Халық ертегілернің бала дүниетанымын қалыптастырудың маңызы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Марта 2013 в 20:17, диссертация

Описание работы

Халық ертегілерінің бала дүнетанымын қалыптастырудағы маңызы аса зор. Қазақ фольклорындағы ертеден келе жатқан көне жанрлардың бірі - ертегілер. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тараған мол мұра. Оның осы дәуірге дейін жетуі ертекшілермен тығыз байланысты.Халық арасында үлкен беделге ие болған ертекшілер ертегіні шебер орындаған.Жаңадан ертегілік сюжетті тудырып толықтырып отырған. Ертегіден халқымыздың ертеңге деген сенімі мен арман-тілегін, қиялын, даналығын, ғасырлық өмір тәжірибесін көреміз. Ертегінің қай түрін алсақта ол баланың ой-қиял ұшқырлығын күшейтеді, мінез-құлқын, ерік - жігерін қалыптастырады. Сондықтанда ертегіні оқытуда оның жанрлық ерекшелігін ескеріп. тәрбиелік мақсатына айрықша көңіл бөлгеніміз жөн.

Содержание работы

Қиял-ғажайып ертегілері 4

Хайуанат жайындағы ертегілер 10

Салт ертегілері 16

Алдаркөсе 23

Асанқайғы 25

Жиренше 27

Қорқыт 28

Қиял-ғажайып ертегілері 34

Хайуанат жайындағы ертегілер 38
Салт ертегілері 40

Файлы: 1 файл

Халық ертегілернің бала дүниетанымын қалыптастырудың маңызы.docx

— 140.09 Кб (Скачать файл)

 

Асанқайғы өзінен қалған қысқа  сын болжаулары, өсиеті арқылы өзінің жайынан да, заман аңғарынан да бірталай көрініс-елес, білік-дерек  береді. 

 

Фольклор көлемінде біз  Асан бейнесінің айналасына халық жиған  аңыз-ертегіні тексереміз. Мұндағы  Асан-ақын Асан, көркем сөз шығарушы Асан ғана емес, өзі халық шығарған көркем әңгіменің геройы болып кеткен Асан. Бірақ осы қалпында да Асан туралы екі түрлі, біріне-бірі қайшы, қарсы екі алуан аңыз әңгімелер  бар. Соның алғашқы мол тобынан  халықтық сана көрінсе, екінші саны азырақ түрлерінде өте кертартпа, реакцияшыл хан-феодалдар санасы танылады. Сөйтіп, бұл бейне айналасында ауыз әдебиетте  екі түрлі таптық тартыс идеялар  бар екенін көреміз. Тексеруге алғанда халықтық үлгілерді аламыз да, жат саналы аңыздардың таптық сырын әшкерелейміз.  

 

Енді сол халықтық аңызға оралсақ, онда Асан халық мұңын арман  етіп, алысты меңзеген адам болады. Асанның  өмірі мен еңбегіндегі, өлең-өсиетіндегі  нәрлі, сырлы қасиеттерін алып, соны халық ұлғайтып, өсіріп, даңқ етіп әкеткен. Мұндай шығармаларда Асан бейнесі - халықтың қиялы мен өнері туғызған өзі  бір әдебиеттік бейне. 

 

Асан жайындағы аңыз ертегілері ерте күннен бастап, бергі замандарға шейін халықтың үнемі қоспа қосып, түрлеп, өсіріп келген шығармалары  болады. Әсіресе осы күнгі қазақ  мекен етіп отырған жер-сулар, қоныс-қыстаулар  жайындағы "Асан айтты" деген сынсарап, барлау, болжау сөздердің көпшілігі  сол жерлерде бертінде келіп қоныстанған  елдердің өз жерінің сырын, жайын  түсініп, танып болған соң, көп тәжірибе жылдарынан соң, Асан атынан қосқан өз шығармалары, өз сындары болады. Асан жайындағы халық аңызы әр дәуір, әр буын тұсында түлеп, өсіп отырды дегеннің мәнісі, дәлелі осы. 

 

Асан жайындағы аңыз ертегінің  ең мағыналы көріктісі, халық үшін қызықтысы - оны малға мекен, елге ырыс жер  іздеуден бұрын желмаяға мініп, қазақ  жайлап отырған орын, өрістің бәрін  шарлап, тыным таппай шарқ ұрып кезетіндігі  жайында. Көрген қоныс, мекеннің біріне қанағат қылмайды. Арманды бір  жер барын сезеді. Оның аты - қиял мекенінің аты болмақ - "Жерұйық" деп ат қояды. Сонда жетсе ғана, соны мекен етсе ғана, халқы бақытты  болмақ. Игілікті ырыс атаулының жанды  көрініс, белгісі болып "қой үстіне бозторғай жұмыртқаламақ". Мұнда  малға, шаруаға да береке бар, адамға да бақ-мереке, тату-тыныштық, шат-шадыман  тірлік бар. Міне, осындай жерді өзі  үшін емес, елі, жұрты үшін іздеген  Асан - ел қамқоры. 

 

Ол мұны іздеуді өздігінен  таппайды. Елдің сол күнгі шаруашылық, қоғамдық тірлігіндегі болмысына, күй  кескініне қарап, қанағат етпей, торығып барып іздейді. Шаруашылық болмысына да, қоғамдық құрылысына да риза емес. Және қалың ел қандай риза емес болса, бұл да соншалық, сондықтан  риза емес. 

 

Осы риза еместік жаңа дүние, жаңаша бір бөгде, өзгеше болашақты, бақ қиялды тілетеді. Тілеп, аңсап  іздеуге талпынтады. 

 

Сол қиял мекеннің аты бірде "Жерұйық" аталса, кейде "Жиделі байсын" делінеді. Бұл орынның  екеуін де Асан өз тірлігінде таппайды. Өйткені ол мекен өзі келмейді, оны халық өзі қалың бейнетпен  таппақ керек. Ер еңбегін кешіп, өз талабымен, ұзақ қысталаң, сыннан соң жетпекке керек. 

 

Ер жар төсегінен түңіліп, мал төлден тыйылып, шексіз ұзақ сапарға  жылдар бойы әзірленіп, төзу керек. Сондай қиын қымбат кешуден өтіп барып қана, ел сол еңбегі үшін, үнемі жидесі таусылмайтын жағалай жасыл дәулет, бақ мекеніне жетпек. 

 

Мұндай қиял мекенін бір  қазақ емес, өз ертегілерінде ел тудырған. "Суы - сүт, жағасы - балқаймақ" өзен мекенді орыс аңызы да көп  айтқан. 

 

Бірақ, Асанның елі сияқты, барлық ел ол қиял мекеніне сол аңыздарда  жетпей қала береді.

Міне, халықтық көркем аңыздың  бір геройы Асан жайындағы әңгімелердің осындай мән-жөні бар. 

 

Ал, осымен қатар Асанқайғы  жайындағы әңгіменің екінші, халыққа  жат, бөтен саналы бір түрлері  тағы бар дедік. 

 

Ол аңыздағы Асан - халық  мүддесімен қабысатын Асан емес, хан  сарайының ақылды сыншысы, санашылы болған Асан. Бұл Жәнібек ханға  ақыл айтады. Құладынға қу ілдіргенің - жаман ырым, қала салғаның - жаман  қылық деп сынап-шенейді. Мұндағы  Асан кертартпа феодалдық заңның санашылы болып шығады. Хан мен  халық арасындағы қайшылықты айтқанда, ол хан жағының таптық мүддесін жақтап, жоқтап сөйлейді. 

 

Онан соң бір үш ауыз толғауда "мұнан соң қилы-қилы заман болар" деген сөзінде  және де хан үстемдігінің жоқшысы  болады. 

 

Саны ап-аз болғанмен, Асанның "Жәнібекке айтты" деген сөзі және кейін Бұқар шешетін, "Асан айтыпты-мыс" деген қысқа толғау - екеуі де халық сүйетін Асаннан  басқа бөлек, жат саналы адамды танытады.  

 

Бұл - үстем тап санасының  анық, халықтық аңызға қосқан қосымшасы. Халық ортасына аса даңқты, абыройлы болған адам атына хан мен билер  ортасы өз үгітін, таптық санасын, мүддесін қосып әңгімелеп, Асанның тұлғасын өз жағына бұрып айтады. 

 

Осымен ауызша аңызда біріне-бірі қайшы екі алуан әңгіме бар  екенін көреміз. Сонда негізгі, күрделі, көркем әңгіме халықтыкі. Ол қайғылы  Асан жайындағы әңгіме. Екінші Асан қайғылы емес, ол өз үстемдігін жүргізіп тұрған адам болса, қайғылы болу жол  емес, алдыңғы образға қарсы, қайшы, контраст образ болады. Мұны осылайша айырып талдап түсіну қажет. 

 

Жиренше 

 

Ескі фольклор ішінде Алдаркөсе  мен Асанқайғы әңгімелеріне ұқсайтын шығармалардың бірі - Жиренше әңгімелері. Мұның да дәлді қай заманда  туғаны мәлім емес. Бұнда да Алдар  әңгімесі сияқты алғашқы шыққан түріне кейіннен қосылған қоспа, жамау көп.  

 

Жиренше әңгімесі де халық  аузында көп айтылатын, көпшілікке өте мәлім әңгіме. Жиреншенің аты  да Алдардың аты сияқты жаппай атау болып кеткен. Алдарға мұны ұқсататын  тағы бір ерекшелігі - бұның жайы да қара сөзбен айтылатын қысқа-қысқа  жеке әңгіме болып құрылады. 

 

Жиренше әңгімелерінің Алдардан бөлек бір ерекшелігі: бұған бұқара ортасынан шыққан әңгімелерден басқа, үстем тап санасынан ауысқан  жамаулар көбірек. 

 

Жалпы алғанда, Жиренше әңгімесінің  көпшілігі де бұқара санасынан туған, мұндағы негізгі әңгімелердің мазмұны  сол бұқараның шешендік, шапшаңдық, тапқырлықты қоғамдық, таптық құрал  етіп пайдаланғаны көрінеді. 

 

Сонда, көп жерлерде кедей, әлсіз Жиренше үстем таптың өкілі  болған ханнан зорлық, қорлық көрмеу үшін алысады. 

 

Ал ел әңгімесі Жиреншені  бір арам, зорлықшы ханның қасына жолдас етіп береді. Хан мұның әйеліне  қызығып, көзін жоймақ болып, басына қастық етумен болады. Жай адамның  қолынан келмейтін істермен сынап, үнемі оның аяғы тайғанын андып отырады. Жиренше сол хан зорлығының бәрінен  өзінің ақылы, айласы, шеберлігі арқылы зорға құтылып жүреді. 

 

Ел әңгімесі тапқыр, жүйрік Жиреншені ешбір ханға да, хан  сияқты бөтенге де жеңгізбей қояды. Жалғыз-ақ оны жеңетін - әйелі Қарашаш  болады. Әңгіме Жиреншеге Қарашашты  әдейі көңілдегідей мінсіз, жақсы  жар етіп қосады. Сол себепті Қарашаш "бай еді", "хан еді" деп  бөтенге қызықпайды. Ақылы, қасиеті  артық Жиреншеге берік дос  болып қалады. Кедейлігін де елемейді. Қарашашты аламын деген хан талабынан  Жиренше өмір бойы құтыла алмай қойғанда, өз басын өзі құтқарып, Жиреншенің қасында қалу жолын да Қарашаштың өзі табады. Қарашашты ханға аудырмай, ұдайы Жиреншенің басына берік етіп, қасында қалдыру - елдің Жиреншені  сүйгендігін білдіреді. Жиренше  әңгімесінің негізгі тақырыптары, мазмұны осындай. 

 

Қорқыт 

 

Қорқыт жайындағы аңыз ертегісінің бірнеше түрі бар. Соның  барлығында Қорқыт өзіне тән бір  кейіпте, бір зор мүдденің соңында  болады. Ол арман-мүддесі - өлімге қарсы  алысу, өлмеске бір шара іздеу. Қазақтағы  аңыз ертегінің Қорқыт турасындағы  негізгі тақырыбы осы. 

 

Бірақ Қорқыт жайындағы әңгіме, аңыз тек қазақша ғана емес, өзге, қазақпен тектес елдердің көбінде бар. Қазіргі күнге шейін өз фольклорында Қорқыт атын сақтап келген: қазақ, өзбек, түрікмен, қарақалпақ, қырғыз, башқұрт, азербайжан елдері. 

 

Азербайжан, түрікмен, башқұрттар оның жайында "Дәдә Қорқыт" деп  мол әңгімелер айтады. "Китаби дәдәм Қорқуд" деген атпен түрікмендер, азербайжандар ұзақ-ұзақ дастандар, нақыл әңгімелер жинағын тізген. Бұл елдер өздерінің оныншы, он бірінші ғасырлардағы фольклор, әдебиет  ескілігін осы Қорқыттан да бастайды. Қорқытты түрікмен, өзбек "Қорқыт ата" деп әңгімелейді. Қарақалпақ, қазақ, қырғызда тек Қорқыт атымен жүреді. Ескі рулар аңызында суреттелген  Дәдә Қорқыт қазақ аңызындағы Қорқыттан  басқа бейнеде. 

 

"Китаби дәдәм Қорқуд" бойынша Қорқыт үлкен бір қарт, қария, ақылгөй дана кісі болып,  әр кезде жыр толғаумен үгіт-өсиет  айтып отырады. Ол кітаптағы  Қорқыт араласатын үлкен оқиғалы  бір әңгіме "Бамсы Бәйректе" Орта Азия елдерінің батыр  жыры - "Алпамысқа" ұқсаған мол  сюжет бар. Қорқыт сол әңгіменің  көп жерінде араласып отырады.  Балаға ат қоюда, оған қалындық  айттыруда жүріп әрекет етіп, ақыл-парасатымен көп жәрдем етеді.  Әр кезде бұның айтқан болжауы  дәл келіп отырады. Көп іс  пен мінездер жөнінде терең,  кемел толғау, сындар айтып қояды.  Сол айтылған толғаулары көбінше  өлең, жыр, көркем жыр болып,  ел жадында қалып отырған. Өлең  толғауларына қарағанда, Қорқыт  қазақтың батырлар жырларында  көп кездесіп отыратын Сыпыра  жырау сияқты. Толғауды сол сыншы  жырау айтатын кездерде айтып  отырады, дегені де сондай болып  келіп, айтқан ақылында ақау  болмайды. Тек Сыпыра жыраудан  айырмасы - бұл мінсіз дұрыс адам, жөні дұрыс, оң кейіпкердің  жәрдемшісі болып жүреді. Және  үнемі хан қасында отырған  Сыпыра жыраудай хан сарайының  ғана ақылшысы емес, баласыз атаға,  панасыз жасқа да аталық жәрдем, жақсылық етіп жүретін көмекші  қария болады. Бұл соңғы кескін-бітім  кейде қазақ аңызындағы Асанқайғыға  ұқсаңқырап отырады. 

 

Міне, Қорқытты дастан етіп сақтаған елдердің бір тобында оның бейнесі, оның жайындағы әңгіме өрісі  осылай келеді. 

 

Ал қазақтағы аңыз ертегілер  бұл Қорқыттан басқа бейнені  суреттейді. Бұндағы ең зор ерекшелігі, Қорқыт сөз атасы емес, күй атасы, жер үстіндегі адам баласы білген ән-күйдің өз атасы болады. Және бір  зор, айқын тұрған ерекшелігі - өлімге қарсы алысуы. Бұл мұсылманшылық  ұғымында құдай бұйрығына, тағдырға қарсы шыққан күпірлік есепті болғандықтан, шығыстағы көп әңгіме Қорқытты тек  ақылгөй, дана қарт қып әкетсе де, қазақ  әңгіме-аңызы оның қасиет-ерекшелігін  сол тағдырмен алысушы болуына  саяды. 

 

Қорқыт адамның тірлігі  шақты болғанына наразы. Өлім деген  обыр барына наразы. Өлімнен құтылам  деп шарқ ұрады, шартарапты кезеді. Бірақ қай тарапқа барса да, алдынан азынап тұрған көр шығады. "Кімнің көрі?" деп сұраса: "бұл - Қорқыттың көрі", - деген жауап  алады, дейді. 

 

Осы әңгіменің өзін де халықтың жеңіл ғана, үстірт қана емес, мұндағы "көр" дегені дәл көрдің өзі  емес, әрбір тозбақ, өлмектің бейнесі, елесі деп білу керек. Шартараптың  бәрінде Қорқыт көрдің өзін көрмейді, жүгірген аң өлексесін, ұшқан құс  жемтігін, құлаған ағаш, қураған  шөп қалдығын көреді. Оларда да бір  шақта өмір, тірлік болған, енді сол  өмір бітіп, жоқтық жұтып бара жатқан халдерін көргенде, осы жайларды "көрге" санайды. Бұлар осылай өлді, сен де солай өлмексің, бітпексің деген  елесті береді, ойды ойлатады. 

 

Қорқыт - әр заттың өлімінен өзінің ажалы мен көрін көргендей  болады. "Қайда барса Қорқыттың  көрі" дегеннің халық аузындағы  мағынасы осы. Философиялық, поэзиялық  зор мағына. 

 

Өзі тынымсыз ойшыл, өзі өнерлі, дана Қорқыт содан кейін қалың  оймен қатты толғанып жүріп, өзгеше бір өнер табады. Су үстіне кілем  жайып, ағын сумен бірге өмір ағынындай  жылжып ағып отырып, өзі жасаған  бірінші қобызбен, жер үстіндегі  ең тұңғыш күй аспабымен "күй" атты сәнді сыр шертеді. Қазақ  аңызы бойынша жер-жиһан күй  дегенді естімеген шақта, адам баласы ән-күй білмей тұрған шақта осы өнерді бірінші аспаптың қылына оралтып шығарған Қорқыт еді дейді. Сондықтан Қорқыт жер үстіндегі күй атасы болды дейді. 

 

Су үстінде Қорқыт ағып келе жатып, өлімге қарсы мәңгі өмірді мадақтайтын күйді тартқанда, хайуанат, ұшқан құс, жүгірген аң - қысқасы, барлық тірлік иесі жан-жануар өзен жағасына анталап кеп тыңдасады. Құптап тыңдайды. Жағадағы тау-тас та сол тірлік күйін  жаңғыра күңіреніп тыңдайды. Аңыз осылайша баяндап, Қорқытты құптаушы, қостаушы, қадірлеуші жан-жануар қаншалық көп болғанын білдіреді. Қорқыт атының өлмей, өшпей сақталуына адам нәсілі өзі кепіл дегендей болады. 

 

Қорқыт осындай өнер туғызып, артына, адам нәсіліне соншалық асыл мұра тастап кеткендіктен өлмеді. Өлімге қарсы  амал тапқан жан болды. Өйткені бұл  аңыздың өмірлік, философиялық шын  терең мағынасы - өзі өлсе де артына өлместік мұра қалдырған адам, өлмеген  адам деп саналуға тиіс дейді. 

 

Міне, Қорқыт жайындағы негізгі  аңыз ертегінің мазмұны осылай. Екінші бір алуан аңыз ертегіде қазақ  әңгімесі Қорқытты әзірейілге кездестіреді. Әзірейіл мұның жанын салып алатын сандық істеп әкелген. Қорқыт әзірейілмен  жауаптасып тұрып, сандықтың ішіне  әзірейілдің өзін алдап салады да, сандықты бекітіп, суға ағызып жібереді.  

 

Әзірейіл көпке шейін  судағы сандықтан шыға алмайды. Сол  кезде көп уақыт ешкім өлмей, жанның бәрі аман жүретін біраз дәурен болады. Бірақ судағы сандықты бір  балықшы шал аумен ұстап алып, аузын ашқанда, әзірейіл ішінен шығып, сол арада жаңағы шалдың өз жанын  алыпты дейді. Бұл бір үлкен мысқыл, сыншы әңгіме. Мұнда да аңыз етуші  халықтың тілеуі мен достығы, жақсы  бейілі дін жағында емес, Қорқыт жағында екендігі көрінеді. Қорқыт өзі бұл әңгімеде ойнақы, мысқылшыл, әзіл-айлашыл жан болып көрінеді. Жас, ойыншы, айлакер болып сезіледі. Жалпы, қазақ әңгімесі Қорқытты қарт қып суреттейді. Алғашқы әңгімелердегі  және мына әңгімедегі Қорқыт жалынды  жас кескінінде болғандай. Бұлай  болса, осы қазақ айтатын әңгімелер, жалпы Қорқыт жайындағы барлық әңгіме, аңыздардың ішінде қарт Қорқыт емес, жас  Қорқытты айтқан ерекше бір бөлімдері  болу керек. Өмірді сүюді соншалық оттай, жанды күйде суреттеу арқылы халық  Қорқытты өмір, тірлік үшін алысушының ең зоры еткен. Сол себепті кейін  шаманизм нанымы бойынша ауруды бағып, өліммен алысқан бақсы атаулының  барлығы Қорқыт күйін тартып, алысатын болған. Ол күй өмір тірлікті қорғау, арашалау күйі болғандықтан, бар бақсының сиыну күйі болды. 

Информация о работе Халық ертегілернің бала дүниетанымын қалыптастырудың маңызы