Халық ертегілернің бала дүниетанымын қалыптастырудың маңызы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Марта 2013 в 20:17, диссертация

Описание работы

Халық ертегілерінің бала дүнетанымын қалыптастырудағы маңызы аса зор. Қазақ фольклорындағы ертеден келе жатқан көне жанрлардың бірі - ертегілер. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тараған мол мұра. Оның осы дәуірге дейін жетуі ертекшілермен тығыз байланысты.Халық арасында үлкен беделге ие болған ертекшілер ертегіні шебер орындаған.Жаңадан ертегілік сюжетті тудырып толықтырып отырған. Ертегіден халқымыздың ертеңге деген сенімі мен арман-тілегін, қиялын, даналығын, ғасырлық өмір тәжірибесін көреміз. Ертегінің қай түрін алсақта ол баланың ой-қиял ұшқырлығын күшейтеді, мінез-құлқын, ерік - жігерін қалыптастырады. Сондықтанда ертегіні оқытуда оның жанрлық ерекшелігін ескеріп. тәрбиелік мақсатына айрықша көңіл бөлгеніміз жөн.

Содержание работы

Қиял-ғажайып ертегілері 4

Хайуанат жайындағы ертегілер 10

Салт ертегілері 16

Алдаркөсе 23

Асанқайғы 25

Жиренше 27

Қорқыт 28

Қиял-ғажайып ертегілері 34

Хайуанат жайындағы ертегілер 38
Салт ертегілері 40

Файлы: 1 файл

Халық ертегілернің бала дүниетанымын қалыптастырудың маңызы.docx

— 140.09 Кб (Скачать файл)

 

Жаңағы алғашқы саналған күлдіргі ертектердің өзіне оралсақ, ең алдымен олар жайында байқалатын бір өзгешелік, көбіне ортақ бір  сипат осы. Күлкі оқыстан туған, келте қайырылған тар жердің тәсілі, ұйқы-тұйқысы тәрізді болады. Оқиғалы  тартысы күлкі болғандай, ойда жоқ  күлкі хал көп қимыл-әрекеттер  туғыза келіп, бірінің үстіне бірі қат-қабаттап үйіле, жұмарлана түссе, сонда күлкі  әңгіме жетісе түсіп, күлкісі, қызығы үдей береді. 

 

Сондай, мазмұнға сай құрылыс  жағынан қарағанда, "Тазшаның қырық  ауыз өтірігі" анық күлдіргі ертегілердің ең шебер үлгісі деп атауға татиды. Мұндай күлкіге бейім біткен ерекше жайлардан тыс, бір ауыз сөз жоқ. Өтірікшіге қыз бермек болған хан  сертінің өзі бір әсерленген, дағдыдан тыс хал. Содан басталған тазша  өтірігі: "Мен анамның құрсағында жатқанда, тумаған ту атамның жылқысын бақтым", - деп кетеді. Мұндағы  өтіріктің себебі: ертегінің әдейілеп, нақтылап алған күлкілік мақсатынан туған. Өзі ылғи ғана болмас, иланбас  суреттерге құрылу керек. Және өтірік құр татымсыз емес, аса қызық тапқырлық  бар. Әдейіленген жасанды көркем шығарма болу шарт. Тазша соны түгел  ақтап, адақтап шығады. Ең аяғында  хан әдейі қиын тосқауыл жасап, оқыс сұрақтар береді. Тазша өзге әңгімесін  бұрын ойлап келді, енді мұның  шын өнерлі өтірікші екенін сынау  үшін осы арада, тұтқиылда қысып  көру керек. Сондықтан хан: "Бәйтерегің қысқа шығар", - дегенде, тазша  шұғыл сұраққа іле жауап беріп: "Болса болар, түбінен таңертең ұшқан күйкентай басына кешке  жетіп қонушы еді", - дейді. "Күн  қысқа шығар", - дегенде: "Болса  болар, таңертең қашқан марал кешке  бұзаулаушы еді", - деп тағы да үдеп кетеді. Және осы оқыс сұрақтарға берген жауаптары бұрынғы айтып келе жатқан бастан бергі өтіріктерінен  өзгеріп, ауысып кетпейді. Дәл солардың үлгі, бітіміндей "үйлесімді" болып  бітеді. 

 

Бұл күлдіргі әңгіменің бір  ерекше қасиеті - өзі жан иесінің  бәріне мәлім, бәріне ұғымды көріністерді, жанды, жансыз табиғат көріністерін алады. Солардың болмас, көнбес, қиғаш  суретін тыңдаушының көз алдына өз басының ісімен, қатынасымен байланыстыра айтқанда, еріксіз, өрескел, күлкі күйлер туады. Ұғымдылығы мен күлкілігі  тек қазақ тіршілігінің ерекшелігінен  ғана туған емес, әрі қазақ, әрі  бар адам баласына түгел жетерлік мөлдір айқындығында. 

 

Күлдіргі әңгіме, тегінде, анық шебер құрылса, осындайлық көпке  мәлім, көпке қанық жайдан алыну  керек. Ол үшін күлкілік хал барлық жұрт білетін көптің көз алдындағы  табиғат ішінен алынатыны - халық  күлкісінің бір ерекшелігі, даналығы.  

 

Қазақтағы күлдіргі ертегінің  осы алуандас бір мысалы - "Ши бұт, қағанақ бас, қыл тамақ". Онда да адам өрескел кескінде болғанмен, тағдыры  табиғат көрінісімен байланыстыра алынған. Бұты шидей, басы қуық қағанақтай, тамағы қылдай кісілер әңгіменің  басынан-ақ оқшау тұрпатымен көпке  күлкі болып тұрады. Олардың өрескел  кейпіне қарай ісі мен өлімі  де күлкі, оқыс болады. 

 

Әңгіме өте қысқа, сол  қысқалығы да мазмұнынан туған соншалық түсінікті, заңды тұр. Атына затын  сай келтіретін күлдіргі ертегінің  бір тарауы қайшы халге, контрастқа құрылады. "Қаңбақ шал", "Байбай шал", "Шал сияз" сияқты ертегілерде  шалдың қарттық себебіндегі әлсіздігі  алынса, сонымен қатар тапқыр, айлакер, қулығы алынады. Әрі әлсіз, әрі өзі  ақылды, сол ақылдылығымен мықты  болған қайшылық күйі бұл алуандас әңгімені де өткір күлкі етіп шығарады.  

 

Қаңбақтай қураған шалға  алып дәумен шайқасуға тура келеді. Қаңбақтай шал дәуден күш асырған  болып, жердің ішегін теуіп шығарады. Түлкіні алдайды. Үш дәу бірігіп  көп алыспақ болғанда, "жоғарғы  дәудің басын ас, төменгі дәудің төсін ас, ортаншы дәудің өзін ас" деп айламен үркітіп, қу болып  саналады. Қаңбақ шал қысылған шағында  айла мен өтірікті еппен құрал  етеді. Мұндайлық өтірікке құрылған әңгіменің сөз кестесі де соған  бейім, сай келеді. 

 

Күлдіргі ертегілердің ендігі бір алуаны "Ұр тоқпақ" сияқты жансыз, елеусіз заттардың ойда жоқ, қырғын-қызық өрескел әрекетіне  құрылады. Бұған "піс қазан", "бас  ноқат", "шырт ноқат" деген сияқты ойда жоқ оқыс күлкі туғызатын  заттар халдері мен істері де қосымша  мысал болады. Күлдіргі ертегінің  бұл түрінде адам ықтияры, асыл қайраты  көп іс өндірмейді. Адам не күлкі, не күшті күйге ауысса, жаңағы тілсіз заттарға ертегі бітірген ерекше қуат, сыр арқылы ауысады. Сол заттар істейтін оқыс істер болмаса, бұл ертегілердегі  жеке адамның, үй ішінің қоғамның тіршілігінен әңгімеленетін хал-жайдың бәрі салттағы, күнделікті шындық, болмыстың өзінен алынған болады. 

 

Қазақ ертегісінде көп  күлдіргі әңгіменің ортасында жүретін  әдейі айлалы, тапқыр етіп кейіптелетін бір жан тазша болады. "Айлалы тазша", "Қу тазша", тағы әлденеше тазша боп әңгімеленетін күлдіргі ертегілерде мағына да мүлде мол  болады. 

 

Тазшаның сол "тазша" дегеннен басқа аты да жоқ. Өзі  кедей, жалғыз, бұған ешкімнің жәрдемі, жақсылығы болыспайды. Бірақ нелер  қиын халден, қысталаңнан аман шығып  жүреді. Өз ақылы, қайраты, тынымсыз әрекеті, тапқыр сезгіштігі арқылы аман шығады және бір айқын сыры - тазша ылғи ханмен, патшамен, уәзір, жендетпен  тартыса жүреді. 

 

Қазақтың салт ертегісіндегі  тазшалар орыс ертегісіндегі батырақ  малай, солдат жайындағы әңгімелерге  аса жақын келеді. Сонымен қатар  қырғыз, бурят, якут сияқты елдер ертегілеріндегі  айлакер кедейлер, малшылар жайындағы  әңгімелерге қатты ұқсас болады. Бұл ертегілердің бәрінде де еңбекші  малшылар арасынан шыққан халық өкілі  айлакер, ажуаға жүйрік малшы, тазша  халық юморының, мысқылының тамаша үлгілерін талантты түрде танытады. Қорқау, зорлықшы, қанқор хан, уәзірді  әшкерелеумен қатар, обыр, жеміт байларды да масқаралаумен болады. 

 

Солардың бәрін ақыл-айламен, алдаумен жеңеді. Бұлармен тартысу  жөнінде өтірік айтса, теріс істесе, қулығын жалғанға жұмсаса, айып емес. Өйткені ол ортаға сондай әрекет істемесе болмайды дегендей болып, халық әңгімесі тазшаға ойдағысын істетеді. "Айлалы тазшаның" ханнан қысылып, байды  алдап, жасауылды алдауы, оларды өзі "құтқарып" алғаны, ханға болысатын  бақсы кемпірді өлтіріп, оның жаласынан  және құлан-таза құтылып, ақыры мақтан алуы сол айланы өзі алдампаз ортаға қарсы құрал етіп жұмсағанын көрсетеді.  

 

Кейде тазша қулығымен  мысқыл еткенде ұрыдан ұрлық, аярдан аярлық асырып, түбінде барып, тағы екі ханды алдап масқара етеді.  

 

Жалпы, тазша әңгімелерінде  тапқырлық мысқыл, ажуа бар болса  да және сол айла-тәсілді халық  сүймейтін қанаушы ортаға қарсы  жұмсаса да, кейде тазшаның өзі  халыққа да ерсі, теріс көрінетін  бұзақы қылмыс істеп жіберетіні де болады. Бұл осы алуандас халық  әңгімесіне үстем таптық, жат ортаның  қосқан жамауы болуға тиіс. 

 

Алдаркөсе 

 

Алдаркөсе жайындағы қазақ  айтатын аңыз ертегілер де көпке  мәлім, көп қызықтаған, алыс заманнан келе жатқан әңгімелер. 

 

Алдаркөсе жайындағы аңыз жалғыз қазақта емес, сыбайлас, туыстас  қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түрікмен елдерінде  де бар. Онда да Алдар бір пішінді  күлдіргі алдағыш, мазақшы болып  көрінеді. 

 

Бұларға қосымша Алдар  жөнінде қазақ айтатын күлдіргі аңыздың үлкені - "Шықбермес Шығайбайды алдау". Ол қоғамдық мәні зор әңгіме болғандықтан, барлық Алдар күлкісінің халықтық мазмұн-мүддесін танытады. Осылайша Орта Азия елдерінің көпшілігінде айтылатын  Алдаркөсе аңыз ертегілері ескі замандағы  қоғамдық мінез, қатынастарды мазақ  ететін, көпке қызықты, мысқыл күлкі  болып шығады. Әрбір әңгіме ажуа түрінде айтылады. 

 

Кейбір қоғамдық жай-күйлерді, сорақы мінез-құлықтарды көп шақта  халық аңызы күлкісіз, салқын жүзбен, жиренумен, ашумен айтатын болса, сонымен  қатар көп жерде осы Алдаркөсе  әңгімелері сияқты сынағыш, шанышпа, мазақ  еткіш сөздермен айтатыны бар. 

 

Халық өте сүйген өнерінің бір түрі - осындай күлкі әңгімелер. Бұлардың шеберлік, өткірлік, тапқырлық  күйлеріне қарап, сол әңгімелерді  шығарған ортаның талантын, өнерпаздығын тануға, бағалауға болады. Алдаркөсе  әңгімесімен қатар, осындай тапқырлық, жүйріктік, шапшаңдыққа құрылған күлкі  мысал әңгімелер өте көп. Соның  барлығы ел іші әр заманда да жаппай әңгіме қылатын, көпшілік ортасында  ешуақытта ескірмей, көп-көп заман  бойында ұмытылмайтын, жойылмайтын  әңгіме болып келген. 

 

Алдаркөсе әңгімесінің жеке-дара, өз басына келсек, ең алдымен мұның  әуелгі туған заманын дәлелдеп айтуға болмайды. Пәлен ғасырда, пәлендей қоғам  ішінде туды деп, бір дәуірді бойлап айту қиын. 

 

Алдаркөсенің өз туысы, өмірбаяны  туралы да ешбір мөлшер, дерек жоқ. Өйткені революцияға дейінгі  тапқа бөлінген рушылдық-феодалдық  қоғамды алсақ, соның қай дәуірі, қай кезі болсын, барлығына да Алдаркөсе  әңгімелері, оқиға тақырыптар қона кетеді. Алдаркөсе әңгімелерінің  шындығын сол заманның қайсысынан да болса табамыз.

Ел қиялы Алдаркөсенің басына сансыз көп, шексіз кең оқиға, әңгімелердің бәрін жамай, құрай  берген. Алдаркөсенің аты сондықтан  да жеке-дара ат емес, мысал сөз түрінде  жаппай ат болып кеткен. 

 

Алдаркөсе әңгімелерінің  бір зор ерекшелігі осы. Мұның  алғашқы, ерте кезде шыққан бір топ  әңгімесін сүйіп, көп қолданып кеткен ел бері келген сайын, сол алғашқыға  тың әңгімелер қоса берген. Сонымен  қатар, жалпы ауызда жүретін әңгімелердің қалпы бойынша, бұның ең алғашқы  әңгімелерінен ұмытылып, жоғалып  қалғандары да болған. Бүгінгі бізге  жеткен әңгімелер де ел аузындағы  қыдырып жүріп келген әңгіменің  бәрі емес. Бұл бергі айтушының  құлағына тиген үзінділер ғана. 

 

Алдаркөсе әңгімелерінің  негізгі тақырып, мазмұнын алсақ, бұл - көпшілік бұқара, қалың еңбекші  ел санасынан туған шығармалар. Сол  көпшіліктің бір уақыт сараң, жеміт, сасық байға арналған таптық, қоғамдық мысқылын білдіріп, Алдардың Шықбермес Шығайбайды алдап, мазақ  еткенін көрсетеді. Алдар жайындағы  өте өткір, күлдіргі, шебер әңгіменің  бірі осы. Мұнда көпшілік бұқара дүниеқоңыз, шірік, арам қолды байдың сұм құлқынын өлтіре мазақ етеді. Тағы бір ауық ой-санасы ашық, сыншы көпшілік Алдаркөсе  арқылы діннің қараңғы нанымдарына  да шабуыл жасайды. Алдардың шайтанды алдауы да өте мағыналы әңгіме. Дүниенің жаралуы турасындағы фанатик  молдалардың ертегілерінің бәріне елдің сау ақылы иланбай, күлкі  етіп, ажуа қылғаны көрініп тұр. Және шайтанды жан иесінің ең қуы етіп, адам ақылын оның қасында әлсіз етіп, бір қараңғы бұлдырға таза ақылды тұсап берем деген талаптың бәріне де көпшілік түсінігі қарсы. Сондықтан  Алдаркөсе шайтанды өзінің өткір, тапқыр ақылы бойынша өз мінездерін өздеріне істеп алып та, шалып та жығады. 

 

Осымен қатар өткір, алғыр, шапшаң ақылды бағалайтын ел неше алуан  аңқаулық, аңғырттықты да мазақ етеді. Қомағай, ел жегіш, тегіннен пұл жинағыш  саудагерді бір кезде аңқау етіп көрсетіп, оның өгіздерін Алдарға  алғызады. Немесе бақсы, балгер, дию, пері деген сияқтыны шығарып, ел ақылын тұсап, надандық, қараңғылық қалпын молайтқан  наныммен алысып, мыстан кемпірді қор  етеді. Жұртты алдаймын дегендердің  өзін алдап, жер ғып кетеді. Алдар  әңгімелерінің тағы бір өткір  мысқыл ажуаны, мықты мазақты қоғамдық, халықтық тұрғыдан танытатын тобы Алаша  ханды масқара күлкі еткен  аңыздан байқалады. Бұл әңгіме біреу  ғана емес, біріне-бірі жалғаса беретін  бір топ күлкі, мысқыл оқиғалар болып  келеді. 

 

Сол қатарда жеміт айлакер, алдампаз саудагерді Алдарға мазақ  еткізу де осындайлық таптық, халықтық санадан туған. 

 

Сонымен қатар, әрине, Алдар  әңгімесіндей көпті мәз қылған, халыққа  жаққан, ауызда жүрген әңгімені бұқараға жау тап та пайдаланғысы келген. Сондықтан бұқараның оларға қарсы  арнаған құралын үстем таптың бұған қарсы қайта құрал еткісі келген талабы да болады. Сондаймен  Алдар әңгімесінің кей жерін  өзгертіп, мысалы, өгізінен айрылушыны саудагер бай емес етіп көрсететіні  бар. Осы сияқты аңқаулықты, бос нанғыштықты  қалжың ететін ел сынын қазақтың кедейіне, "Таз қойшыға" арналған ажуа есебінде ғып жіберген жерлері де бар. 

 

Бірақ мұндағы, Алдар әңгімесінің  негізіне, бағытына, қоғамдық мазмұнына  қарағанда, әдейі бұрып айтқан жамау  сияқтанып тұрады. 

 

Оны ауызша әдебиеттің барлығына  еріксіз кіре жүретін, бөтен тап  қоспасы деп түсіну керек. Ал, одан басқа мазмұн-мағынасын алған  Алдаркөсе әңгімелері - нағыз сыншы, шебер күлкіге ұста қалың қара бұқара туындысы болады. 

 

Алдаркөсе күлкісінің түр, құрылысындағы  өзгешеліктеріне қарасақ, ең әуелі  күлкі, қызық өрескел жай адамның  атында тұр. Су жұқпас Көседен шыққан мысқылшы, нысаналы, туысы бөлек, тұлғасы  басқа адам болып келеді. Алдар  деген аты да әйгілі. Ол жасырынбай, шынын жарыққа салып, "мен мазақ  етем, мен ажуалаймын" деп тұрған ашық жағы. Қайда қу мен сұм, қайда  құнсыз, топас келеңсіздер болса, соның бәрін де жығам, жеңем деп  ізденіп шығады. 

 

Халық әңгімесі бұған кездестірген бөгет қарсылықты да ойда жоқ қиыннан, қиюсыздан құрайды. 

 

Алдарға сараңның бермесін алғызады. Алдампаздың ең зоры - шайтанның  өзі ұттырады. Елді, жұртты жебей  сауып, алдап жүрген саудагерді тонатады. Сыр, сиқыры бар "көріп кел" бақсыны  мазақ еткізеді. Соның бәрінің  қатарында кәрі күшті, кегі қатал, ажалдай  болып тұрған хан сарайын масқара  еткізеді. Осының баршасы да қиыннан  туған бөгетті жеңген тартыс күлкісі. Оңайдан туған арзан күлкі  емес, аса мазмұнды күлкі. 

 

Алдар әңгімелерінде күлкі-мысқыл қоғам құрылысының, қоғам тартысының құралы болғандықтан осылай. Және бұл  құрал, бұл күлкі - өлмес елдің  өшпес күші. Сондықтан ол үнемі  жаңғырып, өсіп, көбейіп отырады. Сол  себепті де қазақ аңызы Алдарды  өлді деп айтпайды. Алдар аты - күлкі  аты, күлкіге өлім жоқ. Ендеше, сол  күлкі өшпейтіндей Алдар да өлмес  жан бейнесінде әңгімеленуі шарт. Қазақ аңызында Алдардың туысы айтылмаса, өлімінің де айтылмайтын мәні осыдан.  

 

Асанқайғы 

 

Алуаны бөлек, ерекше бір  аңыз ертегінің адамы - Асанқайғы. Бұл  тарихта болған адам. Бірақ тірлік еткен заманы Жәнібек ханның тұсы дегені болмаса, дәлді кім еді, қай  ортадан шығып еді, қандайлық  еңбек, әрекет етіп, қандай өмір кешіп  өтіп еді. Ол жайының ешқайсысынан дәл  дерек жоқ. Тарихта болған адамдар  ішінде өмір сорабы, іс-еңбегі халықтың нағыз ертегісі болып, тек сол  қалыпта ғана ой-жадында сақталған  адамның бірі - осы Асанқайғы. 

Информация о работе Халық ертегілернің бала дүниетанымын қалыптастырудың маңызы