Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Мая 2015 в 19:26, дипломная работа
Саяси партиялар Қазақстан Республикасының саяси жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Елімізде партиялардың жағдайы бірқатар нормативтік-құқықтық актілермен анықталады. Саяси партиялардың құқықтық мәртебесін ғылыми тұрғыдан зерттеу біздің қоғамдағы осы құбылыстың дамуындағы құқықтық және тәжірибелік проблемаларын шешуде зор маңызы бар.
Зерттелетін тақырыптың өзектілігі. Саяси партияларды құқықтық реттеудің теориялық және практикалық мәселелері, әдетте, отандық және шетелдік саяси және заң ғылымдарының басым бағыттарына кіреді. Қазақстан Республикасының қазіргі кезеңінде аталған мәселелер ерекше өзектілікке ие болуда, себебі елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық өзгерістер уақытында, мемлекет пен қоғамды байланыстыратын саяси партиялардың тиімділігі тиісті деңгейде болмай отыр. Мұндай өзгерістер кезеңінде саяси партиялар өздерінің жақтастары болып табылатын қоғамның бір бөлігінің мүдделерін мемлекет алдында мүмкіндігінше дәл білдіре алулары тиіс, сондай-ақ өз жақтастарына жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін түсіндірулері тиіс.
Кіріспе . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 3
1. Саяси партияларды құқықтық тұрғыдан зерттеудің
теориялық негіздері . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 7
1.1. Саяси партиялардың құқықтық құбылыс ретінде
пайда болуының және дамуының мәселелері . . . . . . . . . 7
1.2. Саяси партиялардың құқықтық мәртебесінің түсінігі
және құрылымы . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 14
1.3. Саяси партиялар конституциялық-құқықтық
институт ретінде . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 17
1.3.1. Саяси партиялардың түсінігі мен функциялары . . . . . 20
1.3.2. Партиялық жүйелердің мәні мен типологиясы . . . . . 30
1.3.2. Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың
құқықтық институт ретінде қалыптасуының
конституциялық-құқықтық кезеңдері . . . . . . . . . 40
2. Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың
қызметінің конституциялық-құқықтық аспектілері . . . . .50
2.1. Саяси партиялардың құрылуының, жұмыс істеуінің
және тарауының құқықтық негіздері . . . . . . . . . . . .50
2.2. Саяси партиялардың сайлау процесіне қатысуын
құқықтық реттеу . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 58
2.3. Саяси партиялардың қаржылық қызметін құқықтық
реттеу . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .66
Қорытынды . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 64
Пайдаланылған қайнар көздердің тізімі . . . . . . . . . . .68-72
Партияларды зерттеудің
үш жолы бар екендігі
1.2. Саяси партиялардың құқықтық
мәртебесінің түсінігі және
Ғылымға кез келген әлеуметтік құбылысты құқықтық кеңістікке енгізудің бірнеше жолы бар екені белгілі. Құқықтық ғылым тұрғысынан олардың ең қызықтысы және маңыздысы болып құбылыстың құқықтық мәртебесін бекіту саналады. Құқыққа неғұрлым аз көлемде енгізілген объект құқықтық мәртебенің жекелеген элементтеріне ғана ие болады. Объект құқыққа неғұрлым терең енгізілген сайын, оның құқықтық мәртебесі соғұрлым толық беки түседі. Сәйкесінше, кез келген құбылыстың, біздің жағдайда саяси партияның құқықтық мәртебесінің болуы оның құқықтық табиғатынан хабар береді.
Кез келген құбылыстың маңызды сипаттамасы болып құқықтық мәртебесінің мазмұны мен көлемі табылады [20]. Бұл кез келген құқықтық құбылысты тану үшін оның құқықтық мәртебесін зерттеудің маңыздылығын көрсетеді. Бәрінен бұрын құқықтағы «құқықтық мәртебе» түсінігі ғылыми тұрғыдан нені білдіретіндігін анықтап алу керек.
Аталған термин ғылымда және заңнамада кеңінен қолданылып келе жатыр.
«Мәртебе» (статус) сөзі латын тілінен аударғанда «тұлғаның (заттың) орнын, жағдайын, күйін» білдіреді. Сондықтан, әдетте, «құқықтық мәртебе» және «құқықтық жағдай» терминдері синоним ретінде қолданылады. Жалпы алғанда құқықтық мәртебені субъектінің заңды түрде бекітілген жағдайы деп анықтауға болады. Аталған түсініктемеге әртүрлі анықтаманың берілгендігін ескере отырып, осы жұмыста партияның құықтық өмірінің және мемлекетпен қарым-қатынасының барлық негізгі жақтары түсінілетін «құқықтық мәртебе» термині қолданылады.
Қоғамдық бірлестіктердің құқықтық мәртебесін теориялық зерттеудің қажеттілігін атап өту қажет. Конституциялық құқық ғылымында тұлғаның құқықтық мәртебесі туралы сұрақ қызу талқылану үстінде, алайда, қоғамдық бірлестіктердің, оның ішінде саяси партиялардың құқықтық мәртебесінің түсінігі мен құрылымы аз зерттелген. Біздің пікірімізше, қоғамдық бірлестіктердің, оның ішінде саяси партиялардың құқықтық мәртебесінің көлемі мен мазмұны туралы сұрақтар жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Аталған проблеманы зерттеу кезінде жеке тұлғаның құқықтық мәртебесін зерттеуде қолданылған жолдарға арқа сүйеуге болады. (Бұл жерде сөз құрылымы жайлы қозғалып отыр. Яғни, саяси партиялардың мәртебесінің құрылымымен сәйкес келеді.) Мысалы, М.В. Баглай былай деп жазады: «Негізгі құқықтардың, бостандықтардың және міндеттердің жиынтығы адамның және азаматтың конституциялық-құқықтық мәртебесін құрайды. Бұл құқықтық мәртебе адамның жалпы құқық қабілеттілігіне негіз болып табылады, яғни, оның кез келген заңды әрекеттер істеу мүмкіндігіне жол ашады» [21]. Н.Л. Гранат бұл мәселеде мынадай пікір білдіреді: «Жеке тұлғаның конституциялық мәртебесінің құрылымына мынадай компоненттер кіреді: 1) азаматтық құқық; 2) құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігін біріктіретін құқық субъектілігі; 3) негізгі құқықтар мен бостандықтар заңды мүдделер мен міндеттер; 4) құқықтық қағидалар 5) құқықтық жауапкершілік ерекше орын алатын құқықтық мәртебенің кепілдіктері» [22].
Сонымен, бірқатар ғалымдардың жеке тұлғаның құқықтық мәртебесінің мазмұны туралы айтқан пікірлерін қарастыра отырып, бірнеше негізгі мәселелерді айқындап алуға болады. Біріншіден, барлық ғалымдар аталған категорияны тәуелсіз құқықтық институт ретінде қарастырады. Екіншіден, құқықтық мәртебені құрайтын элементтердің әртүрлілігіне қарамастан, олардың кейбірі оған берілген анықтамалардың барлығында кездеседі. Бұлар құқықтар, бостандықтар, міндеттер, оларды жүзеге асыру кепілдіктері. Үшіншіден, қарастырылып отырған түсініктің өзін ғалымдардың кейбірі тар, кейбірі кең мағынада талқылайды. Осы жұмыстың авторы да партияның құқықтық мәртебесін кең мағынада талқылауға қосылады және бұл мәселеде Л.Д. Воеводиннің ұстанымымен келіседі: «Ғылыми әдебиетте құқықтар мен бостандықтар және құқықтық мәртебе институттарын ұқсастыру кеңінен тараған. Заңдарда да құқықтық жағдайдың, құқықтар мен бостандықтар институтымен қатар тұратыны сирек кездеспейтін жәйт. Сөйтіп, екі бөлек институт бір ұғымға біріккендей әсер қалдырады. Сонымен қатар, тұлғаның құқықтық жағдайы кешенді мемлекеттік-құқықтық институт болып табылады және өзінің аясына, азаматтардың негізгі құқықтарын, бостандықтарын және міндеттерін біріктіреді». [20. 13 бет]. Сөйтіп, көпшілік авторлардың пікірі бойынша жеке тұлғаның құқықтық мәртебесі, конституциялық құқықтың кешенді институты болып табылады. Осы жұмыс авторының пікірі бойынша, жоғарыда айтылғандардың барлығын, негізінен саяси партиялардың құқықтық мәртебесіне қолдануға болады. Мұнда да саяси партиялардың мемлекет пен қоғамдағы орнын және рөлін анықтайтын институттарды құқықтық мәртебе біріктіреді.
Сонымен саяси партиялардың құқықтық мәртебесінің құрылымына нені кіргізуге болады? Партиялар өзінің құқықтық мәртебесінің құрылымы бойынша қоғамдық бірлестіктердің бірі ретінде қарастырылуы мүмкін, ал қоғамдық бірлестіктер құқықтағы ұжымдық субъектінің бір түрі ретінде қарастырылады. Ұжымдық субъект болса, құқықтағы субъектілердің бірі ретінде қарастырылады. Сәйкесінше, саяси партиялардың мәртебесінің құрылымы, осы жағдайда құқықтың кез келген субъектісінің мәртебесінің құрылымымен сәйкес келеді. Құқықтық мәртебенің құрылымы жалпы, ал мазмұны жеке құбылысты білдіреді. Құқық субъектілері өзінің құқықтық мәртебесінің мазмұны бойынша әртүрлі болып келеді де, ал құқықтық мәртебенің құрылымы болса, оларды біріктіреді.
Ұжымдық және жеке субъектілердің құқықтық мәртебесінің негізі болып, оның құқықтарының, бостандықтарының және міндеттерінің жиынтығы табылады. Бұл саяси партиялардың құқықтық мәртебесінің негізгі элементі.
Алайда, құқықтарды жүзеге асыру, кепілдіктерді өмірге енгізу, ұжымдық субъектілердің құқықтық мәртебесінің дамуының жалпы бағытын анықтайтын, негізгі құқықтық бастамаларға, яғни, құқықтық мәртебенің қағидаларына арқа сүйейді. Тиісінше, бұл қағидалар да ұжымдық субъектілердің құқықтық мәртебесінің элементтері болып табылады.
Ұжымдық субъектілер белгілі бір құқықтар мен міндеттерге ие болу үшін, онда құқық субъектілігі болуы керек. Әдетте, құқық субъектілігі деп құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігін қамтитын құқықтың субъектісі болу қабілеті түсініледі [23]. Тиісінше, құқық субъектілігі де құқықтық мәртебенің құрамына кіреді.
Сонымен, Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың құқықтық мәртебесі деп құқық субъектілігі, құқықтық қағидалар, құқықтар, бостандықтар және міндеттер, оларды жүзеге асырудың құқықтық кепілдіктері және партиялардың құқықтық жауапкершілігі сияқты элементтерді біріктіретін конституциялық құқықтық құбылысты айтамыз
1. 3. Саяси партиялар
Осы зерттеудің маңызды мәселесі болып конституциялық құқық жүйесіндегі партиялардың құқықтық мәртебесінің орнын және оның қоғамдық бірлестіктердің құқықтық жағдайын реттеу жүйесіндегі орнын анықтау табылады.
Бәрінен бұрын партиялардың құқықтық мәртебесі объективті түрде өзінше пәнді, ал нақтырақ айтсақ, қоғамдық бірлестіктердің ерекше түрі – партиялардың жағдайын реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығын білдіреді. Құқық теориясында бұл сұрақ бойынша мынадай ұстаным бар. А.Б. Венгеровтың пайымдауынша: «Теорияда құқықтық нормалар негізінде, құқықтық институттар айқындалады. Бұл реттеу пәнінің ортақтығы бойынша құқықтық нормалардың бірлестігі болып табылады. Құқықтық институттар қоғамдық қатынастардың тиісті түрін жан-жақты реттеуге мүмкіндік береді» [24]. Партияның мәртебесін құрайтын құқықтық нормалар, жекелеген нормативтік актілерге жүйеленген және топталған. «Нақты бір құқықтық институтқа кіретін құқықтық нормалар әдетте, құқықтың қайнар көздерінде жекелеген бөлімдер мен бөліктерге топталған» [24. 158 бет]. В.Н. Хропанюктің пікірі бойынша: «Құқықтық институт – бұл құқық саласының ерекше бөлігі болып табылатын және қоғамдық қатынастардың белгілі бір типінің әр түрін реттейтін құқықтық нормалардың дербес кешені» [25]. Келтірілген цитатаны партиялардың құқықтық мәртебесіне байланысты да қолдануға болады, себебі партиялар белгілі бір ерекше белгілерге ие. Бұл белгілердің ерекшелігі сонда, олар саяси партиялардың құқықтық жағдайын арнайы заңмен реттеу және оларға ерекше мәртебе беру қажеттілігін тудырады. Сөйтіп, партиялардың құқықтық жағдайы бір жағынан, қоғамдық бірлестіктердің құқықтық мәртебесіне байланысты құрылады, екінші жағынан, өзінің ерекшелігіне байланысты арнайы заңмен реттеуді қажет етеді. Мұндай заң болып Қазақстан Республикасында «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы» және партияның жекелеген жақтарын анықтайтын және реттейтін басқа бірқатар нормативтік құқықтық актілер табылады. Осыған байланысты, «құқықтық институт – бұл қоғамдық қатынастардың белгілі бір түрін реттейтін, салыстырмалы түрде алғанда аса көп емес, тұрақты құқықтық нормалар тобы. Құқықтық институттар қоғамдық өмірдің жекелеген жақтарын, бөліктерін реттеу үшін құрылады» [26] деп атап көрсетуге болады. «Сондай-ақ ерекше бір қоғамдық қатынасты немесе оның бір элементін реттейтін институттар да бар» [27]. Партиялар қоғамдық өмірдің маңызды жағын білдіретіндігін, ал оның құқықтық мәртебесінің сипаттамасының нормалары тұрақты болып келетіндігін ескерсек, жоғарыдағы анықтамалар шынайы берілген болып табылады. Құқық теориясында белгілі бір нормалардың жиынтығын нақты бір құқықтық институтқа жатқызу үшін үш белгі қолданылады:
құқықтық нормалардың құқықтық бірлігі;
құқықтық қатынастардың белгілі бір жиынтығының толық реттелуі; құқықтық институттың аясына қоғамдық қатынастардың тиісті тобын құқықтық реттеудің барлық аспектілеріне ие әртүрлі құқықтық нормалар кіреді;
құқықтық институтты құрайтын нормаларды тарауларда, бөліктерде, бөлімдерде және заңның өзге де құрылымдық бірліктерінде дербестендіру.
Аталған белгілерді партияның құқықтық мәртебесіне қолдануға бола ма?
Біріншіден, партиялардың құқықтық мәртебесі реттелетін қатынастардың құқықтық режимінің бірлігімен, мазмұнының бірлігімен сипатталады. Оның үстіне, тиісті нормалар нақты проблеманы реттеуге бағытталған: партиялардың құқықтық жағдайының анықтамасы өзінің бастауын құқықтық қағидалардан алады (мысалы, аймақтық), қолданылатын құқықтық түсініктердің ерекше жиынтығында («саяси партия» «саяси партияның міндеттері» және т.б.), ерекше құқықтар мен міндеттерде (мысалы, мемлекеттік қаржыландыруға құқық, сайлау кезінде үміткерлерді дербес ұсыну құқығы және т. б.). Жоғарыда келтірілгендер партияның мәртебесін құрайтын құқықтық нормалардың заңи бірлігін көрсетуге мүмкіндік береді. Реттелетін қатынастардың ерекшелігі, аталған нормалар тобын дербестендіреді.
Екіншіден, партиялардың құқықтық мәртебесі Қазақстандағы партиялардың құқықтық жағдайының барлық негізгі аспектілерін реттейтін әр түрлі құқықтық нормаларды яғни, дефинитивті, құқық беруші, міндеттеуші, тыйым салушы және өзге де нормаларды қамтиды. Аталған функция құқық жүйесінің өзге құрылымдық компоненттерімен қайталанбайды, себебі, соңғылары партияның жекелеген құқықтарын реттеуге ғана қатыса алады [28].
Үшіншіден, конституциялық құқықта партиялардың құқықтық жағдайын анықтайтын бірқатар арнайы нормативтік актілердің болуы, нормалардың бұл жиынтығының сапалы дербестігін білдіреді.
Жоғарыда келтірілгендер, Қазақстанның конституциялық құқығында саяси партиялардың дербес институты бар деп айтуға мүмкіндік береді. Себебі, партиялардың құқығының абсолютті көпшілігі, тек конституциялық-құқықтық сипат емес, сонымен бірге, әкімшілік, халықаралық, азаматтық-құқықтық , қаржылық сипатқа да ие. Конституциялық құқықтық қатынастан ерекшеленетін бұл қатынастар онымен тығыз байланыста болады және ерекше сипатқа ие болады. Мысалы, партияларды мемлекеттік қаржыландыру қатынасы. Саяси партиялар институты Қазақстан Республикасының конституциялық құқығының бір бөлігі болып табылады. Осыған байланысты, Қазақстанның конституциялық құқығы жүйесінде саяси партиялардың мәртебесін реттейтін нормалардың орнын анықтауға байланысты туындайтын проблемалар туралы сөз қозғауға болады. Мысалы, партиялардың мәртебесін сайлау құқығы институтының құрамына енгізу Қазақстандағы партиялардың құқықтық жағдайын заңдық тұрғыдан реттеуге толық келмейді, себебі, олардың қызметінің мақсаттары тек өз өкілдерін Қазақстанның мемлекеттік билік органдарына кіргізумен ғана шектелмейді. Партияның негізгі мақсаттарының арасында қоғамдық пікірді қалыптастыру, азаматтарды саяси сауаттандыру мен тәрбиелеу, қоғамдық өмірдің кез келген саласы бойынша азаматтардың пікірін білдіру, бұл пікірлерді мемлекеттік билік органдарына және кең қауымға жеткізу және т.б. аталады.
Бір жағынан, партиялардың жағдайын реттейтін нормалар тобын, жеке тұлғаның құқықтық мәртебесі институтына жатқызуға болады, себебі, Қазақстан азаматтарының өзінің саяси құқығын жүзеге асыру да партия қызметінің сферасына кіреді. Екінші жағынан, Қазақстан Республикасының Конституциясы, партиялардың құқықтық мәртебесін реттейтін нормаларды «Жалпы ережелер» деп атап, негізгі институтқа кіргізеді. Ал шетелдік ғылыми және заң тәжірибесінде саяси партиялар дербес конституциялық институт ретінде белгілі. Мысалы, ГФР-ның Конституциялық соты, партиялар конституциялық құқықтық институт болып табылады деп пікірін тура айтқан [29]. Мұндай пікірді көптеген неміс мемлекеттанушылары ұстанады.
Сонымен, саяси партиялар қоғамдық бірлестіктердің осы санатының құқықтық жағдайын, нормалары кешенді сипатқа ие, арнайы заңмен айқындалатын конституциялық құқықтың институтын білдіреді.
1.3.1. Саяси партияның түсінігі және функциялары
Дамыған демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекеттің міндетті атрибуты ретінде идеологиялық және саяси әралуандылықтың конституциялық деңгейде танылуы, Қазақстандағы қоғамдық-саяси ұйымдардың, қозғалыстардың және саяси партиялардың жедел дамуына жағдай туғызды. Оның ішінде, тек саяси партиялар ғана халықтың көңіл-күйін анықтаудың сенімді «құралы» болып табылады[30].
Қазіргі уақытта демократиялық мемлекеттердегі саяси партиялар, мемлекеттік билік органдарының қалыптасуына және олардың жұмыс жасауына шешуші ықпал жасайды. Ұлттық саясатты жасау, оны жүзеге асыру үшін тиісті ресурстарды табу, тиісті шешімдер қабылдау бүгінгі таңда саяси партияларсыз еш мүмкін емес. Тіпті демократия немесе халық билігі дегеніміздің өзі қоғамдық ұйымдардың дәл осы түрінің белсенді қызметі, яғни, олардың сайлаушылардың даусы үшін, саяси және әлеуметтік басымдықтар үшін күрестегі ашық бәсекелестігі, олар ұсынып отырған саяси бағыттар мен бағдарламалардың плюрализмі, олардың бірін-бірі сынауы және т.б. [4. 150 бет].
Елбасы Н. Ә. Назарбаев бұл мәселеде былай деген: «Күллі әлемде билік, саяси процестердің катализаторы ретінде жаңа саяси бастамаларды ұсынатын және оларды қолдаумен қамтамсыз ететін бұқаралық саяси партияларға арқа сүйейді» [31].
Осыған орай, партияларды мемлекеттік-саяси жүйенің элементі ретінде зерттеу Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы ғылымы үшін өзекті мәселе болып табылады. Оның үстіне, маңызды және үнемі зерттелетін мәселелердің бірі ретінде саяси партиялардың түсінігін және мәнін айтуға болады.
Сонымен бірге, конституциялық құқық ғылымында саяси партиялардың мәнін және рөлін анықтау кезінде де бірегей пікір жоқ. Заңгерлер мен саясаттанушылардың көзқарастары қоғамның экономикалық және саяси жағдайының өзгеруімен бірге өзгерді. «Партия» терминінің (латынның «pars»- бөлік сөзінен) қазіргі күнгі ұғымының мазмұны адамзат қоғамының дамуымен бірге, үлкен эволюциялық жолды жүріп өтті.