Автор работы: Пользователь скрыл имя, 20 Мая 2015 в 00:42, курсовая работа
Түркия, яғни Түркия Республикасы (түр. Türkiye, Türkiye Cumhuriyeti) - Азия мен Еуропа құрлықтарында орналасқан мемлекет. Жер көлемі жағынан 37-шы орын алады (783,562 км²). Жұрт саны - 72,600,000 адам. Тәуелсіздігін 1923-жылы алған. Осман империясының ыдырауының нәтижесінде пайда болды. Кіші Азия түбегінде орналасқан, оны Қара,Жерорта, Эгей мен Мәрмәр теңіздері жан-жақтан қоршайды. Шығысында Грузия, Әзірбайжан, Иранмен жәнеАрмениямен,батысында Болгариямен, Грекиямен,оңтүстігінде Ирак және Сириямен шекаралас.
1. Қазақстанның тәуелсіз ел атануы және Түркия республикасымен қарым-қатынастар бастауы
1.1 Қазақстан Республикасының Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауы негіздері.
1.2. Тәуелсіз Қазақстан және Түркия Республикасы арасындағы мәдениет пен ғылым саласындағы байланыстардың алғашқы кезеңдері.
1.3. Қазақстан Түркия бірлескен кәсіпорындардың құрылуы және оның қызметі.
2. Түркия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 20 жыл.
2.1 Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасы дамудың жаңа көкжиегіне бет бұрды.
2.2. Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастарға Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қосқан үлесінің маңыздылығы.
2.3. Қазіргі кездегі Қазақстан-Түркия қатынастарының өзекті мәселелері.
Қорытынды.
Пайдаланылған әдебиеттер.
Соңғы кездері Қазақстан үшін жиі айтылып кеткен саяси сөздердің бірі "Еуразия" дейтін сөз. Эконмикалық сипатта болсын, саяси сипатта болсын ақпарат кеңістігінде жиі қолданылып жүрген бұл атаудың түсінігі сірә не? Ол біз үшін Экономикалық кеңістік қана, ары кетсе географиялық аймақ. Осы атауға Түркияның көзқарасы туралы Түркия ақпарт көзі "ТРТ-қазақ" арнасы төмендегідей мақала жариялаған. "Осы жұмбақ Еуразия құрлығында саяси бір одақ құрылып, тарихтағы орнын алғанша жалғасатын сияқты көрінеді." деп түйінделетін материалды назарларыңызға ұсынамыз, оқыңыз, ой түйіңіз қадірлі оқырман!
Еуропа мен Азия тоғысқан бір аймақта орналасқан және өзін әрі азиялық, әрі еуропалық бір ел ретінде қабылдаған Түркия үшін «Еуразия» атауы бөтен емес. Премьер-министр Режеп Таип Ердоғанның соңғы кездері кейбір мәлімдемелеріне көз жүгіртсек Түркияның Еуразия аймағында құрылған одақтарға назар аударып отырғанын айта аламыз. Мұндай қызығушылық болса да Түркияда «Еуразия» ұғымы жайлы нақты бір анықтама жоқ. Жалпы Түркияда «Еуразия» делінгенде батысқа альтернатив бір аймақ еске түседі. Алдымен Түркиядағы «Еуразия» атауын еске түсіретін оқиғалардың өткеніне көз жүгіртейік. Мұны кезеңдерге бөлсек, 1990 жылынан бұрын және кейін деп екіге бөліп қарастыра аламыз.
Османлы мемлекетінің соңғы жылдарында осы жерлерге байланысты елдің ұстанымы туралы үнемі пікір-таластар бар еді. Зиялылар батысшылдық, исламшылдық, түрікшілдік және Османизм идеяларымен бастарын қатырып жүрсе, республика құрылғаннан кейін Түркия бетін батысқа бұрды. Басқаша айтқанда батысшылдық идеологиясын мақұлдады. Сол кездегі «Еуразияшылдық» идеясының Түркиядағы үлгісі болып табылатын түрікшілдік пен Османизм артта қалды. Мәскеу мен Түркістанда табысқа жете алмаған Энвер паша мен жақтаушылары Түркияның шығысқа бет бұруы керектігін ойлайтын. Зия Гөкалптың «Қызыл алма» идеясы да мұны көксейтін.
Одан кейінгі кезеңдерде империализмді сынға алған солшылдар шығыс пікірлеріне де жақындай бастады. Ол кезде «Еуразия» дегенде Түркияның шығысы емес, астанасы Мәскеу болған бұрынғы Кеңес одағы аймағы еске түсетін.
Сонау 1992 жылғы 2 наурыздан бастау алған Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастар осы жылдар ішінде екі бауырлас ел арасындағы достық пен бірлікке негізделген байланыстарға айналып, тұрақтылық сипатындағы стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Сондықтан осы 20 жылдық мерзім ішінде Қазақстанның еңсесін көтеріп, егемен ел болып қалыптасуына тамыры тереңде жатқан туысқан түрік бауырларымыздың қолдауы мен тілеулестігінің ықпал еткені даусыз.
Негізінде, Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстар Қазақстан тәуелсіздігін жарияламас бұрын басталған болатын. Сол кездегі Түрік Республикасының Президенті Тұрғыт Өзалдың Қазақстанға тұңғыш сапары 1991 жылғы 14-15 наурызда ұйымдастырылды. Cапар барысында Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы мен Түрік Республикасы арасында ынтымақтастық келісіміне қол қойылды. Содан соң Түркия Президенті Тұрғыт Өзалдың шақыруымен 1991 жылғы 25 – 29 қыркүйек аралығында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға сапары ұйымдастырылды. Бұл өз кезегінде түркітілдес мемлекеттер тарихында президент деңгейіндегі Түркияға алғашқы рет жасалған ресми сапар болды.
Ал тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапары 1992 жылдың қазан айында ұйымдастырылып, оның барысында Қазақстан Елшілігінің ашылу салтанаты өтті. Өз кезегінде Түркия Президенті Тұрғыт Өзал тәуелсіз Қазақстанға 1993 жылдың мамыр айында ресми сапармен келіп, Жоғарғы Кеңесте сөз сөйледі.
Сол кезден бері жоғары деңгейдегі өзара ресми сапарлар бауырлас екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың ұдайы дамып, нығаюына үлкен септігін тигізуде. Тарихи тұрғыдан алғанда аз ғана уақыт ішінде елдеріміз арасындағы қатынастар өзара сенімнің биік дәрежесіне көтерілді. Жемісті ынтымақтастықтың айқын нәтижесі ретінде Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестік қатынастар достық, бауырластық және сындарлы үнқатысу бағытында дамуда. Мұның жарқын дәлелі ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға 2009 жылғы қазандағы ресми сапары барысында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты айта аламыз.
Қазақстанмен тарихи байланысы тереңде жатқан Түркия бүгінде еліміздің Еуразия құрлығындағы маңызды әрі сенімді әріптесі болып табылады. Екі ел арасындағы екіжақты қатынастардың қарқынды дамуы, Қазақстан мен Түркия ұстанымдарының ұқсастығы көпжақты ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымы бойынша өзара түсіністікті қамтамасыз етуге негіз болуда. Бұл ынтымақтастық Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ және басқа бірлестіктер шеңберінде ойдағыдай дамып келеді. Атап айтқанда, 1992 жылы Қазақстан Президенті АӨСШК-ні құру жөнінде бастама жасаған сәттен бері Түркия осы үдерістің белсенді стратегиялық қатысушысы болып отыр. Оның АӨСШК-ге төрағалығы – екі бауырлас мемлекеттің ынтымағы мен жарастығының жарқын көрінісі.54
Түркия басшылығы Қазақстанның Түркі кеңесін құру идеясын іске асырудағы маңызды рөлін, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі, Парламенттік Ассамблея, Ақсақалдар алқасы, Астанада Түркі академиясы құрылғанын жоғары бағалайды. Бұл ретте Анкара түркітілдес мемлекеттермен ортақ тіл, дін, тарихи және мәдени құндылықтарға негізделген қатынастарды одан әрі тереңдетуді және жалпытүркілік интеграция үдерісін нығайтуды құптайды.
Қазақстан мен Түркияның өңірлік және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығының жылдан жылға артуының көрсеткіштері ретінде Түркияның 2010 жылы ЕҚЫҰ шеңберінде және 2011 жылы Қазақстанның ИЫҰ-ға төрағалығына пәрменді қолдау көрсетуін атап өту қажет. Бұл да түбі бір түрік ағайындарымыздың ізгі ықыласының айқын көрсеткіші. БҰҰ шеңберінде де сындарлы ынтымақтастық өз жалғасын табуда.
Екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға парламентаралық ынтымақтастық та өзінің лайықты үлесін қосуда. Парламенттердің депутаттық достық топтары арасындағы байланыстарды одан әрі жандандыруға көңіл бөлінуде. 2011 жылғы қарашада Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің Түркияға ресми сапары ұйымдастырылып, еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Невшехир қаласында Қазақстан даңғылы ашылды. Үстіміздегі жылы күзде Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Жемил Чичектің Қазақстанға сапары жоспарлануда.
Сонымен қатар, сан-салалы сауда-экономикалық байланыстар екіжақты ынтымақтастықтың маңызды аспектісі болып табылады.
Халықаралық сараптау-талдау қоғамдастығы бүгінгі Түркия мемлекетін барынша қарқынды даму үстіндегі және жаһандық дағдарысты табысты еңсеріп қана қоймай, экономикада белгілі бір табыстарға қол жеткізген, Еуропадағы экономикалық ахуалды жандандырған қозғаушы күш ретінде сипаттайды.
Соңғы жылдары табысты жүргізген экономикалық саясатының нәтижесінде түрік экономикасы әлемде 16-шы орынға және Еуропада 6-шы орынға ие. Қазіргі таңдағы Түркия үкіметінің стратегиялық мақсаты – әлемдегі бәсекеге мейлінше қабілетті 10-елдің қатарына ену.
Түркия – Қазақстанның аймақтағы сенімді сауда-экономикалық әріптесі. 2010 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 2,9 миллиард АҚШ долларын құраған. 2011 жылдың қорытындылары бойынша бұл сан 3,9 миллиард АҚШ долларына жетті.
Бұл тұрғыдан қарағанда, осы жылдың 22-24 мамырында өткелі отырған Түркия Премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға ресми сапарының маңызы зор. Р.Т.Ердоған V Астана экономикалық форумына, сондай-ақ қазақ-түрік іскерлер форумына қатысады. Екі ел арасындағы 20 жылдық мерейтой шеңберінде ұйымдастырылатын Түркия Премьер-министрінің ресми сапары қазақ-түрік әріптестігінің тереңдеуіне, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асыруға жаңа серпін беретініне сенемін. Сапар барысында Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесін құру және «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасына қол қою көзделуде. Олар жақын келешекте Қазақстан мен Түркия арасындағы сыртқы сауда көлемін 10 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайтуға бағытталып отыр.
Біздің елдеріміз арасындағы өзара сауданың көлемін ұлғайтуға және сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға тікелей ықпалын тигізетін мейлінше маңызды бағыттардың бірі – көлік саласы. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуды тежеуші бір фактор жүктердің автомобильдік тасымалдау арқылы жеткізілуі болып табылады. Бұл орайда, Қазақстан мен Түркия арасындағы темір жол магистралін жолға қою керек деп ойлаймыз. «Түркия – Иран» және «Иран – Түркіменстан – Қазақстан» және «Карс – Ахалкалаки – Тбилиси – Баку» темір жолдары магистральдерін салып бітіру Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымын және Қазақстанның энергия ресурстарын әлемдік рыноктарға тасымалдауды едәуір ұлғайтуға, сондай-ақ тасымалдау көлемін көбейтуге және тарифтерді азайтуға, Каспий аймағы мен Еуропа арасындағы тікелей көлік қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берер еді.
Жаңа авиарейстердің ашылуы да бауырлас елдердің арасын жақындата түсетін туыстық пен достық көпірлері іспеттес ынтымақтастықты нығайтуға, экономикалық ықпалдастықты күшейтуге қызмет етері анық. Қазіргі таңда Қазақстан тарапы Қазақстан мен Түркия арасында 14 рейсті, ал түрік тарапы 12 рейсті орындайды. 2011 жылғы қыркүйектен бастап, «СКАТ» авиакомпаниясы Шымкент – Ыстамбұл – Шымкент бағыты бойынша аптасына 1 рет жиілікпен тұрақты рейсті орындауды бастады. Сондай-ақ Қазақстан тарапы түркиялық «Pegasus Airlines» авиакомпаниясына Ыстамбұлдың Сабиха Гөкчен әуежайынан Алматы бағыты бойынша аптасына 2 рет жиілікпен тұрақты рейстерді орындау үшін рұқсатын берді.55
Экономикалық саладағы әлеуетімізді кеңінен қолдану және тереңдету керек деген пікірдемін. Түрік өнеркәсібінің және тұтасымен алғанда экономикасын дамыту локомотиві болып табылатын ұйымдастырылған өнеркәсіптік аймақтарды құруда Түркия орасан зор оң тәжірибе жинақтаған. Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен алғашқы бірлескен индустриялық аймақ ашу жөніндегі тараптардың өзара мүдделілігі ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуде. Бұл аймақ түрік бизнесінің қазақстандық рынокқа жүйелі түрде кіруіне мүмкіндік береді және біздің еліміздің қолайлы инвестициялық ахуалын жақсартуға қызмет ететін болады.
Әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық қазіргі кезде Қазақстан мен Түркияның екіжақты қатынастарында барынша белсенді дамып келе жатқан бағыт болып саналады. Бірлескен кәсіпорын ашу туралы келісімге сәйкес Алматыда оптикалық аспаптар жасау зауытының құрылысы басталды, оның осы жылы аяқталуы жоспарлануда.
Екі бауырлас елдің рухани әрі достық қазығына айналған мәдени-гуманитарлық саладағы қазақстан-түрік ынтымақтастығы жоғары қарқындылығымен сипатталады. Тіліміздің, дініміздің, тарихымыздың және мәдениетіміздің ортақтығынан қуат алатын бұл бағыттағы қатынастар тараптар өкілдерінің мәдени іс-шараларға қатысуларына, шығармашылық делегациялармен алмасу практикасына, екі ел қалалары мен аймақтарының арасындағы бауырластық байланыстарды дамытуға бет алған.
Бұл бағытта түркі әлемінің өткенін, бүгінін және болашағын зерттейтін халықаралық ғылыми орталық – Астанадағы Түркі академиясының институттық және интеллектуалдық негізін жетілдіру, екі елдің мызғымас достығының кепіліне айналған Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақстан-Түркия университеті қызметінің тиімділігін арттыру, қолданыстағы нормативтік-құқықтық база негізінде ғылым мен техника саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызы зор. Анкарада Астананың мәдениет күндері, Қазақ киносының апталығы сияқты іс-шаралар ұйымдастыру да көзделуде.
Сонымен қатар, Түркиядағы қазақ диаспорасы екі ел арасындағы байланыстардың одан әрі нығаюына өзіндік үлес қосып отыр. Кезінде осында қоныс аударған қазақтарға түрік үкіметінің қомақты көмек көрсетіп, бауырларына басқанын да ұмытпаймыз. Түріктердің көпшілігі қазақ жерін атажұрт, ал Түркияны анажұрт деп есептейді.
Жалпы айтқанда, тәуелсіз тарихымыздың парағына алтын әріптермен жазылатын уақыт ішінде қазақ-түрік қатынастары маңызды оқиғаларға толы болды. Қазақстан мен Түркия халықтары өздерінің достығы мен бірлігін айқын дәлелдей отырып, ежелгі мүдделеріне сәйкес осы жолда айтулы табыстарға қол жеткізіп, стратегиялық өрлеу кезеңіне батыл қадам басты.
Осы орайда екі бауырлас елдің достығы мен ынтымақтастығының ұдайы дамып, стратегиялық әріптестігінің негізін қалаған Нұрсұлтан Назарбаев екенін ерекше атап өту қажет. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев: «Тағдыр бізді әлемнің әр түкпіріне қоныстандырғанымен, біз түбі бір туғанымызды, бір ананың бауырынан өрбігенімізді ұмытпаймыз», деген болатын бір сөзінде.
Елбасымыздың қазақ-түрік ынтымақтастығына және түркі әлемін біріктірудегі ерен еңбегін түрік басшылығы да мойындайды. Мұның жарқын дәлелі – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияның мемлекеттік орденімен марапатталуы, түрік астанасы Анкарада оның ескерткіші ашылып, Невшехир қаласында Президент атындағы көшенің ашылуы.
Бұл өз кезегінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстанның, қазақ-түрік қарым-қатынастарының және жалпы түркі әлемінің игілігі үшін жасаған қызметіне берілген бағалардың жиынтығы деп санаймыз. Сондықтан болса керек, Түркия Президенті Абдулла Гүл: «Нұрсұлтан Назарбаев түркітілдес мемлекеттердің топтасуы үшін көп іс тындырды, сондықтан да Қазақстанның ғана емес, бойында түркінің қаны бар барлық халықтардың көшбасшысы болып табылады», деп атап көрсетті.
Әрине, осының бәрі біз үшін үлкен мақтаныш. Бауырластық байланыстардың осындай жарқын үлгілері мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың дамуына игі ықпал етеді деп сенемін.
Жоғарыда айтып өткенімдей, екі бауырлас ел үшін биыл айтулы жыл. Осы орайда дипломатиялық қатынастарымыздың 20 жылдығы құрметіне бірқатар түрік қайраткерлері марапатқа ұсынылып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен берілген «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен наградталды. Кезінде Елбасымыз «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар – жүйріктің де жүйрігі бар. Қазақстан тәуелсіздігін бірінші болып таныған сәттен бастап, күні бүгінге дейін еліміздің өркендеуіне ыстық ілтипат білдірген Түркияның күллі халқын марапаттаудың артығы болмас», деген болатын.