Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Мая 2015 в 19:26, дипломная работа
Саяси партиялар Қазақстан Республикасының саяси жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Елімізде партиялардың жағдайы бірқатар нормативтік-құқықтық актілермен анықталады. Саяси партиялардың құқықтық мәртебесін ғылыми тұрғыдан зерттеу біздің қоғамдағы осы құбылыстың дамуындағы құқықтық және тәжірибелік проблемаларын шешуде зор маңызы бар.
Зерттелетін тақырыптың өзектілігі. Саяси партияларды құқықтық реттеудің теориялық және практикалық мәселелері, әдетте, отандық және шетелдік саяси және заң ғылымдарының басым бағыттарына кіреді. Қазақстан Республикасының қазіргі кезеңінде аталған мәселелер ерекше өзектілікке ие болуда, себебі елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық өзгерістер уақытында, мемлекет пен қоғамды байланыстыратын саяси партиялардың тиімділігі тиісті деңгейде болмай отыр. Мұндай өзгерістер кезеңінде саяси партиялар өздерінің жақтастары болып табылатын қоғамның бір бөлігінің мүдделерін мемлекет алдында мүмкіндігінше дәл білдіре алулары тиіс, сондай-ақ өз жақтастарына жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін түсіндірулері тиіс.
Кіріспе . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 3
1. Саяси партияларды құқықтық тұрғыдан зерттеудің
теориялық негіздері . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 7
1.1. Саяси партиялардың құқықтық құбылыс ретінде
пайда болуының және дамуының мәселелері . . . . . . . . . 7
1.2. Саяси партиялардың құқықтық мәртебесінің түсінігі
және құрылымы . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 14
1.3. Саяси партиялар конституциялық-құқықтық
институт ретінде . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 17
1.3.1. Саяси партиялардың түсінігі мен функциялары . . . . . 20
1.3.2. Партиялық жүйелердің мәні мен типологиясы . . . . . 30
1.3.2. Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың
құқықтық институт ретінде қалыптасуының
конституциялық-құқықтық кезеңдері . . . . . . . . . 40
2. Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың
қызметінің конституциялық-құқықтық аспектілері . . . . .50
2.1. Саяси партиялардың құрылуының, жұмыс істеуінің
және тарауының құқықтық негіздері . . . . . . . . . . . .50
2.2. Саяси партиялардың сайлау процесіне қатысуын
құқықтық реттеу . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 58
2.3. Саяси партиялардың қаржылық қызметін құқықтық
реттеу . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .66
Қорытынды . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 64
Пайдаланылған қайнар көздердің тізімі . . . . . . . . . . .68-72
Жоғарыда айтылғандарға сүйенсек, саяси партиялар саяси режим мен басқару нысанына байланыссыз пайда болады. Алайда, мемлекет құқықтық регламенттеу арқылы саяси партиялардың өмір сүруіне айтарлықтай ықпал жасай алады. Басқару нысаны мен саяси режим билікке күрес жүргізу сферасында әрқайсысы өзіне тән ерекше партияны туғызып алады. Мысалы, көз алдымызға күрделі ұйымдасқан, урбанизацияланған, басқару нысаны аристократия болып табылатын қоғамды елестетсек, мұндай демократиялық емес қоғамда да бәрібір саяси партия мен партиялық жүйе болатынын сенімділікпен айтуға болады. Ал демократия болса, саяси партиялардың еркін қызметіне, саяси өмірдің әралуандылығына және барлық азаматтардың саяси құқықтарын қорғауға ең жақсы жағдай туғызады. Мұндай қорытындыны мынадай мысалмен бекітуге болады, Афинадағы ежелгі демократия кезінде партиялар мен партиялық жүйелер болмаған еді, себебі бұл қоғам жеткілікті түрде күрделі ұйымдаспаған еді. Сондай-ақ партияның пайда болуы мен демократияның арасында байланыстың жоқтығына, мысалы, XІX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Ресейдегі жағдайды келтіруге болады. Ол кездегі саяси режимді демократиялық деп атауға болмайды, алайда, алғашқы ресейлік партиялар мемлекет пен қоғамдағы демократиялық құрылымның жоқ кезінде пайда болған. Жоғарыда келтірілгендердің барлығы, саяси партиялар күрделі ұйымдасқан қоғамның қажеттілігінен туындаған және партиялардың одан арғы дамуы осы қоғамның дамуымен тығыз байланысты деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен, саяси партияларды зерттеудің бір жолы ол оларды ерекше әлеуметтік құбылыс ретінде зерттеу болып табылады.
Саяси партиялардың әлеуметтік құбылыс ретінде ұзақ тарихы бар. Зерттеушілердің арасында партиялардың прототипі Афина демократиясының кезінде болған деген көзқарас бар. Шынында да Аристотельдің еңбектерінен б.д.д VІ ғасырда Афинада бірнеше бір-біріне қарсы топтар болғандығы жайлы деректерді кездестіреміз [10]. Сондай-ақ ежелге Римде «pars» терминімен белгілі бір императорды қолдайтын лауазымды тұлғалардың тобын атаған. Алайда, саяси партиялар деп, ұқсас көзқарастары бар тұлғаларды түсінсек, онда саяси партиялар билікпен бірге сонау неолит дәуірінде пайда болғанын анықтаймыз. Себебі, адамға ұқсас көзқарасы бар басқа адаммен бірігіп әрекет істеу үшін ұйымдасу тән. Ал егер партиялы пікірлестер тобы дегеннен гөрі әлдеқайда күрделі құрылым деп есептесек, онда партияның пайда болуы тарихы мүлдем кейінірек басталады. Қазіргі ұғымдағы саяси партияларды дүниеге әкелген ұйымдар XVІІ-XVІІІ ғасырлардағы ерте буржуазиялық революциялар кезінде пайда болды. Алғашқы саяси партиялар Голландиядағы оранжистер мен республикашылардың күресі нәтижесінде пайда болды.
Партиялар саясатқа, оның ішінде сайлау процесіне тұрғындардың барлық бөлігін тарту арқылы біртіндеп өзінің қызмет аясын кеңейте берді және саяси өмірдегі өзінің маңызын арттырды. Егер партиялар алғашында экономикалық және саяси элиталардың клубы ретінде өмір сүрсе, XІX ғасырдың соңынан бастап күшті ұйымдасқан топқа тән белгілерге ие бола бастады. Бұл өзгеріс қоғамдық құрылымның күрделенуімен және сайлау процесіне бұқара халықты жіберумен байланысты жүрді және саяси партиялар осындай күрделі қоғамда өз орнын табуы үшін өз қатарына бұқара халықты молынан тартуға мәжбүр болды. Аталған өзгерістер партиялардың алғашқыда ұстанған элита мүддесін бұқаралық электораттың мүддесіне алмастыруға итермеледі. Оның үстіне қоғамның күрделенуі мен урбанизациялануы бұқараны мемлекеттен алшақтата бастады, сөйтіп осы екі ірі құрылымның арасындағы делдал қызметін саяси партиялар атқара бастады. Шын мәнінде саяси партиялар ақпаратты екі жаққа жеткізуші қызметін атқарады, яғни, азаматтық қоғамнан мемлекетке және керісінше. Жоғарыда келтірілгендерден байқайтынымыз, қазіргі ұғымдағы партиялық жүйе мен партияларды қалыптастыру үшін, біздің пікірімізше, ең аз дегенде үш жағдай қажет – күрделі түрде ұйымдасқан социумның, дамыған азаматтық қоғамның және осы қоғамда азды-көпті нақты айқындалған мүдделердің болуы. Біздің пікірімізше, партиялардың тиімділік дәрежесі, жоғарыда аталған үш жағдайдың жүзеге асу дәрежесіне тікелей байланысты. Аталған қорытынды қазіргі қазақстандық партиялардың проблемаларын белгілі бір дәрежеде түсіндіреді.
Қазақстандық партия жүйесінің әлсіздігі мен тиімсіздігі негізінен екі факторға тіреледі. Бірінішіден, Қазақстандағы партиялардың қалыптасуына, азаматтық қоғамның әлсіздігі өзінің кері әсерін тигізуде. Азаматтық қоғамның әлсіздігі басқа маңызды мәселені – қоғам мен саяси элита арасындағы байланыстың жоқтығын тудыруда. Біздіңше, осы жағдай қазақстандық партиялар, азаматтық қоғамның емес (себебі ол әлі толық қалыптаспаған), саяси элитаның өкілдері екенін көрсетеді. Қазақстандық партиялардың әлсіздігін түсіндіретін келесі бір фактор, ол қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтардың айқындалған мүдделерінің болмауы. Мемлекетпен қатынаста қоғамның өкілі болуы үшін партия қандай мүдделерді білдіру керектігін білуі тиіс. Біздің қоғамда мұндай әлеуметтік мүдделерді қалыптастыру әзірге инстинктілік сезу сатысында деп айтуға болады. Мүдделер толық айқындалмағандықтан, саяси партияларды күшті қару ретінде пайдалану мүмкін болмай отыр.
Жалпы алғанда саяси партиялар әлеуметтік құбылыс ретінде әлеуметтанушылармен, саясаттанушылармен және тарихшылармен жеткілікті зерттелді деп айтуға болады. Ал Қазақстан Республикасы конституциялық құқығы ғылымы тұрғысынан бұлай деп айта алмаймыз.
Саяси партияларды зерттеудің тағы бір жолы, ол оларды ғылыми мүдде тұрғысынан зерттеу болып табылатынын атап өту қажет.
Саяси партиялар пайда болысымен-ақ, саясаттанушылардың, тарихшылардың және құқықтанушылардың ғылыми мүддесінің объектісіне айналды. Саяси партиялар туралы алғаш ой қозғағандар ретінде Берк, Вашингтон, Монтескье, Мэдисон, Руссо және т.б. білеміз. Саяси партиялардың мәселелері белгілі әлеуметтанушылар Вебер, Моски, Паретоның еңбектерінен орын алған. Саяси партияларға арналған және олардың одан ары зерттелуіне ықпал еткен ауқымды жұмыстар XІX соңы мен XX ғасырдың басында пайда болды. Аталған ғылыми еңбектің авторлары Дж. Брайтс, Р. Михельс, М. Острогорский саяси партиялар туралы ілімнің қайнар көзінде тұрды. Б. Хеннеси оларды партиялар туралы зерттеулердің негізін қалаушылар деп есептесе, С. Элъдесвельд оларды партиялар туралы ғылымды дүниеге әкелушілер деп санайды. Олар нағыз саяси ғылым ретінде сипатталатын, саяси партиялар туралы алғашқы кітаптарды жазған авторлардың арасында аталады. Саяси партиялар туралы жалпы теорияның негізін қалаушы болып франзуц ғалымы М. Дюверже саналады.
Сондай-ақ Ресейдегі саяси партияларды ғылыми зерттеудің де бай тарихы бар. Партияларды ғылыми зерттеуге орасан зор үлес қосқан революцияға дейінгі көрнекті ғалымдар мен саясаттанушылар қатарында В. П. Безобразов, В. В. Водовозов,
И. Владиславлев, Ю. Гамбаров, В. Л. Львов-Рогачевский,
М. Я. Острогорский, Н. Чичерин, В. И. Ленин және т. б. атай аламыз. Ал 1990 жылдардан бастап бұл ғылыми тақырыпты зерттеген ғалымдар ретінде А. С. Автономов [11], С. А. Авакьян [12], С. А. Боголюбов [13], С. Е. Заславский [14], В. Н. Краснов [15], В. В, Лапаева [16], Ю. А. Юдин [17] және т.б. білеміз.
Қазақстандық ғалымдардан Баймаханов М. Т., Зиманов С. З., Сартаев С. С., Өзбекұлы С., Сапарғалиев Ғ. С., Қопабаев Ө. Қ., Айтхожин Қ. К, Ащеулов А. Т., Нысанбаев А. Н., Дьяченко С. А., Машанов М. С. және т. б. атауға болады.
Алайда атап өту қажет, ғылыми зерттеулердің айтарлықтай бөлігі партияны әлеуметтік және саяси құбылыс ретінде қарайды Тек біршама бөлігі ғана саяси партияны құқықтық құбылыс ретінде қарастырады. Мұндай жағдайды кешегі күнге дейін саяси партияларды құқықтық реттейтін нормалар тобының шашылып жүруімен және соның әсерінен аталған құбылысты құқықта жүйелі және бірізді бекітуді қамтамасыз етілмегендігімен түсіндіруге болады. Тек қазіргі уақытта ғана партиялардың құқықтық жағдайын реттеудің, біртіндеп Қазақстанның құқықтық кеңістігінде жеке орынға ие болып жатқандығын көрсетеді. Біздің пікірімізше, аталған процесс Қазақстанның конституциялық құқығы саласында саяси партиялардың мәртебесін реттейтін нормалардың орнын анықтаумен байланысты проблемалардың туындауына негіз береді. Оның үстіне, саяси партиялардың мәртебесін бекітетін құқықтық нормалардың кешенділігі туралы айтуға болады. Олар тек қана партиялардың қызметі сферасындағы конституциялық-құқықтық қатынастарды реттейтін нормаларды ғана емес, сондай-ақ құқықтың өзге салаларындағы «партиялық» қатынастарды реттейтін нормаларды да қамтиды. Мысалы, саяси партияларды мемлекеттік тіркеуді реттейтін нормалар әкімшілік құқыққа жатады, ал саяси партияларды мемлекеттік қаржыландыруды заңдық тұрғыдан бекіту аталған институтқа қаржы құқығының нормаларының енгені туралы айтуға мүмкіндік береді. Сонымен қазіргі кезеңде саяси партияларды толық теоретикалық және ғылыми зерттеуге мұқтаж құқықтық құбылыс ретінде айтуға мүмкіндік туды.
Саяси партияларды ғылыми зерттеудің келесі бір жолы, оларды құқықтық реттеу объектісі ретінде зерттеу, олардың институционализациялану процесін зерттеу болып табылады. Жоғарыда айтылғандай, қазақстандық партиялардың осы жағы қазіргі кезде жеткілікті зерттелмеген және осы жұмыста негізгі көңіл осы мәселеге бөлінді.
Конституциялық құқық саласының реттеу объектісі ретінде саяси партиялар салыстырмалы түрде жуықта пайда болған құбылыс ретінде сипатталады. Саяси партиялардың жағдайы құқық нормаларымен тек XX ғасырдың ортасында ғана реттеле бастады. Біздіңше, бұған үш себеп бар – мемлекет қызметінің аясының кеңеюі, саяси партиялардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлінің артуы, мемлекеттегі жеке тұлғаның рөлінің, оның құқықтары мен бостандықтарының артуы.
Бірінші себеп ол, мемлекет рөлінің кеңеюі, саяси партияларды құқықтық реттеу кеңістігіне кіргізді. Бұған саяси партиялардың сайлау кампаниясына тікелей қатысуын, олардың Парламенттегі, Үкіметтегі, жергілікті өзін-өзі басқарудағы қызметін реттеу кірді. Өзінің нысаны бойынша реттеу нормативтік құқықтық түрде жүрді.
Осы сферадағы келесі қадам, XX ғасырдың екінші жартысында, ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін, саяси партиялардың институционализациялану процесінің белсенді жүруімен байланысты жасалынды. 30-40 жылдардағы Германиядағы қалыптасқан жағдай саяси партиялардың қандай үлкен күш болғандығын және керемет потенциалға ие мұндай ұйымның қызметін құқықтық реттемеу қандай қауіпті екендігін көрсетті. Саяси партиялар рөлінің өсуі, олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі маңызы, оларды институционализациялауға тағы бір себеп болды. ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін партияларды ерекше ұйымдасқан құрылым ретінде құқықтық реттеу кезеңі басталды.
Осымен қатар, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, оларды Конституцияда бекіту процесі және жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың халықаралық институтын қалыптастыру жұмысы жүре бастады. Осыған байланысты саяси партияларды реттеу келесі бір сфераны - жеке тұлғаның құқығы мен бостандығын реттеуді қамтыды.
Егер институционализациялану процесін партиялардың жағдайын реттеген нормативтік құқықтық актілер деңгейін есептей отырып бағаласақ, мұнда да бірнеше кезеңдерді бөлуге болады. Алғашқы кезеңі болып өзге құқықтық институтқа арналған заңның жекелеген нормаларымен партияларды реттеу табылады. XІX ғасырдың соңы XX ғасырдың басында жүргізілген мұндай реттеу, партиялардың мемлекеттік институттардың қызметіне тікелей ықпалымен байланысты тұстарына жүргізілді, ал партя қызметінің басқа жағы назардан тыс қалды. Партияны құқықтық тәжірибелік тұрғыдан анықтау үшін, сотта партиямен байланысты кейбір істерді қарағаннан кейін пайда болған, сот шешімдері мен прецеденттері пайдаланылды.
Саяси партиялардың құқықтық институт ретінде қалыптасуының іргетасы болып, олардың жағдайының Конституция нормаларымен бекітілуі табылды. Мемлекет белгілі бір нормаларды Конституцияға енгізу арқылы саяси жүйедегі партяның орны мен рөлін анықтауға тырысты. «Ертеректе «партия» ұғымы Конституцияда кездеспеген еді. Партиялар туралы баптардың негізгі заңға енуі, партиялардың саяси жүйенің элементі ретінде конституциялық деңгейден танылуын білдіреді», - деп атап өтеді швед зерттеушісі Л. Рикхель [18]. Партиялардың тарихы, институционализациялану кезеңі фашизм мен реакцияның талқандалуымен байланысты болған өзгерістер жағдайында жүргізілді. ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін қабылданған көптеген шет мемлекеттердің Конституцияларында (Италия, Франция, Португалия, Испания және т.б.) белгілі бір дәрежеде партиялардың мәселесі қозғалған. Оның үстіне осы Конституцияларда партияларға арналған баптар санының көбею ағымы байқалуда. Мысал ретінде Швеция (1974), Греция (1975), Португалия (1976), Испания (1978) Конституцияларын келтіре аламыз. Партиялар жайлы бір-екі баппен шектелген итальян және француз Конституцияларына қарағанда, партияларға испан Конституциясында төрт бап, португал Конституциясында он бап арналған. Партияларға арналған арнайы баптардан бөлек Португалия Конституциясында азаматтардың құқықтары мен босатандықтары (46-бап), саяси билікті ұйымдастыру (117-бап), Парламент қызметі (154, 179, 183 баптар), Үкімет (190, 197 баптар), жергілікті өзін-өзі басқару (246-бап) сияқты бөлімдерде және өтпелі және қорытынды ережелерде партиялар жайлы айтылған [19]. Бұл конституциялық реттеу, партия қызметі туралы жүйеленген құқықтық база құруға итермеледі.
Партияларды құқықтық реттеудің келесі кезеңі болып, саяси партиялар туралы арнайы заңның пайда болуы саналады. Саяси партиялар туралы арнайы заң - құқық шығармашылығының жас түрі болып есептеледі. Оның қалыптасуы XX ғасырдың 60-70 жылдарына жатады. Аталған заңның ерекшелігі, оның тек қана партияға бейімделуінде және оның қызметінде ғана емес, сонымен бірге ұйымның өзін де реттеуінде еді. Сондай-ақ аталған заң партияның ішкі ұйымдастырушылық қатынастарын реттейтін нормаларды қамтиды. Уақыт өте келе заң шеңберінде партия қызметін қаржыландыру сұрақтарына ерекше назар аударыла бастады.
Сонымен, осы тақырыпта партияның пайда болу себептері анықталды. Себептері ретінде, қоғамның күрделі ұйымдасуын, азаматтық қоғамның болуын және осы қоғамда әртүрлі нақты білдірілген әлеуметтік мүдделердің болуын айта аламыз. Демократия мен партияның пайда болуының арасындағы тікелей байланыстың жоқтығы негізделді. Сонымен бірге, партиялардың пайда болу себептері XX ғасырдың ортасында басталған оларды институционализациялау процесінің (яғни мемлекет қызметі аясының кеңеюі, партияның қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлінің өсуі, жеке тұлғаның, оның құқықтары мен бостандықтарының артуы) себептерімен байланысты емес екендігі анықталды. Шетелдік тәжірибеде, партияларды институционализациялаудың және олардың қызметін құқықтық реттеуді жүйелеудің іргетасы болып, партиялардың мәртебесін конституциялық деңгейдегі реттеу табылады. Сондай-ақ партияларды институционализациялаудың кезеңдері зерттелді.