Саяси партия

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Мая 2015 в 19:26, дипломная работа

Описание работы

Саяси партиялар Қазақстан Республикасының саяси жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Елімізде партиялардың жағдайы бірқатар нормативтік-құқықтық актілермен анықталады. Саяси партиялардың құқықтық мәртебесін ғылыми тұрғыдан зерттеу біздің қоғамдағы осы құбылыстың дамуындағы құқықтық және тәжірибелік проблемаларын шешуде зор маңызы бар.
Зерттелетін тақырыптың өзектілігі. Саяси партияларды құқықтық реттеудің теориялық және практикалық мәселелері, әдетте, отандық және шетелдік саяси және заң ғылымдарының басым бағыттарына кіреді. Қазақстан Республикасының қазіргі кезеңінде аталған мәселелер ерекше өзектілікке ие болуда, себебі елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық өзгерістер уақытында, мемлекет пен қоғамды байланыстыратын саяси партиялардың тиімділігі тиісті деңгейде болмай отыр. Мұндай өзгерістер кезеңінде саяси партиялар өздерінің жақтастары болып табылатын қоғамның бір бөлігінің мүдделерін мемлекет алдында мүмкіндігінше дәл білдіре алулары тиіс, сондай-ақ өз жақтастарына жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін түсіндірулері тиіс.

Содержание работы

Кіріспе . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 3

1. Саяси партияларды құқықтық тұрғыдан зерттеудің
теориялық негіздері . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 7
1.1. Саяси партиялардың құқықтық құбылыс ретінде
пайда болуының және дамуының мәселелері . . . . . . . . . 7
1.2. Саяси партиялардың құқықтық мәртебесінің түсінігі
және құрылымы . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 14
1.3. Саяси партиялар конституциялық-құқықтық
институт ретінде . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 17
1.3.1. Саяси партиялардың түсінігі мен функциялары . . . . . 20
1.3.2. Партиялық жүйелердің мәні мен типологиясы . . . . . 30
1.3.2. Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың
құқықтық институт ретінде қалыптасуының
конституциялық-құқықтық кезеңдері . . . . . . . . . 40

2. Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың
қызметінің конституциялық-құқықтық аспектілері . . . . .50
2.1. Саяси партиялардың құрылуының, жұмыс істеуінің
және тарауының құқықтық негіздері . . . . . . . . . . . .50
2.2. Саяси партиялардың сайлау процесіне қатысуын
құқықтық реттеу . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 58
2.3. Саяси партиялардың қаржылық қызметін құқықтық
реттеу . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .66

Қорытынды . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 64

Пайдаланылған қайнар көздердің тізімі . . . . . . . . . . .68-72

Файлы: 1 файл

Дип.-Саяси-партиялардың-құқықты.doc

— 455.50 Кб (Скачать файл)

Алайда, атап өту керек, заңды тұлға мәртебесін алу үшін, яғни, азаматтық құқықтық қатынастардың субъектісі аталу үшін азаматтық заңның нормаларына сәйкес саяси партиялар тіркеуден өтуі тиіс. Бұл тәртіп бойынша заңды тұлға мәртебесін алу міндетті емес және партияның өзінің еркіне байланысты. Тіркелмеу не одан бас тарту партияның мәртебесіне саяси процестің субъектісі ретінде әсер етпейді. Барлық партиялар саяси қатынастар кеңістігінде өзінің қызметін еркін жүзеге асырады.

Сөйтіп, саяси партиялар еркін құрылады және қандай да бір құқықтық рәсімделусіз-ақ өмір сүреді. Сөйтсе де, партиялардың құрылуының бұл тәртібін шартты деп есептеуге болады.

Кез келген партияның стратегиялық мақсаты, оның өмірінің мәні – сайлау арқылы мемлекеттік билікке ие болу және оны жүзеге асыру. Осыған орай, партиялардың келісімсіз-ақ құрылу тәртібі бар көптеген мемлекеттерде саяси партияларды сайлау процесінің қатысушылары ретінде мемлекеттік тіркеу тәжірибесі қолданылады. Басқаша айтқанда, саяси партиялар шын мәнінде заңды болып сайлау кезінде танылады.

Жалпы алғанда, келісімсіз-ақ құрылу тәртібі, партияларды қалыптастырудың демократиялық нысаны болып табылады, ол қандай да бір шектеусіз бірлесуге максимальды еркіндік береді. Партиялардың мұндай еркіндігі, әлдеқайда дамыған демократиялық мемлекеттерде қолданылады. Алайда, бұл мемлекеттердің бай саяси дәстүрі, азаматтарының жоғары құқықтық және саяси мәдениеті бар екенін атап өтуіміз қажет.

Рұқсат алуды қажет етуші тәртіпте партияны құру шарасын (құрылтай съездін өткізу) өткізу үшін, мемлекеттік органдардан алдын ала рұқсат алу қажет. Байқап отырғанымыздай, бұл процедура саяси партияларды құру еркіндігін барынша шектейді (партиялардың мүлдем болмауы не заңда көрсетілген саннан артық құрылмайтын жағдайды қоспағанда).

Рұқсат алуды қажет етуші тәртіп тоталитарлы және авторитарлы жүйесі бар мемлекеттерге тән. Тарихи аспектіде қарастыратын болсақ, 1917 жылдан соң биліктегі коммунистік партиядан өзге партия құруға тыйым салу болмағанымен, шын мәнінде көптеген партиялар жабылып қалды. Алайда, 1922 жылдан бастап бірлестіктердің жалпы бостандығын қатты шектейтін нормативтік актілер қабылдана бастайды. Мысалы, РКФСР БОАК мен ХКК 1922 жылдың 10 тамызында «Әртүрлі ұйымдарға, одақтарға, бірлестіктерге съезд және жиналыс өткізуге рұқсат беру туралы» инструкция қабылдады. Оған сәйкес, кез келген съезд, оның ішінде құрылтай съезді де, тек ІІXК алдын ала рұқсат беруімен шақырылатын. Сөйтіп, қоғамдық бірлестіктердің құрылуының рұқсат беруші тәртібі орнатылды.

Рұқсат алуды қажет етуші тәртіп ерекше жағдайға байланысты, уақытша шара ретінде бірқатар мемлекетте енгізілген. Мысалы, 1945-1949 жылдары фашистік оккупациядан босатылған Австрияда, бірпартиялық жүйеден көппартиялық жүйеге көшу кезінде Египетте орын алды (1976-1978) [17. 78 бет].

Келісімсіз-ақ құрылушы және тіркеуді қажет етуші тәртіп екі белгімен ерекшеленеді:

- саяси партиялар ешкімнің алдын ала рұқсатынсыз, еркін негізде құрылады;

- бірақ, өкілетті мемлекеттік органда тіркелу арқылы заңды мәртебеге ие болады.

Сөйтіп, бір жағынан, саяси партиялар келісімсіз-ақ құрылушы тәртібіндегідей еркін құрылады, яғни осымен байланысты кез келген әрекеттерді (құрылтай съездін не конференциясын өткізу, жетекші органдарын сайлау және т.с.с) өткізу үшін ешкімнің рұқсаты қажет емес. Сонымен қатар, қоғамдастықтар мен ассоциациялар туралы арнайы заңдар, саяси партияның заңды мәртебеге ие болуы үшін белгілі бір нысанда тіркелу қажеттігін қарастырады.

Бұл саяси партияларды заңдастырудың әлемде кеңінен тараған тәртібі және ол, тек саяси партиялары құқықтық институт ретінде қалыптасқан елдерге ғана тән. Бұл тәсіл Қазақстанды қоса алғанда, барлық кеңестік және бірқатар еуропалық мемлекеттерде (Автрия, Италия, Испания, Португалия) қолданылады. Біздің пікірімізше, бұл тәртіп «күресуші демократия», яғни, құрылу еркіндігі мен оның ақылға сыйымды шегі арасындағы тепе-теңдікті сақтау жағдайындағы, саяси партияларды құқықтық реттеудің негізгі талаптарына сәйкес келеді.

Атап өту қажет, бұл мәселеге Қазақстанда үлкен мән беріледі. Жаңа заңның жобасын әзірлеу барысында саяси партиялардың өкілдері арасында өткен дискуссияларда, дәл осы, саяси партияларды заңдастыруға қатысты баптар қызу пікірталас тудырған еді.

Қазақстан Республикасының 2002 жылдың 15 шілдесінде қабылданған «Саяси партиялар туралы» Заңында саяси партиялардың құрылу процедурасы біраз өзгерістерге ұшырады. Себебі, саяси партия республикалық масштабтағы саяси субъект болғандықтан оны ұйымдастыру кезінде елдің аймақтарының басым бөлігінің өкілдері болуы тиіс.

1996 жылғы заңда, құрылтай  съездін дайындау және өткізу  үшін құрылатын ұйымдастыру комитетінің  сандық құрамы көрсетілмеген  еді. Ал жаңа заң ұйымдастыру  комитеті 10 адамнан кем емес құрамда  құрылуы тиіс деп бұл кемшілікті түзетті.

Құрылтай съездінде (конференциясында) саяси партияны құру, оның атауын, жарғысын, бағдарламасын жасау, басшы органдарын қалыптастыру туралы шешімдер қабылданады.

Әдетте, өзге қоғамдық бірлестіктерден ажырату үшін, заң саяси партияларға өз атауын пайдаланған кезде міндетті түрде «саяси партия» немесе «партия» сөзін пайдалануды талап етеді. Оның үстіне, саяси партияның толық және қысқартылған атауы, оның символикасы мемлекеттік органдар мен өзге партиялардың атаулары мен символикаларынан ерекшеленуі тиіс. Заң сондай-ақ- тұңғыш рет партия атауында ұлттық, этникалық, діни, аймақтық, гендерлік белгілерді, оның жетекшісінің, тарихи тұлғалардың аты-жөнін пайдалануға тыйым салды. Бұл белгілерді партиялардан өзге, кез-келген қоғамдық ұйымдардың атауында қолдануға болады. Басқаша айтқанда, заң әртүрлі топтар мен азаматтардың әлеуметтік-экономикалық мүдделерін көздейтін партиялардың жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Саяси партиялар мемлекеттік тіркеуден өтуі үшін, оның құрамында партияның барлық облыстардағы, республикалық маңызы бар қала мен астанадағы әрқайсысында кемінде жеті жүз партия мүшесі бар құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) атынан өкілдік ететін кем дегенде елу мың партия мүшесі болуға тиіс.

Партия мүшесінің минималды санын 50 000 адам деп белгілеу, саяси партия мәртебесіне кандидат әртүрлі ұсақ топтардың пайда болуын шектеуге бағытталған. Оның үстіне, қазақстандық ғылымда саяси партиялардың тіркелу саны біраз дау туғызды, себебі, бұрынғы заңда тіркелу үшін 3 000 мүше болса жететін еді. Мысалы, Чеботарев А. сандық мөлшердің ұлғаюын негізсіз деп есептейді және оның себебі: «өз партиясын құрғысы келетін көптеген азаматтар република тұрғындарының үлкен бөлігінің саясаттан тыс болуына, мүдделерінің әлеуметтік-тұрмыстық және жеке мәселелеріне бағытталуына және саяси партиялардың қызметіне енжар қарауына байланысты өзінің мақсатына жете алмайды. Мемлекет заң арқылы партияларға қанша мүше керек екендігін ашық бұйыру арқылы олардың ішкі ісіне заңсыз араласып отыр» [76].

Бұл мәселе сондай-ақ, кейбір партиялардың корпоративті негізде құрылуымен де өзекті. Мұндай жағдайда саяси партиялар белгілі бір қысым көрсету тобының саяси қанатына айналады. Мысал ретінде, Азаматтық және Аграрлық партияларды келтіруге болады. Азаматтық партия алюминий және хром өндіріс орталықтарының негізінде құрылған және шетелдік инвесторлардың  (Машкевия пен Шодиев қаржылық-өндірістік тобы) мүдделерін қорғайды. Аграрлық партия әртүрлі агрофирмалық топтардың мүдделерін қорғауға негізделген.

Саяси партияларды мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігімен, ал оның құрылымдық бөлімшелерін есептік тіркеу – аумақтық әділет органдарымен жүзеге асырылады.

  Саяси партияларды  мемлекеттік тіркеу үшін мына  құжаттар тапсырылады:

1. тіркеуші орган белгілеген нысан бойынша өтініш;

2. саяси партияның басшысы қол қойған саяси партияның екі дана етіп жасалған жарғысы мен бағдарламасы;

3. саяси партияның құрылтай съезінің (конференциясының) хаттамасы ;

4. саяси партия мүшелерінің тізімі;

5. заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу үшін алынатын алымның төленгені туралы құжат.

Аталған құжаттардың ішіндегі ең маңыздылары болып жарғы және бағдарлама табылады.

Егер бұрынғы заңда жарғының құрылымы туралы ештеңе айтылмаса, 2002 жылғы заң бұл құжаттың нақты регламентациясын береді. Жарғының құрамында міндетті түрде мыналар болуы керек:

1. саяси партияның атауы, мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ рәмізінің сипаттамасы;

2. саяси партияның орталық аппаратының орналасқан жері;

3. саяси партияға мүше болудың және мүшеліктен шығып қалудың шарттары мен тәртібі, оның мүшелерінің құқықтары мен міндеттері;

4. саяси партия мүшелерін есепке алу тәртібі;

5. саяси партияны, оның құрылымдық бөлімшелерін (филиалдары мен өкілдіктері)  құру, қайта құру және тоқтату тәртібі;

6. саяси партия мен оның құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктері) басшы және бақылау-тексеру органдарын сайлау тәртібі, аталған органдарың мерзімі мен құзыреті;

7. саяси партияның жарғысына және оның бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;

8. депутаттыққа және мемлекеттік билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарындағы өзге де сайланбалы қызметтерге саяси партиядан кандидаттар (тізімін) ұсыну тәртібі;

9. бірыңғай жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша саяси партия ұсынған Мәжіліс депутатығына кандидаттарды кері шақырып алу немесе ротациялау негіздері;

10. саяси партия мен оның құрылымдық бөлімшелерінің ақшаны және өзге де мүлікті басқару саласындағы құқықтары, қаржылық жауапкершілігі, есептілік тәртібі.

Партия бағдарламасының жарғыдан ерекшелігі, оның мазмұнын реттейтін нормалардың болмауында. Сонымен бірге, бағдарламада негізгі идеялар мен көзқарастар көрініс табатынын ескерсек, оның барлық азаматтарға түсінікті түрде жазылуы міндетті болып табылады. Яғни, бұл құжат тұрғындардың ауқымды бөлігіне арналады. Осыған орай, біздің пікірімізше, елімізде тіркелген партиялар бағдарламалары Ресейдегідей ресми газетте жарияланса, «Саяси партиялар туралы» заңымызда осындай мүмкіншілік қарастырылса [77]. Партияның құрылтай съезінде қабылданған саяси партияның жарғысы мен бағдарламасы, съезд өткен күннен соң екі ай ішінде Әділет Министрлігіне ұсынылуы керек.

Заң талаптарына сәйкес істелінген саяси партия мүшелерінің тізімі, саяси партия тіркеуден өтуі үшін қажетті құжаттың бірі болып табылады.

Егер партия немесе оның филиалдарын мемлекеттік тіркеуден бас тартылған жағдайда, партия бұл шешімді сотқа беруге құқылы.

Заң, сондай-ақ саяси партияның қызметін тоқтата тұру мүмкіндігін де қарастырады. Яғни, саяси партияның қызметі соттың шешімі бойынша үш айдан алты айға дейінгі мерзімге:

1. Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарын бұзған;

2. Саяси партияның жарғысына қайшы келетін қызметті үнемі жүзеге асырған;

3. Саяси партия басшыларының Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен егемендігін бұзуға, өкімет билігін басып алуға немесе ұстап тұруға, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, заңсыз әскерилендірілген құрылымдар құруға бағытталған, сондай-ақ әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни, тектік-топтық немесе рулық араздықты тұтатуға жария шақыруы мен сөздері орын алған жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкін (13 б. 1 бөл.).

Алайда, тоқтата тұру, әлемдік тәжірибеде тарала қоймаған құбылыс. Бірақ, құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, партияны бірден таратқаннан гөрі, оған сол құқық бұзушылықтарды жоюға уақыт беру қолайлы болып шығады. Тиісті кемшіліктерді жойса, партия өз қызметін одан әрі жалғастыра алады, ал олай болмаған жағдайда, ол таратылады.

Саяси партияны тарату оны тоқтатып қоюға қарағанда, әлдеқайда күрделі құқықтық құбылыс болып табылады. Заң, саяси партияның қызметін ерікті не мәжбүрлі түрде тоқтатудың үш негізін белгілеген.

Саяси партиялар өз қызметін ерікті түрде екі жағдайда тоқтатады:

1) өзінің жоғары органының  шешімі бойынша;

2) аймақтардың кемінде  жартысының өкілі болып табылатын  мүшелерінің кемінде елу бір  пайызының ұсынысы бойынша.

Саяси партияларды мәжбүрлі тарату мемлекет бастамасы негізінде, тек сот тәртібімен жүзеге асырылады.

Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасы саяси партиялардың  ұйымдастыру, қызмет ету және таратудың құқықтық негіздері, мемлекетіміздің тиімді көппартиялылықты қолдауға ұмтылуын дәлелдей түседі.

  

 

2.2. Саяси партиялардың сайлау  процесіне қатысуын құқықтық  реттеу

 

Сайлау институты демократиялық, құқықтық мемлекет қалыптастыру жағдайында халық билігін жүзеге асыратын шынайы механизмге айналады. Нақ осы жерде әртүрлі саяси күштердің өкілдері болып табылатын саяси партиялардың мүдделері тоқайласады.

Демократиялық мемлекеттердегі саяси партиялар мен олардың кандидаттарының сайлауға қатысуының құқықтық қағидалары мыналар:

мүмкіндіктер теңдігі – барлық кандидаттарға сайлауға, теле-радио уақытқа және өзге де сайлауалды акцияларды өткізу үшін берілетін максималды шығындардың теңдігі;

мемлекеттік аппараттың бейтараптығы – атқарушы органдардың сайлау алдындағы күреске араласпауы; лауазымды тұлғалар сайлау кампаниялары кезінде өзінің абырой-беделін не өкілеттігін белгілі бір кандидатты немесе партияны қолдауға не кемсітуга пайдаланбауы тиіс.

Бұл қағидаларды Қазақстанда жүзеге асыру сөз жоқ, елімізде демократиялық сайлауды орнықтыруға өз септігін тигізеді.

Отандық саяси партиялардың сайлауға қатысуының құқықтық аспектілеріне назар аударатын болсақ, біз алға жылжу жоқ деп біржақты айта алмаймыз. Бұл, әсіресе, сайлау заңнамасына қатысты мемлекетіміздің үлкен демократиялық қадамдарға баруы, саяси партиялардың құқықтары мен міндеттерінің кеңеюімен сиаптталады.

Саяси партиялар туралы заң нормативтік тәртіппен, олардың Президенттікке, Парламент Мәжілісі депутаттығына, мәслихаттағы өз өкілдері арқылы Сенатқа кандидатуралар ұсыну мүмкіндігін белгілеген (15 б. 3 бөл.). Оның үстіне, заң императивті нысанда партиялардан өздерінің сайлау функцияларын жүзеге асыруды талап етеді. Олай болмаған жағдайда, мысалы, Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға қатарынан екі мәрте қатыспау, партияның тарауына әкеп соғады.

Информация о работе Саяси партия