үгіттерді танытады. Түйеден адамды оқшау ету, жатырқату емес, батыл табыстыру - қиялы, санасы бар ертегілер. Хайуанат жайында балалар үшін айтылатын қазақ ертегісінің бір алуаны - "Күшік пен мысық", "Қотыр торғай" сияқты кішкене жануарлар жайындағы ертегілер. Ақылсыз күшік, айлакер мысық балаға әр жәндікті, әр кейіпті танытумен бірге, күлкілі, көңілді, баланың өз мінезіндей ойнақы күйде әңгімеленеді. 

 

"Қотыр торғай" ертегісінде  әңгімелік құрылыс жағынан қызық  айтылатын, ерекше түр бар. "Қотыр  торғай" жағымпаз, қотырын ауыртқан  шеңгелге ашуланып, ешкіге шағады. Ол тілін алмаған соң, қасқырға  шағады, одан жылқышыға, оны байға,  байды кемпір шешесіне, шешені  желге шағады. Содан қайтадан  жаңағылар бірін-бірі қуып, ақыры  ешкі кеп шеңгелді жейді. Қотыр  торғайдың кегі қайтады. Дәл  осы алуандас ертегі орыста  да бар. "Ешкі мен жаңғақ" деген ертегі аумаған "Қотыр  торғай". "Ешкі жаңғақ жеуге  кетеді. Теке ешкіні қайырып кел  деп, қасқырды жұмсайды, ол тілін  алмаған соң адамды, одан әрі  аюды жұмсайды. Ақыры әңгіме қайтадан  құлдилап, ертегі кейіпкерлері бірін-бірі  қуып кетіп, ең аяғында ешкі  жаңғақты алып, текесіне қайтады".  

 

Мұндай құрылысы бар ертегілерді  тізбекті (комулятивный) ертегі дейді.  

 

Қазақтың хайуанат жайындағы  ертегісінің тағы бір мол тобы үй хайуандары болады. Айнымас берік, есті дос иттен басқа, тұлпар серік  аттан басқа, "Бозінген"16 сияқты түйе жайындағы әңгіме ботасы өлген інгеннің зар, шерін айтады. "Тепең көкте"17 иелерін байытқан бәйге ат өзгеше әңгімеленеді. Малды білген, оны сүйген қазақ халқы үй хайуандары жөнінде оларды мінезді, есті, мұңды, зарлы етіп, жаны ашып, дос тұтып әңгімелейді. 

 

Әлі түгел жиылып, жіктеліп болмаса да, қазақ халқының хайуанат жайындағы ертегілері осында саналған түрлерінің өзіне қарағанда да, мол  қор екенін танытып тұр. 

 

Әңгімелену ретіндегі  тіл кестесіне қарағанда, бұл  ертегілер қиял-ғажайып ертегілерінен  басқаша келеді. Бұнда хайуанаттарды  бір-бірімен тілдестіру, әңгімелестіру  көп. Әсіресе көп сөйлейтін түлкі, байғыз, қасқыр сияқтылар. Бұлардың өз мінездеріне лайық бір алуан  тіл, сөз беріледі. Ертекшінің шебер  не олақ айтушы екені бұл түрлі  ертекте өте айқын көрініп  тұрады. Шешен айтушының әңгімесінде  түлкілер мәтелдеп, мақалдап та сөйлейді. "Түлкі мен маймыл" ертегісінде  түлкі маймылды "патша қылам" деп алдап, қақпанға түсіреді, балықты  өзі жейді, маймылға "тепкілесең кетпейтін темір бақ қонды" деп ажуалайды, "екі бақ бар - бірі басқа, бірі аяққа қонады" деп, мазағын, аярлығын соншалық шешен, терең  мағыналы сөзбен жеткізеді. Өзге ұсақ жәндіктерден, құстан шыққан сүйікті  заттарды да жаңағыдай шешен, білгір, ділмар етіп сөйлету - қазақ халқының хайуанаттар жөніндегі ертегілерінің  үлкен бір ерекшелігі. Түр байлығымен қатар, әңгімелеген тіл байлығы  бұл топтағы ертегілердің стильдік, көркемдік өзгеше қалпын танытады. Осы ретте қазақтың хайуанат жайындағы  ертегілерінің ішінде үй хайуандары турасындағы ертегілердің орны зор  екенін есте тұту керек. Олар жайындағы  ертегілерде еңбек, тартыс үстінде  адамға қанат - серік болатын малдың жайы өзгеше бағаланады. Сонымен қатар  әр түлік малға қазақ халқының еңбек тәжірибесі ретімен жақсы  танып белгіленген мінез әрекеттері қонымды келеді. Малға еңбек адамының, халықтың сенімі, достығы, сүйеніші аса  көркем әңгімеленеді. Сол жөнінде  және де қазақ халқының тілін байытуға үй хайуанатымен байланысты туған көп-көп  атаулар, ұғымдар, ақындық, образдық, стильдік теңеу сөздер аса мол екенін көреміз.  

 

Салт ертегілері  

 

Жалпы ертегілер тобында  салт ертегілерінің орны өзгеше. Бұлардың арасында феодализм дәуірінің ең ескі болмысынан туған немесе одан арғы тарихтан бұрынғы дәуірлердің  елесін беретін ертегілер бар. Және сонымен қатар кешегі-бергі заман  болмысынан, шындығынан туған, нақтылы  тарихи дәуірлермен нық байланысты көп ертегілер де анық, айқын аңғарылады. Осы ертегі түрінің таптық, қоғамдық мазмұны, идеясы қазақ еңбек елінің тартыс, тағдырының шындығымен байланысқан  күйде өткен ғасырдың 60-жылдарында басталатын, реформадан соңғы дәуірдің ертегілерінде ұштасып, жалғасады. 

 

Салт ертегілерінің қазақ  ауыз әдебиетіндегі ірі өзгешелігі, ерекше қасиеті - бұлардың ең зор, ең мол  мазмұны еңбек халқының тірлік жағдайынан, ауыр халінен туған. Сол себепті  бұл ертегілерде қанаушыларға қарсы  арналған еңбек халқының ызасы, таптық жиреніші аса өткір түрде қалыптанады.  

 

Орыс халқының салт ертегілерінде  патшаға, баринге (мырзаға), саудагерге (купецке), попқа қарсы ертегілер  мол болғанындай, немесе буряттар сияқты қазақ халқының шаруашылық-қоғамдық жағдайларымен жағдайы ұқсас  ұсақ елдердің салт ертегісінде жауыз  хандар, шамандар, ламалар жайындағы  өткір сынға, жиренішке, сықақ-ажуаға толы ертегілер мол болғанындай, қазақта да осы салт ертегілерінің  зор өзгешелігі - сол өзіндегі қанаушылар ортасына аяусыз сын, соққы беруінде. Қазақ ертегілерінде де ханға  қарсы, уәзірге қарсы, байға қарсы, қомағай саудагерлерге қарсы, бақсы-балгер, құшнаштарға, сиқыршы молдаларға қарсы  туған салт ертегілері, сатиралық  ажуа, мысқыл, күлкі әңгімелері көп  екенін көреміз. Бұл ертегілерде  ұзақ заманның тарихтық-дәуірлік ерекшеліктерін көрсете отыратын жағдайлармен қатар, әр уақытта қанаушы таптар адамдарынан  халық адамының ақылы, адамшылығы әлдеқайда  зор, жоғары қасиетті боп келеді. 

 

Салт ертегілерде көбінше  күлкі, ажуа, сайқымазақ, сатира тап  тартысының құралы есебінде қолданылады. Көп салт ертегілерінде еңбекші  шаруаның алдыңғы қатарлы топтарының салт-санасы көрінеді. Бұл ертегілердің осындай тарихтық-қоғамдық өзгеше бағалы мән-мазмұнын ескеруде біз Энгельстің халық кітаптары турасында айтқан келелі пікірін еске аламыз. 

 

"Халық кітаптарының  міндеті күні бойы ауыр жұмыс  істеп, арып-талып қайтқан шаруаның  көңілін көтеру, ойын ояту, ауыр  азабын ұмыттыру, оған өзінің  тастақ даласын исі жұпар аңқыған  гүл бақшасы етіп көрсету болады. Халық кітаптарының міндеті қолөнерші  ұстаның іс дүкенін, жапаланып  жүрген ұста шәкіртінің лашық  үйін жұмақ етіп, олардың жұпыны  әйелдерін таң-тамаша сұлу етіп, патша қызындай етіп көрсету  болады. Сондай-ақ халық кітаптарының  міндеті ... олардың сана-сезімін,  ықылас-жігерін, Отанға деген  махаббатын ояту, оларға өздерінің  күш-қуатын, правосын, бостандығын аңғарту  болады. 

 

Сондықтан, егерде халық  кітаптарына, тегі, олар мейлінше көркем, өткір тілді болу керек деген  талап қойылса, біз осымен қатар  халық кітаптары заман тілегіне жауап берерліктей де болу керек  деген талап қояр едік", - дейді  Энгельс. 

 

Салт ертегілері - қазақ  ертегісінің ең мол түрі. Топталып аталған атынан-ақ бұл ертегілердің тегі, мәні мәлім болғандай. Қиял ертегілері мен хайуанат жайындағы ертегілерден бұл топ мүлде бөлекше, ерекше келеді. Салт ертегіге халық өзінің дүние тануындағы, қоғам тіршілігіндегі, үй тұрмысындағы, бас тірліктегі барлық мұң-мүддесін, тартыс-таласын жиып түйген. Бұл тектес ертегілердің ескісі де көп, бертінде туған жаңасы да мол. Әрине, бұдан да айрықша еске алатын бір  жай бар. Ол салт ертегісінің арасына  халық шығарған үлгілерден басқа, жат  саналы бөтен тап, жау ортаның  патриархалдық феодалдық салт-санамен  тудырған, таратқан ертегілері де болады. Бұрын-сонды қазақ ертегілерін  жинап таратушылар арасында әдейі  сондай үлгілерді дәріптей түсіп, молырақ  үгіттеген жат саналы байшыл-ұлтшыл зерттеушілер болғаны да бар. Сондықтан  енді біз анық халықтық сананы танытатын, еңбек адамының қиялы, еңбек тәжірибесі мен ұғым-нанымын білдіретін ертегілерін  талдап бағалаймыз. 

 

Бұл ертегілердің бір түрлері  көнелік есебінен ескі ұғым-нанымдарды және патриархалдық ортаның халық  санасына еткен кертартпалық әсерін көрсетеді. Бұрынғы қиял ертегілеріне шектес, ұқсас келе отырып, бұндай ертегілердің тағы бір түрлері бертінде шыққандықтан, күндегі өмір, тартысқа өте жақын, аса шебер шыншыл реалистік әңгімелер  болады. Осы алуандас ертегілер құр  ертегі ғана емес, ауызша айтылған шебер  көркем шығарма болып, халық романы, халық повесі, әңгімесі, новелласы  болып та кетеді. Және осы сияқты ертегілерде қоғамдық тартысы, тап  қайшылығы, қанау, зорлық, соған қарсы  еңбек елінің сыны, наразылығы, алыс-тартысы, ұзақ арманы - бәрі де айқын көрінеді. Тегі, барлық ертегілерде қоғам тірлігі, халық мүддесі, зорлық-озбырлық үлкен  сыр болып бөлініп отыратыны  мәлім болса, мына түрдегі ертегілерде  сол жайлар аса айқын шығып, андыздап тұрады. Ончуков жиған орыс ертегілерін  оқып шығып, В.И. Ленин ертегілерді: "Қоғамдық, саясаттық тұрғыдан ұғыну  керек, осы материалдарға сүйене отырып, халықтың арман мен мүддесі  туралы тамаша зерттеу жазуға болады" десе, сол ұлы пікірдің шындығын осы топтағы қазақ ертегілері де анық, айқын дәлелдейді. 

 

Фольклор қай елде, қай  заманда болса да шаруашылық құрылыстың болмысынан және тап тартысының шындығынан туған. Сол тартыстың құралы болудан  арылмайды. Тек қана кейбір фольклор түрінде осы шындық, сол болмыс тартыс түйіні теңеу үлгісімен, бейнелеумен  көрсетіліп, үстірт қараған көзге  айқын көрінбей тұратыны болады. Грек эпосы туралы жазған сөзінде Маркс, орыс ертегісі турасында айтқан пікірінде  Ленин - осы көмескі көрінетін  болмыс шындығын, таптық сырды тереңдеп ашу, бойлап ұғыну қажет екенін айтады.  

Информация о работе Халық ертегілернің бала дүниетанымын қалыптастырудың маңызы