Диалектизмдерді лингвомәдениетанымдық тұрғыдан зерттеудің теориялық негіздері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Июня 2013 в 21:50, дипломная работа

Описание работы

Зерттеу тақырыбының өзектілігі: Қай тілден болсын осы жергілікті деп аталатын тіл құбылыстарын кездестіреріміз анық. Бірінде аз, бірінде көп дегендейін, әйтеуір, мұндай жергілікті өзгешеліктердің барлық тілде бар екені рас. Қазақ тілі де осы сияқты, қазақ жұрты тараған өлкелердің бәрінде де сол жердің әрқайсысындағы қазақтардың тіліне тән сөз ерекшеліктерінің бар екені байқалып жүрген жайт. Мұны ғылымда диалектілік құбылыстар деп атайды.

Содержание работы

Кіріспе.................................................................................................................3
І .Диалектизмдерді лингвомәдениетанымдық тұрғыдан зерттеудің теориялық негіздері..............................................................................................................4-25
1.1. Қазақ тіліндегі диалектизмнің зерттелуі..............................................25
1.2. Этнодиалектизмдерге тән негізгі ұстанымдар мен ерекшеліктер........26-31
Негізгі бөлім.

2. Қазақ тілі диалектілік лексикологиясының этнолингвистикалық негізі.
2.1. Көркем шығармадағы материалдық мәдениетке қатысты этнодиалектизмдер.........................................................................................32-56
2.2. Прозалық шығармадағы рухани мәдениетке қатысты диалектілер.....57-80
2.3. Әлемнің тілдік бейнелерінің этнодиалектілік сипаты
ІІІ. Қорытынды................................................................................................81-83
IV. пайдаланылған әдебиеттер тізімі..................................................................85

Файлы: 1 файл

дип. Меруерт..doc

— 623.00 Кб (Скачать файл)

Көркем әдебиет тілінде кездесетін жергілік тіл ерекшеліктерінің бәрін бірдей әдеби нормаға жатқызуға болмайды. Әрине, көркем әдебиет шығармалары әдеби тіл үлгісі болып есептеледі. Әдеби тіл нормасы, бір жағынан, әдеби шығармаларының тілімен өлшенетіні де белгілі.  Бірақ «әдеби тіл» деген ұғым көркем әдебиет тілі деген ұғыммен барабар емес. Көркем әдебиет тілінде кездесетін тіл  элементтерінің бәрі бірдей әдеби тіл үлгісі бола бермейді. Мысалы, жазушының белгілі бір стильдік мақсатпен кейіпкер тіліне кітаби, қарапайым сөздер, диалектизмдер мен тосын сөздерді, окказионализмдерді енгізуі ықтимал. Олардың барлығы бірдей әдеби тіл нормасына сай келе бермейді. Осы тұрғыдан алғанда диалектолог-ғалым Ш.Сарыбаев: «Көркем әдебиет тіліндегі тіл элементтерінің бәрін бірдей әдеби тіл нұсқасы деп қарамау керек» - дей отырып,   әдеби тілді диалектизм сөздерімен байытудың  үш амал арқылы жүзеге асырылатынын көрсетеді: бірінші, әдеби тілде баламасы жоқ сөздерді қолдану арқылы; екінші, диалектілік вариант, дублет сыңарларын семантикалық  дифференциация әдісімен саралау арқылы; үшінші әдеби тілдегі синонимдік қатарларды жергілікті сөздермен молайту арқылы. Асылы, әдеби тілде баламасы бар, тар аймақта ғана қолданылатын сөздерді, формаларды авторлық ремаркаларда автордың өз сөздігінде, суреттемелерінде көп қолдана бермей жалпыхалықтық әдеби тілдің нормасын сақтау керек [26-163].   

«Көркем шығармадағы  фразеологиялық бірліктердің қолданылу  ерекшеліктері» атты тараушада Сыр  өңіріне ғана тән, сол жерде пайда  болып, уәжділік мотивтері сақталып қалған тұрақты сөз тіркестері туралы сөз болады.  Кез келген ұлттың мәдени өмірінің көрінісі фразеологиялық қордан ерекше байқалатыны белгілі. Яғни фразеологизмдердің халық айнасы екені сөзсіз. Ұлт мәдениет оның ғылымында, өмірінде, дінінде тіл арқылы танылады. Ал фразеологиялық материалдар ұлттық мәдени маңызы бар деректерден тұрады. Бұл деректердің түп төркіні таралу, шығу көзі фразеологизмдердің тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты. Фразеологизмдердегі өзінің мағына тұтастығы, қолданылу тиянақтылығы, даяр қалпында қолдану тұрақтылығы сияқты белгілердің арқасында ұлт тілінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. Әрбір фразеологизмнен мәдени ақпар беретін дағдылы қалыптасқан дүниетаным, ұлттық ерекшелік байқалады. Сөздік қорындағы бүкіл фразеологиялық құрам сол ұлттық тілдің әлемін бойына жинақтаған қор секілді. Егер менталитеттің лингвистикалық жағы сөз етілсе, онда тіл ұлттық менталитетті жасайды, қалыптастырады. Қазақ тіліндегі культтік фразеологизмдер ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып әсерінен пайда болған.  Бұл фразеологизмдер тілді жасаушы халықтың бір кездегі ой санасының, жан дүниесінің көзі болып саналады. Сондықтан халықтың дүниеге көзқарасы көңіл күйі, алғысы мен қарғысы, қуанышы мен реніші, көз жасы мен қорқынышы, тілегі мен батасы  барлығы сол халықтың өнерімен тығыз байланысты.

      Көркем шығарма бойынан материалдық та, рухани да мәдениеттің ұлттық көрінісін байқауға болады. Көркем шығарма тілі осы мақсатта зерттеледі де, сондықтан қазақтың дарынды жазушысы Ә.Кекілбаев шығармаларының тілі Р.Сыздық, Б.Әбілқасымов, Ш.Ш.Сарыбаев, Е.Н.Жанпейісов, Б.Шалабай, С.Ғұбайдуллин, Ж.У.Дүйсенбаева, Ж.М.Абдрахманова, Г.Қосымова сынды ғалымдардың еңбектерінде сөз болып келеді. Ал жазушы шығармасындағы жергілікті ерекшеліктердің арнайы зерттеу нысаны бола қоймағаны бұл зерттеудің бағыт бағдарын белгіледі деуге болады. Яғни жергілікті ерекшеліктер топтастырылып, мағыналық жағынан сипаттау, саралау арқылы әлемнің тілдік бейнесін таныту бағытында зерделеу мақсаты қойылды. Тілді мәдениет контексінде қарастыру – тіл ғылымының көптеген мәселелерін шешу деген сөз, өйткені тіл тарихы мен этнос тарихы, оның мәдениеті – бір-бірімен байланысты, біртұтас әлем.  

Жазушы әдеби  шығарма жазу барысында өз дәуірінің  әдеби нормасын пайдаланады. Сөйтіп, көркем мәтін әдеби тіл заңдылықтарының көрсеткіші болады. Әдеби тіл нормасы ірі жазушылардың көркем шығармаларында ғана жан-жақты көрінеді. Жазушы өз шығармасының мәтініне әдеби тіл нормасынан тыс элементтерді (атап айтқанда, диалектизмдер, жаргон, дөрекі сөздерді) енгізуі мүмкін. Сөйлеу тілі элементтерінің көркем әдебиетте қолданылған тұстарының бәрін мақсатты қолданысқа жатқыза беруге болмайды. Көркем шығармада жергілікті ерекшеліктерді қолданудың мақсаты, ұстанымы туралы мәселе Ә.Кекілбаев шығармаларындағы жергілікті атаулардың уәжділік мәні тармақшасында қаралады.

Бұл орайда Ш.Сарыбаев: «Жергілікті ерекшелік – әдеби  тілді байытудың көзі, әдеби тілге  әр кезде азды-көпті еніп отырады, әдеби қолданысқа түскеннен кейін  ол диалект болудан қалады. Егер жергілікті ерекшелік (диалект сөз) көркем шығармада арнайы стильдік мақсатта қолданылса, оны «диалектизм» деп атауға болады» [24, 37 б.], – дейді.

Диалектілер, сөйленістер (говорлар) – ұлттық тілдің белгілі  бір аймақтағы сөз құрауда, сөз  тіркесін жасауда тарихи қалыптасқан, өзіне ғана тән дыбыстық ерекшеліктері бар тармақтары болып табылады. Алайда ол «дұрыс» сөйлеу тілімен салыстырғанда, нормадан ауытқу болып есептеледі. Жергілікті тіл ерекшеліктерінің эстетикалық мәні контекстегі қолданысы мен ішкі уәжділігі негізінде айқындалады. Шығармада жергілікті тіл ерекшеліктерінің қолданылуы белгілі бір аймақтың колоритін, шығарманың шынайылығын береді. Алайда әдеби тілде жергілікті ерекшеліктерді шамадан тыс қолдану да шығарманың тілін шұбарландырып, түсініксіздікке ұрындырары сөзсіз.

Ә.Кекілбаев  шығармаларында негізінен Маңғыстау өңіріндегі тұрғындардың өмірі суреттеледі, оның құрғақ, шөлді далалы аймақ екені, сол себепті құдықшылық ежелгі атадан балаға жалғасып келе жатқан өнер ретінде қастерленетіні белгілі. Сол себепті мұнда құдыққа қатысты, оны қазу, онда қолданылатын түрлі құрал-жабдық атаулары өте жиі кездеседі.

Өңге  жерден гөрі әнтек қарауытқан тебін  ортасындағы ағарған тас әйкел барған сайын бұлдырай түсті. Қауғаны астауға сырғытып жіберіп, әйкелде талтайып тұрып алды [25, 378 б]. Әйкел – құдықтың кенересі құламау үшін қаланатын ортасы ойылған  дөңгелек тас. М.С.Атабаева осы дөңгелек тас мағынасы диалект иелерінің құдықтың аузын бекіту қажетіне сай атауға ие болған деп есептейді. Дөңгелек, шеңбер ұғымы – түркілер үшін әлемтанудың аса маңызды басқышы, арба дөңгелегінен басталатын таным, аспан – үй – шаңырақ ұғымдарымен ұштасып, «тіршілік көзі – су» танымына негіз болған. Сөздің өзбек тілінде ойкулча «дөңгелек жүзді мағынасында кездесуі сөздің жалпы түркілік лексика қабатынан шығатынын дәлелдейді [9, 137 б.]. Әйкел сөзінің ҚТАС-та төрт түрлі мағынасы көрсетіледі, омонимдік қатар құрайды. Сөйленістерге тән омонимдердің өзіндік ерекшеліктері бар. Ш.Сарыбаев оларды әдеби тілге қатысына қарай: әдеби омонимдер, диалектілік, әдеби диалектілік деп бөлсе [26, 272-273 бб.], енді бір еңбектерде диалектілік омоним таралу шегіне қарай тағы: сөйленіс аралық, өзіндік (ішкі) сөйленістік омонимдер болып топталады. Әйкел сөзі осылардың ішінде сөйленісаралық омонимдер қатарына кіреді, өйткені таралу шегіне қарай батыс өңірімен қатар Түрікменстан қазақтары, Қостанай, Қарағанды, Талдықорған жақтарын қамтиды.  Бұл сөздің арғы түбі арабтың «һайкел» деген сөзінен шыққан. Арабшасының мағынасы да «дөңгелек» дегенді білдіреді [27, 19 б.] дейтін пікір де ұшырасады.  Өзбек тілінен орын алуы оның кірме сөз болса да, жалпытүркілік кезеңге тартатынын байқатады. Сөз мағынасына мүмкіндігінше тереңдей зерттеу шығармада бейнеленген шынайы болмысты тануға, батыс өңіріндегі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінен мол мағлұмат алуға, этнографиялық құндылығы жоғары деректерден ақпарат жинақтауға септігін тигізеді. 

Көркем әдебиет  тіліндегі жергілікті тіл ерекшеліктерінің қолданылу сипатын сөз еткенде, олардың мақсатты-мақсатсыз, уәжді-уәжсіз қолданылуына, шығармаға арқау болып отырған негізгі тақырыпқа қатысына, жазушы немесе кейіпкер тілінде берілу ерекшеліктеріне ерекше мән бере қараған жөн. «Шыңырау» повесінде кездесетін әйкел дере, тебін, теппе, шегендеу тәрізді құдыққа байланысты сөздер сәйкессіз диалектизмдер тобын құрайды, бұлардың әдеби тілде, басқа сөйленісте баламасы жоқ, сондықтан олардың кейбіреуі салалық терминдер қатарына енуі мүмкін. Бұл диалектизмді қолданудың уәжділігін танытады. Ол экстралингвистикалық факторларды (тарихи, мәдени, әлеуметтік, психологиялық) сабақтастыра отырып, кешенді түрде талдауды керек етеді.

Жергілікті  халықтың бір зат немесе құбылысты  тану деңгейіне қатысты туындаған  атау (зат есім) немесе сипаттама  атау (сын есім), яғни диалектизмдер  сол заттың әдеби вариантын білмегендіктен емес, оған берген өзінің бағасы мен сол заттың қасиеті мен қолданымдық қызметі үстемдікке ие болуына байланысты жаңа атаудың (диалектизмдердің) туатыны – заңды құбылыс. Халық берген атау басым түсіп жатса, жалпыадамзаттық деңгейге жетіп жатса, әдеби сөздік қор қатарына енетіні де дағдылы жағдай.

Көркем әдебиет  тілінде кездесетін жергілікті тіл  ерекшеліктерінің бәрін бірдей әдеби  нормаға жат дей беруге болмайды. Бұл орайда Н.Уәлиев: «Жалпы, диалект  сөздерді зерттеу бірнеше мақсатпен  байланысты. Біріншіден, бұл өзі  – тарихи категория. Сондықтан да жалпыхалықтық тілдің тарихы мен қалыптасуын, оларды лексика-фразеологиялық, граматикалық жағынан тексеру мәселелерінде диалектілердің көп пайдасы бар. Екіншіден, мұны әдеби тілді байытудың бір көзі ретінде қарау керек. Кейбір жаңа ұғымдарды, заттарды немесе бұйымдарды қазақша атау керек болғанда және баламасы әдеби тілден табылмаған жағдайда оларды осы жергілікті ерекшеліктерден іздеген абзал. Диалектизмдерден алынатын, кәдеге асырылатын сөздер әлі де бар» [27, 16 б.], – дейді

Демек, көркем мәтінде қолданылатын диалект сөздердің мән-мағынасын ашып, қолданымдық аясын зерттеп, стильдік қызметін анықтау жұмысы  орынсыз қолданылған жергілікті тіл ерекшеліктері мен әдеби тіл қатарына енуге бейім тұрған диалектизмдерді айқындауға мүмкіндік береді. Ақын-жазушылардың сөз қолданысы арқылы тілдің сөздік құрамы ұлғаяды.  Олардың индивидуальді-авторлық сөз тудыру негізінде қалыптасқан атауыштық сөздер мен ұмытылып бара жатқан көне этнографизмдерді жаңғыртуы арқылы және де кейбір естілмей жүрген заттық мәдени диалектизмдері дүниеге қайта әкелуі арқылы сөздік қордың шеңбері ұлғая түседі.

Ә.Кекілбаев  шығармаларында этнодиалектизмдер негізінен кейіпкер  тілінде қолданылатыны байқалады. Көркем шығармадағы диалектизмдердің қолданылу ерекшеліктерін сөз еткенде, екі фактіге: біріншіден, белгілі бір сөздерді қолдануда автордың өзіндік позициясын, мақсатын түсінуін, екіншіден, автор  бейнесінің ерекшеліктеріне мән беру керек.

 Жазушы тіліндегі  диалектизмдердің стилистикалық қызметіне келсек, Лексикологияда сөздерді қолданылу өрісіне, қолданылу сипатына, қолданылу жиілігіне қарай бөлу дәстүрі бар. Ол сөздің ұғымдық табиғатынан, әсер ету күшінен бағалау мәнінен туады, сондықтан қазақ тілінде лексика а) сөздердің қолданылу өрісіне; ә) стильдік қызметіне байланысты; б) актив, пассив қолданылатын түрлері болып үш салаға таратылады [11, 156-157 бб.]. Диалектілік лексика соның ішінде қолданылу өрісі тар қабатқа жатқызылады. Бұл жіктеу жалпы лексиканың қолданылу қызметі, өрісі, жиілігі тұрғысынан саралау, анықтау үшін шартты түрде алынған жіктеу қатарында түсінуге болады деп есептеледі [9, 99 б.], өйткені диалектілік лексика-ұлттық тілдің бір тармағы ретінде әлеуметтік, тарихи құрылым, қабаттардан тұратын, сөзжасамдық заңдылықтары, үлгі-модельдері қалыптасқан тұтас жүйе. Диалектілік ерекшеліктер сол өзі өмір сүретін аймақтың тұрмыс-тіршілігінің барлық саласында ұшырасады, олардың қолданылу өрісі, жиілігін соған қарай бағалауға болады. Алайда мәселе жергілікті сипат төңірегінде емес, диалектілік ерекшеліктердің ұлттық тілге, әдеби тілге, көркем шығарма тіліне қатысты алғандағы қолданысы туралы болып отыр.

В.В.Виноградовтың  пайымдауынша, стилистика аталатын саланың  зерттеу нысаны, оның көлеміне қарай  бірімен-бірі өзектес үш арнаға тарайды. Алдымен, тіл стилистикасы немесе құрылымдық стилистика екіншіден, тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметі, түрі, әрекетінен туатын сөйлеу стилистикасы, үшіншіден көркем әдебиет стилистикасы. Сөйлеу стилистикасы тіл стилистикасына сүйенеді, себебі тіл жүйесі «сөйлеуді» туғызып қана қоймайды, сөйлеу арқылы, сөйлеудің әсерімен нәрленіп әрі оны реттеп отырады [12, 20-31 бб.], өйткені бейне жасауға жарамайтын, материал бола алмайтын сөз, тілдік бірлік жоқ, тек қолданылуындағы көркемдігі мен бейнелілігі стилистикалық және эстетикалық жағынан нанымды болуы қажет. Бұл жағынан алғанда диалектілік ерекшеліктер функционалдық стильдердің бәрімен ұштасады деуге болмайды, оның ішінде публицистикалық стильде кездесіп қалатыны, кей ғылым саласының терминдері диалект есебінен толығып жататыны шындық. Сонымен қоса, диалектілік ерекшеліктер белгілі сөйлеу әрекетін толық құрай алмайды, өйткені «диалектілік тіл» жоқ, жалпы «диалектілік тіл (диалектный язык)» терминін қолданатын орыс диалектологиясында жергілікті ерекшеліктердің қазіргі күнгі жағдайына қарай «полудиалект (жартылай диалект)» [28, 3 б.] деп бөлушілік бар. «Ол диалектімен сөйлейтін аймақ жоқ, жалпыхалықтық тілдің әсерімен пайда болған тілдік құрылым, тілдік орта дегенді білдіреді, тіл иелерінің әлеуметтік құрамына, әдеби тілді меңгеру дәрежесіне байланысты болады» [29, 22 б.].

Сондықтан диалектілік ерекшеліктердің қолданысы  стилистика ғылымының: тіл стилистикасы, сөйлеу стилистикасы, көркем әдебиет стилистикасы салаларының соңғы көркем әдебиет стилистикасы аясында қаралуға тиіс. Бұл салада қазақ тілінде ауыз толтырып айтарлықтай жағдай жоқ, тек жалпы диалектілік ерекшеліктердің қолданысындағы стилистикалық бояу, стилистикалық мағына тұрғысынан алынған кейбір зерттеулерді [14, 52 б.] көрсете кеткен жөн. Мәселенің бұлай қойылысы көркем шығармада диалектілік ерекшеліктерді қолдану уәжі, себебі, мақсаты, ұстанымына байланысты ғана қаралып келе жатқанын дәлелдейді.

Егер жоғарыда айтылған «сөйлеу стилистикасы тіл  стилистикасына сүйенеді» дейтін тұжырымды  негізге алсақ, диалектілік ерекшеліктер тек көркем әдебиетте қолданылады деу олардың қызметін шектеу болып шығады. Диалектілік ерекшеліктер де белгілі тілдің жүйесіне енеді, ұлттық тілдің құрамдас бөлігі. Олардың көркем шығарма тілінде қолданылуы стилистика салаларының басын біріктіреді, өйткені тіл элементтерінің қайсысының болса да «жанданатын» жері – көркем шығарма.

Стилистика  мәселесі зерттелген әдебиеттерде «диалектизмнің көркем әдебиет стиліндегі қолданылуы екі түрлі: бірі – авторлық ремаркада, екіншісі – диалогта. Авторлық ремаркада, кейіпкер тілімен салыстырғанда, диалектизм аз қолданылады» [29, 47 б.]. Аталған қолданылу уәжі, себеп, мақсаты осы төңіректе өрбиді. Елеместің Шайхатты көп мошқайтыны да – оның тұтымының жоқтығы. Содан болар, талай жерде оның тапсырмасын орындаймын деп жаны көзіне көрінсе де, титекендей түйткіл қашса не дейсің. Аштан өлмес. Әйтеуір, ешкім насырына тимейді ғой. Жақан ондай-ондайға көп қыңбайтын боп барады [8, 30, 40 бб.]. Мұндағы мошқау, тұтым, титекендей, түйткіл қашу, насырына тимеу, қыңбау диалектизмдері – автордың баяндауында берілген кейіпкер Жақанның ішкі ойы. Жақанның өскен ортасына тән сөз қолданыс, Жақанның психологиялық күйін басқа сөзбен беру шынайылыққа жанаспас еді. Мошқау – тергеп, тәптіштеп сұрау мағынасындағы сөз, батыс өңіріне тән. Ә.Нұрмағамбетов «мошқау сөзінің Батыс қазақтарына монғол тобына жататын қалмақ тілінен ауысқан деп есептейді. Осы тілдің дерегіне сүйеніп атаудың монғол тілінде мөшгөх – ізге түсу, аңду; бурят тілінде мөшхөхө - аңду; қалмақта мөшкһ, мөшкән – тергеу, мөшкәг – тергеуші мағыналарында қолданылатынын көрсеткен [16, 84 б.]. Сөздің бастапқы «қадағалай, тәптіштей» сұрау мағынасы «кекесін, кемсіту» мәніне де ауысқан, ол осы «Автомобиль» повесінде кейіпкер Жақанға қатысты:... Бүгінде келгіштеуді азайтқан ауыл адамдары да анадайдан қолдарын шошайтып, мошқап бірдеме айтып бара жатқандай. Сол қол шошайтқан көз түрткі мошқау – мазақтан құтыла алмайтынына көзі біржола жетіп болды [18, 31 б.] үзіндісіндегі қолданысынан көрінеді. Мұнда тек сұрау емес, кекесін, мазақ реңі, бояуы жатыр. Ал «Елеместің Шайхатты көп мошқайтыны» дегенде, сырттай күлу, мазақ сарыны айқын аңғарылады, өйткені Шайхатта «тұтым жоқ». Тұтым ішкі тұрақтылық, басқарушыға тән мықтылық, қаталдық мағынасында қолданылып тұр. Мошқау сөзінің қолданылуына орай алынған түйткіл қашу (ренішсіз, көңіліне кірбің кірмеу), насырына тимеу (намысына тимеу) диалектизмдері оның қолданыс уәжін анықтап, бірін-бірі толықтырып тұр. Автор кейіпкер сөзімен сөйлейді.

Информация о работе Диалектизмдерді лингвомәдениетанымдық тұрғыдан зерттеудің теориялық негіздері