Диалектизмдерді лингвомәдениетанымдық тұрғыдан зерттеудің теориялық негіздері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Июня 2013 в 21:50, дипломная работа

Описание работы

Зерттеу тақырыбының өзектілігі: Қай тілден болсын осы жергілікті деп аталатын тіл құбылыстарын кездестіреріміз анық. Бірінде аз, бірінде көп дегендейін, әйтеуір, мұндай жергілікті өзгешеліктердің барлық тілде бар екені рас. Қазақ тілі де осы сияқты, қазақ жұрты тараған өлкелердің бәрінде де сол жердің әрқайсысындағы қазақтардың тіліне тән сөз ерекшеліктерінің бар екені байқалып жүрген жайт. Мұны ғылымда диалектілік құбылыстар деп атайды.

Содержание работы

Кіріспе.................................................................................................................3
І .Диалектизмдерді лингвомәдениетанымдық тұрғыдан зерттеудің теориялық негіздері..............................................................................................................4-25
1.1. Қазақ тіліндегі диалектизмнің зерттелуі..............................................25
1.2. Этнодиалектизмдерге тән негізгі ұстанымдар мен ерекшеліктер........26-31
Негізгі бөлім.

2. Қазақ тілі диалектілік лексикологиясының этнолингвистикалық негізі.
2.1. Көркем шығармадағы материалдық мәдениетке қатысты этнодиалектизмдер.........................................................................................32-56
2.2. Прозалық шығармадағы рухани мәдениетке қатысты диалектілер.....57-80
2.3. Әлемнің тілдік бейнелерінің этнодиалектілік сипаты
ІІІ. Қорытынды................................................................................................81-83
IV. пайдаланылған әдебиеттер тізімі..................................................................85

Файлы: 1 файл

дип. Меруерт..doc

— 623.00 Кб (Скачать файл)

Тіл – мәдениеттің  өмір сүру формасы болса, мәдениет - оның ішкі мәні. Осы тұрғыдан алғанда тіл мен мәдениетті бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын тұтас бір дүние деуге болады. Тіл мен мәдениеттің байланысы, тілдің мәдениетті сақтау, сипаттау, жарыққа шығару қасиеттерін анықтайтын арнайы ғылым керек,  ол - өзіндік зерттеу нысаны бар, зерттеу әдістері мен қағидалары бар лингвомәдениеттану саласы.  Тіл  - тек мәдениетті танытушы құрал ғана емес, тілдің бойында оның (мәдениетінің) арқауын құрап, негізін қалайтын ұлттық рухтың ізін айқындап тұратын ұлы күш. Лингвомәдениеттану негізінде ұлтқа тән мәдени-танымдық жүйенің қалыптасуын анықтауға болады. Ол бұндай зерттеулерге тілдің кумулятивтік қызметі негіз болады. Ал дүниенің тілдік бейнесіндегі ұлттық сипатты айқындаушы лингвомәдени көрсеткіштерді тіл, мәдениет, өркениет ұғымдарының өзара байланысы тұрғысында қарау қажет.

Әр халықтың басынан кешкен тарихы, бүкіл рухани, мәдени байлығы, болмысы, дүниетанымы, өмір тіршілігіне, күнделікті тұрмысына  қажет бұйымдары, әдет-ғұрпы, салт-санасы, талғамы, т.б. сол тілде таңбасы  емес, дүниенің тікелей бейнесі емес, оның біздің санамызда тілдік шығармашылық процесс нәтижесінде туған бейнесі, яғни «дүниенің тілдік бейнесі». Осыған байланысты профессор А.Салқынбай: «Әлем бейнесінің бүкіл көрінісі мен қоғамдық сана қалыптастырған ұғымдарын бейнелейтін тіл – адамзат танымының феномені. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, адамзат дүниетанымы мен сананы қалыптастырып, дамытуға қызмет ететін күрделі құрылым. Тіл ұлттық мәдениеттің құрамды бөлігінің бірі болып қана қоймайды, бүкіл мәдениет пен танымның негізі саналады. Мәдениет тіл арқылы жүйеленіп, қалыптасып дамиды. Тілдің қоғамдағы рөлі қарым-қатынас жасау сипатымен ғана шектелмейді, адам ойының, санасының жетілуі мен дамуына да ықпал етеді» [6], - дейді. Демек, қандай да болмасын, заттың атауы оны тек атап қана қоймай, сонымен бірге оны танытады. Ал тану, немесе анықтау белгілі бір халықтың тарихи даму жағдайы аясында іске асатындықтан, ол тілдік ұжым өмір сүретін нақты жағдайларға байланысты әртүрлі болады. Әртүрлі ұжым бір затты өзінің күнделікті тәжірибесінде кездесіп қолданылатын жағынан танып, оны өзіне таныс құбылыстармен байланыстыратыны белгілі. Яғни, ат қоюда өмір шындығы мен тұрмыс-тіршілігі, тәжірибесі салт-дәстүрі, наным-сенімі әртүрлі заттар түрінде тілде сөзбен аталып бейнеленеді. Осының негізінде ол затты танып, біліп, оны басқалардан ажыратып танығаннан кейін барып ат қояды. Мұндай ажыратқыш белгілер сөйлеуші ұжымдық ортада әртүрлі болуы мүмкін. Тіл білімінде ол белгілер уәждер деп аталады. Ұлттық атаулардың жасалуының бір жолы, ұғымды берудің көркемдік амалы – ұқсату. Ол күнделікті өмірде, тұрмыстық тәжірибеде қалыптасады. Себебі адамдардың табиғаттағы әртүрлі құбылыстарды бақылап салыстыруы, оны өз іс-әрекетімен, тәжірибесімен салыстыруы, ассоциациялық бецнелер түрінде әртүрлі нәрселердің ұқсас жақтарын табу, солардың негізінде танымын кеңейту осы қасиетке негізделеді. 

Төменде Оңтүстік Қазақстан өңірінің жергілікті тіл ерекшеліктеріне негіз болған лексикалық қабаттар, олардың көркем шығармадағы қолданылу сипаты туралы сөз болады. 

Тіл этноспен бірге  жаралып, бірге өмір сүреді десек,  оның бастапқы белгісі өсу, даму, қарым-қатынас  көріністері осы күні жергілікті тіл ерекшелігі, яғни диалект деп  танылып жүрген сөздердің мағынасында  сақталған. Сондықтан диалект сөздерді тек этимологиялық, семантикалық, семасиологиялық, тарихи тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ экстралингвистикалық мақсатта да қарастырып, мәдениетпен, халықтық этнографиямен жақындастыра зерттеу қажеттігі туды.

Диалектілік жүйенің  пайда болуына тағы бір себеп  – көрші елдің тілдік әсері, яғни  ареалды қарым-қатынастың ықпалы. Оқшауланған сөйленіс өзінің негізгі диалектілік сөйленіс тобы көлемінен соншалықты алыстап кептегенімен оған өзін қоршаған өзге туыс, туыстық қатысы жоқ  тілдер айқын әсер етеді. Бұл жөнінде диалектолог-ғалымдар Ш.Сарыбаев, О.Нақысбеков былайша түсіндіреді: «Қарақалпақ жеріндегі қазақтар қарақалпақ, өзбек, түрікмен халықтарымен аралас тұрады, сондықтан олардың тілінде аталған тілдердің әсері байқалады. Осы сияқты Өзбекстан, Түрікменстан, Қытай, Монғол, Ресей қазақтарының тілі де үлкен әсерге  ұшыраған, дегенмен оқшауланған сөйленістер де лексиканың негізін жалпыхалықтық лексикадан алады, сондықтан диалектілік лекситка шығу арнасына қарай: дәстүрлі диалектілік құбылыстар, дәстүрсіз диалектілік ерекшеліктер болып бөлінеді» [15, 126]. 

Қазақ тілінің  жалпыхалықтық лексикасында кірме  сөздер төрт халықтың: араб, парсы, монғол, орыс тілінен енген болып есептеледі. Оның ішінде араб, парсы тілдерінен сөз ауысуы басқа да түркі тілдеріндегідей  қазақтың біртұтас болып қалыптасуынан бұрынырақ басталғаны айтылады.  Қазақ тілі диалектілік лексикасы шығу төркіні жағынан тайпалық, рулық элементтенді сақтайтын өзіндік төл лексикасын жасағаны айнала қоршаған ортамен алыс-беріс қарым-қатынас жасау нәтижесінде қажетті сөздерді қабылдағаны жайлы жеке сөйленіс (говор) немесе жалпы диалектілік лексика мәселелеріне қатысты зерттеулер де сөз болып жүр. Қарақалпақ қазақтары тілінің ерекшеліктері туралы еңбегінде Н.Жүнісов араб, иран тілдері сөздерінің қазақтардан гөрі аборигендер тілінде көбірек кездесетіні қазақтарға сол арқылы ауысқаны жайлы айта келіп, әдеби тілде қолданылмайтындықтан оларды диалектілік құбылыс деп танитындығын айтады [16, 114].  Бұл сөйленістегі араб-парсы тілінен енген сөздер күнделікті өмірге қажетті зат атаулары көлемі жағынан иран тілдерінен ауысқан сөздер басым кездеседі.

«Жергілікті ерекшеліктердің  туынды қабаты» деп аталатын тарауда  сөзжасам тәсілдері арқылы пайда  болған жаңа қолданыстар туралы сөз  болады.  Диалектілік  лексика  ұлттық тілдің бір тармағы болғандықтан, оның басқа тармақтары сияқты көлемдік жағынан да мағыналық жағынан да дамуға азды-көпті өзгертуге тиіс. Бұл оның ұлттық әдеби тілмен қатар күнделікті қарым-қатынас құралы қызметінің  нәтижесі. Жалпы әлемдегі нақты қоғамдағы өзгерістен диалектілік лексика тыс қала алмайды, жаңадан пайда болған ұғымдарды атау қажеттігі қоғам иесінің, тіл иесінің бәріне ортақ, тек кей жағдайда тіл иелері жаңа ұғымның жалпыхалықтың әдеби атауымен қатар жергілікті атауын жасап екеуін қатар қолдануы мүмкін. немесе тіл иесі этнос үшін жаңа ұғым атауының  аймақтың сипаты болуы жат емес. Бұл соңғысы бөтен тілдік ортада шекаралас, аралас аралық сөйленіс жағдайында кездесуі де тілдердің өмір сүру жағдайында болып тұратын ерекшелік. Жоқ нәрсені іздеп табуға білмейтін затты танып білуге деген талап адам баласына тән қасиет. Сол арқылы өзінің тұрмыс тіршілігін өзгертеді, қарым-қатынасқа түседі. Мұндай жағдайда белгілі затты, құбылысты пайдалану, қолдану білу, керегіне жарату, қыр-сырын ашу зәрулігі келіп туады. Өмірдегі жаңа зат пен құбылыстарды атау мұқтаждығын туғызады. Жаңа сөз жасауға деген қажеттілік келіп шығады. Бұл ғылымда көрнекті ғалымдардың атымен келген сөзжасам заңдылықтары, сөзжасам тәсілдері сияқты ұғымдарды тіл ғылымының саласын қалыптастырады. Қарым-қатынас құралы тіл, тіл қаруы сөз, ал сөзжасам өзіндік қыр-сыры мол тіл ғылымының саласы. Диалектілік лексикада тілге тән заңдылықтар сөзжасам заңдылықтары  арқылы әр кезеңде толығып жетіліп байып отырады. Оның құрамынан әр дәуірде пайда болған сөздерді көру қиын емес.

Диалектілік лексиканың да үлкен қабатын туынды сөздер синтетикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөздер құрайды. Сөйленістерге сөзжасам жүйесі ортақ болғанмен, әр тәсіл арқылы жасалған сөздердің мағынасында ерекшелік бар. Ол туынды сөзді жасайтын жұрнақ та негіз де әдеби тілген тән бола тұра диалектілік мағына жасай алатыны күрделі сөз сыңарларының тек әдеби варианттардан құралып, диалектілік мағына білдіре алатынынан немес сыңарларының біреуі диалектілік біреуі әдеби сөз болып келуінен диалектілік мағына жасалатынынан аңғарылады. Мұндай жағдайлар диалектілік сөзжасамның өзіне тән күрделі табиғатынан хабар береді. Осыған қарағанда Ғ.Қалиев мынадай тұжырым жасайды: «Диалектолог үшін маңыздысы әдеби тіл мен сөйленістердегі бірдей құбылыстар ғана емес, әдеби сипаты жоқ диалектілік туындылар, олардың сөзжасам жүйесіндегі өзара қарым-қатынастары мен қалыптасқан ерекшеліктерін ашып көрсету деп тұжырымдайды. Яғни диалектілік сөзді жасаушы материалдық элементтер негіз бен сөз тудырушы тұлға. Бірыңғай әдеби элементтерден де құралады немесе олардың біреуі жалпыхалықтық екіншісі диалектілік болып келеді.  Келесі жағдайда сөзжасамдық элементтер: негіз де сөз тудырушы тұлға да диалектілік болуы мүмкін. [17.86]

Диалектілік туынды сөз табиғатын терең зерттеген  Ғ.Қалиев аталған ерекшеліктеріне қарай синтетикалық тәсіл арқылы жасалған диалектілік туындылардың әдеби тіл мен сөйленістердің  сөзжасам деңгейіндегі жүйелік қарым қатынастары негізінде төрт түрлі сөзжасамдық үлгісін көрсетеді:

  1. әдеби негіз + әдеби қосымша – диалектілік туынды;
  2. диалектілік негі + әдеби қосымша – диалектілік туынды;
  3. әдеби негіз + диалектілік қосымша – диалектілік туынды;
  4. диалектілік негіз + диалектілік қосымша – диалектілік туынды.

Ғ.Қалиев диалектілік  лексикадағы осы үлгіде жасалған туындылар қазіргі тіл құбылыстарымен тек тарихи тұрғыда байланысады деп тұжырымдайды [9]. Бұл пікір диалектілік саналатын негіздің де қосымшаның да түп негізгі тарихтың терең қойнауына тартатынын, олардың семантикасын қазіргі күйінде қабылдауға тура келетінін білдіреді. Ал олардың семантикасына бойлау үшін күрделі этимологиялық талдау материалы қажеттігі анық.

«Диалектілік  тұрақты тіркестер – рухани мәдениет көрсеткіші» деп аталатын тараушада  жергілікті қолданыстағы фразеологиялық тіркестердің өзіндік ерекшелігі, пайда  болу жолдары туралы сөз болады.  Диалектілік тұрақты тіркестер пайда болып жасалуы жағынан алғанда тілдің тарихымен өзектес сондықтан диалектілік фразеологизмдерді жинау, зерттеу сипаттау диалектілік лексиканың құрамы мен көлемі мәселесін ғана шешпейді. Біріншіден, диалектілік тұрақты тіркестер тіл тарихына қатысты шешімі табылмай жүрген сұрақтардың жауабын табуға септігін тигізе алатын сенімді дереккөз. Олардың бойында дыбыстық-грамматикалық құрылыстың кейбір көне элементтері тұнып қалған. Екіншіден, диалектілік фразеологизмдер бойынан диалектіге тән сөзжасам және түрлену жүйесі айқын көрінеді. Үшіншіден, диалектілік тұрақты тіркестер әдеби тілдің фразеологиялық құрамын байытуға азды-көпті үлес қосады. Төртіншіден, фразеологиялық тіркестер семантикасы ауқымды, терең. Олардың мазмұнында этностың рухани мәдениетінің айшықты мағлұматтары жинақталған. Диалектілік тұрақты тіркестер жеке зерттеу нысаны болып Қ.Қалыбаеваның еңбегінде көрініс тапқан [10].  Қытай қазақтары тілінің жергілікті ерекшеліктеріндегі тұрақты тіркестер жайлы С.Мұстафаұлының зерттеулері [11] диалектілік тұрақты тіркестердің арнайы зерттеу нысаны бола алатын көлемде және мазмұнда екенін дәлелдеді. Ғ.Қалиев диалектілік тұрақты тіркестерді біртұтас лексикалық мағынаның көрсеткіші болып табылатындықтан сөйленістердің лексикасындағы негізгі типтердің бірі ретінде қаралуы тиіс деп айымдайды. Лексикалық типтердің басқа түрлері сияқты оның қалыптасып жетілуі де сөзжасам процесімен тікелей байланысты. Тұрақты сөз тіркестері тарихи жай тіркестерден туатындықтан аналитикалық тәсілмен сөзжасамның сөйленістердегі объектісі болып табылады.

Фразеологиялық  тіркестердің күрделі табиғаты оларды тектес бірліктермен сөз, еркін тіркестермен салыстырғанда байқалады [12, 13]. Мұндай салыстырулар сөз, еркін сөз тіркесі  фразеологиялық тіркестердің әрқайсысын жеке зерделегенде жүріп отырады. Себебі бұлардың бәрінің негізгі тірек компоненті сөз. Фразеологиялық тіркестер сөйлеуде жеке сөз орнынан қолданылады. Егер күрделі сөз болса, құрылымы жағынан сөз тіркестерімен сөйлемдерге сәйкес келеді. Диалектілік тұрақты тіркес белгілі аймақтың тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүр, географиялық жағдайына рухани дүниесіне байланысты пайда болған. Құрамы жағынан тұрақты бейнелі образды түрде жұмсалатын дайын тілдік бірлік диалектілік тұрақты тіркестердің әдеби тілдегі тұрақты тіркестерге қарағанда оларды құрайтын сыңарлардың шығу тегіне қарай ерекшеліктері бар.

 «Көркем  шығармалардағы эмоционалды-экспрессивті  лексика» деп аталатын тараушада   жазушылардың қолданысындағы жергілікті  тіл ерекшеліктерінің бағалауыштық мәні туралы сөз болады.  Коннотация табиғаты, нақты айтқанда, экспрессивтік-эмоционалдық және бағалауыштық микрокомпоненттер негізінде сипатталады. Белгілі бір сөздің денотаттық мағынасын денотаттық семалар танытса, коннотаттық компонент мағынасы коннотаттық семалар негізінде жүзеге асады. Денотаттық семалар объективтік шындық дүниесіндегі заттар мен құбылыстардың бейнесін ассоциациялайтын, тілдік тұрғыдан көрініс тапқан денотаттардың бейнесін танытатын семалар болып танылса, коннотаттық семалар лексемасы өзара ортақ болып келетін денотаттық семалардан туындай келе, белгіленген затқа деген жаңа көзқарасты өзге қатынасты білдіретін сема ретінде көрініс табады.

Ал лексика-семантика  тұрғысынан алғанда белгілі бір  көркем мәтін ішіндегі коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздер мен сөз тіркестерінің ұтымды қолданылуы да астарлы ойдың өрбіп, ұласуына себепші бола алатынын аңғартады. Әрбір коннотаттық мағынада қолданылған сөздің денотаттық негізі болуы заңды. Мысалы Қ.Әбдіқадыров шығармасындағы Әйел оның одағай айтылған сөзіне күлді деген сөйлеміндегі одағай айтылған сөз тіркесіндегі одағай коннотаттық мағына реңкінде беріліп тұр. Сондай-ақ мына сөйлем бойында да бейнелеуіштік, экспрессивті-эмоционалды таныту мақсатында қолдану негізі арқылы коннотаттық мағына туындағаны байқалады. Мысалы: Жұрт көлік шаршады деп қосын доғарып жатқанда, қарнын кебеже теңдегендей қылып өгіздің егіс қорғанға кіргенін көреді. Мұндағы қарнын кебеже теңдегендей деген диалектілік коннотацияның әсірелеп бейнелеу мәнін беріп тұрғаны мәтін бойынан байқалып тұр.

Диалектизмдер - ауызекі сөйлеу стиліне тән тілдік құбылыстар. Ауызекі сөйлеу, яғни коммуникативті акті арқылы жеке тұлғаның санасында  жатталып, жұмсалымдық, қолданымдық  деңгейі жиі болғандықтан жеке тұлғаның индивидуальді сөздік қорына сіңген диалектілер сол жердің тұрғындары үшін ғана ортақ, жалпылық сипатқа ие болады. Басқа аймақ жүрсе де жеке тұлға  белгілі бір затты не құбылысты  өз санасында жатталған, өз сөздік қорындағы атауларымен танытады. Ауызекі сөйлеу әрекетінде солай атауға әбден машықтанған әрбір адам әдеби тілдегі негізгі атауымен атаудан гөрі, өз тіліндегі вариантымен атауды әрқашан тиімді, лайықты деп санайды. Бұл заңды құбылыс. Адамзат үшін ақиқат дүние біреу болса, оны түсіну, тану, сол дүниенің біртұтас бейнесін санада қалыптастыру әрекеттері әр адамзатта, әр ұлтта әр деңгейде сан алуан интерпретацияда беріледі. Сондықтан тіл иесінің ой-өрісіне, концептуалдық әлеміне байланысты дүниенің танымдық бөлшектері тілде өзінше көрініс табады, өзінше бейнелеп суреттейді, ал тіл иесі танымдық ойын өз тілінде сақталған дүние бейнесіне сәйкес танытуға тырысады. Сол себепті диалектілер арасында да көпмағыналылық, омонимдік, синонимдік ерекшеліктер жиі кездеседі. Диалектілік омонимдер әдеби тілдегі омонимдер секілді лексикалық құрамы жағынан әр түрлі болады. Кейбір диалектілік омонимдердің баспақты мағынасы, қолданылу қызметіне қарай әдеби тілдегі мағынасына жақын келеді. Мысалы, ашар диалектісі батыс говорында кілт мағынасында қолданылады.  Есіктің ашарын жоғалтып алып, үйге кіре алмай отырмыз. Бұндағы ашар сөзі кілттің қызметінен туындаған, яғни ашу әрекетінің сол өңір адамдарының танымында бірінші болып ұғынылып, оның кілт номинациясын гөрі, заттың қызметіне қарай атағанды ыңғайлы санауы деп түсініледі. Ал қарақалпақ говорында ашар сөзі винт бұрайтын құрал ретінде қолданылады. Бұл іске пышақ жарамайды, мәшиненің ашарын пайдалану керек. Бұл жерде де әдеби тілдегі кілт сөзінің екінші варианттағы омонимі сәйкес келеді. Соған қатысты кілттің ашудан гөрі, бұрау қызметіне қарай, яғни әрекеттік, қолданымдық қызметіне қарай танып, қалай танылса, солай атау сол өңір халқына тиімді болып тұр. Келтірілген диалектілік омонимдер мысалдары заттың (ақиқат дүниенің) қызметі мен әрекетіне қарай аталуы басым көрініс тапқаны, сол тұрғыдан омонимдес сөздер болып тұрғаны байқалады.

Осы секілді аша сөзінің де кең қолданысқа ие болып, диалектілік омонимдер мен көпмағыналы диалектілердің қатарын толықтыратынына талдау жасап көрелік.

Аша сөзі Қазақстанның шығыс өңіріндегі Семей, Талдықорған говорында   айыр (құрал) мағынасында қолданылады. Шығыс Қазақстан говорында аяқ мағынасында қолданылады. Қарақалпақ говорында аша сөзі арықтың екіге бөлінетін, айырығы мағынасында қолданылады, сол сияқты осы өңірдің Шет говорында баған деген сөзді білдіреді. Қазақстанның солтүстік өңірінде тіреу мағынасында қолданылады. Ал  Қызылорда говорында арық түрі ретінде қолданылады. Батыс Қазақстанда Аша сөзі екі таудың жігі, арасы ұғымын білдіреді.

Бұл жерде аша сөзінің көпмағыналы қолданысы да, омонимдік қолданысы да бар. Мәселен, аша сөзінің айыр құрал ретінде қолданылуы мен баған ретінде қолданылуы және арық ретінде қолданылуы, сонымен қатар аяқ ретінде қолданылуы бір біріне диалектілік омоним сөздер болып келеді. Дегенмен де олардың бастапқы санадағы танымдық көрінісі бір тұтас заттың екіге айырылуы бейнесінен туындайды. Осы бейне бірнеше ақиқат дүниенің номинативті атауына пайдаланылып, қолданыс тапқан. Бұндай диалектілік омоним құбылыстарын жартылай омонимдер атауға болатын секілді. Себебі, бастапқы ұғымы күңгірт болса да анықтау болатын, мағынасы алысқа кетпеген құбылыстар байқалады. Ал аша диалектісінің арықтың екі айырылуы мен таудың екі арасын танытатын мағынада қолданылуы диалектілік көпмағыналылықты білдіреді. Себебі, айыру, айырықты білдіру, яғни екі затты ажырату мағынасынан алыс кетпегенін байқатады.

Енді ашамай этнодиалектизмін талдап көрсек. Ашамай Қазақстанның солтүстік өңірінде (Қостанай, Щучинск) «аш өңді» деген сыни мағынаны танытады және көп жағдайда малға қатысты айтылады. Сатуға әкелген сиыры ашамай мал екен. Ал шығыс өңірлерінде (Семей, Шұбартау) ашамай деп жауыр түйеге арнап жасалған ер сияқты ағаш бұйымы аталады. Бұл жердегі ашамайдың қолданымдық сипаты да, мағыналық жігі де бір бірінен алшақ, мүлде ұқсатуға келмейді, екі дүниені танытатын номинативтік атау дәрежесінде болғандықтан, оларды толық омонимдер деп атауға болады.

Диалектілік синонимдердің  қатарын дублет сөздер мен сөздердің  вариантты қолданысы толықтырып отырады. Дегенмен, дублет сөздер мен  сөздердің вариантты қолданысы әдеби тілді айқындауда біраз кері ықпалын тигізетін жағдайлар кездеседі. Мәселен, түгелдеу/түгендеу, жалғыз/жаңғыз сияқты сөздердің қатар қолданылуы жиі кездеседі. Бұл ерекшелік ауызша тілге аса қатты кедергісін тигізе қоймас, бірақ жазба тілде белгілі бір нормаға бағынатын сөзді таңдап жазу заңдылығы бар. 

Жалпы диалектілік  синоминдер төл тіліміздің сөздік қорын  кеңейтуге едәуір үлесін қосатыны анық.  Тіпті кейде заттың атауы болуға сұранып тұратын диалектизмдердің әдеби тіл қатарына еніп бара жатқанын да байқауға болады. Әдеби тілімізде кесе деп аталып жүрген тұрмыстық бұйымның аяқ, пияла, сапалша деген диалектілік синонимдері кезедеседі. Кесені аяқ деп Жезқазған өңірі атайды, пияла деп Қазақстанның оңтүстік өңірлері (Жамбыл, Сайрам, Шымкент, Шу, Мойынты, Жуалы) атайды, ал сапалша сөзі Түлкібас өңірінде кездесетін кесе атауының говоры болып саналады. .[19.72]

Информация о работе Диалектизмдерді лингвомәдениетанымдық тұрғыдан зерттеудің теориялық негіздері